Путиннің "басымдығынан" Қазақстанға төнетін қатер. Ресей президенті Астанаға неге келді?

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары. 2023 жылғы қарашада ол Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Азаттыққа берген сұхбатында Владимир Путиннің Қазақстанға сапары мен мақсаты, әскери агрессиясы үшін шеттетілген елге айналған Ресеймен ынтымақтастықты кеңейтудің қатерлі салдары және Астананың солтүстік көршісімен қарым-қатынастағы позициясының әлсіздігі туралы ойын айтты.

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл оның Ресей Украинаға кең көлемді соғыс бастағалы бері Қазақстанға екінші рет, ал Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Ресей басшысын тұтқындауға ордер бергелі бірінші рет келуі. Ресми Астана Қазақстан Гаагадағы ХҚС-тың құрылтай құжаты – Рим статутына қол қоймағандықтан, Путинді тұтқындамайтынын мәлімдеген.

Астанадағы кездесудің қарсаңында Путин "Казахстанская правда" ресми газетіне, ал Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известияға" сұхбат берді. Екі елдің басшылары көтерген тақырыптар бір-біріне ұқсайды: әңгіме энергетика, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық, Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы болды. Тоқаев "әлемге қазақ мәдениетін таныту барысында Ресейдің төл мәдениетін қоса таныстыру" маңызды екенін айтты. Путин Абайдың: "Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бəрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек", – деген сөзін келтірді.

Президенттер кездесу соңында қандай да бір маңызды құжаттарға қол қойды деген хабар болған жоқ. Екі елдің үкіметтері "Көкшетау жылу электр орталығы (ЖЭО), Семей ЖЭО және Өскемен ЖЭО құрылыс жобалары бойынша Ресей е Қазақстанның Энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы" меморандумға қол қойды.

ПУТИН НЕ ҮШІН КЕЛДІ?

– Путиннің Қазақстанға сапары қарсаңында екі президент те сұхбат беріп, ынтымақтастықтың келешегі туралы көп айтты, бірақ кездесу барысында тараптар ешқандай елең еткізер мәлімдеме жасаған жоқ. Сонда Путин не үшін келген?

Саясатанушы Димаш Әлжанов

– Бұл кездесуге режимдер арасындағы қарым-қатынастың кең спектрі контексінде қарау керек. Путиннің келуі ЖЭО құрылысына Ресей қатысады дегенді ғана білдірмейді. Екі президенттің сапар қарсаңындағы сұхбатын оқысаңыз, олардың ортақ мәселелері көп екенін байқайсыз. Демек, тақырып алдын-ала келісілген және Ресей алдыңғы сапардың мәселелерін қайта көтергендей болған, ал Тоқаев Путинге қажетті мүдде мен нарративтерге қарай ыңғайланған.

Мәдени ынтымақтастықты дамыту – Ресей үшін маңызды саяси мәселе. Украинаға кең көлемде басқыншылық жасағаннан кейін Қазақстанда совет заманындағы өткенін қайта қарау мен өз ұлттық болмысын іздеу процестері басталды. Орыс тілін қолдану аясы тарылып, соған сай ресейлік пропаганда жүргізетін халықтар азая бастағандықтан Путин үшін Қазақстанның ресейлік ақпараттар ықпал ете алатын аумақта қалғаны өте маңызды. Бұл жерде біз Путин режимі өзінің стратегиялық мүддесін жақсы түсінетінін және оны Қазақстан аумағында да қорғағысы келетінін көреміз. Ұзақ мерзімді перспективада орыс тілін жақсы білетін, ресейлік жоғары оқу орындарында білім алатын Қазақстан, Қырғызстан және өзге де елдің азаматтары демографиялық тұрғыдан әлсірей бастаған Ресейдің жұмыс күшін толтыруы мүмкін. Ал Қазақстанға келсек, өзінің міндеті мүлде жоқтай: Тоқаев сұхбатында да, сөйлеген сөзінде де ұлттық мүддеге бейілді екенін, проблемаларды түсінетінін көрсете алмады және көпшілік арасында олардың маңызын көтере алмады.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен ресми кездесуге келе жатыр. Ақорда, Астана, 9 қараша, 2023 жыл

– Ұлттық мүдде дегеніміз сіздің ойыңызша не?

– Біріншіден, ол сауда бағыттарын және халықаралық нарыққа шығуды әртараптандыру. Қазір біз импорт пен экспортты тасымалдау-логистика мәселесінде толықтай Ресейге тәуелдіміз. Ресейдің әлемнен бөлінуі Қазақстанға қатты әсер етіп жатыр. Мүмкіндігі шектелген Қазақстан Ресейдің бастамаларын ақылдаспастан қабылдай бермеуі керек және өз тауарларына халықаралық нарықты ашу үшін қай бағытта қозғалу керегін прагматикалық тұрғыдан есептеуге тиіс.

Екіншіден, Ресей тіл мәселесін сыртқы саясаттың құралына айналдырып жіберді. Мәдени қарым-қатынас пен тарихты саяси тақырыпқа айналдырды: жалпы Ресейге барлық білім беру бағдарламалары, білімнің өзі саясиланып, идеологияға толып, сапасыз болып кеткен. Сондықтан студенттерімізді Ресейге жіберейік, олармен бірлесіп оқу орнын ашайық деген әңгіменің бәрі Мәскеуге жағымпазданудың көрінісі. Оның үстіне, Путинге Қазақстан халқы орыс тілін үйренгісі келеді деген сөзді қайталай беру – асыра сілтеу. Мұның бәрі шындыққа мүлде жанаспайды. Ресейдің белгілі бір аспектілерде өз мүддесін алға тартатыны түсінікті жайт. Алайда шиеленіскен саяси жағдайды, Қазақстанның өз ішіндегі поляризацияны ескерсек, Ресейді білім беру саласына кіргізу, олармен бірлесіп мектеп ашу, тым идеологияланған және үгіт-насихат құралы саналатын Орыс тілі халықаралық қоғамымен бірлесіп, жыл сайын диктант жазып, орыс мәдениеті күндерін өткізу – өте асығыс қадам.

Путиннің авторитарлық Ресейі орыс тілін қолдану мәселесіне адам құқықтары тұрғысынан қарамайды, қазақстандық қоғамға өзінің ықпалын сақтап қалғысы ғана келеді. Ресей үшін орыс тілі – гибридті соғыстың құрамдас бөлігі.

ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ ТӨНЕР ҚАУІП

– Тоқаев пен Путиннің кездесуінен кейін Ресей Қазақстанды қолға алуға мықтап кірісіп, ықпалын барынша күшейтуге шешім қабылдағандай әсерде қалдық.

– Әсеріңіз шындыққа жақын. Ресей постсоветтік кеңістіктен айырылып бара жатқанын түсіне бастаған. Бұрыннан Ресейдің ықпалында деп саналып келген территориялар қазір ақырын өзгере бастаған, ішкі процесстердің арқасында режимді демократизациялауға көшкен. Украина, Молдова, Грузия, тіпті Армения мен Әзербайжанды алсақ, бұл елдердің бәрі біртіндеп алшақтай бастаған, өз ішкі саясатын құрып, Кремльсіз, оның араласуынсыз жаңа саяси ұлттардың қалыптасу процесі жүріп жатыр.

Қазақстан мен Ресей президенттерінің ресми кездесу рәсімі. Ақорда, Астана, 9 қараша, 2023 жыл

Осыны түсінген Ресей көптеген стратегиялық мүддесі тоғысқан Қазақстанды ұстап қалғысы келеді. Ол тек қана энергетика немесе тасымал саласы емес. Қазақстан – Ресей қауіпсіздігінің маңызды элементі. Ресей, негізінен, режимінің табиғаты демократиялық болмағандықтан, экономикалық және мәдени тұрғыда қарым-қатынас жасай алмайды, сол себепті осы институционалды негізді орыс тілі ұйымдары, яғни мектептер мен университеттер деңгейіндегі мәдениетаралық байланыс арқылы құруға талпынып жатыр.

– Қазақстанға деген мұндай қызығушылықтың перспективасы қандай болуы мүмкін?

– Көңіл көншітерліктей емес. Әрине, егер Ресей білімі мен экономикасы саяси режимге бағынбайтын, қазіргі заманғы, демократиялық мемлекет болса, алаңдамас едік. Путин сұхбатында Қазақстанның солтүстік аудандарына газ тартылады деген әңгімені тектен-текке қозғаған жоқ. Бұл аудандар біздің бірыңғай газ-тасымал жүйесіне емес, Ресейдікіне жалғанады. Ал Ресейдің газ тасымалын саяси мақсаттарға қалай пайдаланатынын біз Еуропа одағымен жағдайдың ушығуы және Украинадағы соғысы барысында көрдік. Сондықтан Ресей мемлекеті экономикалық мүмкіндіктері мен табиғи ресурстарын сыртқы саясаттағы мүддесін тықпалаудың құралы ретінде пайдалана берсе, болашақта Қазақстанның осындай бопсалау нысанына айналу ықтималдығы да жоғары болмақ.

Ресей табиғи газ өндіруден әлемдік көшбасшы екені даусыз, егер ол халықаралық заңды, шарт талаптарын сақтап, тым саясиландырып жібермегенде, ешқандай қиындық тумас еді. Алайда "Газпром" жеке компания емес, мемлекеттікі, оған қоса сыртқы саясаттың элементіне айналған. Қалай болғанда бәрі Ресейдің авторитар режиміне, оның агрессорлығына және постсоветтік кеңістікті біріктіргісі және уысында ұстағысы келетін айқын қалауына келіп тіреледі.

ЖЭО құрылысына келер болсақ, ол да проблема. Қазақстан шетелден инвестиция тартып, өз электр желісін өзі модернизациялауға тиіс. Алайда қазір бұл сегментке Ресей кірді. Ақорда мен Кремльдің арасындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейту Қазақстанның егемендігіне қатер төндіреді деп есептеймін.

Қазақстанды егемендігінен ішінара айырылған ел ретінде қарастырамын. Біз қазір өзіміздің ақпараттық саясатымызды толық анықтай алмаймыз, Ресей Қазақстан аумағында таралатын ресейлік пропаганданы шектеуге бағытталған шешімдерімізді оңай жоя алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин жеңсе, мұнымен тоқтамайды". Ресей соғысы мен пропагандасын зерттеушімен сұхбат

АСТАНАНЫҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІК САҚТАУҒА ТАЛПЫНЫСЫ. БАСҚА ОЙЫНШЫЛАРДЫҢ ПРАГМАТИКАСЫ

– Дегенмен Тоқаев әлі де тепе-теңдік сақтағысы келетін сияқты және кейінгі апталар халықаралық кездесулерге толы болды. Алдымен Астанаға Франция президенті Эммануэль Макрон, содан кейін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан ұшып келді, сосын бірден Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Оған Түркия президенті Режеп Ердоған келіп қатысты. Жуырда ғана Қазақстан мен АҚШ арасында кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөнінде отырыс өтті. Қазақстан халықаралық аренадағы белсенділігін көтергісі келе ме, әлде бұл имидждік сипаттағы кездесулер ме?

– Қазақстан әртүрлі мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Бірақ ұлттық мүдделер мәселесі осы бір көпвекторлы саясат пен тепе-теңдік тұжырымдамасының құрамдас бөлігі болмай тұр. Тіпті Путиннің сапарын, оның Қазақстанмен қарым-қатынаста қалағанына оңай қол жеткізе алатынын алайық. Мұның бәрі Путин Қазақстанды саяяи тұрғыдан басқарып отырғанын, елдің осал тұсын жақсы сезеді дегенді білдіреді. Ол елдің қажеттілігі шектеулі екенін түсінеді және соны пайдаланып, дегенін жасап отыр.

Басқа елдерге келетін болсақ, бәрінің прагматикасы бар. Францияға уран отыны керек. Әрине, бұдан кейін Қазақстан мен Франция арасында жаңа қарым-қатынас кеңістігі пайда болады. Бірақ Қазақстан екіжақты қатынастар шеңберінде айтарлықтай жаңа инвестиция тарта ала ма? Индустриясын қандай да бір жолмен жаңарта ала ма? Әлемнің жетекші державаларына шикізат берген ел экономикасын сапалы түрде өзгерте немесе жаңарта алады деген сөз жоқ.

Тоқаев көмірсутек ресурсты сатуда [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаевтан қалған үлгіні қолданудан бас тартып, тұрақты экономика қалыптастыруға қадам жасайтындай белгілерді көріп отырған жоқпыз. Саяси да, экономикалық та реформа жоқ, сыртқы саясат та анық емес. Бәрі көрініп тұр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лиллис: Тоқаев "Назарбаевтан арылуды" жалғастырып, назарды басқа жаққа бұрып жатыр

– Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасынан мен байқаған бір жанама факт бар. Ол – Путиннің әлі күнге Тоқаевтың аты-жөнін дұрыс айта алмауы, тіпті дұрыстап айтуға тырыспауы. Ал Тоқаевтың құдды ештеңе болмағандай кейіп танытуы.

– Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевтың Мәскеуге алғаш сапары есіңізде ме? Сол кезде Тоқаев сенімсіздеу сөйледі. Меніңше, Путин осындай сәттерді жақсы байқайды. Ол қарсы тараптың табиғаты мен психологиясын шамамен түсінеді, сол себепті басым позицияны ұстанады. Егер сізге екіжақты қарым-қатынас маңызды болса, серігіңіздің өзін жайсыз сезінгенін қаламасаңыз, сізді де құрметтесін десеңіз, оның есімін дұрыс айтуды міндетті түрде үйренесіз.

Әрине, қазір Қазақстан Ресей үшін маңызды елге айналды, себебі санкцияларды айналып өтуге көмектеседі. Өзара ықпалдасу деңгейі өскен, әсіресе біздің заңдар мен қаржы жүйесін пайдаланатын, "сұр импортты" өткізумен айналысатын ресейлік компанияларға қолайлы жағдайлар жасалған. Тоқаев үшін бұл да өз мәртебесін нығайтуға мүмкіндік. Менің ойымша, Тоқаев пен оның әкімшілігі осы рөліне риза сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыстың екінші жылындағы сапар. Ресей президенті Путин Қазақстанға келді