Таяуда қазақстандық бір қолданушы "Советское" деген жазуы бар печеньенің суретін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады.
"СОВЕТ ПЕЧЕНЬЕСІ"
"Мына печенье біздің үйдің дастарханында қайдан жүр?" деп таңырқайды пост иесі Сәуле Әліпова. Печеньенің ортасында "Советское" деген жазу, айналасында совет гербіне ұқсас бедер бар.
Сәуле Әліпова печеньедегі суретке ғана емес, Азаттық тілшісінің дәл сол печенье туралы сұрағанына да таңырқап қалды.
- Тәуелсіз елде "Советское" деген печенье жейміз деп ойламаппын. Facebook-тегі достарымның сөзінше, дүкендерде осыған ұқсас жазуы бар лимонад та тұр екен. Ал бізге [бұл печенье] құдалардың үйінен келіпті, - деп күледі ол.
Алуан түрлі печеньенің ішінен екі түйір "Советское-ны" көрген Сәуле Әліпова біреуін жегенімен екіншісін қалдырған. Тастауға да обалсыныпты. Табиғаты әңгімешіл Сәуле бір кездері комсомол белсендісі болған. Таяуда Алматыдағы Опера және балет театрында өткен "Комсомолға – 100 жыл" жиынынан да хабардар. Алайда сән-салтанаты ұнамаған. "Өткенді аңсағандай көрінді" дейді.
Мамандығы инженер-химик Сәуле Әліпова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауылы Балтабай ауылында тұрады. Орта мектепте қазақ-совет ақыны Сәкен Сейфуллинді оқып өскен ол совет өкіметі құлар қарсаңда ақталған ақын Мағжан Жұмабаевты жоғары қояды. Алайда "большевикшіл ақын" деп Сәкенді сынаушылармен де келіспейді. Оның сөзінше, "Мағжан да, Сәкен де қазақ әдебиетіне, қазақ ұлтына еңбек еткен адамдар", сондықтан екеуінің де "еңбегі зор".
- Мен, тіпті, совет белгісіне ұқсас белгісі бар печеньені де тастай алмаймын, - деп күледі ол.
Қарай отырыңыз: Комсомол мерекесімен құттықтау депутаттың шамына тиді
"ҚАТАР ТҰРҒАН ҚАРСЫЛАСТАР"
Совет символдарына ұқсас белгісі бар печеньені дастарханынан көргенде ойланып қалатын, совет өкіметін орнатқандар мен оған қарсы күрескендерді бағалау мәселесіне келгенде қиналатын тек Сәуле Әліпова емес.
Қазақстанда 1988 жылдары сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандарды саяси тұрғыда ақтау процестері көбейгенде-ақ осыған ұқсас пікірталастардың шеті көріне бастаған. Кейбір зерттеуші "совет өкіметін мойындағысы келмеген алаш қайраткерлерін" дәріптесе, кейбірі "совет өкіметін орнатқандардың еңбегін де жоққа шығаруға болмайды" деп санайды.
Алайда зерттеушілер арасында жиі айтылатын "советке қызмет еткендерді де айыптауға болмайды" дейтін тұжырымды мемлекет басшылыққа алғанға ұқсайды. Өйткені мектеп оқулықтарында Алаш қайраткерлері мен совет қайраткерлері қатар оқытылады. Қалалардан Октябрь революциясына үлес қосқандар мен қарсы күрескендердің ескерткіштерін де қатар көруге болады.
1938 жылы көктемде ВЧК-ОГПУ-дің (НКВД-ның контрреволюция және саботажбен күрес бөлімі – ред.) "Құрметті қызметкер" белгісімен марапатталған Жұмабай Шаяхметов атында Астана қаласында көше бар. Кейіннен Қазақстан жетекшісі болған Шаяхметовті жақсы қырынан сипаттайтын зерттеулер де кездеседі.
Жұмабай Шаяхметовтің билігі кезінде, 1950 жылдары бірқатар қазақ ғалымдары мен шығармашылық адамдары сүргінге түсті. Оның аты-жөні 2016 жылы "Мемориал" халықаралық құқық қорғау ұйымы 1930 жылдардың соңына қарай "Үлкен террорды" жүзеге асырған НКВД қызметкерлерінің тізімінде ұшырасады.
Ал 1937-38 жылдары сталиндік қуғын-сүргін жүрген кездері Қазақстанды басқарған Левон Мирзоян есімі 2016 жылдан бастап Қазақстанның бірнеше көшесінен алынып қалды. "Сталинге хат жазып, тағы да жүздеген адамды атуға рұқсат сұраған Мирзоянды" айыптау осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамдық талқыларға сан рет ілік болды. Құпия архивтерде мұндай қылмыстарды әшкерелейтін фактілер жиі кезігеді.
Кейбір тарихшылардың пікіріне қарағанда, билік мұндай құпия құжаттарды ашуға асықпайды және советтік идеологияға, лениншіл коммунизм идеясына ресми түрде баға бергісі келмейді.
Совет кезеңінде ғылыми зерттеулерге мұндай фактілерді ашық айтуға рұқсат берген жоқ. Советтік қарабайыр марксизм әдіснамасына сүйенген ғылыми зерттеулердің өзіне қазіргі кезде сенімсіздік күшейді. Коммунистік партия мен комсомол ісін үгіт-насихат деңгейінде зерттеп, ғылыми дәреже алғандар қазір де ол еңбектерінен жария түрде бас тартқан емес.
"АҚ ПЕН ҚАРАДАН БАСҚА ТҮСТЕР"
Тарихшы Гүлжауһар Көкебаеваның айтуынша, идеялық қарсыластардың бірін таңдап, екіншісін алып тастау туралы ойлардың өзі қоғамның бұрынғы тоталитарлық жүйеден қалған санадан арылмағанын білдіреді.
- Совет өкіметін орнатуға атсалысқандар да қазақ мемлекетін құрып жатырмыз деп ойлады. Алаш идеясына білімі жетпегендер советтік идеологияға қосылды. Олардың әрқайсына шынайы баға беріп, қоғамдағы орнын жоққа шығармау керек. Ақ пен қарадан да басқа түстер бар, - дейді ол.
Тарихшының сөзінше, "советтік марксизм әдіснамасына сүйенген зерттеулердің тарихнамаға қосқан үлесі бар". Бірақ олардың бәрін әдіснамасын өзгертіп, қайта зерттеуге болады.
- Қоғам бұрынғы мұрадан бірден бас тарта алмайды, ол үшін пісіп жетілуі керек. Қазақстан қоғамы әзірге оған дайын емес. Оған Қазақстанның ұзақ уақыт отар ел болғаны да ықпал еткен сияқты, - дейді ол.
Тарихшы Жамбыл Артықбаев Қазақстан билігі советтік коммунистік идеологияны ашық айыптауға Ресейден тартынады деп есептейді. Өйткені Ресей советтік кезеңмен қоштасқан жоқ, қайта керісінше онда дәріптеу тенденциялары байқалады.
- Ресей тоталитаризмді, саяси қуғын-сүргінді, ашаршылықты мемлекеттік қылмыс ретінде айыптаған жоқ. Қазақстан Ресейдің қабағына қарайды. Оның үстіне Қазақстан қоғамы совет өкіметінің қаншалықты зиян келтіргенін әлі толық сезінбеді, - дейді Артықбаев.
Тарихшының сөзінше, совет кезеңін қорытуға қоғам да, билік те дайын емес. Ол "Комсомолға – 100 жыл" форумының салтанатпен өтуін осы тұжырымына дәлел деп біледі.
- Бұл - қоғамның тоталитарлық жүйеге қарсы иммунитеті әлі де қалыптаспағанын көрсетеді, - дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауданның 90 жылдығын тойлауды әртүрлі бағалайды"БҰРЫНҒЫ МЕН ҚАЗІРГІ ЖҮЙЕ ҰҚСАЙДЫ"
Саясаттанушы Дос Көшім бұл мәселе бойынша Қазақстанның билігіне көбірек жауапкершілік жүктейді.
- Қазақстанның билігі советтік тоталитарлық жүйені айыптамайды. Өйткені коммунистер мен комсомолдар әлі билікте отыр. Советтік саяси жүйе мен қазіргі саяси жүйе қатты ұқсайды. Совет идеологиясының өзі кеткенімен ізі қалды. Менің ойымша, билік пен қоғам арасындағы қатынас бұрынғы әкімшілік басқару жолымен қалды, ешнәрсе өзгерген жоқ. Оны өзгерте алатын демократиялық институттарға жол бермеді,-дейді ол.
Дос Көшімнің сөзінше, советтік тоталитарлық жүйеге міндетті түрде баға берілуі керек. Тоталитарлық жүйені кімдер, қалай жасағанын, қандай тәсіл қолданғанын болашақ та, бүгін азаматтар да білуі керек.
- Советтік саяси құрылысқа баға беру қашан, қай уақытта болсын кез келген жосықсыз саясатқа тым болмағанда белгілі бір моральдық жауапкершілік жүктелетінін ұмытпау үшін керек, - дейді ол.
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың тұжырымына қарағанда қазақстандық қарапайым азаматтардың дастарханға кездейсоқ түскен, әлдебір "шығармашыл" кондитер пісірген "Советское" печеньесіне таңырқап қалғаны қоғамда қалай болғанда өзгеріс жүріп жатқанын білдіреді. Сонымен қатар тұтынушылар печеньедегі жұлдызды "совет символы" деп қана емес, тауардың жай ғана айырма белгісі деп қабылдайтын мінез де қалыптасып жатыр.
Бірақ совет өкіметінің символдарын тауардың таңбасы ретінде де қабылдай алмайтын елдер бар. Шығыс Еуропаның кейбір бұрынғы социалистік мемлекеттері мен Балтық жағалауы елдері орақ пен балға және қызыл жұлдызды "деспотизм символы" деп таныған. 2008 жылы Грузия, 2012 жылы Молдавия, 2015 жылы Украина совет режимінің қылмыстарын айыптап, коммунистік символдарды пайдалануға тыйым салған. Биыл қыркүйекте америкалық Wallmart дүкендер желісі Литва үкіметінің шағымынан соң совет символдары салынған тауарларды сөрелерінен алып тастаған.