Иранда 29 қазан бейресми түрде «ұлы Куруш (Кир) патша күні» ретінде аталады. Бұрын осы күні ирандықтар Кирдің Парс уәлаятындағы Пасаргадтағы кесенесіне жиналатын еді. Бірақ соңғы жылдары оған шектеу қойыла бастады. Осы күні қауіпсіздік күштері кесене маңына жиналғандарды қамап жататын. Азаттықтың Парсы қызметі - Фарда радиосының хабарлауынша, биыл да қауіпсіздік күштері Пасаргад маңындағы жолдарды жауып, қоршап, сол маңай тұрғындарын тек рұқсат қағазбен жүруге міндеттеді. Ал полиция мекемелері кейбір белсенділер мен зиялы қауым өкілдеріне Пасаргадқа жиналу «заңмен қудаланатынын» ескертті.
ПАСАРГАДТЫҢ ҚОРШАЛУЫ. ПОМПЕОНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарағанда, 29 қазан күні Пасаргад маңайында тұратын адамдардың өзі арнайы рұқсатпен ғана жүріп-тұруға мәжбүр болған. Биыл билік ескерту жасауда бұрынғыға қарағанда бірнеше күн бұрын қимылдапты. 27 қазан күні қауіпсіздік полициясы белсенділер мен кейбір зиялы қауым өкілдерін арнайы шақырып, шараға қатыспауға міндеттеп, қолхат жаздыртып алған. Олардың арасында бұрынғы саяси тұтқын, қазіргі саяси тұтқынның туыстары және журналистер бар. Мәселен, Бәхман Ахмад Әмоуи, Мұхаммед Хусейн Ағаси және саяси тұтқын Атена Даэмидің туысы жексенбі күні полицияға шақыртылған.
Бәхман Ахмад Әмоуи полиция бөлімінде бір кездері Кир жайлы айтқандарына түсінік беру сұралғанын жазды. Ал Мұхаммед Хусейн Ағаси Тегеран қауіпсіздік полициясына барғанда, басқа да шақыртылған адамдарды көргенін және Пасаргадқа бармау туралы қолхат жазу тапсырылғанын желіге жариялаған. Ағаси өзінің Пасаргадқа бұрын бармағанын айтады.
Өздерін полицияғы шақыртқанын хабарлағандар әлеуметтік желіде шақырту қағазын да суретке түсіріп жариялап жатты. Онда Пасаргад тарихи кешенінде 29 қазанда әрқандай бір заңсыз жиын өткізуге тыйым салынғаны, оған қатысу заңмен қудаланатыны айтылған.
Осы күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Тwitter-дегі парақшасында «ұлы Кир патшаның күнімен» Иран халқын құттықтады. Ол «Б.д.д 539 жылы ұлы Кир Бабылға кіріп, еврей халқын құлдықтан азат етті. Оның адам құқығы мен наным-сенім бостандығына деген құрметі Американың негізін қалаушыларды да рухтандырды. АҚШ өз мұрасын тойлаудан режим шеттетіп тастаған Иран халқын қолдайды» деп жазды.
Биылғы «ұлы Кир патшаның күні» Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пәхлавидің 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. 26 қазанда шетелде тұратын ирандықтар жиналып, осы атаулы күнді атап өткен. 1979 жылы Иранда ислам революциясы болғанда, шахты жақтаушылар елден кетуге мәжбүр болған.
ПРЕЗИДЕНТ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ БҰРҒАН ҰСЫНЫС
2016 жылы 29 қазанда Пасаргадқа жиналған адамдар қазіргі билікке қарсы ұрандағаннан бері билік осы күні адамдардың Кир кесенесі маңына жиналуына шектеу қойған. Сол кезде кесене басына барған адамдар қолдарына «Иран – біздің отанымыз, Кир – біздің әкеміз», «Клерикалды билік – тирандық билік пен соғыстың синонимі», «Сөз бостандығы сақалдың ұзындығымен есептелмеуі керек» деген ұран ұстап шыққан. Осы оқиғадан кейін билік Кир патшаға қатысты шараларды бақылауда ұстауға тырысып келеді.
ВИДЕО: Кир кесенесі маңындағы шеру. 29 қазан 2016 жыл.
Ал 2017 жылы Кир патша туралы парламент мінберінен де айтылып, осы күнді ресми атап өту бастамасы көтерілген. Сонда мәжілісте Парс провинциясының орталығы Шираздан сайланған депутат Бахром Парсаи президент Хасан Роуханиге бағыттап депутаттық сауал жолдаған. Алайда президент депутат сауалын Қауіпсіздік кеңесіне бұрған. Роуханидың бұл әрекеті артынша депутат Парсаидың ашу-ызасын тудырған. Шираздық депутат сонда мәжіліс мінберінен президентті қатты сынаған. Парсаи Роуханидың елден сыртқа шыққанда, мәселен БҰҰ-ға барғанда және Еуропаға сапарлағанда Кирды еврейлерді құтқарушы ретінде көрсететінін айтып, президенттің ел сыртындағы және ел ішіндегі әрекеті қабыспай жатқанын бетіне басқан. Депутаттың айтуынша, президент Иран өркениеті мен тарихындағы оқиғалардың ішінде қазіргі билікке жағатын тұсын ғана айтып, жақпайтын тұсын елеусіз қалдырады.
Президент Роухани депутат мәлімдемесінің алдында Австрияға сапарлаған. Сонда ол баспасөз мәслихатында «Еврей халқы бізге берешек. Біз, ирандықтар, Бабылда еврейлерді құтқарған болатынбыз» деген.
Соңғы кездері Иранда қазіргі билік жақтырмайтын шах билігін негізін қалаған Кир тұлғасы саясаткерлер арасында дау тудыра бастаған. Президент кезінде Махмұд Ахмадинежад та жергілікті арналарға берген сұхбаттарында Кир патша туралы, оның қол астындағыларға берген еркіндігі туралы айтып жүретін. Алайда оның Кир жайлы пікірлерін кейде телеарналар қиып тастайтын.
ТӘЖІКСТАНДАҒЫ « КИРДІҢ МҰРАГЕРЛЕРІ»
Иранда ежелгі патшалық негізін қалаған Кирдің кесенесін полиция қоршап, оны ұлықтауға тыйым салынып жатқанда Тәжікстанда керісінше оқиғалар болып жатты. Душанбеде 22 қазанда «Ежелгі мәдениетті зерттеу: кеше және бүгін» деген тақырыппен халықаралық конференция өткен. Жиын соңынан оған жиналғандар Тәжікстан күнтізбесіне 29 қазан - «ұлы Кир патшаның күні» деген датаны енгізіп, оны жыл сайын атап өтуді ұсынды. Жиындағы ұсыныстың бірі Кир атындағы зерттеу орталығын ашу туралы болды.
Мұның алдында Душанбедегі көлемі бес гектарлық саябақтардың біріне Кир патшаның аты берілген.
Бұдан бөлек, биыл Тәжікстандағы жаңадан құрылған әскери гимназия да Кирдің құрметіне атала бастады. Жаңа оқу жылында жұмысын бастаған «ұлы Кирдің мұрагерлері» деп аталатын бұл оқу орнында шекара әскерінің «болашақ офицерлері» дайындалатыны айтылады.
Қауіпсіздік комитетіне қарасты жаңа оқу орнына 9 сыныптан кейін жетім немесе жартылай жетім балалардың түсе алатыны хабарланған. Кейін олар оқуын Ресей, Қытай және Әзербайжанда жалғастыра алады.
«ТОМИРИС» КИР ТУРАЛЫ ФИЛЬМГЕ ҚОЗҒАУ САЛА МА?
Қазақстанда таяуда прокатқа шыққан «Томирис» фильмі ирандықтар арасында дау тудырған. Тамыз айында фильмнің трейлері жарияланғанда Иранның әртүрлі сайттарында бірнеше мақала жарық көрген. Онда «қазақтардың ирантекті сақ тайпасы көсемін меншіктеп алғаны» және Томиристің Кирді өлтіргені «өтірік» екені айтылған.
Aftabnews сайты «Қазақтардың Кир туралы бұрмаланған аңызы және Иранның үнсіздігі!» деген мақала жариялады. Осы мақалада Иранда бірнеше жыл бұрын режиссер Масъуд Жафар Жузанидің «Кир патша» фильмін түсіріп бастағанымен оның қазір тоқтап қалғаны айтылады. Себеп - қаржы тапшылығы. Сайттың жазуынша, режиссер Жузани бастаған жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі жетпей қалғанына қынжылыс білдірген.
Mardomsalari сайтында жарық көрген «Қазақтардың ахеменидтік Кир патша туралы өтірігі» деген мақалада автор қазақтардың тарихын сақтармен байланыстыратынына қатты таңғалған. Мақалада «Борат» фильмінен кейін «жеккөрінішті болып қалған» Қазақстанның өз тарихын «жалған да болса» тереңдете көрсетуге тырысып жатқаны айтылған.
«Томирис» фильміндегі Кир патшаның өлімі парсытілдес желі қолданушыларын да бей-жай қалдырмаған. Олардың бірі «Қазақтар Томирис туралы түсіріп жатқанда, ирандықтар имамдар туралы фильм түсіруден босамай жатыр» деп жазса, кейбір қолданушы «Қазақтар да Иран тарихы туралы бүйректен сирақ шығарды» деген.
Иранда Кир патшаның Томиристен жеңілуін «геродоттық аңыз» деп қабылдайды. Бірақ 1971 жылы Ирандағы шах билігінің екі жарым мың жылдық мерекесін тойлағанда ежелгі әскердің киім үлгісін көрсетуде Геродот деректері басшылыққа алынғаны айтылады.
Тарихи деректерге қарағанда, Парсы империясының негізін қалаған Кир патша б.д.д. 539 жылы Бабылды соғыссыз бағындырып, құлдықта болған еврейлер мен басқа халықтарды азат етіп, бастарына бостандық берген. Осы оқиғадан кейін «Кир манифесі» жазылады. Бұл жазба адам құқығы туралы әлемдегі тұңғыш декларация санатында аталады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Томирис" фильмі қоғамды әйел басшыға дайындау ма?