Ортағасырлық Қастек қалашығының гүлденген кезеңі
Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек ауылынан 2,4 шақырым жерде орта ғасыр кезеңінде шағын қалашық болған. Қалашық суреттегі Жетіжол тау тізбегінің етегінде орналасыпты. Алматыдан небәрі 90 шақырым жер болғанмен мұнда өркениеттің ізі де байқалмайды.
Географиялық тұрғыда қала өте қолайлы жерде орналасқан. Айналасында мал жайылымдары көп. Қастек шатқалы басталған жерден орын тепкен қалашықтың жоғары жағында асу бар. Сол арқылы Шу аңғарына жетуге болады. Қараханидтердің астанасы Баласағұн (Қырғызстандағы Тоқмак қаласына жақын) қаласымен тығыз байланысы болған. 14 ғасырдың соңында осы асу арқылы Темір әскері өткен. Қаланың төменгі жағында Қастек өзені ағып жатыр.
Шартты атауы Қастек-1 (қаланың орта ғасырда қалай аталғаны белгісіз) деп аталатын ортағасырлық елді мекенді зерттеу жұмыстары 2011 жылы басталған. Суреттен археологтардың негізгі құралдарын (күрек, құрылыс заттары) көре аласыз.
Қаланың аршылған бөлігінің жалпы көрінісі осындай. Аумағы - 4 гектар. Қазба жұмыстарының жетекшісі Арнабай Нұржановтың айтуынша, қалған 26 гектарын жергілікті билік жеке меншікке заңсыз сатып жіберген. (Толығырақ мына сілтеме арқылы оқуға болады: Археология… вне Закона. О неверном подходе к памятникам историко-культурного наследия предков»).
Археологтардың бірі Алматыдан келген экскурсанттарға қалашықтың Қараханидтер мен Қарлұқтар дәуіріне жататын бес мәдени қабаттан тұратынын айтып жатыр.
Қастек-1 қалашығының аршылған бөлігі цитадель болып шықты. Қазба жұмыстарының жетекшісі Арнабай Нуржановтың айтуынша, Қастек 7 ғасырдың соңы мен 9 ғасырдың басында қала ретінде қалыптаса бастаған. 13 ғасырдың басына дейін гүлдену кезеңін бастан өткерген. Археологтардың бірі мұнда ауқатты адамдар тұрғанын айтты. Тұрмысы нашар отбасылар цитадельден бөлек жерде тұрған.
Қаладағы тас төселген негізгі жолдардың бірі.
Қалада 14 мұнара болған. Солардың бірінің қалдығы.
Археолог қабырғаның түйіскен тұсында қалып қалған кірпіш қалдығын көрсетіп жатыр.
Цитадельде 32 үй болған. Ондағы адамдар тандыр қолданған.
Орта ғасырдан бері сақталып қалған ағаш қалдықтары.
Қалашықты зерттеу кезінде археологтар керамика, металл, сүйектен жасалған бұйымдарды тапқан. Осы маусымда табылған заттардың бір бөлігін археологтар картон қораптан алып, Азаттық тілшісінің алдына жайды.
Қалашық маңындағы өзеннің ар жағынан үйілген тастарды байқауға болады. Археологтардың айтуынша, бұл үйсіндердің қорымы. Оларды баяғыда ұрлап, тонаған.
Археологтар тобының бір сәт тыным алған кезі. Сол жақта - қазба жұмыстарының жетекшісі Арнабай Нұржанов.
Археологтар тіккен лагерь.