Accessibility links

Балаларға зорлық көрсетуді "бұзақылық" деп бағалады. Бұл үрдіске айналып бара ма?


Сексуалдық сипаттағы жәбір көрген екі баланың анасы оқиға болған жерді көрсетіп тұр. Орал қаласы, 7 желтоқсан, 2023 жыл
Сексуалдық сипаттағы жәбір көрген екі баланың анасы оқиға болған жерді көрсетіп тұр. Орал қаласы, 7 желтоқсан, 2023 жыл

Орал қаласында бастауыш мектептің үш шәкіртінің ата-аналары ұлдарына сексуалдық зорлық-зомбылық көрсету оқиғасын тергеу әділ жүргізілгенін қалайды. Бір айдан астам уақыттан бері жәбірленуші тарапты күдіктімен бетпе-бет жүздестіру я басқадай тергеу амалдары өтпеген. Күдікті бостандықта жүр, ал тергеу орындары қылмыстық істі жаза мерзімі қатаң баптан жеңіл бапқа ауыстырып жіберген.

9 қарашада Орал қаласының тұрғыны Гүлнәр (кейіпкердің өтініші бойынша есімі ауыстырылды – ред.) ұлдарын үйге шақырайын деп сыртқа шыққанда балалары жылап келе жатқанын көреді. Төртінші класста оқитын үлкен ұлы мен жанындағы екі досы қатты қорқып қалған, ал бес жастағы кіші ұлы тоқтамай еңіреп жылай береді.

Гүлнәр оқиға болған ауланы көрсетті. Бес қабатты үйлердің ортасында балалар ойнайтын алаң, қоршалған баскетбол алаңы және бірнеше орындық қана тұр. Әйелдің айтуынша, сағат кешкі бес кезінде төрт кішкентай балаға өзінен үлкен жеткіншек сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткен.

– Кіші ұлым безектеп келді. Не болғанын сұрап едім, бір бала ағасын шешіндіріп, екеуін "оттық жағып қорқытқанын" айтты. Осы жерде тұрғанымызда жәбір көрген екінші бала ұлыма қарап, "шындықты айтайық" деді. Мен тағы не болды деп сұрадым. Олар содан кейін ғана шешіліп, шынын айта бастады, – деді Гүлнәр әлгі орындықтың жанында тұрып.

Балалар бір оқиғаны айтып берген. Кейін полиция тергеген уақытта да оқушылардың сөзі бір жерден шыққан.

– Алдымен ол (күдікті) үлкен ұлымды қылғындырған. Орындықта отырған жерінде артынан келіп, қылғындыра бастаған. Лыпасына дейін шешіндірген. Лыпасын шешпеген себебі, ұлым қысып ұстап тұрған. Содан соң ол көмек шақырып, інісіне "апамды шақыр" деп айқайлайды. Кіші ұлым жанына жүгіріп барып, "жібер ағамды" дейді. Сол кезде күдікті оны оттық жағып қорқытыпты. Кіші ұлым қашып кеткен. Сол кезде күдікті екінші баланы шап беріп ұстап алып, оның лыпасына дейін шешіп тастайды. Қалай болғанын білмедім, әйтеуір күдікті бірдеңеге алаңдай бергенде екі бала қашып үлгеріпті. Үшінші бала ғана орындықта отырып, қаша алмай қалған. Кейін ол не болғанын айтып берді. Күдікті орындыққа арқасын беріп отырады да, жыныс мүшесін баланың бетіне тақап, әрлі-берлі қимылдайды. Бірақ трикосын шешпейді. Бетіне әбден тақағаннан кейін ғана қолын ышқырына сүңгітіп жібереді. Сол кезде шешкісі келген сияқты, – дейді әйел.

Бастауыш мектепте оқитын балалар осы аулада ойнап жүргенде зәбір көргенін айтқан. Орал, 7 желтоқсан, 2023 жыл
Бастауыш мектепте оқитын балалар осы аулада ойнап жүргенде зәбір көргенін айтқан. Орал, 7 желтоқсан, 2023 жыл

Жыламсыраған балалар болған жағдайды баяндап жатқанда, әлгі жеткіншек сол маңайдағы орындықтардың бірінде қаннен-қаперсіз отыра берген. Гүлнәр онымен байланыспай-ақ қояйын деп, бірден полиция шақырады. Полиция қызметкерлері бес минут ішінде жетіп, жасөспірімді бөлімшеге алып кеткен. Жәбір көрген басқа балалардың да ата-анасы оқиғаны естіген бетте бөлімшеге жетеді.

– Маған телефонмен айтты, жұмыста болдым. Ұлым әкесінің жанында қалған, мен кешке жайырақ келіп, ұлыммен сөйлесе де алмадым. Келесі күні жұмыстан сұранып, баламнан ақырын суыртпақтап сұрап, не болғанын біліп алдым. Ұлым алғашында оның (күдіктінің) басқа балаларға не істегенін айтты. Содан соң өзі жайында айтып берді: оны басқа балалар сияқты шешіндірмеген. Орындықта отырған екен, әлгі бала оң жағынан келіп, тиісе бастаған. Бетінің маңайына деді. Жанаспаған, бірақ қимылдар жасаған. Ұлым оның шалбарын шешуге оқталғанын көре салысымен, итеріп жіберіп, сытылып, қашып кеткен, – деді екінші жәбірленуші баланың анасы Назгүл (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді – ред.)

БАПТЫ АУЫСТЫРЫП, КҮДІКТІНІ БОСАТЫП ЖІБЕРГЕН

Азаттық жәбір көрген екі баланың анасымен сөйлесті. Тағы бір баланың анасы тілшілермен сол күйі кезіге алмады, бірақ іс бойынша үш бала жәбірленуші деп танылған. Екі баланың жасы тоғызда, біреуі – онда. Үшеуі көрші тұрады, бір сыныпта оқиды.

– Істі алдымен 124-бап ("Жас балаларды азғындық жолға түсіру") бойынша ашты. Келесі күні бізді тағы да полицияға шақырды. Бізбен бірге психологты, мектеп педагогін шақырған. Балаларымыз куәлік берді, әлгінің бүкіл іс-қимылын көрсетті. Бәріміздің жауабымыз бірдей. Одан соң денелерінде көгеріп, қанталаған жері я жарақат бар ма деп, сараптамаға жіберді. Болған жоқ, себебі күдікті күш көрсетпеген. Сонымен болды, – дейді Гүлнәр.

"Болды" дегені – күдіктіні ұстағаннан кейін өлі тыныштық орнады деген сөз. Балалардың ата-анасына ол тергеу изоляторына уақытша қамалды, Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-тармағы ("Көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау") бойынша тергеу амалдары басталғанын мәлімдейді. Бұл ауыр қылмыс қатарына жатады, жазасы – жеті жылдан 12 жылға дейін бас еркіндігінен айыру. Қазақстанда 14 жастан асқандар ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Күдіктінің жасы 16-да.

– Алғашында бізге ол 78 сағат қамауда болады деп айтқан, оны ертеңінде-ақ босатып жібергенін кейін естідік, – дейді Гүлнәр.

Күдіктіні уақытша қамау изоляторынан прокуратураның араласуымен шығарып жіберген. Орал қаласының прокуроры Мейірбек Тілеулиев жасөспірім баланы қамап ұстауға негіз жоқ деп тапқан: оның ойынша, күдіктінің тұрақты мекен-жайы бар, қылмыстық топтың мүшесі емес, ал ол полициядан жасырынып қалады немесе тергеу барысына қысым көрсетеді дегенге жеткілікті дәлел жоқ екен.

Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы. Орал, 7 желтоқсан, 2023 жыл
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы. Орал, 7 желтоқсан, 2023 жыл

Күдіктіні изолятордан шығарып жібергенін оқушылардың анасы кейін біледі. Гүлнәр оқиғадан кейін екі апта өткенде ғана мемлекет есебінен адвокатқа қол жеткізге алған. Жәбірленуші үш баланың мүддесін сол адвокат қорғайды.

Қорғаушы тағайындалғаннан кейін балалардың ата-анасына істің бабын ауыстырып жібергенін хабарлаған: қазір тергеу "Жас балаларды азғындық жолға түсіру" бабымен емес, "Бұзақылық" бабы бойынша жүріп жатыр екен. Осы 293-баптың 1-тармағы бойынша қарастырылған ең ұзақ жаза мерзімі – екі жыл. Бірақ одан айыппұл төлеп, қоғамдық жұмыс атқарып немесе еркіндігі шектеліп те құтылып кетуге болады.

Тергеушілер бетпе-бет жүздестіреміз деп уәде еткенімен, одан бері екі айдан асқан. Ата-аналар істің бұлай болғанына бір жағы наразы, екінші жағынан істі әдейі созып жатыр ма деп сезіктенеді.

Жәбірленушілердің адвокаты Рабиға Мырзағалиева істің "Бұзақылық" бабы бойынша қаралып жатқанын растады. Бапты тергеу амалдары барысында ауыстырып жібергенін айтты.

– Бапты ауыстырғанымен келіспейтінімді айтып, тергеушіге және тергеу бөлімінің басшысына арыз жазып бердім. Сонымен қатар қала прокурорына шағым түсірдім. Арызымды әлі қарап жатыр, – дейді Рабиға Мырзағалиева.

Азаттық күдіктінің адвокатына сауал жолдаған, бірақ ол сұраққа жауап берген жоқ.

– Тергеу жүріп жатқанын білесіздер ғой. Қазір ештеңе айтуға болмайды. Жо-жоқ, ештеңе айта алмаймын, – деді Асхат Қонаев телефонмен сөйлескен Азаттық тілшісіне.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы да бұл іске қатысты түсінік бермеді. Сол сәтте ауыр қылмыс жасады деген күдікпен уақытша тергеу изоляторына қамалған жеткіншекті прокуратура не себепті бостандыққа шығаруға мүдделі болғанын да түсіндірген жоқ.

"Сіздің редакциялық сауалыңыз қарастырылмайды, себебі сіз бұл қылмыстық іске қатысты қылмыстық процесстің қатысушысы емессіз", – деді облыстық прокуратура.

Прокурорлар мен полицияның күдіктіге ерекше қамқорлық танытуы оның әкесінің лауазымымен байланысты болуы әбден мүмкін. Азаттықта бар ақпаратқа сүйенсек, ол көтерме-бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкер, бұрын мәслихат депутаты болған.

"БҰЛ ҮРДІСКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ"

Балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық жасаумен күресетін "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылова кейінгі бір жылда балалары зорлық-зомбылық көрді деген ата-аналардан жиырмаға жуық шағым түскенін айтты. Қоғам белсендісі осындай қылмыстардың барлығы дерлік қандай да бір сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты дейді.

– Ұл балалардың ұл балаға, қыз балалардың қыз балаға буллинг жасағанының астарында сексуалдық сипат басым. Не шешіндіреді, не жанасады, не жыныстық қатынастың қимыл-әрекетін қайталайды, не болмаса тікелей зорлайды. Бірақ мұндай іс-әрекетке баратындардың көпшілігі 14 жасқа толмаған, сондықтан 14 жасқа дейінгілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Жоғары сынып оқушыларының өзінен кіші балаларға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетуі үрдіске айналып барады, – дейді Смайылова.

Смайылованың айтуынша, әдетте балалар да, ересектер де мұндай әрекеттер қылмыс екенін түсінбейді. Сол себепті қылмыстық тергеу жүргізу мүмкін бола бермейді. Көп жағдайда мұндай істер әкімшілік баптар бойынша қарастырылады. Жәбірленуші тарапқа тергеу барысы туралы айтылмайды, уақытында адвокат ұсынылмайды, ал күдікті тарапқа, әдетте қорғануға мүмкіндік жасалады.

– Меніңше, мемлекет балалардың дамуын, балаларға қатыстының бәрін уысынан шығарып алған. Жүйені жемқорлық жайлаған. Ол ұсақ-түйектен басталады – балаларымызды өзіміз қалаған, өзімізге ыңғайлы мектепке орналастыра алмаймыз. Балалардың дамуы кенже қалған, мемлекет адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге құлықсыз. Қаражат артылып жатса ғана балаларға бөлінеді, оның өзі сол сәтте жемқорларға жем болады, – дейді Смайылова.

Ресми статистика кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс көбейіп кеткенін растайды. Мысалы, былтыр қарашада тергеу органдарының өндірісінде "Жас балаларды азғындық жолға түсіру" бабы бойынша 108 қылмыстық іс болса, биыл құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, ондай істің саны 114-ке жеткен. Статистика балаларға қатысты зорлау, сексуалдық сипатта күш көрсету, өзін-өзі өлтіруге итермелеу сияқты басқа да қылмыстар көбейгенін көрсетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG