Таразда Қаңтар оқиғасында "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған тоғыз адамның ісін сот қарап жатыр. Сотталушылардың бесеуі былтыр қаңтарда мерт болған. Оларға билік нақақтан-нақақ айып тақты деп білетін туыстары тергеу ісінде шикілік барын айтып, марқұмдарды ақтауды талап етеді.
46 жастағы Исатай Донбаев былтыр 6 қаңтарда Тараздағы жаппай наразылықтың аяғы дүрбелеңге ұласып, күш құрылымдары қару қолданған шақта оққа ұшқан. Туыстары оның қазасының мән-жайы жұмбақ дейді. Олар ресми тергеу дерегіне күмән келтіреді.
Шолпан Донбаева денсаулығы нашарлығына қарамай, былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан інісі Исатай Донбаевты ақтап аламын деп күресіп жүр.
– Тергеу қаңтарда оққа ұшқандардың ісін сотқа жеткізбеуге барынша тырысып бақты. Өзім зар илеп жүргенімде, "272-бапқа ("жаппай тәртіпсіздік") келісе салыңыз, әйтпесе қираған ғимараттардың шығынын сізден өндіріп алады" деп те қорқытпақ болды. Көнбедім. Соным дұрыс болды деп есептеймін. Өйткені сотқа шақырылған куәлар, залда көрсетілген видеолар көп нәрсеге көзімді ашты, – дейді ол.
Исатай Донбаев – қазір Тараз қаласының №2 соты қарап жатқан қылмыстық іс бойынша айып тағылған тоғыз адамның бірі. Бұл істе Донбаевпен бірге былтыр Қаңтарда Таразда мерт болған тағы төрт адамға айып тағылған.
Қайтыс болғаннан кейін қылмыстық жауапқа тартылған бес адамның туыстары тергеу таққан айыпты мойындамайды. Олар биліктен марқұм болған туыстарына тағылған айыпты жойып, толық ақтауды талап етіп жүр.
"ШЫЛЫМ ШЕГЕМ ДЕП КЕТІП, МӘЙІТХАНАДАН БІР-АҚ ШЫҚТЫ"
Шолпанның сөзінше, 6 қаңтар түнгі 11-ге таман "шылым шегемін" деп үйден сыртқа шығып кеткен Исатай қайтып келмеген. Ертесіне, 7 қаңтар күні Исатайдың қалта телефонына қоңырау шалған келіншегі Арайға жауап берген бейтаныс адам күйеуі мәйітханада екенін естірткен.
Басына тиген оқтан миы шашылып қалған жұбайының бет-жүзін тіпті 15 жыл отасқан келіншегі де тани алмай, мәйітханаға қайын әпкесі Шолпанды шақыртқан. Тараздың іргесіндегі Талас станциясынан мәйітханаға алып ұшып жеткен Шолпан тете өскен інісін бет-жүзін көрмей-ақ, дене тұрқынан бірден танығанын айтты.
– Алғашында сенгім келмеді. Беті адам танымастай ісіп кетіпті. Оң жақ шекесі үңірейіп тесіліп, оң көзі түсіп кеткен. Шашын жазбай таныдым. Інімнің тұла бойындағы меңіне дейін білетінмін. Бала күнінде құлап қалып, оң қолына тыртық түскен еді. Дәрігерлер оны да тауып берді. Күрек тісі жасанды болатын. Тісін көрген соң, үмітім түбегейлі үзілді. Есіктен шыға сала жақындарыма "Исатайдан айырылып қалдық, Исатай енді жоқ" деп дауыс салып жыладым, – дейді Шолпан.
Шолпан тазалықшы болып істейтін Тараздағы жедел жәрдем станциясы Қаңтар кезінде митинг болған алаңға жақын жерде. Айтуынша, 6 қаңтарда түнгі ауысымда жұмыста болған кезде Шолпан інісімен соңғы рет сөйлескен.
– Өзі хабарласты. Үйінен шылым шегуге шығып бара жатыр екен. Аяғына оралған кенже ұлына "үйге кіре ғой, қазір келемін" деп жатты. Телефонмен сөйлесіп тұрғанымда, алаң жақта оқ атыла бастады. Соның алдында басшылық жедел жәрдем көліктерін станциядан аулағырақ жіберіп, диспетчерлер мен екі тазалықшыны алып қалған. "Көлік қан болып келсе, жуасыңдар, әзір отырыңдар. СИ-13 мекемесіне шабуыл жасалған. Олар жедел жәрдемге де келуі мүмкін" деп ескертті. Уайымдамасын деп, мұны ініме айтпадым. Көп әңгімелеспедік. Екеуміздің соңғы рет сөйлескеніміз екен, – деп жылады Шолпан.
Исатай Донбаев келіншегі Араймен және үш баласымен бірге Тараздағы 8-ықшамауданда пәтер жалдап тұрған. Қазақ көлік және коммуникация академиясын тәмамдағаннан кейін Исатай жолаушы тасымалдау саласында 23 жыл еңбек еткен. Өмірінің соңғы екі жылында табысы көбірек әртүрлі жұмысқа жалданып отбасын асырапты.
– Исатай отбасындағы сегіз баланың жетіншісі еді. Өте балажан, қайырымды жан болатын. Дүкенде тамаққа ақша жеткізе алмай тұрған жоқ-жітік адамдар үшін өз қалтасынан төлеп жатқанын талай көрдім. "Өзіңнің де бала-шағаң бар емес пе" деп ренжідім де. Бірақ інім өмірден сол қайырымды қалпында өтті. Өзгерген жоқ, – дейді әпкесі.
Your browser doesn’t support HTML5
Донбаевтар әулетіндегі сегіз бала Тараздың іргесіндегі Талас станциясында туып-өскен. Осыдан үш жыл бұрын өмірден өткен әке-шешесінің зираты да осы ауылда. Исатай Донбаев 2022 жылғы 8 қаңтарда өзі туып-өскен ауылдағы әке-шешесі жатқан қорымға жерленген.
"Бауырым жеке үйім болса деп армандайтын, келіншегі екеуі жылдар бойы тапқан-таянғанын үй алуға жинады" дейді Шолпан. Отбасы сол ақшаға былтыр желтоқсанда ипотекаға жаңа пәтер сатып алған. Бала-шағасының баспаналы болғанын көру бақыты бұйырмаған Исатайдың жылдық асын да сонда берді.
ИСАТАЙ ДОНБАЕВ ҚАЙ ЖЕРДЕ ОҚҚА ҰШТЫ?
Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Тергеу материалында Исатай Донбаевтың сүйегі сол маңнан, яғни Төле би даңғылындағы 38-үйдің жанынан табылған деп көрсетілген. Бірақ Шолпан Донбаева тергеушілер дерегіне күмәні көп екенін айтып отыр.
– 6 қаңтарда сағат 23.00 болмай-ақ оқ атыла бастады. Алдымен алаңға жиналғандарды әкімдіктің терезесінен атқылаған. Артынша әскери техника мен қарулы жасақ келген. Мұны соттағы куәгерлердің сөзінен, сот залында көрсетілген видеолардан білдім. Ініммен соңғы рет 22.45 кезінде сөйлескенімді анық білем, сол кезде Исатай үйінен шылым шегуге шығып бара жатқан. 8-ықшамаудан алаңнан кемінде 30-40 минут жерде. Құс болып ұшпаса, інім үйінен алаңға жетіп үлгермес те еді, – дейді Шолпан.
Ол оқ тиген кезде інісі орталық алаңда болмаған деп топшылайды.
– Сол кезде Таразда "комендант сағатының талабын бұздың" деп, көшедегі адамның бәрін аяусыз атты ғой. Исатайды да өзі тұратын ауданда атып, сүйегін алаңға әкеп тастаған болуы мүмкін деп ойлаймын. Сот залындағы видеоайғақтардан әскери қызметкерлер халыққа оқ атып, артынша мәйіттерді алаңнан жинап әкеткенін көрдім. Содан кейін өрт сөндіру машинасы қанға бөккен алаңды жуып шыққан. Ал тергеу материалында інім мен тағы бірнеше адамның сүйегі сол алаңнан таңға жуық табылған деп жазылған, – дейді Шолпан Донбаева.
Исатай Донбаевтың ажалына миына келген зақым себеп болғаны туралы 2022 жылғы 1 ақпандағы №56 сот-медицина сараптамасы қорытындысында жазылған. Оң жақ шекесінен тиген оқ шүйдесінен шыққан. Қатты қансырап, денсаулығына аса ауыр зақым келген ол тіл тартпай кеткен. Сот-медицина сараптамасында марқұмның қанынан 3,78 промилле, бүйрегінен 1,82 промилле мөлшерінде этил спирті табылғаны айтылған.
– Сот залына келген фельдшерлердің сөзінше, Исатай телефонын құлағына тосқан күйі өліп кеткен. Бірақ олар мәйіттің жатқан жерінен қан көрмеген. Ал сот залына шақырылған нейрохирург пен травматолог оқ адамның басы мен қол-аяғына тисе, бойындағы қаны түгел сыртқа ағады деді. Олай болса, інімнің телефоны қанға малшынып жатуы керек емес пе? Фельдшерлер асфальтқа шашылған ми қалдықтарынан өзге ештеңе көрмепті. Осы жайттарды саралай келе, Исатай алаңнан тыс жерде атылған деген күдігім күшейе түсті, – дейді Шолпан Донбаева.
ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫН СОТҚА ТАРТУ
Исатай Донбаевтың үстінен Қылмыстық кодекстің "терроризм актісі" (255-бап), "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" (272-баптың 2-бөлігі) баптарымен іс қозғалғанын туыстары марқұмның жаназасынан соң екі аптадан кейін бір-ақ білген.
Тараз қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылған тоғыз адамның ісін қарауды былтыр 23 қарашада бастаған. Сотқа тартылған тоғыздың бесеуі – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбай Қаңтар кезінде мерт болған. Осы іс бойынша айып тағылған үш адам – Марат Бекбау, Асхат Ташекеев пен Ғани Керімбаев тергеу изоляторында, ал Нұрбол Ережепов ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат беріп, үйқамаққа алынған.
Қылмыстық іс материалдарында "Таразда тәртіпсіздік 5 қаңтар күні сағат 22.30 шамасында басталған" деп жазылған. Дүрбелең кезінде облыс әкімдігі ғимаратындағы екінші, бесінші және алтыншы қабаттар бүлінген, жалпы көлемі 7510 шаршы метр аумақ өртеніп, әкімдікке 1,3 млрд теңге шығын келгені анықталған.
"Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар Абай даңғылымен жүріп, "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясының ғимаратына жеткен соң, оған да өрт қойған" деп жазылған тергеу материалында. Құжатта билік партиясы кеңсесінің 1650 шаршы метр аумағы өртеніп, 721 млн теңгенің шығыны келгені айтылған.
"Қаңтардың 5-і күні ойрандалған нысандар" арасында Тараз қалалық ішкі істер басқармасы, №1 полиция бөлімі, Тараздағы уақытша ұстау изоляторы, Жамбыл облыстық полиция департаментінің ғимараты мен полицияның автогаражы да аталады. Сол түні Тараздағы Қазыбек би мен Әйтиев көшелері қиылысында "полицияның сегіз көлігін шабуылшылар жағып жіберген" деп жазылған.
"Алғашында "Молотов коктейлін" қолданған шабуылшылар Жамбыл облыстық полиция департаментінің қоймасынан қару-жарақ алып, 6 қаңтарға қараған түні ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаменті ғимаратына барған. Сол түні комитеттің бір қызметкері оққа ұшқан. Кейін оқиға орнын зерттеген криминалистер ғимарат маңынан полиция қоймасынан ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрі қалдықтарын тапқаны айтылады.
Қылмыстық іс материалдарында "6 қаңтарда шабуылшылар қала әкімдігі ғимаратын, мемлекеттік кіріс департаменті мен СИ-13 мекемесін де ойрандады" деп жазылған.
Тергеу мәліметінше, қаңтардың 4-і мен 5-інде күш құрылымдары шабуылшыларға ескерту жасап, кей жағдайда резеңке оқ қолданған. Көзден жас ағызатын газ бен су шашқан.
Ал 6 қаңтарда сағат 23.10 шамасында ұлттық ұланға қарасты 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері мен полицияның "Арлан" жасағынан құралған топ "Урал-Федерал" және БТР-2 әскери техникасымен алаңға келіп, "антитеррорлық операция" жүргізген деп көрсетілген. Әскери техника "Жамбыл" қонақүйінен орталық алаңға, одан әрі Абай даңғылына дейін барған.
"Сол кезде күш құрылымдары демонстранттарға оқ жаудырған" дейді Шолпан. Ол 6 қаңтарда атыс қаруы қолданылған сәтті сот залында отырып, видеоайғақтардан көргенін айтады.
– Әскери қызметкерлер қарусыз адамдарды қуалап жүріп атқан. Қыздар шыңғырып, жігіттер "Бауырым, өтінемін, өлтірмеші!" ("Братан, пожалуйста, не убивай!") деп жалынған. Ешкімді де аямаған. Сот залына БТР-дан 91 оқ атқан адам келді. Оның жүзінен өкініштің табын көре алмадым. "Мен бұйрықты орындадым" деп безеріп тұра берді, – дейді Шолпан.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы алаңда мерт болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап, жасөспірімді кінәлі деп тапқан еді. Қылмыстық кодекстің "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен айыпталған Опушиев қайтыс болғаны себепті қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Жасөспірімнің анасы сот үкіміне наразы болып, апелляция алқасына шағымданды. Биыл 24 қаңтарда Жамбыл облыстық сотының апелляция алқасы Андрей Опушиевтің үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Тараздың тағы тоғыз тұрғынына қарсы қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Ол жөнінде ешқандай ресми ақпарат жоқ.
Исатай Донбаевтың артында келіншегі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Үлкені Әділет 13 жаста, екіншісі Құралай биыл 11-ге толған. Екеуі де әке қазасынан әлі оңалған жоқ дейді анасы. Ал биыл мектепке барған кенже ұл Ералы әкесі Исатайдың жылдық асына дайындалған слайдты көріп, "папамның тойы болып жатыр" деп қатты қуаныпты. Қамкөңіл бала жұрт әбден тарап кеткенше есікке жалтақтап, әкесін күтумен болды дейді Шолпан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"24 оқ ізі қалған". Асхат Бегешовтың отбасы марқұмды жазықты қылған билікке наразы"Папаларың келеді деп жүрмін". Қаңтарда атылған малшы жігіт отбасының өмірі"Атып тастап, жала жапты". Қаңтар құрбаны Бауыржан Сейдомаровтың туыстары марқұмды ақтауды талап етеді"Оқ атуды бұйырған басшы кінәлі". Қаңтарда қаза тапқан студенттің анасы ұлын ақтауды талап етеді"Сенің балаң – 200 пайыз террорист". Қаңтарда үш оқ тиіп өлген Тоқтар