"КӨМЕКТЕН ҚАҒЫЛДЫҚ"
"Мемлекет басқара алмаса, ондай мемлекеттің не керегі бар? Онсыз да қатарымыз сиреп қалды. Енді осы азын-аулақ адамға неге көмектеспейді?". Бір кезде "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы деп аталған металлургия комбинатында еңбек етіп жүргенде мертіккен азаматтар билікке өкпесін айтып, ағынан жарылды.
Мемлекеттен лайықты қолдау күткен жандардың бірі аяғынан, екіншісі қолынан, үшіншісі көру қабілетінен айырылған. Азаттық тілшісімен кездесуге Теміртау қаласына арнайы келген бастамашыл топ өкілдері көп жылдан бері оңалту құралдарына қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Әзірге көпжылдық күрестен нәтиже жоқ: шенеуніктер әлдеқашан атауы өзгеріп кеткен кәсіпорынға сілтеп, мүгедектігі бар азаматтарға жәрдемдесуден бас тартып отыр.
– Көп жылдан бері мүгедектігі бар азаматтардың құқығы өрескел бұзылып жатыр. "Мүгедектер туралы" заң жұмыс істемейді, онда жазылған дүниелер орындалмайды. Үкімет бізге назар аударып, мемлекеттік кәсіпорында жарақат алғанымызды мойындап, ары-бері сандалтпай өз қамқорлығына алсе дейміз. Жергілікті билік пен үкімет мәселемізге құлақ түрсін деп, ақпарат құралдарына жүгіндік. Біз көмек сұрап, жүгірмеуіміз керек. Көмектесу – мемлекеттің міндеті ғой. Бұрын бюджет есебінен протез салғыздық, енді неге бізден бас тартып отыр? Бұл не мазақ? Соттасқаннан пайда жоқ. Ешкім елемейді. Мемлекеттік кәсіпорында жұмыс істедік. Бірақ қазір еш жерде есепте жоқпыз, жоқ адамдардың тізіміне кіріп кеткендейміз, – дейді оң қолына көпфункционалды күрделі протез салғыза алмай жүрген Игорь Пужихин. Ол денсаулығына қарамастан, әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр.
67 жастағы Любовь Безвуляк кездесуге әзер келді. Ол ескі протезі тозып, жарамсыз болып қалмасын деп, көшеге сирек шығады. Любовь 24 жасында өндірісте жарақат алып, аяғынан айырылған: үстіне бір жарым тонна жүк құлап, жаралы аяғын кесуге тура келген. Безвуляк 25 жасын мемлекет есебінен берілген протезбен қарсы алған. Оған өмір бойына үшінші топ мүгедегі санаты берілген. Любовь аяғынан айырылса да комбинаттағы жұмысын жалғастырған. Үш жыл сайын протездің жарамды мерзімі аяқталған кезде мемлекет жаңа протез беріп отырған. Бірақ кейін бұл көмек те тыйылған.
– "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы жабылған кезде, тегін протез берілмейтін болды. "Кәсіпорынның жаңа иесіне барыңдар" деді. Бірақ компания басшылығы келісімшарт бойынша "Кармет" мүгедектеріне протез әперуге, тіпті ақша төлеуге міндетті емесін айтты. Табанымнан тозып, әбден сандалдым. Барлық жерде кеудемнен итеріп, "қолыңнан ештеңе келмейді" деді. Протезді өз ақшама сатып алуға тура келеді. Соңғы рет протезге төрт жыл бұрын тапсырыс бердім, бірақ сапасыз шығып, табаны сынып кетті. Бірінші берілген ескі протезбен әлі жүрмін. Ол сынып қалса, протезсіз қаламын. Протезді ауыстыру керек, бірақ ақша жетпейді. Бізге ондай ақша жинау оңай емес, – дейді Любовь Безвуляк.
72 жастағы Асылхан Әшімханов – бірінші топ мүгедегі. 1974 жылы өндірісте биіктен құлап, миына зақым келіп, зағип болып қалған.
– Миғыма зақым келсе де, "көру қабілетінен айырылған мүгедек" деп тіркеді. Қулыққа салды. Маған дыбысты электрон таяқ пен басқа да құрылғылар берілуі керек еді. Бірақ ештеңе бермеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барамыз, олар "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамынан көмек сұраңыздар" дейді. Бірақ ол кәсіпорын жабылып қалған. Мемлекеттен мүлде көмек алмайтын, соттасып, әділдік орнатуға тырыспаған мүгедектер тобы барын білемін, – дейді Асылхан Әшімханов.
65 жастағы бірінші топ мүгедегі Анатолий Дурнов кездесуге балдаққа сүйеніп келді. Қос бірдей протезі бар оны бұрынғы әріптестері көліктен түсіріп, баспалдақпен жоғары шығарып, ғимаратқа кіруіне көмектесті. Дурнов 1994 жылы металлургия комбинаты мемлекет меншігінде болған кезде өндірісте жарақат алып, екі аяғынан бірдей айырылған. Басында оған тегін протез беріп, орташа жалақы төлеп тұрған. Металлургия комбинаты жекеменшікке өткеннен кейін басқа мүгедектермен бірге Дурнов та ақшалай төлем, тегін протез, шипажайға жолдама мен өзге де қызмет түрінен қағылған. Ол өзі сияқты өндірісте жарақат алған азаматтарды мемлекет тегін протезбен қамтамасыз етуі керек деп есептейді.
– Маған аяғымды үйрету үшін уақытша протез жасап берді. Жарты жылдан кейін оны басқасына ауыстыру керек еді. Бірақ дәл сол кезде комбинат сатылып кетті. Осылай уақытша протезбен жарты жыл емес, 23 жыл жүрдім. Тозбасын деп, көп жүрмеуге тырыстым. Протездің табаны бөлініп кетті. Соттасып жүріп, өтемақыға қол жеткіздік. Бірнеше жыл бұрын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы кәсіподағы протез алуға көмектесті. Ары қарай қалай өмір сүреміз? – дейді Анатолий Дурнов.
72 жастағы Геннадий Колесников та 1971 жылы өндірісте жарақат алып, екі аяғынан айырылған. Оған өмір бойына екінші топ мүгедегі санаты берілген. Ол бұрын тегін протез алып келген. Колесников комбинат жекеменшікке өткеннен кейін 2000 жылға дейін дәл осы кәсіпорында жұмыс істесе де, оңалту құралдарына қол жеткізе алмаған.
– Мемлекеттік көмек тоқтады, біз екі ортада қалдық. Ешкім мүгедектерді өз қызметкері санамайды. Көмектен қағылдық. Содан бері төрт-бес рет өз ақшама протез салдырдым. Бір рет кәсіподақ көмектесті. Сотта жеңіске жеткеннен кейін ай сайынғы өтемақыдан протезге ақша жинаймын. Аязда далада қалып, аяқ-қолы үсіген адамға мемлекет есебінен протез салады. Ал біз ше? Адам емеспіз бе? Заң бойынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әсіресе, бірінші және екінші топ мүгедектеріне көп көмек берілуі керек, біз ешқандай жәрдем көріп отырған жоқпыз. Бірнәрсе істеу керек. Қазір маған жаңа протез жасату үшін үш миллион теңгедей ақша қажет. Ондай ақшаны қайдан табамын? – дейді Геннадий Колесников.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Біз дәрменсіз емеспіз". Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен күресіМҮГЕДЕКТЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС
"Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының өндірісте жарақат алған жұмысшылары шенеуніктермен күресіп, президентке хат жазып, сотқа дейін барған. Осыдан кейін өндірісте жарақат алған мүгедектерге өтемақы төлей бастаған. Бірақ бұл міндеттеме мемлекеттің емес, үкіметпен келісімге отырған комбинат иесінің мойнына жүктелген. Қазір біреулерге – 60 мың теңге, енді біреулерге одан көбірек ақша төленеді. Бірақ протез, мүгедек арбасы мен оңалту құралдары берілмейді. Ал өндірісте жүріп, денсаулығынан айырылған азаматтар қажет құрылғыны өз қалтасынан ақша шығарып сатып алады немесе көшеге шықпай, үйде отырады.
2000 жылғы 30 мамырда Қазақстан үкіметі "Испат Кармет" ашық акционерлік қоғамымен келісімге отырған (2004 жылы комбинатқа иелік етуші компанияның атауы "Миттал Стил Теміртау", 2007 жылы "АрселорМиттал Теміртау" болып өзгерген). Бұл келісімде "Испат Кармет" компаниясы сатып алған "Карметкомбинат" кәсіпорнында жұмыс істеп жүріп өндірісте жарақат алған, кәсіби сырқатқа шалдыққан және асыраушысынан айырылған азаматтарға ай сайын өтемақы төленеді" деп жазылған. Тараптар қол қойған келісімде басқа көмек түрі қарастырылмаған.
Бастамашыл топ мемлекеттен тегін протез, ем-дом шаралары мен заңда көрсетілген басқа да оңалту құралдарын талап етіп, өз құқығын қорғауға кіріскен. Өзі жүре алатын азаматтар әртүрлі мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, арыз-шағым жаза бастаған.
Бастамашыл топ мүшелері әр адамға жеке оңалту бағдарламасы жасалғанымен, онда көрсетілген қызмет түрі тегін берілмейтінін айтады. Олар биліктен бірнеше рет медициналық-әлеуметтік сараптама кезінде берілген құжатын қабылдап, жеке оңалту бағдарламасы негізінде оңалту құралдарын, тегін протез бен шипажайға жолдама беруді сұраған. Бірақ жергілікті мемлекеттік органдар азаматтарды бюджет есебінен оңалтудан өткізуге келіспейді. Мұны қолда бар құжаттар да дәлелдейді.
ТҰЙЫҚ ЖҮЙЕ НЕМЕСЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУ
Азаттық тілшісі Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми хат жолдап, "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының бұрынғы жұмысшыларына мемлекет есебінен протез, мүгедек арбасы, зағип жанға арналған аппарат, шипажайға жолдама беру неге тоқтатылды?; Бұрын мемлекеттік кәсіпорында жұмыс істеген мүгедек азаматтар енді қалай өмір сүреді? Олардың қандай құқықтары бар?; "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы жекеменшікке өткеннен кейін қайта құрылған немесе жұмысы тоқтаған кәсіпорындар тізіміне неге кірмеген?" деп сұрады. Бірақ министрлік Азаттықтың кей сұрақтарына толық жауап берген жоқ.
Ведомство "Оңалту-сараптамалық тексеру нәтижесі, мүгедек азаматтың қажеті мен оңалту шараларының жоспарына қарай, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жеке оңалту бағдарламасының әлеуметтік бөлігін дайындайды. Жұмысшының денсаулығына зақым келуіне байланысты туындаған шығындарды (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрі-дәрмек алуға, протез салуға, күтуші жалдауға, шипажайға жатуға, арнайы көлік құрылғыларын сатып алуға, жаңа кәсіп меңгеруге және өзгедей қажетіне жұмсалған ақша) жұмыс беруші өтейді. Бірақ ескеретін жайт бар: жұмыс берушінің қызметі тоқтап, кәсіпорын жабылған жағдайда өндірісте алған жарақаты немесе кәсіби сырқаты бар адамның жеке бағдарламасын жүзеге асыру мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асады" деп түсіндірді.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиевтің Азаттыққа берген жауабында "Мемлекет есебінен оңалту құралдары мен шипажайға жолдама беру мүмкін болмай отыр. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан үкіметі мен "Испат Кармет" компаниясы арасында жасалған келісімде кәсіпорын қызметкерлерін оңалту шараларымен (протез-ортопедиялық, тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдармен, қозғалыс аппаратымен, гигиена заттарымен) қамтамасыз ету, шипажайға жіберу қарастырылмаған" деп жазылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Абай" шахтасындағы апаттан кейін кеншілермен келіссөз немен бітті?Билік өкілінің жауабы комбинат жұмысшыларының "Кәсіпорын қызметі тоқтап, өндірістің жаңа иесі өтемақы төлеуге ғана міндеттелсе, тегін протез беру мен өзге де оңалту шараларымен қамту бұрынғыдай мемлекеттің еншісінде қалады" деген сөзін растайды. Бірақ мемлекет өз міндетін орындауға асығар емес. Ал адамдар қайтерін білмей, өзіне ауадай қажет көмек түрінен қағылып отыр.
"Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы әлдеқашан жабылып қалса да, шенеуніктер өндірісте алған жарақат салдарынан мүгедек болып қалған азаматтарды кәсіпорын иесіне жұмсаудан жалықпайды. Олар мүгедек азаматтардан әлеуметтік қорғау органдарына жұмыс берушінің қызметі тоқтағаны жөнінде құжат тапсыруды сұрайды. Бірақ мемлекеттен қолдау іздеген азаматтар жиырма жыл бұрын жабылған кәсіпорынның жұмысы тоқтағаны туралы құжат ала алмай жүр. Осыдан халықтың көкейінде "Бұл келісімшарт заң жүзінде жасалған ба?" деген күдік туындайды.
Мүгедек азаматтар әділет департаментіне хат жазып, "Ұлттық бизнес идентификациялық номер реестрінде "Қарағанды металлургия комбинаты" (Болат зауыты) мен "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамын тіркеу, қайта құру, жабу туралы ақпарат жоқ" деген жауап алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаттықтың "Бұл тізімде "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы неге жоқ? Бұл кімнің қателігі?" деген сұрағына жауап бермеді.
Металлургия комбинатының кейінгі иесі – "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының дерегінше, 1995 жылғы "Қарағанды метталургиялық комбинаты" мемлекеттік акционерлік қоғамын жекешелендіру туралы" үкімет қаулысына сәйкес, "Испат Кармет" ашық акционерлік қоғамы "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының активтерін ғана сатып алған. Сондықтан компания "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының құқықтық мұрагері саналмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаттыққа компания хатын қоса жолдады.
"АрселорМиттал Теміртау" дерегінше, 2000 жылы 30 мамырда үкімет пен "Испат Кармет" ашық акционерлік қоғамы арасында жасалған келісімге сәйкес, компания Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істеп жүріп өндірісте жарақат алған, кәсіби сырқатқа шалдыққан және асыраушысынан айырылған азаматтарды өз қызметкері деп танып, өтемақы төлеуге міндеттелген. Өтемақы төлеу 2000 жылы басталып, үкіметпен жасалған келісімге қосымша тіркелген тізім бойынша жүрген. Өтемақы көлемі өндірісте зардап шеккен азаматтың орташа жалақысына қарай есептелген.
Компанияның билік өкілдеріне жіберген хатында "Протез, мүгедек арбасы, зағип жанға арналған аппарат, шипажайға жолдама беруге келсек, бұл денсаулыққа зақым келуіне байланысты жұмыс беруші (немесе сақтандыру компаниясы) тарапынан өтелетін шығынға жатады. 2000 жылғы 30 мамырда жасалған келісімде "Аталған шығындарды "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өтеуі керек" деп жазылмаған. Осыған байланысты "Испат Кармет" ашық акционерлік қоғамы "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамында істеген мүгедек жұмысшылардың жұмыс берушісі саналмайды" делінген.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы осыған қарамастан, 2017 және 2019 жылдары "Кармет" мемлекеттік акционерлік қоғамында істеген екі мүгедек азаматқа протез алуға бір жарым миллион теңгеден көп ақша бөлгенін жазған. Бірақ жақында бұл протездерді жаңасына ауыстыру қажет, оған тағы да ақша керек.
Әзірге бұрын комбинатта істеп, денсаулығынан айырылған ондаған жұмысшы заң бойынша тегін берілуі тиіс протез, мүгедек арбасы сияқты аса мұқтаж затты сатып алу үшін тиындап ақша жинауға мәжбүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Күнкөріске жетпейді". Өндірісте денсаулықтан айырылған кеншілер төлемді қайта есептеуді талап етедіМүгедек кеншілердің жанайқайы мен еңбек министрлігінің жауабы"Денсаулықтан айырылып, жоқшылықта күн кешіп жатырмыз". Тоқаевқа хат