Маусымның 14-і күні Reuters агенттігі Al-Nabaa содырларының ақпараттық ресурсына сілтеме жасай отырып, Тәжікстанның Вахдат қаласында болған түрмедегі бүлікті "Ислам мемлекеті" террористік тобы мойнына алды деп хабарлады. Ұйым содырлары Вахдат түрмесіндегі бүлікті ұйымдастырған сотталушылардың "халифат сарбаздары" болғанын айтқан. Алайда "Ислам мемлекеті" ұйымы бүлікке қатысы барын дәлелдейтін бірде-бір айғақ көрсетпеген.
Бүлік шыққан "Кірпіш" түрмесі Душанбенің оңтүстік-шығысына қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Мамырдың 19-ына қараған түні мұнда бүліктен 32 адам қаза тапқан еді. Олардың үшеуі колония қызметкері болған.
Тәжікстан билігі бүлік болған күннің ертесінде яғни мамырдың 21-і күні тәртіпсіздікке "Ислам мемлекеті" ұйымының қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Елдің әділет министрлігі сол кезде Бехруз Гулмурод есімді азаматты "басты бүлікші" деп атады. Ол - 2015 жылы Сирияға кетіп, "Ислам мемлекеті" ұйымына қосылған, бұрын Тәжікстанның ішкі істер министрлігіне қарасты ОМОН жасағына жетекшілік жасаған полковник Гулмурод Халимовтің ұлы. Бехруз Гулмурод 2017 жылы "жалдану" бабы бойынша он жылға бас бостандығынан айрылған.
Тергеушілер "тыйым салынған террористік және экстремистік тобының" өзге де мүшелерін айыптады.
Ресми дерек бойынша, оқиға былай өрбіген. Әуелі пышақ және өткір заттармен "қаруланған" бүлікшілер тұтқындарды кепілге алып, колонияның үш қызметкері майор Бурхониддин Муродов, майор Абдуджаббор Халимов және аға лейтенант Махмуд Асоевты өлтірген.
Содан соң айыппұл изоляторынан аса ауыр қылмысы үшін сотталған сегіз тұтқынды босатқан. Олардың арасында "Ислам мемлекеті" ұйымына қатысы бар азаматтар да болған.
Тәжікстанның әділет министрлігіне қарасты қылмыстық атқару жүйесі басқармасының хабарламасына сәйкес, айналасына "алған бетінен таймайтынын көрсетіп, қорқыту үшін" бүлікшілер сотталушылар көзінше бес тұтқынды өлтірген. Олардың арасында Саид Киёмиддин Гози, Саттор Каримов (Махсуми Саттор) және Саидмахдихон Сатторов (Шейх Темур) та бар.
Саид Киёмиддин Гози 90-жылдары дін қызметкері болған. Саттор Каримов - Тәжікстанда тыйым салынған "Ислам жаңғыру партиясының" мүшесі болған. Ресми хабарламада олардың ондаған сотталушыны жаралағаны туралы да дерек бар. Бұдан соң бүлікшілер түрменің медициналық бөлімін өртеген-мыс. Бірнеше сотталушыны кепілге алып, өздерін босатуды талап еткен.
Алайда Тәжікстан билігін сынаушылар ресми хабарламаға сенбейді. Құрамында "Ислам жаңғыру партиясы" бар Тәжікстанның ұлттық альянсы мамыр айының аяғында шұғыл түрде тәуелсіз халықаралық тергеу комиссиясын құрып, оған үкімет өкілдерімен қатар азаматтық қоғам, оқиғадан зардап шеккендердің туыстары, сонымен бірге БҰҰ және халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері кіруі тиіс деп мәлімдеген.
"Бұл комиссия Вахдат және Худжанд түрмелеріндегі оқиғаларды толық зерттеп, қоғамға зерттеу нәтижесін жариялауы керек" делінген ұлттық альян мәлімдемесінде.
Дерек бойынша, Вахдат колониясында 1500 сотталушы отыр. Құқық қорғаушылардың пікірінше, түрмедегі бүлік ондағы азап пен қысымға шыдай алмаған сотталушылардың қарсылығынан туындауы мүмкін. Олардың ойынша, мекемеде жемқорлық та бар.
2018 жылы қарашаның 8-і күні Тәжікстанның Худжанд қаласындағы түрмеден бүлік шығып, ресми дерек бойынша, 21 сотталушы және екі күзетші қаза тапқан еді. Ресми билік бүлікті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының мүшелері ұйымдастырды деп мәлімдеді.