"Үнсіз қоғам". Жалғызбасты әкелер сырын жұртқа жайғысы келмейді

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда 72 мыңнан астам отбасында балаларды жалғыз әкесі бағып-қағып, тәрбиелеп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 863 мыңға жуық толық емес отбасы бар. Оның 72 мыңнан астамында балаларды жалғызбасты әке тәрбиелеп отыр. Мамандар жалғызбасты әкелер проблемасын ашық айтып жарияламайды, содан олар "үнсіз қоғамға" айналған дейді. Ал толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан миллионнан аса балаға қоғам көмектесуі керек деп санайды.

БАР УАЙЫМЫ – БАЛАЛАРЫ

Шымкент қаласының 39 жастағы тұрғыны Амангелді Ибрагимовтың төрт баласы бар. Үлкен балалары – 16, 14, ал кенже егіз қызы 12 жаста. Марқұм әйелі Әлиямен 14 жыл отасқан. Әлия "жүйелі қызыл жегі" ауруымен көп жыл күресіп, былтыр көктемде қайтыс болған.

– Екі адамның жауапкершілігі бір өзіме қалды. Әлия ақкөңіл болатын. Мен үшін, балалары үшін жанын беретін. Оған өзімдей сенетін едім. Бір-бірімізге қатты бауыр басып қалған едік. Ол кеткенде сенбедім, сенгім келмеді. Өмірден түңіліп кеттім. Қатты қиналдық, – деді Амангелді көз жасына ерік беріп. – Тірі адам тіршілігін жасайды екен. Уақыт келе түңіліп, қайғыра беруге болмайтынын түсіндім. Күннен күнге тұйықталып бара жатқан балаларымды ойладым.

Шымкент қаласының тұрғыны Амангелді Ибрагимов төрт баласын жалғыз өзі бағып-қағып отыр.

Амангелді мен балаларының қайғысына анасы мен қарындасы ортақтасып, көмектескен. Қазір оның өмірі, тұрмыс-салты түбегейлі өзгерген. Бұрын түзде жүріп, нәпақа тауып, үй тірлігі мен бала тәрбиесіне көп араласпаса, қазір бар ауыртпалық өзіне түскен. Бар уайымы – есейіп қалған балалары. Әрқайсының мінезі әртүрлі. Ұл балаларымен ашық, еркін сөйлескенімен, егіз қыздың тәрбиесінде қиналады. Олардың қас-қабағына қарайды, көңілін табуға тырысады. Өзі балалардың тамағын әзірлеп, сабағына көмектеседі, киімдерін жуып, үтіктейді. Екі ұлы үй жинап, егіз қызы ыдыс-аяқ жуады.

Амангелді төрт баласына асыраушысынан айырылғаны үшін және көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Тұрақты жұмыс істей алмайды. Балаларының күтімі мен үй шаруасынан босағанда такси айдап нәпақа табады. Ең үлкен уайымы – тұңғышының дерті, дәрігерлер оған "бауыр циррозы" ауруының төртінші дәрежесі диагнозын қойған. Қазір ол баланың өмірі үшін жалғыз өзі күресіп жүр. Оның шетелде емделуіне қомақты қаражат керек. Арқа сүйер ешкім жоғы осындайда білінеді дейді жалғызбасты әке.

72 МЫҢНЫҢ ҮНІ НЕГЕ ЕСТІЛМЕЙДІ?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 863 мың "толық емес отбасы" өмір сүріп жатыр. Соның 42 мыңында төрт не одан да көп бала бар. Мұндай толық емес отбасыларда 1 млн 71 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Басым бөлігі ана тәрбиесінде.

Нақты қанша баланы жалғыз әке тәрбиелеп отырғаны белгісіз. Белгілісі: толық емес 790 мың отбасында – анасы, ал 72 мыңында – әкесі бар. Яғни 72 мың әке балаларын жалғыз өсіріп жатыр. Қоғамда олар туралы сирек айтылады. Жалғызбасты ананың мұңы мен проблемасы көпшілікке аян. Олардың үні неге естілмейді?

Психолог Назерке Арапбайқызы

Психолог Назерке Арапбайқызының айтуынша, жалғызбасты әкелер тіпті психолог мамандарға да келе бермейді. Бірақ олардың әрқайсынын басында қорқыныш, құлазу, намыс, тұйықталу сияқты қым-қуыт қиындық бар. Ер адамның психологиялық ерекшелігіне байланысты да осылай болады. Дегенмен, мұнда ұлттық менталитет мәселесі де бар.

Азаттық тағдыр жазуымен жалғыз қалып, балаларына бас-көз болып отырған оннан аса әкеге хабарласты. Дені кездесіп, тілдесуден бас тартты. Бірі ел алдына шығып мәселесін айтуды намыс көрсе, енді бірі баласының қас-қабағына қарайды. Олардың үнсіз қалуының бір себебі – осы намыс болса керек.

Алты баласын жалғыз өзі бағып отырған ер адам малға шөп беріп жатыр. Павлодар облысы, сәуір, 2016 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек жалғызбасты әкенің үнсіз күресінің артында дәстүрлі патриархал қоғамның түсініктері жатыр дейді. Қазақ қоғамында "Ер адам әлсіз топқа кірмейді" деген ұғым бекіген. Ерлердің көбі өзін әлсіз топ деп мойындамайды. Басына түскен қиындықтар жайлы ашылып айта бермейтіні де содан. Қоғамда әке көбіне табыс табушы рөлінде ғана қабылданады.

"ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ ӨЗ ПРОБЛЕМАСЫМЕН ӨЗІ ҚАЛАДЫ"

Мемлекет жалғызбасты ананы да, жалғызбасты әкені де бір ғана тіркеспен "толық емес отбасы" деп атайды. Сырттай қарағанда бәлендей айырма жоқ. Жалғызбасты әке не жалғызбасты ана болсын мемлекеттік әлеуметтік көмек ата-анасының мәртебесіне қарап емес, балаларына беріледі.

Аулада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.

Мамандардың айтуынша, жалғызбасты әкелер басынан кешетін күй де басқа, арқалайтын жүгі де ауыр. Балаларымен жалғыз қалғанда тек әкенің ғана емес ананың да рөліне кіруі керек, әсіресе осыған дейін үй шаруасымен көп айналыспаған ерлерге қиын соғады.

– Әйелі бар ер адам бала сияқты. Тамағы дайын, киімі бүтін. Әйелі қайтыс болғанда ол бұл қамқорлықтан айырылады. Жалғыз қалған ер адамның барлығы агрессиялы болмайды. Керісінше, тұйықталып кететіндер бар. Агрессия "маған жүк қалып кетті" деген қорқыныштан көтеріледі. Тұйықталу әйелімен өте тығыз байланыста болғандарда жиі кездеседі. Олар балаларын да мойындамай тұрады. Мұндайда сабыр сақтау, мәселені сабырмен ойлану маңызды. Ең бастысы – жағдайды қабылдау керек, – деді психолог Назерке Арапбайқызы.

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбектің айтуынша, мектеп жасында балаға ананың жоқтығы ерекше байқалады. Олар қағажу көріп, буллингке ұшырауы мүмкін. Сол үшін қоғамда саналы әке портретін қалыптастыру керек.

– Қоғамда ер мен әйелдің бала тәрбиесіне бірдей араласпауы, саналы әкелік тәрбиенің моделі жоқтығы салдарынан анасыз қалған балалар не олардың жалғыз қалған әкесі не істеу керек екенін білмейді. Бұл баланың мінез-құлқының өзгеруіне, не сол балаға буллинг жасалуға алып келуі мүмкін, – деді ол.

Кішкентай баланы қоларбаға салып, көшеде серуендеп жүрген ер адам. Көрнекі сурет.

– Бала өміріне әкенің де, ананың да тәрбиесі, мейірімі маңызды. Әкесінен, не анасынан айырылған балаларға қоғамның да көмегі керек. Мысалы, жалғызбасты әке қыз баласына көп нәрсені бере алмайды. Қыз бала 13-14 жасқа келгенде анасымен сөйлесетін уақыты келеді. Қасында анасы болмаса онымен кім сөйлеседі? Қоғам отбасын жалғыз тастамай, анасының орнын жоқтатпай, көмектескені дұрыс, – деді "Әкелер одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.

Ол проблеманы "жалғызбасты әке" немесе "жалғызбасты ана" деп емес, балалар мәселесі деп кешенді түрде қарауға шақырады. Яғни, әр отбасындағы жағдайды жеке алып талдап, соған сай қолдау жасау керек. Балаларын әкесі ғана тәрбиелеп отырған үйге арнайы бағдарламалар жасалып, психологиялық жәрдем көрсетілуі қажет. Оның айтуынша, бұл тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның міндеті.