Зорлық көріп, бала көтерген жасөспірім қыздардың жан жарасы

Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы алты айында, ресми дерек бойынша, кәмелетке толмаған мыңнан аса екіқабат қыз есепке алынған. 170-тен астамы аборт жасатқан. Дәрігерлер жасы жетпей бала көтеру жасөспірім қыздың өміріне қауіпті екенін ескертеді. Ондай қыздар арасында зорлық көріп, аяғы ауыр болғандар да бар. Бұл оларға физиологиялық, моралдық, психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді, мінез-құлқы түбегейлі өзгереді дейді мамандар.

ЗОРЛЫҚ КӨРІП ЕКІҚАБАТ БОЛҒАНДАР

Гүлдәуреннің (аты-жөні өзгертілді) жасы қазір 14-те. Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бір жыл бұрын өзінен төрт жас үлкен көрші жігіт оған зорлық жасап, жасөспірім қыз екіқабат болып қалған. Алғашында қорқып, зорлық көргені туралы ешкімге тіс жармаған Гүлдәурен аяғы ауыр екенін білгенде күйзеліске түсіпті. Бірнеше ай өткенде әпкесіне айтып, әпкесі анасына жеткізген.

Анасы Гүлдәуренмен бірге қалаға кетіп, дағдарыс орталығын паналапты. Дәрігерлер жасөспірім қыздың бала көтергеніне жеті ай болғанын анықтаған. Іске полиция араласып, қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірім қызды зорлаған жігіт сот үкімімен түрмеге қамалды. Ал Гүлдәуреннің отбасы ауылдан көшіп кетуге мәжбүр болған.

Гүлдәурен сияқты дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген 15 жастағы Сезім өзі дүниеге әкелген баладан бас тартқан. Туған ағасынан зорлық көрген жасөспірім қыз ауруханаға "іші ауырып" түсіпті. Сол жерде жасөспірім қыздың аяғы ауыр екені және толғағы келгені белгілі болған. Сезім босанып, дүниеге нәресте келген. Сезім мен анасы нәрестені балалар үйіне өткізіпті. Өзі дағдарыс орталығында анасымен бірге қалған. Қыздың ағасы жауапқа тартылыпты.

Жақындарының сөзінше, Гүлдәурен мен Сезім көпшілік ортасында бұрынғыдай емін-еркін жүрмейді, бала болып еркелемейді. Көбіне бөлмесінен шықпауға, жұрттың көзіне түспеуге тырысады. Кінәлі адамдай жанарын жасырып, томаға-тұйық, көп сөйлемейді. Екеуінің аналары қыздарының басынан өткен жайтты айтқысы келмейді. Қызының тағдыры оларды да күйзеліске түсіргені мұңды жанарынан, сынық жүзінен байқалады.

"ЖАН ЖАРАСЫ ҰЗАҚ УАҚЫТҚА ҚАЛАДЫ"

Шымкенттегі "Көмек" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Нұргүл Бердібаева нәрестелі болу жасөспірім қыздарға физиологиялық, моральдық, психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді, әсіресе балаға аяғы ауыр кезде және босанғаннан кейін болатын депрессияны еңсеру өте қиынға түседі деді.

Қыздарда бала көтеру қабілеті 13 жастан басталады, бұл жас тым ерте саналады. Кейде тіпті одан да ерте – 13 жасқа толмай босанған, көбіне жақын туыстары мен таныстарынан зорлық көріп, жүкті болып қалған қыздар кездеседі деді маман. Оның сөзінше, кейде жасөспірім қыз жігітпен танысқанда өзінің шын жасын жасырып, ұлғайтып айтып, "ойнақтап жүріп от басатыны" да бар.

– Орталыққа қыздар көбіне айы-күні тақаған кезінде келеді. Олардың тағдырын, сезім-күйін айтып жеткізудің өзі оңай емес. Айтқан сайын әрбір қыздың келген сәті, әсіресе үрейге толы жанары есіме түседі, – деді әлеуметтік қызметкер.

Бердібаеваның сөзінше, дағдарыс орталығына түсетін екіқабат жасөспірім қыздар мен олардың отбасы толық бақылауға алынады. Қыздың жанында міндетті түрде заңды өкілі ретінде ата-анасы жүреді. Әуелі ана мен баланың жағдайы бақылауға алынып, емханаға тіркеуге қояды, медициналық тексеруден өткізіледі. Қылмыстық іс ашылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізіледі. Екіқабат я жас босанған жасөспірім қыздармен психолог және психиатр мамандар да жұмыс істейді. Қыздар аяғы ауыр кезде мектепке бармайды. Оларға мұғалімдер келіп сабақ береді. Босанғаннан кейінгі депрессияны еңсергеннен кейін оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу кезеңі басталады.

– Босанғаннан кейін қыздың ішкі жан дүниесі қатты өзгеріске ұшырайды. Жанына түскен ауыр жарақат ұзақ уақытқа қалады. Оларға қайтадан мектепке барудың өзі ауыр тиеді. Өткен өмірін еске салатын бір ауыз сөзден-ақ қайта депрессияға түседі. Жас босанған ананың өзі кәмелет жасына толмағандықтан, дүниеге келген нәрестені әдетте қыздың анасы не жақын туысы асырап алады. Перзентін балалар үйіне өткізетіндер де бар, – деді әлеуметтік қызметкер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сәлеметсіз бе! Мені туған ағам зорлады". Ләззатқа келетін хаттар

"ЗОРЛЫҚ КӨРІП, ӨЗІН КІНӘЛІ СЕЗІНЕДІ"

Дәрігер-психолог Перизат Қалдарова тым ерте бала көтеруге бірнеше фактор: отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жыныстық сауаттың жоқтығы және әлеуметтік жағдай әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайға тап болған қыздардың басым бөлігі ата-анадан мейірім, жылу көрмеген.

– Сөз байласқан жігітімен ерікті түрде жыныстық қатынасқа түсіп, екіқабат болғандар, одан бөлек әкесі, өгей әкесі не туған бауырынан зорлық көріп, бала көтеріп қалғандар да бар. Ең қиыны осы – инцест. Ондай зорлық көргендердің барлығында дерлік қорқыныш, үрей сезімі қалады. Олар әдетте аяғы ауыр екенін кеш біледі. Күйзеліске (стресс) түскен қыз өзін кінәлі сезінеді, – деді психолог.

Қалдарованың сөзінше, мұндай қиындыққа тап болған отбасында ата-ана баламен ашық жиі сөйлеспейді. Бала зорлық көрсе де отбасындағыларға оны айта алмайды. Ата-ана тарапынан қысым, бопса көретіндер де бар. Тым ерте бала көтеру әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда жиі кездеседі дейді маман. Өзі әлі балалық шақпен қоштасып үлгермеген қыз ана болуға мүлде дайын емес, көбі екіқабат болу деген не екенін білмейді, шарасыз күйге түседі.

– Екіқабат кезең қалай өтетіні жасөспірім қыздың әке-шешесінің оны қалай қабылдауына байланысты. Егер ата-ана түсіністік танытса, жеңілдеу өтуі мүмкін. Өкініштісі сол, көп жағдайда ата-ананың өзі бізге ашумен келеді, қызды ешкім түсінуге тырыспайды. Ең қиыны – инцестен бала көтеру. Мұндайда аборт жасатуға тырысқанымен, кеш біледі. Босанғаннан кейін де ауыр тиеді. Мысалы, бір отбасында зорлық жасаған әкесі түрмеге түседі, ал қызы одан бала сүйген, – дейді дәрігер-психолог.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, "Неке және отбасы" туралы заңға сай, кәмелетке толмаған ата-ана баламен бірге тұруға және оның тәрбиесіне қатысуға құқығы бар. Ал 16 жасқа толғаннан кейін ата-ана құқықтарын өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Оған дейін қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган балаға қорғаншы тағайындайды, ол баланы кәмелетке толмаған ата-анасымен бірге тәрбиелейді. Араларында келіспеушілік туған жағдайда жауапты орган бала мен оның ата-анасының құқығы мен мүддесін ескеріп шешім шығарады.

16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағандар заң алдында жауапқа тартылады. Бас прокуратураның дерегінше, 2024 жылдың тамыз айына дейін Қылмыстық кодекстің 122-бабымен қозғалған 218 іс тіркелген (оның 213-і әйелдерге қатысты). Былтыр тіркелген 292 істің 289-ы әйелдерге қатысты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда 15-17 жастағы 1166 қыз бала көтеріп, 174 қыз (оның бесеуі 14 жасқа дейінгілер) аборт жасатқан. Былтыр 15-17 жастағы 2288 қыз екіқабат ретінде есепке алынып, 392 қыз аборт жасатқан.

Дәрігерлер жасөспірімдер арасындағы ерте жыныстық қатынас қауіпті екенін, жыныстық сауаттың жоқтығы жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялар, адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) тәрізді ауруларға шалдығу қаупін ұлғайтатынын ескертеді.