"АТА-АНА МІНДЕТІН АТҚАРМАЙ ЖҮРСІЗ"
Никита Ковалёвтың бөлмесіндегі қабырғада бір жарым метрлік медаль ілініп тұр. Орал қаласының 12 жастағы тұрғыны төрт жылдан бері жүзумен айналысады. Қазірге дейін әртүрлі жарыстардан жиырмаға жуық медаль алып үлгерген. Кез келген спортшы сияқты Никита да медаль санауды жаман ырым санайды.
- Бірде үйге отбасын ертіп ағам қонаққа келді. Ағамның баласы жүзумен айналысады екен. Ол ұзын бойлы, мығым денелі болды. Оған қарап, мен де спортшы болғым келетінін түсіндім. Анамнан бассейнге апаруын өтіндім, - дейді Никита.
Никита ол кезде Оралдағы қарапайым мектептердің бірінде оқып жүрген. Спорт жаттығуы, дайындық шаралары мен жарыстар көп уақыт ала бастағанда, Никитаның мектептегі оқу жүктемесі де арта түскен.
- Әр бөлімнен кейін және тоқсан соңында өткізетін бақылау жұмыстарын жазу қиынға соға бастады. Жарыстан не дайындықтан келгенде күніне бес-алты бақылау жұмысын өткізетінмін. Ал сыныптастарым ең көп дегенде, екі-үш бақылау жазады. Қиын болды, - дейді ол.
- Бірде спорт жаттығуларында жүргенімізде, бір қыз үзіліс кезінде компьютерін алып, тапсырмалар орындап отырды. Әлгі қыздың анасынан оның Ресейдегі мектепте қашықтан оқып жүргенін естідік. Осыдан кейін баламды осындай оқу форматына қалай ауыстыруға болатынын сұрастыра бастадым, - дейді Никитаның анасы Анна Ковалёва.
Бесінші сыныптың бірінші жарты жылын Оралдағы мектепте бітірген Никита қашықтан оқуға көшкен. Анасы алғашқы кезде жаңа оқу жүйесіне үйренуге тура келгенін айтады. Бірақ қазір Никитаның бос уақыты бұрынғыдан көп.
- Күнде үш сағат уақытын сабаққа арнайды. Жаңа сабақты меңгеруге және үй тапсырмасын орындауға кететін уақытты өзімізге ыңғайлы етіп, өзгертіп отырамыз. Бастысы - тапсырманы белгіленген уақытқа дейін өткізсек болды, - дейді Анна.
Аннаның айтуынша, видеосабақтарды қайталап көруге болады. Тақырып түсініксіз немесе оқушының сұрағы болса, мұғалімнен кеңес алу мүмкіндігі бар.
- Никита тоқсанды ерте аяқтай алады: бұл үшін барлық бақылау жұмысын тапсырып, баға алуы керек. Бұл әсіресе, үлкен жарыстарға кетерде көп көмектеседі. Жарысқа дайындық кезінде басқа нәрсеге көңіл бөліп, алаңдамау үшін, біз Никитаның сабағын тезірек оқып, тоқсанды ерте аяқтауға тырысамыз, - дейді Анна.
Никитаның қашықтан оқып жүргеніне бір жыл толғанда, оның бұрынғы мектебінен әлеуметтік қызметкер келген. Ол мектеп әкімшілігі оқушының неге сабаққа келмейтінін сұрағанын жеткізген.
- Мектеп әкімшілігімен кездескенімде, олар жасөспірімдер ісі бойынша комиссия құрылатынын айтты. Себебі - "Никита оқымайды, мектепке келмейді" деді. Қолымызда үлгерім табелі, жақсы бағалар мен Мәскеудегі мектептің құжаттары болғанына да қарамады, - дейді Анна Ковалёва.
Отбасына учаскелік полиция қызметкері де келген. Анна бұл жағдайдан үлкен стресс алғанын айтады.
- Ешқандай заңды бұзбағанымды жақсы білемін. Балам оқып, сапалы білім алып жүр, жүзуге қатысады, қаншама медалі бар. Бірақ "сіз ата-ана міндетін атқармай жүрсіз" деген моральдық қысымның астарында кез келген мағына жатуы мүмкін еді. Сұмдық бір жағдай болар деп қорықтым, - дейді Анна.
Аннаға комиссия мәселесінен құтылу үшін баласын қарапайым мектепке ауыстыруға кеңес бергендер де болған, бірақ Ковалёвтар отбасы баласын өзіне ыңғайлы форматта оқытуға құқылымыз деп шешкен.
Арнаулы комиссия отырысы бірнеше айдан кейін бір-ақ өткен.
- Әлеуметтік қызметкер бірінші рет 2019 жылы қараша айының басында келді, ал комиссия отырысы 2020 жылы наурыз айының басында өтті. Бірнеше ай не боларын білмей жүрдік. Бәріміз уайымға салындық. Біз үшін баламыздың спортқа лайықты көңіл бөлуге уақыты болғаны өте маңызды. Қарапайым мектепке ауысса, жаттығуларына кедергі келуі мүмкін, - дейді Анна.
Ковалевтар отбасы комиссияның қандай шешім қабылдағанын әлі білмейді. Никита қазір жетінші сыныпқа көшкен.
"БҰЛ МАЗАҚ ҚЫЛУМЕН ТЕҢ"
Ольга Тимофееваның жағдайы мүлде бөлек. Орал тұрғыны жақында бірінші сыныпқа баратын қызын қашықтан оқытқысы келмейді. Ольганың қызы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде Қазақстандағы жүздеген мың оқушының қатарында мектепке дайындық сыныбының төртінші тоқсанын қашықтан оқыған.
- Балам ерекше топта, өйткені көзі ауырады. Қызым компьютер мен телефонның алдында көп отырмасын деп, мектепке беремін. Қашықтан оқыса, көзін құртады ғой, - дейді Тимофеева.
Ольга оқу материалын меңгерудің қиындығын, мұғаліммен және басқа оқушылармен араласу мүмкіндігін де маңызды факторлардың қатарына жатқызады.
- Мектепте балалар басқалармен араласып, дос болып, ренжісіп, қайта татуласып, ойнап үйренеді. Олардың оқудан бөлек дүниелерге қызығушылығы ояна бастайды. Мұғаліммен бетпе-бет отырып, сөйлесудің орнын компьютер де, телефон да баса алмайды, - дейді Ольга.
Тимофеева қарапайым мектепте балалар оқу материалын оңай меңгереді деп сенеді. Ол педагогикалық білімі жоқ ата-ана баласына мектеп бағдарламасын түсіндіре алмайтынын айтады.
- Бұл ең соңғы амал болуы керек. Басқа елге оқуға бара алмаған кезде, диплом алу үшін қашықтан оқуды таңдауға болады. Бірақ бұл оқу, жазу, ақпарат қабылдау, оны өңдей алу сияқты қабілеті бар ересектерге жарайды. Ал кішкентай баланы компьютердің алдына отырғызып, білім беру мазақ қылумен тең, - дейді Тимофеева.
Тимофееваның пікіріне экоблогер, онлайн-семинарлар мен тренингтердің ұйымдастырушысы Михаил Беляков та қосылады. Ол жұмыс істейтін саласына байланысты қашықтан оқу форматымен жақсы таныс және бұл жүйенің артықшылығы барын да жасырмайды. Бірақ ата-ана ретінде (бірінші сыныптағы баласы бірінші ауысымда, үшінші сыныптағы баласы екінші ауысымда оқиды) бастауыш сынып оқушыларын мұндай әдіспен оқытуға қарсы.
- Кей күні таңнан кешке дейін балалармен отырып, олардың сабаққа қатысуын қадағалап, тапсырма орындауға көмектесуге тура келді, - дейді Михаил.
"АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ"
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сәуір айында өткен онлайн-брифингтегі сөзі ата-аналардың алаңдатып қойған. Министр заңда "қашықтан оқыту" деген ұғым жоғын, алдағы уақытта оны енгізу керегін айтқан еді.
- Нормативті реттеу жүргізу керек деп ойлаймыз. Ашығын айтқанда, бізде қазір барлық деңгейде қашықтан оқыту ұғымы жоқ. Яғни, нормативті-құқықтық актілерде, "Білім туралы" заңда, орта және жоғары білім беруде қашықтан оқыту формасы қамтылмаған. Біз осындай норма енгізу бастамасын көтереміз, - деді ол.
Биыл балалары төртінші тоқсанды қашықтан оқыған жүздеген ата-ана білім министрлігінің қашықтан оқытуды заңға енгізу бастамасына қарсы петицияға қол қойған. Олардың қатарында Ольга Тимофеева да бар.
Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген қашықтан оқу формасы мұғалімдерге де ауыртпалық салды. Алматыдағы мектептердің бірінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Ләззат Мұсанова мұғалімдер бұрынғыдан екі есе көп жүктемемен жұмыс істегенін, оқушыларды онлайн оқуға ынталандырумен қатар, оларға оқу материалын жеткізіп, видеосабақтар дайындауға күш салғанын айтады. Мұсанова заңға "қашықтан оқыту" ұғымын енгізуге және оқудың екі формасын қатар қолдануға қарсы емес. Бірақ алматылық мұғалім қашықтан оқыту кезінде оқытушылар құрамына ауыр жүктеме түсетінін ескертеді.
- Түсінгенімше, министрлік онлайн оқыту процесін реттегісі келеді. Мемлекет нормативті-құқықтық актілермен жұмыс істейді. Сондықтан процесті заң жүзінде реттеу маңызды. Бұл үшін қосымша ақы төлесе, қарсы емеспін. Бірақ жұмыс жүктемесін арттырып, жалақыны бұрынғы деңгейде қалдыруға болмайды, - дейді Мұсанова.
Қызын екі жылдан бері Ресей мектебінде қашықтан оқытып келе жатқан Вера Садықова Қазақстанда осындай оқу платформасын дайындау бағытында жұмыс істеп жүр. Ол сондай-ақ мәжілісте қашықтан оқыту туралы өзгерістер жобасын дайындаумен айналысатын жұмыс тобының да мүшесі. Садықова ата-аналарға алаңдауға негіз жоғын, реформаның мақсаты - адамдарды қашықтан оқуға мәжбүрлеу емес, оларға таңдау құқығын беру екенін айтады.
- Заңға ұсынылған өзгерістерде қашықтан оқуды міндеттеу туралы ештеңе жазылмаған. Заң жобасының мазмұны қалай болатыны әзірге белгісіз. Бірақ мұндай оқу формасы кімдерге ұсынылатыны анық көрсетіледі. Сондықтан ата-аналарға алаңдауға негіз жоқ, - дейді ол.
Садықова "хоумскулинг" (англ. home schooling – үйде оқу - ред.) кезінде оқу процесі толықтай ата-ананың жауапкершілігінде болатынын, сондықтан әлемде мұндай форматты азаматтардың екі-үш пайызы ғана таңдайтынын айтады. Жұмыс тобының мүшелері Қазақстанда да осындай сценарий қайталануы мүмкін деп болжайды.
- Бізде төртінші тоқсанда болған жағдай көп ата-ана өзіне жауапкершілік алып, балаларына онлайн оқуға көмектесуге дайын емесін көрсетті. Барлық қиындық пен мектепте қашықтан оқу болмауы керек деген қарсылық та осыдан туды. Қашықтан оқуға бәрін бірдей міндеттемеу керек дегенге келісемін. Бірақ қашықтан оқуға дайын ата-аналар мен балаларға бұл керек, - дейді Вера Садықова.
ҚАШЫҚТАН ОҚУ ҚЫРКҮЙЕКТЕ ДЕ ЖАЛҒАСА МА?
Қашықтан оқуға байланысты өзгерістер туралы заң жобасының мәтіні жарияланбаған. Заң жобасының бұл бөлігінде не жазылатыны белгісіз. Садықованың сөзінше, әзірге тек жұмыс құжаты ғана бар және қазір негізгі терминдерді бекіту жұмыстары жүріп жатыр.
Білім министрлігін бәріне бірдей міндеттелмейтін қашықтан оқу жолында кей ата-ананың кері көзқарасынан бөлек, басқа да қиындықтар күтіп тұрғанға ұқсайды.
Қазақстанда қашықтан оқуға байланысты мәселе көп екенін министр Аймағамбетовтың өзі де мойындаған. Биыл көктемде елдегі барлық оқушыны қашықтан оқуға көшірген ведомство интернет желісінің жүктемені көтере алмауынан онлайн оқытудан бас тартқан. Білім беруде оқу материалдарын пошта арқылы жіберу сияқты қашықтан оқытудың басқа әдістері қолданылған.
Министр мұғалімдердің техникалық дайындығы мен цифрлық сауаттылығы, мектептерде қажет техниканың жетіспейтіні сияқты мәселелерді де көтерген. Шенеуніктің сөзінше, елде 300 мың оқушының компьютері жоқ, ал жүздеген мың отбасы интернетке қосылмаған.
Бірақ қазақстандық оқушылар заңға енетін өзгеріске қарамай, қашықтан оқуды жалғастыра беретін тәрізді. Жаңа оқу жылының басталуына екі ай қалды. Білім және ғылым министрлігі елде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 30 мыңнан асып, денсаулық сақтау жүйесі медициналық көмек көрсетіп үлгере алмай жатқанын ескеріп, балалар қыркүйек айында да мектепке бармауы мүмкін екенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түлектерге стресс-тест. Болмай қалған бітіру кеші мен ҰБТ-ның жаңа ережесі