Accessibility links

Өзбекстанда жетімдерді зорлаған шенеуніктер қайта істі болып жатыр. Жағдайдың жай-жапсары


Иллюстрация
Иллюстрация

Өзбекстанда жергілікті атқарушы органның екі шенеунігі асыранды жетім балаларға зорлық көрсеткені үшін түрмеден құтылып кеткен еді, енді олардың үстінен қайта іс қозғалды. Бұл Совет Одағынан қалған жетімдер үйін таратып, балаларды отбасылардың асырауына берген билікті қиын жағдайда қалдырды. Бірнеше аптадан бері Өзбекстан қоғамын дүр сілкіндірген оқиғаны қысқаша баяндаймыз.

Өзбекстан Жоғарғы сотының дерегінше, Хорезм облыстық прокуратурасы жергілікті әділет және төтенше жағдайлар жөніндегі қос басқарманың бұрынғы басшыларына қарсы екінші рет іс қозғады. Олар 2022 жылы қыркүйекте кәмелет жасына толмаған жасөспірімдермен жыныстық қатынасқа түсті деген кінәсі дәлелденсе де, түрмеден құтылып кеткен еді.

Хорезм прокуратурасы жаза тым жеңіл деп, сот үкімін өзгертуді сұрап, апелляциялық шағым берген. 2022 жылы желтоқсанда апелляциялық сот алдыңғы үкімді күшінде қалдырған.

Жасөспірімдерге жасалған зорлық туралы наурыздың аяғында зорлық-зомбылыққа қарсы күресіп жүрген "Не молчи" қорының арқасында белгілі болды. Зорлық құрбандарына көмек қолын созатын қордың дерегінше, зорлық фактісі 2021 жылы мамырда Үргеніш қаласында балаларды асырап алған отбасында болған.

Жетімдер үйінен 15-17 жас аралығындағы үш қыз асырап алған әйел оларды екі шенеунікпен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Ал шенеуніктер әйелдің үйіне азық-түлік пен жиһаз алып берген.

Зорлық он айға жуық уақыт жалғасқан. Шенеуніктер қыздарды балалар тұратын үйде және облыстық әділет басқармасының қызметке деп жалдаған пәтерінде зорлаған. Қыздарды қарсылық білдіргені үшін ұрып-соғып, басқа балалардан бөлек жерде ұстап, тамақ бермей қинаған.

Алғашқы сот отырысында шенеуніктер қыздармен жыныстық қатынасқа түскенін мойындаған, бірақ бұл өзара келісіммен болды деген. Жергілікті билік шенеуніктер қызметін асыра пайдаланып, қыздарды зорлап келгенін анықтаса да, қоғам шулап кетпесін деп, мәселені жылы жауып қоя салған.

Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 2022 жылы қыркүйекте өткен жабық сот отырысында қыздарды асырап алған әйел 5,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал шенеуніктерге 18 айға бостандығын шектеу жазасы кесілген. Сот үкіміне сәйкес, олар түнгі мезгілде үйінен шыға алмайды. Сондай-ақ қаладан шығу үшін рұқсат алуы керек.

Бұл оқиға ақпарат құралдарында тарағаннан кейін белгілі мемлекет қайраткерлері, сенат төрағасы Тәнзила Нарбаева мен Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева істі мұқият тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуға үндеді.

Өзбекстандағы жетімдер үйінде зорлық-зомбылық фактілері бұрын да болған. 2018 жылы Маргелон қаласындағы жетімдер үйінде қызметкерлер балаларды ұрып-соғып, зорлап келгені анықталғаннан кейін мекеме жабылды.

Жетімдер үйінің директоры мен оның орынбасарын қосқанда, кемі 10 адам балаларға күш көрсетіп, зорлап, кәмелетке толмаған қыздарды аборт жасауға мәжбүрлеп, мемлекет пен донорлар бөлген қаржыны жымқырғаны үшін түрмеге қамалды.

Өзбекстанда Совет Одағынан қалған балалар үйлерінде өз қызметін асыра пайдалану, балаларға қатыгездік таныту фактілері жиі кездеседі. Кейінгі жылдары үкімет балаларды отбасылардың асырауына бере бастаған.

Бала асырап алғысы келгендер арнайы оқуға барып, дайындықтан өтеді. Президент жарлығына сәйкес, асыраушы отбасының өз балаларының саны сегізден аспауға тиіс. Отбасылар кемі үш, көбі бес бала асырай алады. Мемлекет жетімдер үйіндегі балаларды қамқорлығына алған отбасыларға қаржылай көмек береді. Ал жергілікті билік балалардың жағдайын тексеріп отыруға міндетті.

Кейінгі жылдары Ферғана, Намангон, Науаи, Хорезм облыстары мен Қарақалпақстандағы жетімдер үйі жабылған. Ондағы балалардың кейбірін жергілікті кәсіпкерлер, үкімет қызметкерлері мен инспекторлар асырап алған еді.

2021 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев үкіметке жетімдер үйінен шыққан 18-30 жас аралығындағы үйсіз жүргендерді баспанамен қамтуды тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG