Республикалық партия кандидаты Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті болып сайланды. Онымен сайлауда бәсекелес болған Демократиялық партия кандидаты, қазіргі вице-президент Камала Харрис пен Ақ үйде билік басында отырған Джо Байден Трампты жеңісімен құттықтады.
Бұған дейін бір мерзім президент болған 78 жастағы Трамп араға төрт жыл салып қайтадан АҚШ-тың атқарушы билік тармағы басына оралмақ.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, ол ресми қызметіне 2025 жылғы 20 қаңтарда ант беру рәсімінен кейін кіріседі. Әйткенмен әлем елдерінің басшылары ол мерзімді күтпей, сайлаудың түпкілікті ресми қорытындысы жарияланбай жатып Трампты президент болып сайлануымен құттықтай бастаған.
Трампты қолдайтындар ол АҚШ-тың қуатын қалпына келтіреді десе, сын айтушылар демократиялық игіліктер екінші орынға сырылып қалатын болды деп қауіптенеді.
Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланса, заңсыз мигранттар ағынына тосқауыл қоюға, отандық өндірушілерді қорғап, кейбір шектеулерді алып тастауға, сырттан келетін тауарларға баж алымын көбейтуге, салықты азайтуға уәде еткен.
Халықаралық саясатқа байланысты сөзінде ол "президент болып сайлансам, Украина мен Ресей арасындағы соғысты бір күнде тоқтатам" деп уәде еткен.
Трампты қолдап дауыс берген америкалықтардың бұл таңдауына не себеп болды? Оларды дауыс беруге итермелеген не? Трамп сайлау науқаны кезіндегі уәделерін іске асыра ала ма? Әлемдегі тоталитарлық және автократиялық режимдерге қарсы тұра алатын, демократиялық елдердің көшбасшысы саналатын ірі державаның алдағы төрт жылдағы жүргізетін саясаты қандай болмақ? Әлемдегі аса ықпалды бұл мемлекеттің Орталық Азия елдерімен, Қазақстанмен қарым-қатынасы өзгеріске ұшырай ма?
Бұл сауалдарды қазақстандықтарға қойып көрдік.
Your browser doesn’t support HTML5
2020 жылдан бері АҚШ-та тұратын қазақстандық журналист Бауыржан Бақытбекұлы америкалықтардың Трампты таңдағанын "халықтың күнкөрісі расымен қиындағанын көрсетеді" дейді. Қазір Мичиган штаты университетінде оқып жүрген Бақытбектің өзі де азық-түлік алып, жанармай құйған сайын АҚШ-та қымбатшылық күшейіп келе жатқанын байқаған екен. Ол "Харрис АҚШ экономикасын қайта күшейте алады" дегенге ел ішінде сенім әлсіз болған сияқты деген пікірде.
5 қараша күні Бақытбек өзі тұратын үйге жақын маңдағы сайлау учаскесіне барып, дауыс беру барысын бақылапты.
– Дональд Трамп негізі популист адам, оны жақтастары да мойындайды. Және де Дональд Трамптың бір ерекшелігі, қазіргі Демократиялық партия жасап жатқан жұмыстың ішінде қай іс шикі болса, қай іс халықтың наразылығын туғызса, соның барлығын жинап әкеп, өзінің сайлауалды платформасына әдемі үйлестіріп алған. Яғни соларды айту арқылы халықтың көкейінде жүрген мәселені дөп басып, өз жақтастарының қатарын көбейтеді, – деді АҚШ-та оқитын қазақстандық студент.
Бұл жолғы сайлау науқаны барысында Трамп кейде асыра сілтеп сөйлегеніне қарамастан, оның АҚШ азаматын толғындыратын әлеуметтік-эконлмикалық мәселелерді бірінші орынға қоямын деген сөзі сайлаушыларды баурап алды дейді Бақытбек.
– Жақтастары Трамп өз қарсыластарын "бұлар менің жауым, мен билікке келген жағдайда осыларды әскердің көмегімен қудалаймын" деген радикалды мазмұндағы әңгімелеріне немесе "сырттан келген келімсектерді жаппай депортация жасаймын" деген мәлімдемелеріне көз жұма қарайтын секілді. Өйткені олар үшін, қарапайым халық үшін өз мәселесі, өзінің әлеуметтік жағдайы дұрыс болса болды деген сарапшылардың пікірі бар. Және Америка халқының ішінде Трампты қолдайтындардың басым бөлігі дәл осы призмамен ойланатын секілді. "Келімсектер саны шынымен азайып жатса, егер Харрис немесе Байден секілді Демократиялық партияның басында отырған саясаткерлер шынымен де жемқор болса, оларды қудалаудың, оларға қандай да бір шара қолданудың маған келіп-кетер зияны жоқ, бастысы менің әлеуметтік жағдайым түзелсе болды" деген секілді белгілі бір деңгейде эгоистік пікір ұстанатындай. Мұны Дональд Трамп жақсы біледі және әртүрлі медиада немесе халықпен кездескенде манипуляция жасау арқылы әдемі қолданады, – дейді Бауыржан Бақытбекұлы.
Ол АҚШ пен Қазақстанда сайлау туралы, азаматтың дауыс беру құқы сияқты ұғымдарды қабылдау әртүрлі екенін айтады.
– Қазақстан мен АҚШ-ты салыстырудың өзі өте қиын. Екі елдегі саясаттың қазіргі аяқ алысы, саяси институттардың жұмысы әртүрлі. Бұл жерде әрине, барлығы уақытқа келіп тіреледі. Қазақстан да сол эволюциялық жолдан міндетті түрде өтуі керек деп ойлаймын. Бұл мәселеде ең бастысы сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне көңіл бөлінуі керек, бұл қай елде болсын өте маңызды нәрсе. Халыққа келетін болсақ, Америкаға келгелі бір байқағаным, америкалық азаматтар өзінің дауыс беру құқығын үлкен құндылық ретінде бағалайды. Менің дауысым алдағы сайлауда мемлекеттің саясатын жүргізетін негізгі тұлғаны, яғни елдегі бірінші адамды таңдауға әсер ете алады деген оймен, өзінің дауыс беру құқығын Конституция берген артықшылық деп есептейді. Сондықтан бұл жердегі халық сайлау процесі басталғаннан дауыс беретін сәтке дейін өте белсенді, және де өзі жақтайтын партияның тұғырнамасын таныстыруға, өзінің жақтастарын дауыс беруге үндеуге келген кезде сондай белсенділікпен көзге түседі. Меніңше, бізге соны үйренуге болатын секілді, – деп ой түйіндеді Бауыржан Бақытбекұлы.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым АҚШ-та Ақ үйдегі билік басына республикалық партия өкілінің келуінен Қазақстанның қобалжуына негіз жоқ деп есептейді.
– Трамп осыған дейін де президент болды, сол кезде Қазақстан керемет бір опық жеп қалған жоқ қой. Меніңше, негізінен осы [АҚШ-та] республикалық [партиядан] президенттер болған кезде Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы жақсы дәрежеде жүріп келді, – деді ол.
Сарым Трамптың "Украинадағы соғысты бір күнде тоқтатам" деген сөзі іске аса қоятынына күмәні барын айтты.
– Ал [Украинадағы] соғысқа келетін болсақ, енді сайлау кезінде айтылатын әңгіме болады, сайлау науқаны кезінде көп адам әңгіме айтады, бірақ іске асыру... Путин бір күннің ішінде соғысты тоқтатады дегенге өз басым сенбеймін, мүмкін емес нәрсе. Өзінің 20 пайыз жерінен айырылып отырған Украина Трамп айтты екен деп бір күнде соғысты тоқтатады дегенге де сенбеймін. Сондықтан [Трамп] ұзақ мерзімді саясат жүргізуі ықтимал, қаржылай және әскери көмегі азаюы мүмкін, сол арқылы ерте ме, кеш пе, келіссөзге итермелеуі мүмкін дегенге сенем, бірақ ол әрине, бір күннің шаруасы емес, – деді ол.
Айдос Сарым егер АҚШ-тың жаңа билігінің саясаты әлемдік нарықта мұнай бағасын төмендетсе Қазақстанға да оның әсері сезілетінін айтады, бірақ бағаны АҚШ жеке-дара өзгерте алмайды деген сенімде.
– Мұнайдың бағасы түсуі Қазақстанның бюджетіне, айналып келгенде біздің зейнетақыларға, даму бюджеттеріне тікелей әсер ететіні анық. Бірақ өмірдің өзі көрсеткендей, Трамп осыған дейін де төрт жыл президент болған кезде тақтастас мұнайын [өндіру], басқа да жобаларды қолға алып көрді, бірақ оның да дамуының, тиімділігінің шегі бар. Сондықтан ол бір ғана мемлекет шешетін дүние емес, құдайға шүкір, – деді депутат Сарым.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан АҚШ-та президент кім болса да, Қазақстанмен қатынасы айтарлықтай өзгермейді деген ойда.
– АҚШ-пен қарым-қатынасымыз бірқалыпты ең басынан бастап, өйткені біздің, Қазақстанның сыртқы саясаты өте анық, көпвекторлы. Біз үшін ең басты нәрсе – ұлттық мүдде. Америкада кім президент болып келсе де онымен біз осы саясатымызды жалғастырамыз. Әрине, Америкадағы президент дүниежүзіне әсер етеді, бірақ біздің еліміздің осы күнге шейін жүргізген сыртқы саясаты сондай, бізге оның кереметтей әсері болмайды, [АҚШ-та президент] кім болса да. Біз Камала Харриспен де, Дональд Трамппен де ынтымақтаса жұмыс істей аламыз, өйткені жалпы Американың истеблишменті біздің саясатымызды, жағдайымызды түсінеді деп ойлаймын, – деді ол.
Жаңа президент сайлағаннан кейін АҚШ-тың Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты саясаты өзгере ме? Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейт АҚШ үшін бұл елдер екінші қатарда қала береді деген пікірде.
– АҚШ бұрынғыдай гегемон болудан қалғанымен, әлемде ықпалы тым қатты әлсірей қойған жоқ. Менің ойымша, Харрис болса да, Трамп болса да АҚШ-тың Қазақстанға және Орталық Азияға қатысты саясаты жақында өзгере қоймайды. Осыған дейінгі екіжақты байланыс жалғасады, С5+1 форматы сақталады, экономикалық санкциялар аймақтағы үкіметтерге, саясаткерлерге салынбайды. Бір сөзбен айтқанда, статус-кво сақталады. Орталық Азия мен Қазақстан Вашингтонның сыртқы саясатында "екінші қатардағы" бағыттардың бірі болып қала береді. Елдегі көп конспиролог көпіретіндей АҚШ "қайтсек те Қазақстанда демократия орнатамыз" деп отырған жоқ. Өзімізге көп ала бермейік. Қазақстанда адам құқықтарының сақталуы өзімізден басқа ешкімге керегі жоқ, – деп жазды Шалқар Нұрсейт Facebook-парағында.
Ал қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Нышанбай АҚШ-тағы бұл жолғы сайлау америкалықтарды жаһандық мәселелер емес, ең алдымен ел ішіндегі жағдай, күнделікті тұрмыс-тіршілігі толғандыратынын көрсетіп берді дейді.
– АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі америкалық демократияның алдын ала болжап білмейтін ерекшелігін көрсетіп жатыр. Америка халқы жаһанданудан, кейінгі жылдардағы экономикалық дағдарыстан шаршағандай, оқшаулану саясатын қолдап жатқаны соны аңғартып отыр. АҚШ халқы бұл жолы экономикалық өзгерістер болуын талап ететінін көрсетті... Сондықтан бұл тұрғыда экономиканың ерекшелігі өте маңызды деп ойлаймын.
– Сайлауалды науқан кезінде Трамп ішкі экономиканы, заңсыз миграцияны бас тақырып етіп алғаны белгілі, Харрис болса әйелдердің аборт жасатуы мен сыртқы саясатқа көбірек басымдық бергені байқалған. Трамптың жеңісіне қарап, енді АҚШ сыртқы саясатқа көп көңіл бөлмейді деп айтуға бола ма?
– Республикалық партияның жеңісі, Трамптың билікке келуі – бұл алғашқы қадам. Ендігі негізгі қадам – Трамптың сыртқы саясат бойынша кеңесшісі болып қандай маман келеді, оның экономика бойынша командасы қалай жасақталады, бұл өте маңызды. Себебі осыған дейін Трамптың сайлауалды бағдарламаларында айтқанына және 2016-2020 жылдар аралығындағы саясатына қарайтын болсақ, біршама өзгерістерді нақты көреміз. Ол бірінші, Трамптың сыртқы саясат бойынша, яғни Еуропаға, НАТО-ға қатысты және Қытай, Иран мен Ресейге байланысты ұстанымы. Оның ендігі қадамына, командасын қалай жасақтайтынына қарап, сайлауалды науқан кезінде осы мәселелерге байланысты берген уәделерін қаншалықты орындайтынын осы алғашқы айларда көреміз деп ойлаймын.
– Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде, көбіне Қытаймен арада сауда соғысы болғаны есімізде. Сол саясат ары қарай жалғасып, алғашы орынға қайтадан Қытай шығып, Еуропа, Ресей, Украина тақырыптары екінші орынға сырғуы мүмкін бе?
– Жалпы Трамптың саясаткер ретіндегі абыройын, берген уәдесінде тұратындығын Американың Украина мен Ресей арасындағы [соғысты] және Таяу Шығыстағы жанжалды қаншалықты реттей алатындығы анықтамақ. Жалпы Трамптың ұстанымы, оның бизнестен келгенін ескерер болсақ, алдағы уақытта Байден билігі кезінде белгілі бір шамада тұрақталғандай болған Қытаймен арадағы экономикалық қарым-қатынас қайта қаралады деп ойлаймын, себебі Трамп үшін экономика бірінші орында. Десе де кезек күттірмейтін екі мәселе – Украинадағы соғыс және Таяу Шығыстағы тұрақсыздық.
– Трамп бұған дейін "президент болып жарияланғаннан кейін Ресей мен Украина арасындағы соғысты бір күнде тоқтатам" деп мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский Трампты алғашқылардың бірі болып құттықтап үлгерді, Украинада бейбітшілік орнатуға көмек күтетінін айтты. Ал Ресей президенті Владимир Путин әлі құттықтаған жоқ. Трамп уәдесінде тұрып, соғысты тоқтата ала ма?
– Қазірдің өзінде Трамп тарапынан Украинаға нақты бағдарлама ұсынылған болуы мүмкін. Украина тарапы да Трамптың билікке келетініне белгілі бір деңгейде дайындық жүргізген шығар деп ойлаймын. Бұл тұрғыда Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтатуға Трамптың, жалпы Америка билігінің толық әлеуеті бар. Бірақ бұл жерде мәселе мемлекеттердің егемендігі, жерінің тұтастығы сақтала отырып, бейбіт жолмен келісімге келуде жатыр. Менің ойымша, бұл тұрғыда Трамп билігі мен Ресей билігінің арасындағы мәмілеге байланысты. [Соғысып жатқан] екі тарапты 24 сағаттың ішінде бір үстелдің басына әкеп отырғызу мүмкін емес, алайда сол уақыт ішінде нақты ұстанымдарын жариялауы қажет, алайда мұны Украина мен Ресей қаншалықты қолдайды, осы өте маңызды.
– АҚШ-тың енді Орталық Азияға саясаты қалай өзгеруі мүмкін. Мәселен, былтыр С5+1 форматы аясында алғаш рет президенттерден кейін де саммит өткен, АҚШ-та Джо Байден мен Орталық Азиядағы бес елдің президенттері кездескен. Бұл үрдіс енді ары қарай да жалғасады деп ойлайсыз ба, әлде үзіліп қалуы мүмкін бе?
– Жалпы АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясат 2021 жылы АҚШ Ауғанстаннан әскерін алып кеткеннен кейін бәсеңсіген. Байден билігі кезеңінде Орталық Азияның ролі, ықпалы да бәсеңдеді. Ал Трамптың биліктегі бірінші мерзімінде Орталық Азияның рлі белгілі бір деңгейде маңызды болды, оның өзінде Трамп биліктен кетер кезде ғана, 2020 жылы Орталық Азияға байланысты бірқатар құжат жариялады. Бірақ қазіргі таңда Орталық Азиямен байланыс Трамп үшін жаңа маңызға ие. Себебі қазіргі таңда Орталық Азияда ықпалы, күші әлсіреген бірден бір тарап болса, ол – АҚШ деп айтар едім. Сондықтан Қытайға өзінің ұстаным, талабын қоятынын айтып жүрген Трамптың билігі кезінде АҚШ-қа Орталық Азияға ықпалын жүргізу бұрынғыдан маңызды бола түседі.
– Яғни Америка, Трамп әкімшілігі Орталық Азияны көбіне Мәскеуге, Кремльге қарсы емес, басымдықты Пекинге қарата бере отырып, аймаққа ықпалын арттырады деп ойлайсыз ба?
– Иә, солай, себебі қазіргі таңда Трамп (өзінің түсінігінде) экономикадағы әділеттілік қалыптастыруда. Қытайдың экономикалық өсімі басты бас ауыртатын мәселеге айналып отыр. Сондықтан "Бір жол – бір белдеу" жобасы және кейінгі жылдары Қытай Орталық Азияға ұсынып жатқан осындай экономикалық ауқымды тағы басқа жобалар Американың негізгі көздейтін мәселесі болады. Сондықтан Орталық Азия елдері С5+1 форматында АҚШ-пен, Трамп әкімшілігімен байланысын қайта жандандырады деп ойлаймын.
– АҚШ-тағы президент сайлауды жіті бақылап отырсаңыз, Қазақстан қоғамы бұл сайлаудан қандай сабақ алуына болады, нені үйрене алады?
– Бұл сайлау біздің қоғамға екі түрлі сабақ береді. Біріншіден, оны азаматтық қоғамның белсенділігін, ешбір сайлауды алдын ала кесіп-пішуге болмайтындығын және сайлаудың қаншалықты әділ өтетіндігін, БАҚ тарапынан бақылау барын, азаматтардың дауысы әділ саналуы керектігін, жалпы саяси өзгерістер халықтың қолында екенін көрсеткен нақты мысал ретінде қабылдауға болады. Әлем жұрты АҚШ-тағы президент сайлауында кім жеңіске жететін соңғы сағаттарға дейін білмей келді. Штаттарда дауыс беру нәтижесі анықталғаннан кейін ғана біз Трамп алда келе жатқанын білдік, себебі кейінгі экзитполдар мен әлеуметтік сауалнамаларға қарасақ, расында да кейбір штаттарда Камала Харрис Трамптан оқ бойы озып келген. Сондықтан да мұны америкалық демократияның ерекшелігі деп атаумызға болады.
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев АҚШ-тағы сайлауда Камала Харрис неге жеңілді, Трамптың жеңісі Орталық Азияға қалай әсер етуі мүмкін деген сауалға былай деп жауап берді:
– АҚШ-тағы сайлаудың саяси-технологиялық сипатын ескеру керек. Камала Харрис додаға кеш қосылды, әйтпесе АҚШ-та президент сайлауына дайындалуға кандидатқа бір жыл уақыт керек, тағы бір жыл сайлауалды науқанын жүргізеді. Демократтар әуел бастан-ақ Камила Харристы таңдамай, әбден қартайған Джо Байденді таңдап қатты қателесті. Байден де ақырына дейін додаға түсуден бас тартқысы келмей, орнын беруге қарсыласты. Сөйтіп демократтар саяси-технологиялық тұрғыдан жеңіліп қалды. Ал Трамп сайлауалды науқанына бірнеше жыл бұрын кірісіп кеткен, сайлауға түсетінін бірнеше жылдан бері айтып жүр. Трампқа жасалған қастандық та оның рейтингін көтеріп жіберді. Ол шабуыл құрбаны ретінде америкалықтардың көз алдында ерекше тұлғаға айналып шыға келді. Адамның бәрі бірдей салқынқандылықпен емес, эмоцияға сүйеніп те дауыс беретінін ескерсек, мұның әсері болды.
Досым Сәтпаев АҚШ-тағы президент сайлау додасына ертерек кіріскен Трамп популистік мәлімдемелерінде экономикалық дағдарыстардың бәріне демократтар кінәлі деген риториканы қару етіп алғанын айтты.
– Трамптың бұл жолғы жеңісіне АҚШ экономикасының қазіргі ахуалы да ықпал етті. Трамп демократтарды "америкалықтардың жағдайын нашарлатып жібердіңдер" деп ашық сынаумен болды. Байден билікке COVID пандемиясынан соң бүкіл әлем де, АҚШ та тұралап қалып, ес жия бастаған шақта келгенін ескеру керек. Соған қарамастан жұрт Трамптың тұсында жақсырақ өмір сүрдік, қымбатшылық қазіргідей емес еді деген пікірде болды, – деді ол.
Досым Сәтпаев Трамптың сөз саптауындағы радикализм нышандары АҚШ-та бұрыннан қолданыста барын, 21-ғасырда Батыстың демократиялық елдерінде де оңшыл көзқарастағы саяси саясаткерлер жиі көріне бастағанын айтты.
– АҚШ-та өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері-ақ саяси радикализм элементі бар қозғалыстар қалыпты саналады. Трамп – солардың ізін жалғаушы. Қалыптасқан жүйені, құндылықтарды құрту керек дейтін неоконсерватор қауымның көшбасшысы. Оның сайлаудағы жеңісі кейінгі жылдары оңшыл саясаткерлерді алға шығарған әлемдік құбылыстың бір көрінісі. Қазір басқа елдерде "Трамптың баламасы" деп сипатталатын саяси тұлғалар танымал болып жатыр. Көпшілік демократиялық құндылықтардан, көне саяси партиялардан шаршағаны байқалады, – деді Сәтпаев.
"Енді алда не болуы мүмкін?" деген сауалға қазақстандық сарапшы былай деп жауап берді:
– Қазіргі сайлау геосаяси ахуал әбден ушыққан тұста өтіп отыр. Украина мен Таяу Шығыста соғыс болып жатыр, Қытай мен АҚШ-тың арасы суып кетті. Бұл үш мәселенің екеуінде демократттар мен республикашылдардың ұстанымы ұқсас, екеуі де Қытай АҚШ-қа қауіп төндіреді деп санайды, екеуі де Израильді қолдайды. АҚШ Украинадағы соғысты, Қытаймен мәселесін қалай шешкені Орталық Азияға қатты әсер етеді. Украина өзі үшін ғана емес, өңірдегі басқа мемлекеттер үшін де соғысып жатқанын ұмытпау керек. Себебі, Киев бірден беріле салса, Кремльдің келесі нысанасы – Қазақстан болар еді. Трамп Украинаға әскери көмекті азайтуға тырысатыны анық. Бұл Киевке ауыр тиеді. Бірақ Украина мұндай жағдайға Трамп келмей тұрып-ақ дайын болды. Демократтар да, Батыс та Киевке көмектесу керегін білсе де, былтырдан бері әскери жәрдем өте баяу жетіп жатты.
Қазақстандық саясаттанушы Ақ үйге Трамп келген соң бұған дейін Ресейге салынған санкцияларды азайтуға тырысады деп болжап жатқандар барын айтты.
– Тұтас санкциялар пакетін алып тастауға оның шамасы жетпес. Трамп өзі көздеген нәрсенің бәрін бірден жүзеге асыра алмайды, себебі АҚШ-тың саяси жүйесін ескеру керек: президенттен бөлек Конгресс, Жоғарғы сот, губернаторлар сияқты ықпалды билік тармақтары бар. Трамп алғаш президент болған кезеңде өкілдер палатасында демократтар оның көп бастамасына тосқауыл қойып отырды. Бұл жолы да солай болады, – деді Досым Сәтпаев.