Accessibility links

"Орыс заңы" жойылды. Грузия билігі екі күндік митингіден соң наразылардың талабын орындады


Полиция "шетел агенті" туралы заң жобасына қарсы шыққан наразыларға су шашып жатыр. Тбилиси, Грузия, 7 наурыз 2023 жыл.
Полиция "шетел агенті" туралы заң жобасына қарсы шыққан наразыларға су шашып жатыр. Тбилиси, Грузия, 7 наурыз 2023 жыл.

Тбилисидегі екі күндік наразылықтан соң парламентті билеуші партиялар – "Грузия арманы" мен "Халық күші" бірінші оқылымда мақұлданған "шетел агенті" туралы заңды қайтарып алды. Осылайша ел билігі 7-8 наурыз күндері парламент алдына шыққан ондаған мың наразының талабын орындады. Әзірге митинг кезінде ұсталғандардың тағдыры белгісіз. 8 наурыз күні наразылар оларды босатуды талап еткен.

Грузия астанасы Тбилисидегі жаппай наразылық 7 наурызда басталды. Сол күні ел парламенті "Сыртқы ықпалды қаржыландырудың ашықтығы туралы" заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты ел арасында "шетел агенті туралы" заң деп атап, Ресейде қабылданған осыған ұқсас заң билік қарсыластарын қудалауда қалай қолданылғаны сөз болды.

Грузия парламентінде 150 депутат бар. "Шетел агенті" туралы заң жобасын 76 депутат қолдады, 13 депутат оған қарсы шықты, 61 депутат қалыс қалды.

Заң жобасы шетелден қаржы алатын барлық жеке және заңды тұлғаны арнайы тізілімге тіркелуге міндеттейтін болды. Оған көнбегендерге ірі айыппұл не бес жылға дейін бостандықтан айырылу қаупі төнді.

Толқу заң жобасы қабылданғаннан кейін бірден басталды. Оппозицияның бірнеше мың жақтасы парламент ғимаратын құрсауға алуға тырысты. Осы заңға бастамашыл болған "Грузия арманы" партиясының депутаттары ғимараттан қақпа арқылы шықпақ болғанда, наразылар оларды бұғаттап, шығармай қойды. Полиция шерушілерге су шашып, көз ашытатын газ қолданды. Ал шерушілер арнайы жасаққа "орыстар!" деп айқайлады.

Сол күні ішкі істер министрлігі 66 наразы ұсталғанын хабарлады. Оларға көбіне кішігірім бұзақылық пен полицияға қарсылық көрсету секілді әкімшілік айып таққан. Билік сондай-ақ полицейге шабуылдау, мүлікті бүлдіру не жою баптары бойыншы қылмыстық тергеу бастады.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, акцияға қатысқандар полицейлерге тас, тез тұтанатын және өткір емес өзге де заттар лақтырған, оларға күш көрсеткен. Полиция 50-ге тарта қызметкері жарақат алғанын хабарлады, бірақ шерушілер арасында қанша адам зардап шеккенін айтпады.

Митинг орнында мейіргерлер жұмыс істеп, адамдарға бетперде, су таратты, алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Тбилисидегі наразылар Грузия туымен бірге Украина мен Еуроодақ туларын ұстап тұр. 8 наурыз 2023 жыл.
Тбилисидегі наразылар Грузия туымен бірге Украина мен Еуроодақ туларын ұстап тұр. 8 наурыз 2023 жыл.

ПРЕЗИДЕНТ НАРАЗЫЛАРДЫ ҚОЛДАДЫ

Билік басындағы "Грузия арманы" партиясының жетекшісі Ираклий Кобахидзе заң жобасын қолдай отырып, "Елді Грузия православ шіркеуі мен мемлекет мүддесіне қарсы жұмыс істейтін адамдардан тазартамын" деп мәлімдеді.

Грузияның үкіметтік емес ұйымдары құжатты "Ресей заңы" деп атап, оны парламент талқылағанын "ұлт деңгейіндегі ұятты іс, барлық азаматты қорлау, конституцияға қайшы қадам" деп бағалады. Ресейге қатысы бар дегеннің бәріне қарсы шығатын мыңдаған грузин үкіметтік емес ұйымдардың бұл мәлімдемесін қолдады. Грузиндер арасында Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы көптеген жылға ұласқан шиеленіс үшін Ресейді айыптайтындар көп.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили наразыларды қолдап шықты. Ол заң жобасына вето жариялауға уәде берді. Алайда Грузия заңы бойынша, билік партиясы президент ветосын оңай еңсере алады.

"Қоғамнан алшақтап бара жатқан билік жақындай түсуге соңғы мүмкіндігі барын түсінуі керек. Оларда ресейшіл күш еместігін дәлелдеуге соңғы мүмкіндік бар" деп мәлімдеді ел президенті.

Оппозиция билік ұсынған құжат пен Ресей заңының ұқсастығын атап өтіп, заңның мақсаты азаматтық белсенділік пен өзгеше ойлауды жаншу екенін мәлімдеді. Оппозиция сондай-ақ заң жобасы қабылданса, демократияға қауіп төніп, Грузияның Еуропаға интеграциялануын тежейді деді.

Грузияда мыңдаған адам наразылыққа шықты. Оларды президент қолдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:48 0:00

АҚШ-тың Тбилисидегі елшілігі заң жобасының қабылдануы мен шерушілерге күш қолданылғанын "Грузия демократиясының қаралы күні" деп атады.

"[Шетел ықпалы" туралы] заңның қабылдануы Грузияның стратегиялық әріптестерімен қарым-қатынасына кесірін тигізіп, өз азаматтарына көмектесетін ұйымдардың жұмысын қиындатады. Заң жобасы мен оны белсенді талқылау билік партиясының еуроатлантикалық интеграцияға дайындығына күмән келтіреді" деп мәлімдеді елшілік.

Наразылар мен полицейлер арасындағы қақтығыс 8 наурыз күні жалғасты. Полиция тағы да көз ашытатын газ қолданып, су шашты. Акцияға келгендер заң жобасын қайтарудан бөлек, 7 наурызда ұсталғандарды босатуды да талап етті. Олар талапты орындауға бір сағат беретінін, орындалмаса, "басқа қадамдарға" көшетінін мәлімдеді.

Paper Kartuli басылымының бағалауынша, наразылық акциясына кемі 10 мың адам қатысқан. Кей баспасөз бен куәгерлер наразылыққа ондаған мың адам шыққанын айтады.

ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАЙТАРЫЛДЫ, НАРАЗЫЛАР ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛДЫ

9 наурызда "Грузия арманы" партиясы мен "Халық күші" қозғалысының (бұрын "Грузия арманы" партиясының құрамында болған) мүшелері заң жобасын шартсыз қайтарып алатынын мәлімдеді. Бірақ халыққа ақпарат теріс жеткізілді деп, заң жобасын ақтаумен болды. "Өтірік машинасы заң жобасын жағымсыз етіп көрсетіп, халықтың бір бөлігін адастырды" деп мәлімдеді олар.

"Заң жобасына "Ресей заңы" деген жалған айдар тағылды. Ал оның бірінші оқылымда қабылдануын жұртқа еуропалық бағыттан айну етіп көрсетті... Бейбітшілік пен тыныштыққа, елдің экономикалық дамуына, сондай-ақ Грузияның еуропалық интеграция жолында ілгері жылжуына мұқият қарауымыз керек. Сол себепті азаматтарымыздың энергиясын қарсылыққа емес, еліміздің дұрыс бағытта дамуына қолдануымыз қажет. Осыны ескере отырып, біз қоғамның әрбір мүшесі алдында жауапты билік ретінде өзіміз қолдаған заңды ешбір шартсыз, ескертусіз қайтарамыз деп шештік" делінген билік басындағы партиялардың мәлімдемесінде.

Грузияның қоғамдық қорғаушысы Леван Иоселиани журналистерге ұсталған 66 наразының 25-і қамауда отырғанын, оларға алдын ала қорытынды шығарылмағанын мәлімдеді. Омбудсменнің сөзінше, полиция ұсталғандардың кейбірін соққыға жыққан. Жәбір көргендер арасында "Гирчи" либертариан партиясының жетекшісі Зураб Жапаридзе де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG