Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қыркүйектің 5-і күні мектеп қақпасының алдында қыздарының мектепке кіргізілуін талап етіп 20 шақты ата-ана жиналды. Мектепті полиция қызметкерлері күзетіп тұр. Оқиға орнына әкімдік өкілдері де келген.
Мектеп алдында "наразылық жасағаны үшін" сегіз ата-ана полиция учаскесіне шақырылған.
ВИДЕО: ФЕРДАУСИ МЕКТЕБІ АЛДЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Мектеп басшылығы мен жергілікті билік өкілдері білім және ғылым министрінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған мектеп формасы туралы №26 бұйрығын орындау үшін, қыздардың сабаққа орамалсыз келуін талап етіп жатқанын айтады. Бұйрықта мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған.
Мектеп басшылығының дерегінше, “түсіндірме жұмыстарының” нәтижесінде жоғары сыныпта оқитын 200 оқушының 73-і орамал шешкен. Ал қалған 127 оқушы орамалдарын шешуге қарсы болып отыр.
"ҚЫЗЫМ ОРАМАЛЫН ШЕШУГЕ ҚАРСЫ"
Мұндай наразылық қыркүйектің 4-і күні де болған. Оқушы қыздары хиджаб тағатын 30 шақты ауыл тұрғыны Фердауси атындағы мектеп алдына жиналып, наразылық танытқан еді. Олар бастауыш сыныпта оқитын қыздардың орамалдарын шешуіне қарсы емес. Тек жоғары сыныпта оқитын қыздардың мектепке хиджабсыз баруына наразы екенін айтқан.
Ата-аналардың бірі Жанар Сафарова қызының бұрын мектепке хиджабпен барып жүргенін, бірақ осы аптада басшылық сабаққа кіргізбегенін айтты.
- Сарафан кигіздік. Орамалы бар. Тап-таза болып сабаққа барып жүрген. Енді «шешсін» дейді. [Қызым] орамалды қалай шешемін деп жүр. Мен «шешсең, шеш» дедім. Ол «шешпеймін» деп отыр, - дейді анасы.
Фердауси ауылы Шымкент қаласынан шамамен 300 километр жерде орналасқан. Ауыл тұрғындарының көбі – этникалық тәжіктер. Оқу орны да – тәжік мектебі.
17 РЕТ ӨТКЕН АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ
Мектеп директоры Жанар Мамырованың Азаттыққа айтуынша, 2017 жылдың маусымынан бері 17 рет ата-аналар жиналысы өтіп, оларға мектеп басшылығы саясатын түсіндірген.
- Бұл ауылда [хиджаб кию] дәстүр болып қалғандықтан бірден шеш деу қиын болды. Екі рет ескерту хат қолдарына бердік. Бір рет хатты пошта арқылы жіберіп, түсіндірдім. Тамызда «мектепте діни конвенцияларға тән белгілерге рұқсат жоқ» деп ата-аналарға ескерттім. Бәрі тыңдап кеткен. 1 қыркүйекте [хиджабпен келген] оқушыларды кіргіздік. Бірақ түсіндірдік. Ал қазір орамалмен мектепке кіргізбейміз деп отырмыз. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығында діни атрибуттарға рұқсат жоқ. Жоғары сыныптағы оқушылар орамалдарын шешіп жатыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізсек, орамалды шештіруге болады, - дейді директор.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлованың Азаттық тілшісіне айтуынша, әкімдік жанынан арнайы штаб құрылып, ата-аналармен кеңес қылып жатыр.
- Бір айтқан түсіндіруді бірнеше рет айтып жатырмыз. Әлі құқықтық шараларға барып жатқан жоқпыз. Бірақ көбі түсінбей жатыр. Көбі шешкісі келмейді. Өздерінің ұстанымында тұрғысы келеді. Бірақ заң – бәріне ортақ. Түсіндіру жұмысынан кейін Фердауси мектебінде жоғары сыныпта оқитын 200 қыздың 35-і, бастауыш сыныпта оқитын 136 оқушының 118-і хиджабын шешті, - дейді әкімдік өкілі.
МИНИСТРЛІКТІҢ АРНАЙЫ КОМИССИЯСЫ
Білім және ғылым министрлігі ата-аналармен бір шешімге келу үшін Фердауси ауылына арнайы комиссия жібереді. Комиссия жергілікті әкімдік және арнайы органдармен бірге ата-аналармен сөйлеседі.
- Фердаусиде былтыр оқушылардың мектепке [хиджабпен] кірген-кірмегенін білмейміз. Арнайы комиссия жіберіп, жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, осы мәселемен айналысамыз. Министрліктің бұйрығына сай оқушылар [хиджабпен] мектепке кірмейді, - деді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Азаттық тілшісіне.
Соңғы жылдары Қазақстан билігі діни радикализмнің тарауынан сақтану шаралары ретінде "дәстүрлі діни құндылықтарды" белсенді түрде насихаттай бастады. Кейбір билік өкілдері оқушы қыздардың хиджаб тағуын "жат діни ағымдардың әсері" деп қауіптенеді. Ал Фердауси ауылында тұратын этникалық тәжіктер "ешқандай діни ағымға жатпайтындарын, хиджабты дәстүрге сай тағатындарын" айтады.
"АЗШЫЛЫҚ ТОПТАРДЫ ДА ТЫҢДАУ КЕРЕК"
Ал құқық қорғаушы Евгений Цай билік қандай да бір бұйрық, заң не ереже қабылдамас бұрын қоғам талқысына салып, азшылық топтардың да ойымен санасу керек деп санайды.
- Халықаралық нормаларға сәйкес әр азаматтың тыйым салынбаған дінді ұстануға құқығы бар. Қазақстан зайырлы білім жүйесін қабылдаса, оның талаптарын да қабылдады деген сөз. Ал адамдардың бұл талаппен келіспей жататыны басқа мәселе. Қазақстанда заңдар, бұйрықтар мен ережелер жарияланбас бұрын, олардың қоғам талқысына салып, азшылық топтардың да пікірін тыңдау керек. Өкінішке орай шенеуніктердің қоғам пікірін тыңдауға тамшыдай болса да ұмытылыстарын көрмей отырмыз, - дейді құқық қорғаушы.
Оқушылардың "дәстүрлі емес түрдегі" әрі Білім және ғылым министрлігі бекіткен бірыңғай мектеп киім үлгісі туралы ережесімен сәйкеспейтін киім кигені үшін ата-аналарына айыппұл салған оқиға басқа аймақтарда да болған.
Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.
Қарай отырыңыз: Ақтөбе облысындағы "орамал дауы"
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мектептерге хиджаб дауы шыққанда "мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындары басшыларымен мәмілеге қылуға" шақырған. 2016 жылы қазанда жариялаған мәлімдемесінде ҚМДБ исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орамал дауы үдеген жыл