Accessibility links

"Екеуі үйде отыр, өзгесі онлайн мектеп пен жеке лицейде оқиды"


Онлайн мектеп оқушысы Диана сабаққа дайындалып отыр. Ақтөбе, 1 қазан 2019 жыл.
Онлайн мектеп оқушысы Диана сабаққа дайындалып отыр. Ақтөбе, 1 қазан 2019 жыл.

Ақтөбеде "хиджаб дауына" бола екі оқушы қыз қыркүйектен бері сабаққа барған жоқ. Орамалын шешкісі келмегендердің бірсыпырасы қыздарға арналған сыныбы бар жеке меншік лицейде, ал кей оқушы Ресейдің онлайн мектебінен білім алып жүр.

"МЕКТЕПКЕ БИЫЛ ДА КІРГІЗБЕЙ ҚОЙДЫ"

Ақтөбе облысында ата-анасы "балиғат жасына толды, енді жалаңбас жүре алмайды" деп ұйғарған екі оқушы қыз биылғы қыркүйек айынан бері мектепке бармаған. "Орамал дауына" бола сабақтан қол үзуге мәжбүр болған 10 жасар Әмина Ақтөбенің іргесіндегі Кирпичный елдімекенінде тұрады. Ол былтыр оқу жылының алғашқы тоқсанында да сабаққа барған жоқ. Бірақ кейін ата-анасы мен білім мекемесі өкілдері өзара мәмілеге келіп, Әмина өзі тұратын елдімекендегі №18 мектепте үш тоқсан бойы білім алған. Анасы Салтанаттың айтуынша, баласы мектепке қиықша орамал тартып барып жүрген.

- Төртінші сыныпты амалдап оқып шықтық. Биыл тағы да қызымды мектепке кіргізбей отыр. Отбасымызда Әминадан өзге тағы үш балам бар. Күйеуім жеке көлігімен жолаушы тасымалдайды, өзім жұмыссызбын. Әминаны жеке меншік мектепте оқытуға бізде шама жоқ, - дейді Салтанат.

Әмина тәрізді биыл жаңа оқу жылы басталғалы сабаққа бармаған тағы бір қыз Мәртөк ауданындағы Родниковка ауылында тұрады.

Ақтөбеде жаңа оқу жылы қарсаңында орамал дауы қайта көтерілді (29 тамыз 2019 жыл)

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтөбеде орамал дауы қайта көтерілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00


ҚЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН СЫНЫП

Ақтөбедегі қазақ-орыс халықаралық университеті жанындағы "Құнан" мектеп-лицейі – қаладағы қыз балаларға арналған сыныптары бар жалғыз білім мекемесі. Жергілікті тұрғын Ерұланның екі қызы биыл осы жеке меншік мектепке барып жүр. Діни салт-дәстүр ұстанатын отбасылардың басым көпшілігіндегі әйелдер сияқты Ерұланның жұбайы да үй шаруасында. Жеке көлігімен жолаушы тасып, кейде құрылысқа жалданып нәпақа табатын Ерұланның төрт баласы бар, отбасы пәтер жалдап тұрады.

- Үлкені 8-ші, екіншісі 5-сыныпта оқитын екі қызым үшін "Құнан" мектебіне ай сайын 60 мың теңге төлеймін. Бұл – отбасы бюджетіне әжептәуір салмақ. Жеке мектепке мәжбүрліктен барып жүргендер аз емес, - дейді Ерұлан.

"Орамал дауына" байланысты балалары мемлекеттік мектептегі сабаққа кіре алмаған ақтөбеліктер былтыр жыл басында биліктен даулы мәселені шешудің бір жолы ретінде қыздары үшін арнайы мектеп-медресе салуды қарастыруды сұраған. Сол кездегі Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев "егер олар өздері жиналып, демеуші тапса, ондай жеке мектеп ашуына құқығы бар" деген еді. Алайда одан бері облыста діни салт-дәстүр ұстанатын қыздарға арналған жеке мектеп-медресе ашылған жоқ.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, "орамал дауынан" соң 58 оқушы қыз мемлекеттік мектептен "Құнан" мектеп-лицейіне ауысқан. Қазір бұл мекемеде тек қыздарға арналған 1-9 сыныптарда барлығы 105 оқушы білім алып жүр. Соның ішінде 17 қыз Ақтөбеге өзге өңірлерден ауысып келген. Сынып оқушыларына тек әйел ұстаздар сабақ береді. Бұған қоса лицейде ұлдар мен қыздар бірге оқитын аралас сыныптар да бар.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. Ақтөбе, 2 қазан 2019 жыл.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. Ақтөбе, 2 қазан 2019 жыл.

- Меншік түріне қарамастан облыстағы орта білім беретін мекемелердің бәрінде оқушы мектеп формасын сақтауы тиіс. Бұл талап жалпыға ортақ. Ал "Құнан" лицейіне келер болсақ, олар мемлекеттік мектептегі сияқты мың, екі мың бала оқытып отырған жоқ. Жеке меншік мектептің тек қыздарды оқытып, әйел мұғалімдерді ғана жұмысқа алатындай мүмкіндігі бар. Ал мемлекеттік мектептердегі жағдай мүлдем басқа. Бір ғана мысал, қазір облыс бойынша 12 мектеп үш ауысыммен бала оқытып отыр, - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

"Құнан" мектеп-лицейіндегі шәкірттердің оқуы мен киім үлгісі жайлы сұраған Азаттық тілшісіне білім мекемесінің президенті Темірхан Бердімұратов: "Білім министрлігінің мектеп формасына қатысты талабын сақтап отырмыз. Аралас сыныптар мен қыздарға арналған сыныптардың бәрінде оқушы мектеп формасымен отырады" деп жазбаша қысқа жауап берді.

ОНЛАЙН МЕКТЕПТЕН БІЛІМ АЛУ

Ақтөбедегі "Құнан" жеке меншік мектеп-лицейіндегі тек қыздарға арналған сыныптарда сабақ қазақ тілінде өтеді. Сондықтан орамалын шешуден бас тартқан орыс тілді оқушы қыздар Ресейдің онлайн мектебін таңдаған. Облыстық білім басқармасының дерегінше, мектеп формасына қатысты қойылған талапқа мойынсұнудан бас тартқан 10 оқушы қыз қазір Ресейдің онлайн мектебінде оқып жүр. Солардың бірі – 13 жастағы Диана бұрын қаладағы №23 мектепте білім алған.

Ресейдің онлайн мектебінде 8-сыныпта оқитын Диананың сабақ кестесі. Ақтөбе, 1 қазан 2019 жыл.
Ресейдің онлайн мектебінде 8-сыныпта оқитын Диананың сабақ кестесі. Ақтөбе, 1 қазан 2019 жыл.

- Онлайн мектепте жұма - демалыс күні. Әдебиет пен ағылшын тілі пәнін оқытпайды. Ағылшын тілін оқығың келсе қосымша ақы төлеуің керек. Қазақстан тарихы пәні де жоқ. Ресей мектебі болғандықтан сол елдің тарихы мен әлем тарихын оқимыз. Бастапқыда өз мектебімді сағынатынмын. Қазір үйреніп кеттім. Онлайн мектептің мұғалімдері ешқашан балаға зекіп, дауыс көтермейді. Бұрынғы мектебімде орамалымды жаратпаған мұғалімдер мені соңғы партаға отырғызып қоятын, ала көзімен қарап, кейде ұрсып та алатын, - дейді Диана.

Ресейдің онлайн мектебінің 8-сыныбында оқитын Диананың көп уақыты үйінде өтеді. Ата-анасының ас-суын әзірлеп, үйін жинап, бұрын өзі білім алған мектепте 3-сыныпта оқитын сіңлісін сабаққа, үйірмеге апарады.

Қазақстанда онлайн оқыту жүйесі жоқ. Бірақ Ресейдің онлайн мектебінен білім алып жүрген бала Қазақстан мектептеріне ауысуға құқылы. Ақтөбе облыстық білім басқармасының өкілдері ондай жағдайда мектеп пен білім басқармасы оқушының білім деңгейін анықтау үшін комиссия құратынын айтады. "Бала Ресейдің онлайн мектебінде 10-сыныпта оқып жүрген болуы мүмкін. Егер арнайы комиссия баланың білімі сол сынып деңгейіне сай десе, ол 10-сыныпқа, ал 9-сынып деңгейінде десе, тоғызыншы сыныпқа қабылданады" дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

"МӘСЕЛЕ ӘЛІ ШЕШІЛГЕН ЖОҚ"

2018 жылғы қаңтар айында Ақтөбе облысында мектепке орамал байлап келетін 340 оқушы қыз бар болатын. Білім басқармасының дерегінше, қазір облыс бойынша ондай екі оқушы ғана қалған. Білім басқармасы "өңірде мектеп формасына қатысты ахуал тұрақталды" деп санайды. Алайда Азаттық тілшісі сөйлескен ата-аналар "мәселеміз әлі шешілмей келеді" дейді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжан Сәбенова.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжан Сәбенова.

- Дін жолын ұстанатын отбасылардың басым бөлігі көп балалы. Олар қыздарын жеке мектепке жетіскеннен беріп отырған жоқ. Қызым қазір Ресейдің онлайн мектебінде оқып жүр. Мен де кез-келген ата-ана сияқты, баламның өзі қатарлы құрбыларымен араласып, тегін білім алғанын қалаймын. Мемлекет білім аламын деген балаға жағдай жасай алмаса, онда біз сияқты ата-ананың баланы оқытуға жұмсаған қаржысын өтеп берсін, - дейді орамал тартатын оқушының анасы Гүлжан Сәбенова.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда қабылдаған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп пен ата-ана арасындағы дау-дамайға себепші болды. Бұл ережеге сай, мектеп оқушысы пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасы жайлы бұл талапты меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

Мектепке орамалмен кіргізбеген соң үйіне қайтып бара жатқан оқушылар. Көрнекі сурет.
Мектепке орамалмен кіргізбеген соң үйіне қайтып бара жатқан оқушылар. Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында қыздарының cхиджаб емес, қазақтың салт-дәстүріне сай киінгенін" алға тартқан кей ата-ана министрлік бұйрығын орындаудан бас тартқан. Ал мектеп әкімшілігі орамал байлап келген қыздарды сабаққа кіргізбеді. Кейін қыздарын мектепке жібермеген бірнеше ата-анаға сот айыппұл да салды.

Қазақстанда мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге қатысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтады. Діни басқарма 2013 жылы орамал туралы пәтуа шығарып, ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG