15 адамды мерт қылған өртке дейін "Семей орманында" не болған еді?

"Семей орманы" резерваты аумағындағы бақылау мұнарасы. 1 шілде, 2023 жыл.

"Семей орманы" резерватында болған алапат өрт салдарынан 15 адам қаза тауып, 60 мың гектар орман өртенді. Кәсіпорын басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған деген күдікке ілінді. Орманшылар өртті шаруашылықтағы берекетсіздікпен байланыстырады.

"БІЗДІ ТАСТАП КЕТПЕҢДЕРШІ!"

Виктория Будюктың күйеуі Алексей Губаев "Семей орманында" болған өртте мерт болған. Қазір жесір әйел ұлын жалғыз тәрбиелеп отыр. Екі жасар бүлдіршін журналиспен сөйлесіп отырған анасынан екі елі ажырамайды.

Бөлменің бір бұрышында диван, екінші бұрышында тумба тұр. Оның үстіне 30 жастағы орманшы Алексей Губаевты Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған жазуы бар сурет қойылған. "Семей орманы" резерватының логотипі бар суретке "Успенский орман шаруашылығының әйелдер ұжымы құттықтайды" деп жазылыпты.

"Семей орманы" резерватының қызметкері Алексей Губаевқа ұжымы берген құттықтау қағаз. Алексей 2023 жылы маусымда өрт сөндіруге барған 13 әріптесімен бірге қаза тапты.

Алексей бұл мекемеде 7 жыл еңбек еткен. Виктория күйеуі өртке кетерден бір күн бұрын басшылармен сөйлесіп, жұмыстан шықпақ болғанын айтады. Жалақысы аз, болашағы бұлыңғыр жұмыс, ұлын балабақшаға бере алмауы оны осындай шешім қабылдауға мәжбүр еткен.

– Негізі екі мастер болуы керек. Алексей екі адамның орнына жалғыз өзі жұмыс істеді. Соңғы рет бәрін қосқанда қолына 130 мың теңге алды. Жалақысы – 108 мың теңге, ауылда тұрғаны және екінші мастердің учаскесіне бас-көз болғаны үшін қарастырылған төлемдерді қосқанда, 130 мың теңге болады. Екінші учаскедегі еңбегіне 20 мың төлейді. Мейрамгүл (Жиенбаева, ол да өртте қаза тапқан – ред.) Алексейдің жалақысын көтеруді сұраған. Басшылық "қосымша 50 пайыз төлеуіміз керек, бірақ ақша жоқ" депті. Ақша қосылғаннан кейін 130 мың теңге алатын болды, – дейді Виктория Будюк.

Сол күні Алексей Губаев үйіне түскі 3-те келіп, "Батпаев орман шаруашылығынан басталған өрт біздің жерімізге таяп қалды" деген.

"Семей орманы" аумағында болған өртте қаза тапқан Алексей Губаевтың жесірі Виктория Будюк екі жасар ұлымен бірге отыр. Семей, 30 маусым, 2023 жыл.

– "Бәрімізді сол жаққа шақырып жатыр" деді. Әдеттегідей күрегін алып, көлігіне мініп, үйден аттанды. Сол кеткеннен оралмады, – дейді марқұмның әйелі.

Алексей өртке жекеменшік "УАЗ" автокөлігін мініп кеткен. Орманшылар жердегі өртке топырақ тастап, өшіруі керек еді. Әйелінің айтуынша, Алексей Губаев бұған дейін талай рет жанып жатқан алқапқа ешқандай құрал-жабдықсыз өрт сөндіруге барған.

– Көліктері бар еді, бұзылып қалды. Ауыстыратын бөлшек берген жоқ. Өз қалтасынан ақша шығарып сатып алып жүрді. Күйеуім өртке үстінде бар киіммен кетті. Жұмысынан не киім, не аяқ киім берген жоқ. 7 жылда екі рет ғана арнайы киім (күртеше мен шалбар) алды. Бірінші берген киімі бір жуғаннан кейін жарамай қалды. Биыл сапасы жақсырақ киім беріп еді, бойына шақ келмеді. Етігі, өрт сөндіретін формасы болмады. Рациясының батареясы нашар болатын. Күйеуім әріптестерін естімейтін. Өрттен бір-екі күн бұрын Алексей үйдің жанында рациямен сөйлесті. Кеңседегілерді естиді, бірақ өрт туралы ақпарат беріп отыратындарды естімейді, – дейді Виктория Будюк.

Виктория күйеуін іздеп, есіне түскен адамның бәріне хабарласып шыққан. Бәрі бір ауыздан "Іздеп жатырмыз" деп жауап берген. Екі туысына Алексей Губаевтан қоңырау түсіпті. Бір рет хабарласқанда, тұтқаны көтерген, бірақ ешкім жауап бермеген.

Виктория Будюк марқұм күйеуіне жұмысынан берілген, оған шақ болмай қалған киімді көрсетіп тұр. Семей, 30 маусым, 2023 жыл.

– Соңғы сәтке дейін күйеуім тірі, бізге хабарласып жатыр деген оймен үміт үзбедім. Олардың айтып отырғанымен келіспеймін. Анама хабарласып, "9 маусымда бәрін бір жерден таптық" депті. Рас-өтірігін білмеймін, хабар жеткізген адам кейін сөзінен айнып, олай айтпадым деп шықты. Үміттеніп, күттік. Оларды құтқаруға неге ешкім бармаған? Байланысқа шықты ғой. Бастығы сұхбат беріп, сол күні бірнеше рет рацияға байланысқа шықты деді, соңғы рет "Бізді тастап кетпеңдерші!" депті. Тастап кетіп отыр ғой, – дейді Виктория.

Резерват басшылығынан марқұмның отбасынан кешірім сұрап ешкім келмеген. Тек ұжым атынан ақша жинап берген.

– Күйеуім қайта тірілмейтінін білем, бірақ олардың кесірінен, тағы да адам өлгенін қаламаймын. Ештеңе өзгермесе, тағы қанша адамның түбіне жетер екен?!

ПАРА БЕРІП, ЗАҢСЫЗ АҒАШ КЕСУ

"Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерватына қарайтын орман 656 395 гектар жерді алып жатыр. Осы территорияда 9 филиал жұмыс істейді. Әр мекемеге 2-6 орман шаруашылығы қарайды. "Семей орманында" қымбат ағаштар өседі. Орманшылардың айтуынша, ағаш кесіп сату үшін адамдар пара беріп, заңды айналып өту үшін неше түрлі айла-шарғыға барады. Мысалы, кесілген ағашты "отын" деп көрсетіп, қымбат ағаш есебінде сатады. Баға айырмашылығынан түскен пайданы біреу қалтасына басады.

Тағы бір әдісі – өрттен кейінгі "экологиялық мақсатта орман кесу". Әдетте өрттен зардап шеккен ағаштарды кесіп, сатып жібереді. Бірақ олар кейде сау ағаштарды да кесіп, жасыл аймақты отап кетеді.

Өткен айда алапат өрт болған "Семей орманы" аумағында тағы да ағаш өртеніп жатыр. 1 шілде, 2023 жыл.

"Семей орманы" ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахтияр Қайдаров бәріне экология министрлігі жанындағы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетін кінәлайды. Ол 2022 жылы желтоқсанда бас директор қызметіне Байжан Мұсақановтың тағайындалғанына наразы.

"Семей орманы" ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахтияр Қайдаров.

– Жалған дипломмен жүр. Жедел курста, кейін университетте оқыдық. Мұндай студент ауыл шаруашылығы институтында ешқашан оқымаған, оған мынадай нөмірі бар диплом ешқашан берілмеген деген құжат бар. Канонерский филиалын басқарған кезімде Байжанды орынбасар етіп тағайындады. Сол кезде таңғалдым: білімі жоқ, орман шаруашылығында бір күн де жұмыс істеп көрмеген адам бірден директордың орынбасары болып шыға келді. Еңбек кітапшасын көрдім ғой, – дейді резерват ардагері.

Бас директордың дипломы жалған екенін "Семей орманындағы" заңбұзушылықтарды зерттеген "Сапсан" жедел тобы да анықтаған.

Оның құрамындағы қызметкерлер "Қазақ ұлттық аграрлық университеті" ҰАҚ 14.12.2016 күнгі хатына сәйкес, Б.Ж.Мұсақанов бұл институтта оқымаған. 1993 жылғы 21 маусымда 94-тіркеу нөмірімен ЗВ №832360 сериялы диплом берілмеген" деген жауап алған.

Байжан Мұсақанов жақында болған өртті тексеру жөніндегі істе күдікті емес. "Семей орманы" директоры қызметін атқарушы Мұрат Қарымов "Абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша үйқамақта отыр. Қарымов бұл қызметке өрт болардан бір ай бұрын ғана кіріскен. Өрт қаупі бар кезеңге дайындық кезінде резерватты Байжан Мұсақанов басқарған.

Мұсақанов Азаттыққа өзін кінәлі сезінбейтінін, ардагерлер кеңесі таққан айыптауларды мойындамайтынын айтты. Ол жағдайға өзінен бұрынғы басшыларды кінәлады.

– Келіп, бұзақыларды қуып шықтым. Тәртіп орнаттым, сол үшін жақпай қалдым, – дейді ол.

Байжан Мұсақанов бірінші дипломын сатып алғанын жоққа шығарды. "Қарсыластарым диплом сатып алғанымды дәлелдесін" дейді ол.

Азаттық Мұрат Қарымовқа да хабарласты, ол әзірше сөйлесе алмайтынын айтты.

"Семей орманы" резерватындағы өртті өшіріп жүрген адамдар. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

Маусымның басында "Семей орманының" бұрынғы басшысы Әшім Белбеев пен оның орынбасарлары "тендер ойнатып, ағаш кесуге рұқсат беру кезінде жүйелі түрде пара алып келген" деген айыппен 10 жылға бостандығынан айырылған. Ақпарат құралдары Әшім Белбеевтің 2021 жылғы 25 қаңтарда резерваттың бас директоры болып тағайындалғанын, ал наурызда ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын жазды. Тергеу дерегінше, резерват басшылары ағаш кесуге рұқсат бергені үшін 700 мың мен 13 миллион теңге аралығында пара алған.

Филиал басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2021 жылы мамырда Семей филиалының басшысына пара алды деген айып тағылды. Бірақ ол кінәсін мойындап, қылығына өкінетінін мәлімдегеннен кейін іс тоқтады. Филиал басшысына заңсыз ағаш кесу бабы бойынша айып тағылды, бірақ ол жауапқа тартылған жоқ. Бородулиха филиалының басшысы қызмет көлігін мас күйінде айдап жүргенде ұсталды. Бірнеше директор еңбек өтілі болмаса да жұмысқа алынған.

Әшім Белбеевтің ісінде кей тұлғалардың орман шаруашылығы комитетінің төрағасынан директордың орнын сұрағаны, бірақ олардың өтініші орындалмағаны айтылады.

Іс материалдарында орман шаруашылығы комитетіндегі өкілетті тұлғаларға да пара берілгені жазылған. Бірақ істе көрсетілген фактілердің барлығында пара ақша берушіге қатысы жоқ түрлі себепке байланысты алушы адамға жетпей қалған деп айтылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Айнала – тозақ, тегіс өрт". Абай облысындағы ахуал туралы репортаж

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР

Өрт шыққан күні Батпаев орман шаруашылығында бейнебақылау камерасы өшірілген. Бұл туралы Азаттыққа 2013-2018 жылдары "Семей Орманын" басқарған Мұрат Дуәлетов айтты.

– Өрт басталған Батпаев басқармасына таңертең қызмет көрсетуші компанияның жұмысшылары барып, бейнебақылау камераларын "жөндейміз" деп шешіп әкеткен. Олар жөнделгенше орнына басқа камера қойып кетуі керек еді. Білуімше, өрт таңертеңгі 11.00-де басталған, қатты жел тұрған. 14.00 шамасында камераларды қайта орнатқан. Не үшін? Қалай? Тергеу осы сұрақтарға жауап табуы керек, – дейді Дәулетов.

"Семей орманы" ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахтияр Қайдаровтың сөзінше, билік резерваттың жағдайын бұрыннан біледі.

– Бесқарағай ауданында 6 орман шаруашылығы бар. Аудандық полиция бөлімшесіне түскен істер жабылып қала берген. Барлық жерде "іс прокурордың келісімімен жабылды" дегенді естідім. Прокурор қылмыстық істі жабуға келіскен. Таңғаламын. Бесқарағай аудандық полиция бөлімшесі, ол жерде экологиялық полиция да бар, бұл мәселеге әу бастан салмақты қараса, мұндай жағдай болмас еді. Ағаш ұрлап сатып жүрген орман шаруашылығының директорлары полициямен сөз байласқан. Қолға түсіп қалса, істі жауып тастайды. Департамент басшысына кірдім. Ол арызымды тергеуге жауапты орынбасарына берді. Қылмыстық іс жабылды деген жауап алдым. Жабайы аңдарды ату сияқты салмақты баптар еді. Патруль көлігі аудандық полиция бөлімшесінің қолында болды. Бәрін жым-жырт қып, қымтап-жауып қойған.

"Семей орманы" аумағы. Өртенген алқап алыстан көзге шалынады. 1 шілде, 2023 жыл.

Бұған қоса техникамен қамтамасыз ету және қаржы жұмсау мәселесі де сын көтермейді.

Жыл сайын "Семей орманына" бюджеттен 4-6 миллиард теңге бөлінеді. 2023 жылы мекеме техника бөлшектеріне 212 миллион теңге сұрап, 6 миллион теңге алған.

"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мемлекеттік реестр деректері резерват техникасы салыстырмалы түрде жаңа екенін, 391 құралға 14 жыл да толмағанын көрсеткенін айтты.

"Семей орманы" өкілдерінің сөзінше, техниканы соңғы рет 14 жыл бұрын Дүниежүзілік банк есебінен алған. Сол кезде трактор, өрт сөндіретін көлік пен патруль көліктері сатып алынған.

– 2011, 2014 және 2021 жылдары сатып алынған деп көрсетілген. Қағаз жүзінде ғана болғаны ма? – дейді Смағұлов.

Оның айтуынша, 2023 жылы мекеме кесе, флешка, брелок, телефон қоятын заттардың сыртына логотип жапсыруға 7,5 миллион теңге, ал рацияға батарея алуға – 484 мың теңге жұмсаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кісі танымастай күйіп кеткен". Өрт сөндіруге жіберілген инженер мен жоғалған тракторшы

"САПСАН" ТОБЫ НЕНІ АНЫҚТАДЫ?

Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігінің жанынан құрылған "Сапсан" жедел тобы "Семей орманы" резерватының жұмысын өрт болмай тұрып тексерген. Жергілікті халық осы топқа қатысты көп шу болғанын айтады. Біріншіден, экология министрі Зульфия Сүлейменоваға мекеме қызметкерлерін, оның ішінде жұмыссыз қалудан қорқып, отқа кірген орманшыларды "жазалайтын" топ құрды деп кінәлаған.

Байжан Мұсақанов "Сапсан" тобы "Семей орманын" өз қолына алғысы келді деп есептейді.

– Бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінеді ғой, 246 миллион теңгені арнайы шоттан аламыз, – деді Мұсақанов мекемедегі ірі ақша айналымын меңзеп. Ол орман шаруашылығындағы қызметін "бірқалыпты" бағалайды.

– Мәселені комитет шешпейді, жоғарыда бұйрық беретін адамдар бар ғой. Президент аппараты… Ары қарайғысын білмеймін, – деді ол.

"Семей орманы" резерватындағы өрт. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

Бұдан бөлек, "Сапсан" тобын мақтап, оның құрамына ешкім танымайтын адамдар кіргенін, бұл бастықтардың келісімге келу ықтималдығын азайтатынын айтқандар да бар.

– Қанша хат жазсам да, мүлде жауап жоқ. Еш нәтиже болмаған соң, бас прокуратура мен президентке жаздым. Осыдан кейін экология және табиғи ресурстар министрлігі 12 адамнан тұратын комиссия жіберді. Оларды ешкім танымайды, тыныш қана жұмыс істеді. Бірақ Семейде қонақ үйдің жанында тұрған тексерушілердің автокөлігін біреулер өртеп жіберді, бұған жауаптылар сол күйі табылған жоқ. Комиссия 52 беттен тұратын акт жазған, ол экология министрлігінде жатыр. Әр тұлға қандай заңбұзушылыққа барғанын тізіп шыққан, – дейді Бахтияр Қайдаров.

Азаттық министрлікке "Семейдегі қонақ үйдің жанында жедел топтың көлігі өртенгені рас па?" деген хат жолдаған, бірақ жауап ала алмады.

Экология министрлігі жедел тобының актісінде орман шаруашылығы комитеті министрліктің атын жамылып, мемлекеттік қызметке нұқсан келтіріп жатыр деп жазылған.

Комиссия мүшелері орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басшысы Нұрлан Қылышбаев пен орынбасары Ерлан Құтпанбаевты Абай облыстық прокуратурасы мен "Семей орманы" өңірлік мемлекеттік басқармасы басшылығының Байжан Мұсақанов туралы жазған хатына уақытылы реакция білдірмегені үшін жауапқа тартуды ұсынған.

Қылышбаев пен Құтпанбаевты қызметке бұрынғы экология министрі Серікқали Брекешев тағайындаған. Оның қазіргі министр Зүлфия Сүлейменоваға жұлдызы қарсы сияқты. Брекешев "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына экологиялық рұқсат қағаз бермегені үшін Сүлейменованы қызметінен босатуды бірнеше рет сұраған. Ол "ҚазМұнайГаз" басқармасының мүшесі атанған Сүлейменова бір кездері әкесін мүлік ұрлады деп жауапқа тартқан компанияға рұқсат қағазын әдейі бермей отыр деп мәлімдеді. Сүлейменова болса өзі шығарған шешімге жеке көзқарасы әсер етпегенін айтты.

"Семей орманы", орман шаруашылығы комитеті мен экология министрлігі билігін бөліске сала алмай жатқанда, Семей орманында өрт жиілеп барады. 1 шілдеде кезекті өрт болды. Орманшылар өртті өз күшімен сөндірді. Көкпекті ауданы Үлгілі малшы ауылынан 50 шақырым жерде қамыс өртенді. Өрт 200 гектар аумаққа тарап үлгерген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Күйген дала, өртенген ауыл, бас сауғалаған жұрт. Қостанай облысындағы өрт. Қазірге дейін не белгілі?"Жоғары деңгейдегі салғырттық". Қазақстанның оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстарды қалай тоқтатуға болады?Жайылымы жанып кеткен ұлытаулықтар шөпті қайдан аларын білмей дал