Соңғы күндері Сауд Арабиясы өз ішіндегі оқиғаларға ғана емес, сонымен бірге Ливандағы саяси дағдарысқа да тартылды. 4 қарашада Сауд Арабиясында жүрген Ливан премьер-министрі Саад Харири өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, отставкаға кететіні туралы мәлімдеген. Оның әкесі - Ливан үкіметін басқарған Рафик Харириді 2005 жылы Бейрутта қастандықпен өлтірген. Бірақ Ливан президенті Мишель Аун "Саад Харириді Сауд Арабиясы территориясында күшпен ұстап отыр" деп Эр-Риядты айыптады.
Таяу Шығыс елдері бойынша сарапшы, тарих ғылымы кандидаты Анар Садыхов король мен мұрагер ханзаданың сыртқы және ішкі саясаттағы іс-әрекеттерін баяу жарылатын минаға ұқсатады.
– Сауд Арабиясындағы соңғы оқиғалар туралы мақалаңызда ол елдегі монархия үш тірегі – Әл-Сауд әулетінің ауызбіршілігіне, теократиялық ислам мемлекетінің консервативті сипатына және жергілікті іскер қауымның бейіліне сүйеніп келгені және қазіргі король мен мұрагер ханзада осы үш тірекке бір мезетте соққы беріп жатыр деп жаздыңыз. Екеуін бұған не мәжбүрлеп отыр деп ойлайсыз?
– Осы уақытқа дейін Сауд Арабиясында билік ауысуының горизонтальді механизмі, яғни билікті ағадан ініге беретін ереже болған. Ал король Абдалланың қазасынан кейін билікке келгеніне екі жыл болған қазіргі король Салман осы ережені бұзды. Бұған наразы адам көп. Әрине, мұрагер ханзада Мохаммед бин Салман мұны жақсы түсінеді, сондықтан алдын ала әрекет ете бастады. Коррупцияға қатысты айыптармен адамдарды жаппай ұстап жатқан күні тікұшақ апатқа ұшырады. Ханзада Мансур бин Мукрин мен жоғары лауазымды жеті шенеунік мерт болды. Ол тақ мұрагерінің іс-әркеттеріне барынша қарсы тұруға шақырған хаттар жолдап, ханзада Мохаммед бин Салманға қарсы белсенді кампания жүргізген. Қазір "радикал шешім қабылданған, сондықтан оның көзін жойды" деген сыбыстар тарап жатыр.
Саяси элита ғана емес, экономикалық блокқа да алдын ала соққы жасалып, ақшасы көп талай адам ұсталды. Wall Street Journal басылымының есебінше, 800 миллиард доллардың есеп-шоты мен активтері бұғатталған. Әрине, ол активтердің көп бөлігі шетелде, бірақ мемлекет иелігіне алу үшін оларды елге қайтару механизмі бар. Бұған қоса, үшінші жайт - медиаресурстар. Медиамагнат әрі NBC медиахолдингінің иесі Әл Уәлид әл-Ибрагим қамалды. Мысалы, "Әл-Арабия" телеарнасы NBC холдингіне кіреді. Мохаммед бин Салман саяси, экономикалық билікті уысында барынша шоғырландырып, медиаресурстарды бақылауында ұстағысы келеді.
– Мохаммед бин Салман билік ауысуының бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі жолын неліктен дәл қазір бұзып, билікті әкеден балаға қалдыру механизмін орнатуды ұйғарды?
– Мохаммед бин Салман – амбициялары көп, әлі албырттығы басылмаған жас жігіт. Оның сыртқы (Катар немесе Ливияны мысалға келтірсек те жетеді) және ішкі саясаттағы іс-әрекеттері кейде қатерлерді дұрыс бағалай алмайтынын көрсетеді. Бұл оның әлі тәжірибесі аз, албырт екенін көрсетеді. Неліктен дәл қазір дейсіз бе? Өйткені уақыт қысып барады. Король Салманның денсаулығы нашар. Сондықтан осы жылдың аяғы, я келер жылдың басында ол бүкіл билікті баласына беруі мүмкін деген сыбыс бар. Сондықтан екеуі дәл қазір қарқынмен қимылдауды ұйғарды. Тамызда және қыркүйектің басында ішкі саясаттағы өзгерістерге наразы біршама танымал діни және қоғам қайраткерлері ұсталған болатын. Олар қоғамды сәл либералдандыру, байсалды ислам мемлекетін құру идеясын онша жақтырмаған. 2022 жылға қарай Қызыл теңіз жағалауы бойындағы аралдарда еркіндірек жүріс-тұрысқа рұқсат ететін курорттар желісін салу жобасы бар. Оның жанында мұсылмандар қастерлейтін орындар орналасқанын ескерсек, бұл жоба консерваторлардың көбіне ұнамайды. Сондықтан ұстап, қамау сол кезде басталып кеткен, ал қазір әлдеқайда үлкен ауқымда жалғасып жатыр.
– Ал ханзада бин Салманның артқа шегінуіне жол бар ма? Өйткені, коррупцияға қарсы кампания аясында тұтқындалған монарх әулетінің мүшелері сотқа тартылуы тиіс қой. Сауд Арабиясының заңдары өте қатал емес пе?Тақ мұрагеріне бәсекелестерін тұқыртып алып, қажет ықпалға қол жеткізудің сәті түссе, ол өзіне қарсы шыққандарды кешіре ме? Әлде олар, көпшілік БАҚ жазып жатқандай, қазір қамауда отырған бес жұлдызды түрме-қонақүйден үйлеріне емес, түрмеге кете ме?
– Меніңше, оларға жеңіл-желпі жаза қолданады. Мысалы, мұрагер ханзада Мохаммед бин Наиб үй қамағында отыр. Оған Сауд Арабиясы территориясынан кетуге тыйым салынған, есеп-шоттары бұғатталды. "Кешіру" схемасы қарапайым болуы мүмкін, яғни активтері мен ақшасын елге қайтарып, бостандыққа шығуы мүмкін. Сауд Арабиясында өлім жазасы бар, бірақ Мохаммед бин Салман ондай төтенше жазаға бара қоймайтын сияқты. Бұған қоса, мына жағдайдың немен аяқталары әлі белгісіз.
Ұлттық гвардия басшысы ұсталды. Ал ұлттық гвардия Сауд Арабиясында өте ықпалды институт саналады. 100 мың сарбазы бар ол, шын мәнінде, монархияның әскери қорғаны. Салыстырмалы түрде айтсақ, Сауд Арабиясы қарулы күштерінің саны – шамамен 220 мың адам. Ұлттық гвардияның мемлекеттік төңкеріс жасауға қауқары жетеді. Мұны да есептен шығаруға болмайды. Ресми дерекке қарағанда, 200-дей адам ұсталған, ал бейресми дерекке сәйкес, ұсталғандар саны 500-ден кем емес, бұған Сауд Арабиясы территориясынан кетуге тыйым салынған біраз адамды қосыңыз. Сондықтан наразы жандар өте көп. Мұрагер ханзада қатты қателесті. Оның ісін ұнатпаған адамдар болғанымен, олар жауығып, қарсы шықпаған еді. Бірақ ол енді соларды жауына айналдырып алды. Бұл оған тым қымбатқа түсуі мүмкін.
– Сіздің айтып отырғандарыңызға қарағанда, Мохаммед бин Салман нар тәуекелге барып отырған сияқты. Егер тақ мұрагері жеңіліп, билікті уысынан шығарып алса, Сауд Арабиясында ислам радикализмі күшеюі мүмкін деп болжауға бола ма?
Саудиттер Таяу Шығыстың кез-келген аймағында Иранмен қатты тіреседі.
– Негізі, қазір Сауд Арабиясы өте консервативті мемлекет. Қабылданып қойған шешімдердің күші жойылуы мүмкін. Мысалы, әйелдерге көлік жүргізуге берілген рұқсат. Бұл бір жағынан революция ғой. Мұрагер ханзада елдің солтүстік-батысында NEOM деген атаумен "болашақ шаһарын" салуды жоспарлайды, оған 550 миллиард доллар салмақшы, инвестицияның көбін шетелден тартпақ. Бірақ, өз азаматтарының активтерін тартып алып жатқан елге қандай шетелдік инвесторлар ақша салады? Блумберг агенттігінің дерегінше, ірі бизнесмендер мына жағдайға қатты алаңдап, керісінше, активтерін Сауд Арабиясы территориясынан алып кетпек. Мохаммед бин Салманның ойынша, ол салғысы келетін әрі либералды нормалар енгізілетін футуристік технологиялық қала – NEOM елдің болашағы, прототипі болуы тиіс. Егер ханзаданың қазіргі іс-әрекеттері сәтсіз аяқталса, оның бастамалары жабылып, Сауд Арабиясы бұрынғы саясатына қайта оралады.
– Сауд Арабиясы мен Ливан арасы қазір не себепті шиеленісіп отыр?
– Бұл сұраққа сәл кеңірек жауап берейін. Саудиттер Таяу Шығыстың кез-келген аймағында Иранмен қатты тіреседі. Сириядағы жағдай Сауд Арабиясына тиімсіз сценариймен өрбіп келеді, өйткені ол қолдаған топтар жеңіліп немесе қазір Дамаскідегі режиммен келісім жасасып жатыр. Йеменде Иран барынша қолдайтын хуситтер ел астанасы – Сананы бақылауында ұстап тұр. Хуситтер дүркін-дүркін Сауд Арабиясы территориясына кіріп, оны атқылап жатыр. Жуырда ғана атқан зымыраны 750 километр қашыққа ұшып барып Эр-Рияд әуежайы тұсында құлады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштеріне оны атып түсірудің сәті түсті, бірақ бұл - өте үлкен қатер. Катармен де арасы жақсы емес, Сауд Арабиясы оны Иранмен тым жақындасып кетті деп санайды. Ал нәтижесінде Катар Иранмен одан сайын жақындасып алды.
Кезінде Иракты жайына қалдырған Сауд Арабиясы кейінгі кезде ол жақта тым белсенді әрекетке көшкен. Олар Ирактың діни қайраткерлерін Эр-Риядтың өзіне шақыра бастады, өздері де барып, кездесіп жүр. Саудиттер Иракты Ираннан алшақтатқысы келеді, өйткені Иранның Иракқа ықпалы күшті. Енді міне, жаңа алаң – Ливан пайда болды.
Ливан – саудиттердің Иранмен егесінің кезекті алаңы.
Иран мен Тегеран қолдайтын "Хезболла" тобының ол жақтағы ықпалы күшті екені құпия емес. Ливан конституциясына сәйкес, мемлекеттегі негізгі қызметтер былай бөлінеді: президент – христианин-маронит, премьер-министр – сүннит, парламент басшысы – шиит. Президент Мишель Аун – "Хезболланың" жақтасы. Ол Иранмен де жақсы қарым-қатынаста. Ал Сауд Арабиясы Ливан премьер-министрі сүннит Саад Харири бұған бірдеңе етіп тойтарыс бере алады деп үміттенген. Саудиттер бұл бағытта ол онша қарқынды әрекет етпеді деп санайды. Олар Ливандағы саяси жағдайды ушықтыруды, Израильді Ливанға соғыс ашуға айдап салуға тырысып көруді ұйғарды, ал Израиль өте үлкен себеп болмаса, ондай қадамға бармайды. Сондықтан Ливан – саудиттердің Иранмен егесінің кезекті алаңы. Мен тізбелеп өткен алаңдардың бәрінде Сауд Арабиясы ұтылып қалған. Меніңше, бұл жағдай Ливанда да қайталанады, - деген болжам жасайды сарапшы Анар Садыхов.
(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Андрей Шароградскийдің сұхбаты орыс тілінен аударылды)