ЕКІ ҰЛЫН ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ ТӘРБИЕЛЕУДЕ
39 жасар Мұрат Ниязов әйелімен ажырасқаннан соң Наурыз, Жеңіс атты екі ұлын бір өзі тәрбиелеуде. Олар Ақтөбенің маңындағы біреудің саяжайында тұрып жатыр.
– Әйеліммен 11 жыл отастым. Мен жоқ кезде әйелім үйге еркектерді алып келіпті. Ажырасуға тура келді. Ол басқа қалаға кетіп қалды, ұлдарын ойламайды да. Балаларым менімен бірге қалды. Шалқар ауданында тұрғанбыз. Ол жақта жұмыс болмағандықтан Ақтөбеге көшіп келуге мәжбүр болдық. Ақтөбеде пәтер жалдау өте қымбат, сондықтан саяжайда отырмыз. Үй егесі ақысыз тұруымызға рұқсат берді. Пеш салып алдық, – дейді Мұрат Ниязов Азаттық радиосына.
Аумағы он сегіз шаршы метрлік саяжай үйшігі Мұрат Ниязовтың отбасы үшін уақытша баспана болып отыр. Ол жұмыс табылып қалар ма деген үмітпен ауылдан келген өзге де жұмыссыздармен бірге күнделікті қала көшесіне шығып қара жұмысқа жалданады.
– Кейде жүк тиеймін, енді бірде құрылысшы боламын. Айына 20-25 мың теңге табамын (шамамен 130-170 доллар). Тамақты өзім істеймін, бауырсаққа қамыр ашытамын. Кір жуатын машинамыз болмағандықтан, кірді қолмен жуамын. Ауылда тұрған кезімізде ата-анамыз үй жұмысына әбден үйреткен. Әрине, үйде әйелдің болғаны дұрыс-ақ. Бір әйелмен бас құрамақшы болған едім, бірақ ол менің ұлдарыма өгейлік көрсетті. Содан соң бас тарттым. Бұдан былай үйленгім жоқ. Мен үшін ең бастысы – екі ұлым, – дейді Мұрат Ниязов.
Мұраттың айтуынша, олар тұрмысқа қолайсыз жағдайда тұрып жатыр. Кір жуатын, жуынатын суды көршілерден алса, ауыз суды көрші саяжай ұжымынан тасиды екен. Ондағылар да бұлардың су алғандарына үнемі жылы қабақ таныта бермейді. Саяжайдан мектепке бару да балалар үшін қиынға соғып отыр.
– Жұмысқа ерте кетіп, кеш ораламын. Жалғызбасты әке ретінде ешқандай жеңілдік алмаймын. Үш апта бұрын балаларымды мектеп-интернатқа беруге мәжбүр болдым. Бір жағынан бұл да дұрыс болды. Балаларым уақытында тамақтарын ішіп, жылы жерде, бағуда болады. Балалардың оқуы керек. Демалыс күндері үйге келеді. Мұғалімдері жақсы оқиды деп балаларымды мақтауда, – дейді Мұрат Ниязов.
11 жасар Жеңіс әкесінің сөзін ести салып іші кіл бестіккке толы күнделігін әкеліп Азаттық тілшісіне көрсетті.
– Мен кикбоксингпен айналысқанмын. Өткен жылы Тараз қаласында кадеттер арасында кикбоксингтен өткен жарыста екінші орын алдым. Жаттығуға күнде баратынмын. Ал қазір оған мүмкіндік жоқ. Інім Жеңіс екеуіміз интернатта күрес секциясына жазылдық. Бірақ кикбоксингті сағынып жүрмін, – дейді Мұрат Ниязовтың 13 жасар үлкен ұлы Наурыз.
14 ЖЫЛ ӨМІРІ ЖАТАҚХАНАДА ӨТТІ
Жалғызбасты әке Мұрат Ниязов өз ұлдарының жақсы адам болып өскенін қалайды. 49 жасар Дәулет Мұқанов 15 жылдан бері екі баласын бір өзі тәрбиелеуде.
– 1994 жылы әйелім қайтыс болды. Қолымда жеті жасар ұлым мен үш жасар қызым қалды. Балаларымның асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алып тұрдым. Ұлым қара жұмыста, қызым колледждің соңғы курсында оқиды. Балаларымды қатаң ұстаймын, олар тәрбиелі. Жатақханада тұрып келеміз. Міне, он төрт жылдан бері «мұқтаж отбасы» ретінде пәтер кезегінде тұрмыз. Әйтеуір бір кезде пәтер алатын шығармыз, – дейді Дәулет Мұқанов Азаттық радиосының тілшісіне.
Оның айтуынша, осы жылдардың ішінде ол тамақ істеуді, үй шаруасымен айналысуды үйренген.
– Менің орта білімім бар. Бұрын «КамАЗ» жүк автокөлігін жүргізетінмін, қазір жеңіл машинаны жалға алып, таксист болып жұмыс істеймін. Түнде мастар көп болады, олар ақша төлемейді. Сондықтан, таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жұмыс істеймін. Машинаны жалға алғаным үшін айына 15-20 мың теңге төлеймін (100-130 доллар шамасында). Орташа есеппен 30 мың теңге табамын (200 доллар шамасында).
Неге үйленбедім дейсіз бе? Ақша онсыз да жетпейді. Ал әйеліңе міндетті түрде ақша әкеліп тұруың керек. Оның үстіне өзге әйелге қызымның қалай қарайтынын да білмеймін. Кешке қарай қызым екеуіміз теледидар қарағанды ұнатамыз. Кешкі сағат 10-11-лерде ұйқыға жатамыз, – дейді Дәулет Мұқанов Азаттық радиосының тілшісіне.
Азаттық радиосының тілшісіне Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарынан жалғызбасты әкелер туралы дерек алудың мүмкіндігі болмады. Оларды есепке алмайды екен.