ТРАНСФОРМАЦИЯ, БЕЛГІСІЗДІК ЖӘНЕ "БАСШЫЛЫҚТЫ АЙЫПТАУ НАУҚАНЫ"
Алматы, Астана, Шымкент пен Өскеменде жалға алынған кеңселерде ерекше балалары бар ата-аналар копирайтинг, SMM және кәсіпкерлік негізін тегін оқиды. Бұл курстарға ата-аналар ерекше балаларын ертіп келе алады, ата-анасы оқып жатқанда, балаларға басқа бөлмеде тәрбиешілер қарайды. Ерекше балалары бар ата-анаға қолдау көрсететін "Мама Про" ұйымы 2018 жылы есігін ашқан. Жүздеген ата-ананы кәсіпкерлік негізі мен жаңа мамандыққа баулыған "Мама Про" алда қалай жұмыс істейтіні белгісіз, себебі ұйымға қоғамдық қатынастар бойынша көмек беріп, жалға алатын кеңсе, қызметкерлер жалақысы, аналарды оқытатын тренингілердің ақысы тәрізді негізгі шығынды жауып келген Сорос-Қазақстан қоры енді "Мама Проға" қолдау көрсетпейді. Қордан жылдың аяғына дейін жететін қорытынды грантты алған ұйым қазір демеуші бола алатын серіктестерді іздестіріп жатыр.
− Әзірге жағдайымыз шатқаяқтап тұр, қатты алаңдап отырмыз, − дейді "Мама Про" қоғамдық қорының президенті Айжан Әлжанова.
"Мама Про" ұйымы мұндай жағдайға Сорос-Қазақстан қоры азаматтық бастамаларды қаржыландыруды тоқтатқандықтан тап болды. Қор өкілдері қаржыландырудың тоқтауына Сорос-Қазақстан қоры кірген "Ашық қоғам" қорларындағы ғаламдық трансформация себеп болғанын айтты. Екі жарым жыл бұрын әлемдегі Сорос қорлары желісін біріктіретін, Джордж Сорос негізін қалаған "Ашық қоғам" қорының АҚШ-тағы орталық кеңсесінде трансформация басталған, бұл өзгеріс әлемнің түрлі елінде жұмыс істеп жатқан Сорос қорларына да әсер етті.
"Ашық қоғам" қорының президенті Марк Маллок-Браун түбегейлі трансформацияны әлемдегі саясаттың өзгеруімен байланыстырды. 2021 жылы жасаған үндеуінде ол әлемдегі ахуал өзгеріп жатқандықтан, қор қиындықтарға төтеп беру үшін түпкілікті трансформацияны өткеріп, жұмыс тәсілдерін өзгертетінін мәлімдеген. "Ықпалды күшейту үшін жұмысты орталықтандырып, біріктіріп, ауқымды етуіміз керек" деді ол.
Алайда "Ашық қоғам" қорларының алдыңғы шебінде жүрген қызметкерлер бұл шешімді "жоғарыдан төмен түсіре салған" басшылықты сынады. The New York Times газетінің жазуынша, "Ашық қоғам" қорының орталық кеңсесіндегі трансформация қызметкерлер мен серіктес ұйымдарды дүр сілкіндіріп, басшылықты айыптау науқанына ұласты.
Басылым "Ашық қоғам" қоры қызметкерлері 2021 жылы мамырдағы жиналыстардың бірінде трансформация туралы шешімді өздерімен ақылдаспай қабылдаған басшылықты сынап, "газлайтинг жасады" деп айыптағанын келтірген. Кей қызметкерлер қайта құрылымдау Bain & Company компаниясының Bridgespan Group еншілес ұйымының ұсынысымен іске асқанын, тікелей грант алушы ұйымдармен жұмыс істеген қызметкерлер бұл жұмысқа көп қатыстырылмағанын айтты.
Екі тараптың арасындағы түсініспеушілік 2021 жылғы мамырда Bridgespan ұсынған жоспарды талқылау жиынында шиеленісе түсті. The New York Times-тің жазуынша, жиналысқа видеобайланыс арқылы қосылған басшылыққа қызметкерлер қорды қайта құрылымдау "түсініксіз әрі ғылыми негізсіз" екенін айтып шағынған. Басылым бір қызметкердің "бұл трансформация "Ашық қоғам" қорларының ашық қоғамды қолдау бастамасын күйрету үшін әлемдегі бүкіл жауы жасай алмаған нәрсені жасады" деген сөзін келтірді.
Сорос-Қазақстан қорының бұрынғы төрайымы Аида Айдарқұлова "Ашық қоғам" қоры өзгерістерді жасамас бұрын Сорос-Қазақстан қорының өкілдерімен "ішінара ақылдасқан" дейді.
− Бізбен бірнеше кездесу болды. Сол кездесуде үйреншікті жұмыс әдістері бұрынғыдай жұмыс істемейді, өз мақсат-міндетімізге жету жолдарын жаңадан қайта қарастыруымыз керек, түсіністік танытуды сұраймыз дегендей месседждер болды. Мұның алдында да қалай өзгерсек болады, жұмыс істеудің басқа да тиімді жолдары бар шығар деп ойланып жүрген едік. Сондықтан, бір жағынан, бұл бізге күтпеген жаңалық болған жоқ, екінші жағынан, уақыт тығыздығына байланысты бізге тездетіп қандай да бір шешім қабылдау керек болған, − дейді Айдарқұлова.
Сорос-Қазақстан қорының өкілдері трансформация нәтижесінде ұйым миссия мен атауын өзгертіп, CAPS Unlock деп аталатын сараптама орталығына айналғанын мәлімдеді. Бұл Орталық Азиядағы мәселелерді шешуге арналған сараптама орталығы болмақ. Ұйымның атауы ғана емес, құрылтайшылары да өзгерді. Олар − Сорос-Қазақстан қорының бұрынғы төрайымы Аида Айдарқұлова мен Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Нарғыз Қасенова.
Your browser doesn’t support HTML5
Сорос-Қазақстан қорының бұрынғы басшылығы қор жабылып, Қазақстаннан кетті деп есептемейді. Айдарқұлованың айтуынша, қор басқа ұйымға айналды, сондықтан "Ашық қоғам" қорлары өңірден толығымен кетті деуге болмайды.
− Біз жабылып жатқан жоқпыз. Бұл жерде біз зерттеулерге негізделген шешімдерді шешім қабылдаушы адамдарға қойып, оны ашық талқыға саламыз деген үміттеміз, − дейді ол.
Құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис Сорос-Қазақстан қорының бұрынғы қызметкерлері өз идеяларын ілгері жылжыту үшін жаңа ұйым құрды, ол "Ашық қоғам" желісінің бөлігі емес дейді. 1999-2002 жылдар аралығындағы Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрағасы болған Жовтис оның трансформациясын "Ашық қоғам" қорындағы өзгерістермен байланыстырады. Қор жетекшілігі ауысып, белгілі бір нәтижені көздеген жаңа басшылық келген, Джордж Соростың өзі де қор басшылығынан алыстады. Қордың қазіргі басшылығы оңтайландыру жұмысын жүргізіп, аймақтық қорларды қысқартқан. Трансформация нәтижесінде "Ашық қоғам" қорларының Еуропа мен Азиядағы аймақтық бағдарламалары өзгеріске ұшырап, кей жерлерде оңтайландырылып, Берлин қаласынан басқарылатын болды.
СЕРІКТЕС ҰЙЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?
Трансформация Сорос-Қазақстан қоры қолдаған кішігірім ұйымдарға ғана емес, құқық қорғаумен айналысатын ірі үкіметтік емес ұйымдарға да әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында елде ең алғаш ашылған құқық қорғау ұйымдарының бірі – Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюро да бар.
Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюроға Сорос-Қазақстан қоры мен Берлинде орналасқан "Ашық қоғам" қорының орталық кеңсесі қоғамдық қатынастар бойынша көмек беріп келген. Бюроның бас директоры Евгений Жовтистің айтуынша, жергілікті қор кеткеніне қарамастан, Берлин кеңсесінің институционал көмегі бюроға биыл және келесі жылдың басына дейін алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда ары қарай қаржыландырудың болар-болмасы әзірге белгісіз.
Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға халықтың жылу жинап қолдау көрсету мәдениеті дәл Батыс елдеріндегідей дамымаған. Сол себепті азаматтық ұйымдар көп ретте шетел қорларының қолдауына сүйенеді.
− Батыс елдерінде азаматтық ұйымдар қаржысының 80 пайызы жеке адамдар мен бизнес жиған жылудан келеді. Бізде құқық қорғау ұйымдарын жеке адамдар қаржыландырудан қорқады немесе оны керек емес деп есептейді. Сондықтан "Ашық қоғам" қорының қолдауы біз үшін маңызды болатын. Ары қарай да қолдайтын шығар деген үміттеміз. Бірақ бұл мәселеде айқындық жоқ, − дейді Жовтис.
Сорос-Қазақстан қорынан институттық көмек алған ұйымдардың қатарында құқық қорғаумен айналысатын және сайлауды бақылайтын "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры да бар. Қор осы көмектің арқасында былтыр Петропавл қаласында бөлімше ашып, кеңсе жалдап, қызметкерлерді жұмысқа алған. Сорос-Қазақстан қоры "Еркіндік қанатының" басқа да жобаларын қаржыландырған. Қоғамдық қордың атқарушы директоры Елена Швецова Сорос-Қазақстан қоры кеткені алдағы уақытта білінсе де, ұйым үшін бұл үлкен соққы болмайды дейді. Себебі құқық қорғау саласында тәжірибе жинаған ұйымның басқа да қаржыландыру көздері бар.
− Дегенмен тек Сорос-Қазақстан қоры қаржыландырған кішігірім ұйым мен мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс тәрізді әлеуметтік бағыттағы ұйымдар ары қарай қызмет ете ала ма, бұл − үлкен мәселе. Өйткені ондай бағыттағы тақырыптарды басқа донорлар мен мемлекет қатты қолдай бермейді. Сорос-Қазақстан қоры жұмысы тоқтағанының салдары бір немесе екі жылдан кейін көріне бастайды. Әсіресе бұл тек Сорос қорынан көмек алып келген ұйымдарға әсер етеді. Соның ішінде қор қаржыландырған мониторинг, оқыту бағдарламалары қолдаусыз қалуы мүмкін, − дейді Елена Швецова.
Сорос-Қазақстан қоры Қазақстандағы ақпарат құралдары мен тәуелсіз журналистерге де қолдау көрсетті. Мәліметтерді тексеретін Factchek.kz ресурсы − қордың қолдауымен құрылған ақпарат құралдарының бірі. Жобаның негізін қалаған және қордың көмегімен бірқатар жобаны іске асырған Medianet халықаралық журналистика орталығының басшысы Әділ Жалилов екі жоба да беделді және тұрақты болғандықтан, басқа ұйымдардан түрлі ұсыныс түсетінін айтады. Оның ойынша, Сорос-Қазақстан қоры трансформациясының тиімді әрі тиімсіз тұстары бар. Бір жағынан, грант алып келген көптеген ұйым үшін бұл өкінішті жаңалық болса, екінші жағынан, бұл сол ұйымдарға қаржы көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
− Аудитория Factcheck.kz жобасын жылы қабылдайды, ол нәтижелі болады дегенге кепілдік болған жоқ. Соған қарамастан, қор тәуекелге барып, қолдау көрсетті. Бірақ бұл процесс мәңгі жалғаспайтынын түсінемін. Меніңше, басқа қаржы көздерін, донорлар іздеп, жобалар монетизациясын дамытқан жөн, − дейді Жалилов.
"АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ТЕРІС ӘСЕР ЕТЕРІ СӨЗСІЗ"
Сорос-Қазақстан қорының бұрынғы төрайымы Аида Айдарқұлова азаматтық бастамаларды қаржыландыруды тоқтату елде ары қарай азаматтық қоғам болмайды дегенді білдірмейді дейді.
− Қазақстанда мықты азаматтық қоғам бар, иә, ол саны жағынан көп емес шығар. Донорлар аз болғандықтан, ол қаржы мәселелеріне тап болуы мүмкін. Дегенмен мықты мәлімдеме, бейтарап есептерге қарап, ондай қоғам бар екенін көруге болады, − дейді ол.
Евгений Жовтис Сорос қорының елден кетуі азаматтық қоғамға сөзсіз теріс әсер етеді деп есептейді. Себебі қор 30 жылға жуық уақыттың ішінде тек құқық қорғау, журналистика, бюджет ашықтығы, цифрлық құқық тәрізді салаларды ғана емес, ғылым, өнер, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және тағы басқа салалардағы жобаларды қаржыландырып, азаматтық секторда үлкен із қалдырды. Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен айықпас дерт түрлеріне шалдыққан науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту, оларды емдеу мен ауруын жеңілдетуге бағытталған паллиатив көмек беру жүйесі қалыптасты. Сонымен қатар қор алғаш болып елде кәмелетке толмағандарға арналған сот – ювенал әділет жүйесін құрып-дамытуға үлес қосты.
"Сорос – Қазақстан" қоры хақында өткен аптада Ресей астанасында да сөз болды. Қазақстан сыртқы істер министрі қызметіне жаңадан тағайындалған Мұрат Нұртілеу шетелге алғашқы сапарын Мәскеуден бастаған. Ол ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, екеуі баспасөз мәслихатын өтікізді.
Жиында журналистер Лавровтан Ресей өзіне "дәстүрлі дос елдердегі" шетелдік ұйымдардың жұмысына қалай қарайды деп сұрақ қойды. Лавров [ол елдерде] үкімет батыстың бейүкіметтік ұйымдарымен қарым-қатынасын өздері реттеуге құқылы деп жауап қатты. Ол Мәскеу әлгіндей ұйымдардың "жасырын мүддесі барын білгенге" дейін оларды "белсенді түрде тартқанын" айтты. "Өз өзін құрметтейтін мемлекеттер мен үкіметтер өзінің заңын бұзу мен ішкі істеріне араласу талпыныстарына төзбейтініне еш күмәнім жоқ" деді ол.
Мұрат Нұртілеу болса ешқандай пікір білдірмей, үнсіз қалды.