Жаңа оқу жылы басталғалы бері Қазақстанның түрлі аудандарында ондаған оқушы қыз орамал таққаны үшін сабаққа бара алмай жүр. Талапкерлердің өкілі Миржан Ғабдулиннің дерегінше, Орал қаласының өзінде ғана 78 оқушы қыз мектепке бармайды. Мектеп әкімшіліктері оқушы қыздарды "киімдерің бірыңғай мектеп формасында діни ерекшелігін білдіретін элементтері болмауы тиіс деген талапқа сай емес" деген уәжбен сабаққа кіргізбей қойған.
Миржан Ғабдулиннің сөзінше, Астана сотына Оралдан 35 ата-ана, Ақтөбеден 29 адам арыз берген. Олардың бәрі Қазақстан Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" №26 бұйрығының 13-тармағын Конституция нормалары мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 18-бабына қайшы ереже ретінде заңсыз деп тануды талап етеді. Әлгі бұйрықтың 13-тармағында: "Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды" деп жазылған.
Бұған қоса, бұйрықта мектеп формасы "оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді" деп көрсетілген.
Орамал таққан оқушылардың сабаққа кіруі қиын. Азаттық видеосы:
"ЖАҚСЫ ОҚУҒА ОРАМАЛДЫҢ БӨГЕТІ ЖОҚ"
Сотқа тыңдаушы ретінде келген ата-аналардың бірі Астана мектебінде бесінші сыныпта оқитын қыздың әкесі екен (аты-жөнін атамауды өтінді). Бұл адам мектепке орамал тағып барып жүрген әрі оқу үздігі атанған қызын орамал тағуға ешкім мәжбүрлемегенін айтады. Әкесінің сөзінше, тері ауруына шалдыққандықтан, қызы мектепке орамал тағып бара алады әрі дәрігерлер де осындай кеңес берген.
- Балиғат жасына толған әр мұсылман әйел басына орамал тағуы тиіс, бірақ мұның өз жөні бар, яғни баланы 12 немесе 16 жасқа толдың, енді орамал тағуың керек деп мәжбүрлеуге болмайды. Баланы бұған бірдеңе етіп дайындау керек, мұндай шешімге ол өзі келуі тиіс. Ислам діні баланы қайсыбір іске мәжбүрлеуге тыйым салады, әуелі балаға бәрі түсіндіріледі, қыздың анасы "орамал таққың келе ме?" деп сұрайды. Қыз бала орамалды өз қалауымен тағуы тиіс, - дейді ол.
Сұхбаттасымыз "салафит емес, дәстүрлі ислам дінін ұстанатыны", ал қызы ережеге сәйкес бірыңғай мектеп формасын киетіні, тек жалғыз ерекшелігі – басына орамал тағатыны жайлы айтып берді.
- Кей жерлерде оны хиджаб деп атайды, бірақ бұл - халқымыздың ұлттық бас киімі, оны жас кезінде әжелеріміз киген, - дейді ол.
ВИДЕО: Жаңаөзен мектептеріндегі орамал дауы (қыркүйек, 2017 жыл):
Астаналық тұрғын Фатима Милованованың Азаттыққа айтуынша, оның үшінші сыныптағы "төрт" пен "беске" оқитын қызы бірінші сыныптан бастап хиджаб киюді армандаған және анасынан "неге кимеуім керек?" деп сұрайды екен. Әйелдің сөзінше, орамал тағу оқу үлгеріміне әсер етпегенімен, кішкентай қыздарға неліктен хиджаб киюге болмайтынын Білім министрлігі дәйектеп түсіндіре алмаған.
- Олар (Білім және ғылым министрлігі) балалар бізге еліктейді деген уәжге сілтейді, - дейді Фатима Милованова.
Білім туралы заң әрдайым баланың физиологиясына, психологиясына, даму ерекшеліктеріне негізделуі тиіс. Егер бұлай болса, шенеуніктер орамал тағуға ың-шыңсыз рұқсат берер еді.
Өзін мұғаліммін, бірақ қазір мамандығым бойынша жұмыс істемеймін деп таныстырған Анар Қанапинаның сөзінше, жұрт балаларына сабақ оқу оңай болуы үшін, олар бүкіл зейінін білім алуға салуы үшін және бұған ештеңе кедергі болмауы үшін сотқа жүгінген.
- Білім туралы заң әрдайым баланың физиологиясына, психологиясына, даму ерекшеліктеріне негізделуі тиіс. Егер бұлай болса, шенеуніктер орамал тағуға ың-шыңсыз рұқсат берер еді, бірақ, мәселе, демек басқада болып тұр ғой, - дейді ол.
Аты-жөнін айтқысы келмеген анасы екеуі балаларды орамал таққаны үшін сабаққа кіргізбеуді кемсітушілік деп санамайтынын білдіріп, әңгімені аяқтауға асықты.
- Орамал тағу өзге балалардың құқығын шектейді дегенді түсінбеймін, мұны шиеленістіріп жүрген ересектердің өздері, - дейді Анар Қанапинаның анасы.
"АТА-АНАСЫНЫІҢ АЙТҚАНЫН ІСТЕЙДІ"
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты дін істері комитеті төрағасының орынбасары Еркін Оңғарбаев Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан – зайырлы мемлекет, бұған қоса, кез-келген мекемеде ішкі ережелерімен реттелетін нормалар болады дейді. Оның пікірінше, бұл жағдайда "дәнді қабығынан ажырата білу керек".
- Балиғат жасына толған қыздардың орамал тағу нормасы Құранда жазылған, бірақ бұл жерде әңгіме 6-7 жастағы балалар туралы болып тұр ғой. Қоғамда өзін қалай ұстау керегін, қалай киіну керегін бала қайдан білсін. Ересек адам болса саналы түрдегі таңдауы деп айтар едік, ал бала қалай киіну керегін білмейді ғой, сондықтан әке-шешесі не айтса, соны істейді. Бұл жерде балаларын осылай киінуге мәжбүрлейтін ата-аналардыкі онша дұрыс емес, - дейді Еркін Оңғарбаев.
Оның пікірінше, мұндай жағдайдың балаларға психологиялық тұрғыдан да әсері бар – "олар өзгелерден бөлектеніп қалғандай сезінеді, өйткені басқа балалардың бәрі мектеп формасын киіп барса, бұлар орамал тағып жүреді" сондықтан бұл онша жақсы нәрсе емес.
- Егер ел ауқымында алып қарасақ, мектепте орамал тағатын қыздар бүкіл халықтың 0,15 пайызындай ғана. Ата-аналар баламыздың құқығын қорғағымыз келеді дейді, бірақ олар қыздарының емес, көбінесе өз құқығын қорғайды, - дейді Еркін Оңғарбаев.
Бұған қоса ол Қазақстанда барлық діндер тең құқылы, "бірақ ертең өзге дін өкілдері де әлдебір діни элементтері бар киім киіп жүргісі келсе, бұған ислам өкілдері келіспеуі мүмкін ғой" дейді. Оның сөзінше, Қазақстанның көп ұлтты әрі көп конфессиялы ел екенін ескеру керек.
- Егер мәселені әлдебір діннің пайдасына қарай реттейтін болсақ, өзге дін өкілдері наразы болуы мүмкін, - дейді Еркін Оңғарбаев.
Әйткенмен ол сот бұл істі қарап, шешім қабылдасын, "біз сот шешіміне бағынамыз" деді.