Accessibility links

"Қан төгілген алаңға шырша тікпесін". Қаңтар құрбандарының туыстары Тоқаевқа хат жазды


Қаңтар оқиғасы кезінде көп адам қаза тапқан алаңға жаңа жыл мерекесі қарсаңында тігілген шырша. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде көп адам қаза тапқан алаңға жаңа жыл мерекесі қарсаңында тігілген шырша. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл

Шымкентте Қаңтар оқиғасында қаза тапқан адамдардың туыстары қан төгілген алаңға жаңа жыл мерекесіне арнап шырша тігуге қарсылық білдірді. Аудан әкімі наразылар талабын түсінгендей болды, жиналғандар билікке шыршаны алып тастауға екі күн уақыт берді.

"ӘЙТЕНОВ, ШЫРШАНЫ АЛЫП ТАСТА!"

Шымкент қаласы әкімдігі алдындағы алаңда үлкен шырша тұр. Шыршаға ілінген шамдар әлі қосылмаған. Бірақ алаңда безендіру жұмыстары басталып кеткен.

Мерекелік көңіл-күйге дайындалып жатқан дәл осы жерде он бір ай бұрын мыңдаған адам қатысқан дүрбелең болып, ақыр соңында жиырма адам оққа ұшқан еді. 20 желтоқсанда әкімдік алдын безендіруге келген жұмысшылар алаңсыз жұмыс істеп жүрді. Бір кезде мерекеге дайындық қамымен жүргендерге "шыршаға ойыншық ілгізбейміз" деген бір топ адам жақындады.

Бұл – Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте оққа ұшқан жиырма адамның туыстары. Бірі ұлынан, бірі жарынан айырылған он бес қаралы адам әлі жылы өтпеген жақындарының әруағын сыйлауды, алаңға тігілген шыршаны алып тастауды талап етіп, әкімдік алдына жиналған.

– Кеше ғана балаларымыз шырылдап өлді ғой осы жерде… Олардың қаны кеппеген жерге қалай шырша құрады? – деді наразы әйелдер жұмысшылардың бірін қаумалап.

– Білеміз ғой, апа. Істемейміз десек, жұмыстан шығарып жібереді. Қазір бастығымды шақырамын, талаптарыңызды жеткіземін, – деді жас жігіт.

Жұмысшылар шыршаны тастап, әкімдік ғимаратына қарай кетті. Биліктің әрекетіне өкпелі топ өзімен-өзі қалды. Шыршаның алдына тізіліп, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің аты-жөнін атап, "Әйтенов, шыршаны алып таста!" деп ұрандады. Бірақ әкімдіктен ешкім шықпады.

"Алаңға шырша қойылмасын". Қаңтарда баласы өлген ата-аналар наразылық білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Ата-аналардың айтуынша, әкімдік олардың шыршаға қарсылығын бұрыннан біледі. Бұл туралы ішкі саясат бөліміне де, әкімнің орынбасарына да ескертіпті.

– 7 желтоқсанда әкімдікте ашық есік күні болды. Сол кезде әкім орынбасары Шыңғыс Мұқанға "балаларымыз атылған жерге шырша қойылмасын" дегенбіз. Ол басын изеп, келіскендей болған. Енді келсек, шырша орнатып тастапты, – деді марқұм Орынбай Құрманғазының анасы Гүлзада Якубова.

Сол маңнан өтіп бара жатқан бір әйел шыршаның алдына тұрып, фотоға түспекші болды. Жиналғандарға "суретке түсіріп жіберіңізші" деп телефонын ұсынды, ешкімнің келіспегеніне ренжіп, кетіп қалды. Ол шырша түбінде тұрған адамдардың неге мұнша ызалы екенін түсінген де жоқ.

"ШЫРША ЕМЕС, ЕСКЕРТКІШ ҚОЙСЫН"

Әкімдіктен ешкім шықпаған соң, жиналғандар кеңсеге беттеді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновті шақырды. Бірақ әкім төбе көрсетпеді. Оның орнына Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов келді. Ол қалада шырша қойылатын бірнеше орын барын, солардың бірі – әкімдік алдындағы алаң екенін түсіндірді. "Шырша қойылмаса, басқа халық сұрауы мүмкін" деді. Жиналғандар шулай жөнелді:

– Халық түсінеді. Шырша сұраса, бізді шақырыңыздар. Өзіміз жауап береміз. Жұрт бізді шырша үшін атып тастаса, оны көрерміз. Балаларымыздан жанымыз артық емес қой!

– Қалада басқа орын жоқ па? Кез келген жерге қоя берсін, тек балаларымыздың қаны төгілген жерге тимесін!

– Бір емес, екі емес, 20 бала өлді. Тым болмаса, солардың жылы өткенше күте тұруға болар еді ғой…

Ата-аналар әкімдіктегі бір де бір адамның "қан төгілген жерге шырша қойып, тойлатқанымыз дұрыс болмас" деп ойланбағанына қапалы екенін айтады. "Шырша құрмау туралы бастаманы сіздер айтуларыңыз керек еді ғой" деген сынға әкімдік өкілдерінен ешкім жауап бере алған жоқ.

– Қалай тойлаймыз, айтыңыздаршы! – деді Роза Бегімова. – Әлі күнге алаңда жазықсыз адамдар атылғанын білмейтіндер де бар екен.

Қаңтар оқиғасы кезінде туыстары қаза тапқан алаңға жаңа жылға арнап шырша тігілгеніне наразылық білдіріп келген адамдар. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде туыстары қаза тапқан алаңға жаңа жылға арнап шырша тігілгеніне наразылық білдіріп келген адамдар. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл

Жиналғандардың бірі "ескерткіш тақта орнатса, халық алаңда неге шырша жоғын түсінер еді" деген пікір айтты. Өзгелері:

– Шыршаның орнына 21 баланың (тізімдегі бір жігіт Шымкент тұрғыны болғанымен, Алматы қаласында оқ тиіп мерт болған – ред.) аты-жөнін жазып, ескерткіш қоймай ма? Осы пластмасса шыршаға 41 миллион бөлгенде, айналдырған 21 балаға ескерткіш орнатуға ақша табылмады ма? – деп оны қоштай сөйледі.

Әкімдікте Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев те жүрді. Ол жиналған топқа ескерткіш орнатудың өз тәртібі барын, ол үшін арнайы комиссияға жүгіну керегін айтты. Шенеуніктің заң мен тәртіп туралы сөзі Қаңтар қырғыны кезінде жақынынан айырылған ата-аналардың жарасына тұз сепкендей әсер етті.

– Заңды қолдайды екен, балаларымызды неге аттырды онда? – деді ата-аналардың бірі.

Қаңтарда оққа ұшқан Бағлан Бақтиярұлының анасы Айкен Дулатбаева (оң жақта) әкімдік өкілдеріне "Балаларымызға не үшін оқ атты?" деген сұрақ қойып тұр. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл
Қаңтарда оққа ұшқан Бағлан Бақтиярұлының анасы Айкен Дулатбаева (оң жақта) әкімдік өкілдеріне "Балаларымызға не үшін оқ атты?" деген сұрақ қойып тұр. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл

– Тоқаев 7 қаңтарда ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Ал балаларымызды 5 қаңтарда атып тастады, – деді 22 жастағы ұлынан айырылған Айкен Дулатбаева. – Не үшін атты? Бұған кім жауап береді? Заң аясында болса, атуға бұйрық берген не атқан адамды соттамай ма?

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан жиырма адамға "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған. Ата-аналар билікке балаларының "террорист" емесін дәлелдеу үшін ұзақ күресті. Күзде Шымкент қалалық прокуратурасы марқұмдарды ақтап, қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарды. Алаңда мерт болған адамдардың қазасы бойынша қозғалған істердің бір де бірі сотқа жетпеді. Атылғандар да, атуға бұйрық бергендер де жауапқа тартылған жоқ.

"БІЗДІ МАЗАҚ ҚЫЛҒАНЫҢЫЗ БА?"

Азамат Парманов әкімге хабарласуға кетті. Билік өкілін күтіп тұрған наразы адамдарға көп ұзамай Қаратау ауданы әкімі Рақымберді Мүлкеманов келді.

Қаңтарда жесір қалған Арайлым Салдарова "Қаланың қай жерін безендірсе де, алаңға шырша қоймасын" деп жатқанда, шенеунік "Әкімдіктің алдына қоюға бола ма сонда?" деп езу тартты. Кездесуде отырған аналар әкімнің қылығына ашынып, айқайлап жіберді.

– Келеке етіп, күліп отырсыз ба? Балаңыздан айырылсаңыз, жағдайымызды түсінер едіңіз. "Мына жерге қойсам бола ма?" деп мысқылдайсыз. Бізді мазақ қылғаныңыз ғой ол, – деді Роза Бегімова.

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов (оң жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде көп адам қаза тапқан алаңға жаңа жыл қарсаңында мерекелік шырша тігілгеніне наразы адамдардың талабын тыңдап отыр. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл
Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов (оң жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде көп адам қаза тапқан алаңға жаңа жыл қарсаңында мерекелік шырша тігілгеніне наразы адамдардың талабын тыңдап отыр. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл

Әкім "жай сұрап жатқаным ғой" деп ақталды. Ішкі саясат бөлімінің қызметкері "Сабыр сақтап, біртіндеп сөйлеңіздерші" деп басу айтуға тырысты. Арайлым сөзін әрі қарай жалғады:

– Бір жыл бұрын не болғанын білесіздер. Бейбіт шеруге шыққан, қолында мылтық түгіл, таяғы да жоқ адамдарды атып тастады. Сонда халықтың талабы бар ғой, шырша орнатпай-ақ қояйық дейтін бір адам табылмады ма?

Әкім "Ұсыныстарыңызды қабылдадым, мәселені қарап, хабарын беремін" деді.

Наразы ата-аналар билік өкіліне "Екі күн күтеміз, талабымыз орындалмаса, қайтып келеміз" деп талабын айтып, ескертті.

Кездесуден соң жиналғандар Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан адамдардың туыстары қала әкімі мен ел президентіне хат жазып жатыр. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл
Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан адамдардың туыстары қала әкімі мен ел президентіне хат жазып жатыр. Шымкент, 20 желтоқсан 2022 жыл

Хатта Шымкенттегі алаңға тігілген шыршаны алып тастау, Қаңтар қырғыны кезінде қаза тапқан адамдарға ескерткіш тақта орнату, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл атауын "Қаңтар" деп өзгерту, марқұмдардың туыстарына арнайы мәртебе беріп, әлеуметтік қолдау көрсету сияқты бірнеше талап айтылған.

Әкімдіктен шыққан жұрт алаңда оққа ұшқан жақындарының рухына құран бағыштап, үйіне тарады.

"БИЛІК АДАМ ҚАЗАСЫНА ЖАУАПТЫЛАРДЫ АНЫҚТАП, ЖАЗАЛАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ"

Шымкентте қаңтардағы қантөгісте туыстарынан айырылған адамдар билікке талабын айтып жиналған желтоқсанның 20-ы күні, Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы "Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын тиімді тергей алмағанын" айтып мәлімдеме таратты. Ұйым мәлімдемесінде ресми орындардың Қаңтар оқиғасын тергеуді "біржақты жүргізгенін, наразылыққа шыққан мыңнан аса адамды жауапқа тартқанын, ал құқық қорғау органдарының тек бір қызметкері сотталғанын" атап көрсетті.

HRW адам қазасына жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жазаға тартуға Астананың құлықсыз екенін айтты.

"Қаңтар оқиғасына бір жыл толып қалса да, қаза тапқандардың отбасылары, жараланған жүздеген адам мен азапталғандар әлі әділдік күтіп отыр" деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманн. "Қазақстанның серіктестері бұл елді тез арада Қаңтар оқиғасын тәуелсіз әрі тиімді тергеуге шақыруы тиіс" деген ол.

Қазақстан билігі HRW ұйымының айтқанымен келіспейді. 21 желтоқсанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев "Қаңтар оқиғасы бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде біз ашықтық принципін сақтап отырмыз" деп мәлімдеді.

Ресми дерек бойынша, 4-6 қаңтар аралығында Шымкентте 20 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жараланған. Қаза болғандардың ең үлкені – 1984 жылы туған, ең жасы қайтыс болған кезде әлі 18 жасқа толмаған. Көбі үйленбеген.

Қала прокуратурасының 20 адамның қазасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату жайлы 11 сәуірдегі қаулысында олардың көбі жанды жеріне оқ тиіп, мерт болғаны айтылған. Прокуратура құжатында оқиға кезінде қаза тапқандар мен жараланғандарға құқық қорғау органдарындағы қызмет қаруы – "Макаров" тапаншасы (оқ калибрі 9 мм) мен "Тандем" травматика қаруынан (12 мм) атылған оқ тигені жазылған.

Прокуратура қару қолданған қызметкерлердің іс-әрекетінде "қылмыс құрамы болмаған" деп тапқан.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газ бағасының өсуі түрткі болған наразылық елдің басқа өңірлеріне де тез тарап, оның аяғы дүрбелең мен қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза тапты. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG