Жоғарғы сот 45 жастағы Жанмұрат Аштаевты толық ақтау және қамаудан дереу босату туралы шешімін 14 наурыз күні түсте жариялаған.
– Бірақ оны Шымкент түрмесінен әлі шығарған жоқ, – деді бейсенбі, 16 наурыз күні түстен кейін Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен белсендінің әйелі Мөлдір Нұранова.
Былтыр 7 қаңтарда полиция үйінен күштеп әкеткен Аштаев содан бері қамауда отыр. Жоғарғы сот шешімі шыққаннан кейін туыстары мен серіктері кейінгі екі күн қатарынан Шымкенттегі түрменің алдына жиналып, бірнеше сағат сарыла күтті, алайда мекеме әкімшілігі белсендіні қамаудан босатпай отыр.
Your browser doesn’t support HTML5
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН СОТТАЛҒАН
Жоғарғы сот биыл 16 қаңтарда Жанмұрат Аштаев пен қорғаушыларының кассациялық шағымы бойынша істі қайта қарауға қабылдаған.
Былтыр 15 шілдеде Шымкенттің әл Фараби аудандық соты жергілікті үш белсендіні Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3-бөлігі ("жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру") бойынша айыпты деп таныған. Сот Жанмұрат Аштаевқа 3 жыл 1 ай, Қайрат Сұлтанбекке 3,5 жыл, ал Ләззат Досмамбетоваға 3 жыл 7 ай түрме жазасын кескен.
Сот үкім шығарғанда сүйенген тергеушілердің айыптау қорытындысына үш белсендінің 2022 жылы қаңтардағы тергеу амалдары кезінде жасырын тыңдалған телефон әңгімесі негіз болған. Билік үшеуін Шымкентте "4-6 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздікке, дүние-мүлікті бүлдіріп-қиратуға қатысқан, басқа адамдарды тәртіпсіздікке қатысуға шақырған" деп айыптаған.
Тағылған айыпты мойындамаған үш белсенді "бейбіт наразылық білдіргенін, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын" айтып, үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеді. Сот айыпталушы Досмамбетова кәмелетке толмаған екі баласы бар жалғызілікті ана екенін ескеріп, белсендінің жазаны өтеу уақытын екі жыл кейінге қалдырған еді. Аштаев пен Сұлтанбек жаза өтеу мекемесіне жіберілді.
2022 жылғы 8 қыркүйекте Шымкент қалалық соты Аштаевтың апелляция шағымын қанағаттандырмады. Билік қараша айында Аштаев пен Досмамбетованың өздеріне амнистия заңын қолдануды сұраған өтінішін екеуі бұрын "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабымен сотталған деген уәжбен қанағаттандырудан бас тартты. Қарашада амнистиямен түрмеден босатылған Қайрат Сұлтанбек отбасымен бірге елден кетіп қалды.
Аштаев пен Досмамбетова түрмеден хат жолдап, Еуропа одағының депутаттары мен БҰҰ-дан араша сұрады.
Қазақстан құқық қорғаушылары Жанмұрат Аштаевты "саяси тұтқын" деп таныған.
"ТОЛЫҚ АҚТАЛЫП, ҚАМАУДАН ДЕРЕУ БОСАТЫЛСЫН"
Жанмұрат Аштаевтың әйелі, бес баланың анасы Мөлдір Нұранова кассациялық соттың отырысына 14 наурызда таңертеңнен дайындалған еді. Бесікке құндақтаулы бес айлық нәрестені тамақтандырып, оны мектеп жасындағы балаларына тапсырды.
– Жанмұрат қамауға алынған кезде осы балама жүкті едім. Дүниеге келген қызын 20 күннен кейін көрді ғой. Айына екі рет балалармен видеобайланыс арқылы сөйлесіп тұрады. Екі айда бір рет екі күндік кездесуге түрмеге кіріп тұрамыз, – деді Астанадағы кассациялық соттың отырысына онлайн қатысқан әйел. Шымкенттегі түрмеде "техникалық мүмкіндік болмауына" байланысты Аштаевтың өзі сотқа қатыса алмады.
Мөлдір былтыр күйеуі қамалғаннан бастап оған дәлелсіз, нақақтан айып тағылғанын айтып, жұбайын босатуды талап етіп, наразылық акцияларына да шығып жүрді.
– Жанмұратты айыптауға дәлел жоқ. Сотқа дейінгі тергеу кезінде азапталды, қысым көрді. Бірақ айыпты мойындаған жоқ. Соңғы рет әлдебіреулер түрмеге келіп, "Айыпты мойындап, [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевтан кешірім сұрасаң, рақымшылыққа ілінесің" депті. Сонда да мойындамады. Жоғарғы сот ақтамаса не істеймін? Осылай түрмеде жата бере ме? – деді қапалы үнмен.
Сейсенбіде Жоғарғы сотта кассациялық шағым бойынша отырыс басталғаннан кейін Мөлдірдің екі көзі телефонда болды.
Судья әуелі сөзді қорғаушыларға, Аштаевпен бірге істі болған белсенді Ләззат Досмамбетоваға, одан кейін прокурорға берді. Қорғаушылар Аштаевты ақтауды, ал прокурор әл-Фараби аудандық соты мен Шымкент қалалық сотының қаулысын күшінде қалдыруды сұрады.
– Қиратуға, өртеуге қатыспадым. Саяси көзқарасыма байланысты қудалауға түстім. Заңсыз сотталдым. Тағы айтамын, ұялы телефонмен 6 қаңтарда сөйлестік. Оқиға 4 қаңтарда болды. Айыптауға дәлел жоқ, ақтауды, жазадан босатуды сұраймын, – деді Жоғарғы сот отырысында Ләззат Досмамбетова.
Кеңесу бөлмесіне кеткен судья шамамен 20 минуттан кейін оралып, шешімін оқыды.
– Жанмұрат Аштаевқа қатысты Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының және Шымкент қалалық соты қаулысының күші жойылсын. Аштаевтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық әрекеттер болмауына байланысты іс тоқтатылсын. Аштаев қамаудан дереу босатылсын. Қылмыстық-процестік істі жүргізген органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өндіруге құқығы бар деп танылсын, – деді Жоғары сот судьясы Әбдірашид Жүкенов. Ол былтыр жазда Әштаевпен бірге сотталған шымкенттік белсенді Ләззат Досмамбетоваға амнистия туралы заң қолданылып, жазасы өтелген деп есептелетінін жариялады.
Жоғарғы соттың ұйғарымын естіген кезде алғашында сенер-сенбесін білмей тұрып қалған Мөлдір Нұранова "А-а-а!" деп айқай салып, жылап жіберді. Оның дауысын естіген балалары көрші бөлмеден жүгіріп шықты. "Әкелерің шығады!" деді Мөлдір дауысы дірілдеп. Бұл сөзді естіген сәтте балалар анасымен қосыла жылады. Астанадағы Жоғарғы сот отырысына қатысқан Аштаевтың туыстары да қуанғаннан бірін-бірі құшақтап, көзіне жас алды.
– Жанмұрат ақталды! Дәлелі жоқ айып тағылғанын, кінәсіз екенін дәлелдей алмау қиын екен. Туған бауырларына, туысқандарына өте қиын болды. Сөзім жоқ, толқып тұрмын, – деді Мөлдір Нұранова көз жасын тия алмай.
Жоғарғы сот шешімі шыққаннан кейін Жанмұрат Аштаев жазасын өтеп жатқан түрмеге барған Азаттық тілшісі адвокат Әбдіраман Аққұловты жолықтырды. Ол былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу органы үш белсендіге "наразыларға ақша таратты, мемлекеттік мекемелерді басып алмақ болды" деген айып тағуға тырысқанын айтып берді. Үшеуінің телефоннан тыңдалған пікірі айыптауға негіз бола алмайды деп есептейді заңгер.
– Пікір алмасу – қылмыс емес. Айып тағуға дәлел жоқ. Заң бойынша, ондай айып тағу үшін күш қолдану, бүлдіру, өртеу деген сияқты іс-әрекет болуы керек. Ондай әрекет болмаған, – деді Аққұлов.
ҚАНДЫ ҚАҢТАР, БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ
Шымкентте Қаңтар оқиғасы 2022 жылғы 4 қаңтарда кешке бейбіт шерумен басталған. Мыңдаған адам қатысқан наразылықтың аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми дерек бойынша, 20 адам мерт болып, 200-ден астам адам жараланды (73-іне оқ тиген). Мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот олардың барлығына дерлік бостандығын шектеу жазасын беріп, басым бөлігін қамаудан босатты. Тек үш белсенді – Жанмұрат Аштаев, Ләззат Досмамбетова мен Қайрат Сұлтанбекті бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Аштаев пен Досмамбетова Қаңтар оқиғасына дейін бірнеше рет наразылық шараларына қатысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған: сот оларға айыппұл салып, әкімшілік қамауға алған. 2021 жылы билік екі белсендіні "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (405-бап) деген айыппен қылмыстық жауапқа тартып, сот үкімімен түрлі мерзімге бостандығын шектеген. (Оларды Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" ұйым деп танылған, тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалыстарына қатысы бар деп жазалаған. Еуропарламент өз қарарында бұл екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған – ред.). Қазақстандық құқық қорғаушылар Аштаев пен Досмамбетованы қудалаудың саяси астары барын айтып, қамалған екеуін "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
Былтыр қаңтардың басында Қазақстанның батыс өңірінде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсылық басқа өңірлерге де тарап, наразы халық көшеге шықты. Демонстранттар жылдар бойы шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселелерді көтеріп, саяси талаптар да қойды. Бірнеше қалада наразылық дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік және жекеменшік ғимараттар ойрандалып, бүлінді.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз оқ ату туралы бұйрық бергені елдің ішінде де, халықаралық тараптан да сынға қалды. Ресми есеп бойынша, кемінде 238 адам қаза болды. Мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адам азаптауға тап болғанын айтып шағынды. Бірақ билік азаптау туралы арыз-шағым бойынша қозғалған істердің көбін жауып тастады. Ресми Астана Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың қатысуымен жан-жақты, ашық зерттеуге үндеген қоғам ұсынысын қабылдамады.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасын тергеп-тексеруді билік біржақты жүргізді, қаза болғандар мен азаптаудан зардап шеккендердің ісі әділ тергелген жоқ дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қаңтар-2022: саяси тұтқындар саны 11 есе артқанҚаңтар қырғынында Шымкентте оққа ұшқан тағы жеті адам анықталды. Оқ атқандар ісін тергеу тоқтаған"Қан төгілген алаңға шырша тікпесін". Қаңтар құрбандарының туыстары Тоқаевқа хат жаздыҚаңтардағы шеруде "Жаңаөзенді қолдайық! Шал, кет!" деп ұрандаған белсенді Молдабай Сәдібековті сот үш жылға түрмеге қамады"Оқ ішімді тесіп кірді". Қаңтар оқиғасында жараланған жігіт көмекке зәру