"Газетке жазылуға күштеді". Балабақша тәрбиешісі Тоқаевтан көмек сұрады

Your browser doesn’t support HTML5

"Газетке жазылуға мәжбүрлейді" деген тәрбиеші Тоқаевтан көмек сұрады

Түркістан облысында балабақша қызметкері басшылықтың газетке жазылуға мәжбүрлеп жатқанын айтып, президент пен білім министріне әлеуметтік желі арқылы шағым жолдады. Оның сөзін әріптестері қуаттап отыр. Білім министрлігі мұндай шағымның жиі түсетінін мәлімдейді. Бірақ мемлекеттік басылым редакторы "газетке әркім өз еркімен жазылады" дейді. Ал оппозициялық газеттің шығарушысы "мәжбүрлеудің тамыры елдегі саяси ахуалға" байланысты екенін айтады.

"МЕНІ МАЛҒА ТЕҢЕДІ"

25 желтоқсан күні Facebook желісінде газетке күштеп жаздыруға шағынған балабақша тәрбиешісінің ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтан көмек сұраған үндеуі тарай бастады.

9 жасар баласын бір өзі бағып отырған жалғыз басты ана Ақмарал Бүрлібаева Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Састөбе ауылындағы "Қарлығаш" мемлекеттік балабақшасында 2009 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ол әр жарты жыл сайын басшылық "жазылыңдар" деген баспасөзге жазылып отырған. Бірақ пандемия кезінде күнкөріс қиындаған соң, осы жолы бас тартқан. Салдарынан басшылықтың қысымына тап болған.

Бүрлібаеваның айтуынша, балабақша басшысы газет-журналға жазылуды бір-екі апта бұрын тапсырған. Осыдан кейін тәрбиеші Түркістан облыстық білім басқармасына хабарласып, балабақша әдіскерінің газет-журналға жазылу туралы талабы қаншалық заңды екенін сұраған. Басқарма баспасөзге жазылудың ерікті түрде жүретінін, мәжбүрлеудің заңсыз екенін айтқан. Бүрлібаева осы уәжді әдіскерге айтқанында қысымға тап болғанын айтады.

"Менің хабарласқанымды біліп, кеше кешке әдіскерім маған жекеге шықты. Одан бүгін тағы да өзіміздің ұжымдастарға "Арамызда адам емес екі аяқты сатқын бар екен" деген сөздерді жазды. Басқа ұжымдастар "Ол кім екен?", "Құдай сақтасын!", "Құдай көрсетсін!" деп әдіскерді жақтап жатыр" дейді тәрбиеші Facebook-тегі үндеуінде.

Бүрлібаева басшысының "екі аяқты сатқын" деген сөзі көңіліне қатты тигенін айтады.

"Өмірдің қиыншылығын көріп өскен едім" деп көзіне жас алды видеода балабақша тәрбиешісі. "Менің балабақша әдіскерім бізге ақыл-кеңес көрсететін [адам], біз сол кісіден тәлім аламыз ғой. "Адам емес, екі аяқты" деп мені малға теңеді. Одан кейін әріптестерім мені қалай сыйлайды?".

Бүрлібаева кей тәрбиешілердің газеттерге өз еркімен жазылып жатқанын, бірақ бәрінің отбасылық жағдайы бірдей емесін айтады. Оның сөзінше, бірі көп балалы ана, бірі өзі секілді жалғыз басты ана, бірі мүгедек.

Айтуынша, атқарған жұмысы үшін 102 мың теңге алады, оның жартысы несиесіне, жартысы күнкөріске кетеді.

Бүрлібаева Азаттыққа балабақша әдіскерінің WhatsApp желісіндегі чат арқылы берген тапсырмасын тыңдатты. Онда әдіскердің "Мен мына газетке жазыламын деп қазір бәрің тізімдеріңді жіберіңдер. Сосын ақшасын жеткізіп беріңдер" деген сөздері естіледі.

"Машат" жоқ екен, "Шамшырақ" бар, Егемен Қазақстан бар 15 дана, "Южанка" бар ("Южный Казахстан" газеті – ред.), Катя жазылады ғой оған (газет орыстілді, шамасы балабақшада жұмыс істейтін ұлты орыс қызметкер – ред.), тағы бір журналдар бар деді. Ең құрмағанда үш айға жазылсаңдаршы. Ал енді жаңағы бөлінбейтін "Шамшырақ" сияқтыларға оған болса да алты айға жазыласыңдар" дейді әдіскер қызметкерлеріне чат арқылы.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Састөбе ауылындағы "Қарлығаш" мемлекеттік балабақшасы қызметкері Ақмарал Бүрлібаева балабақша басшысының газет-журналға жазылуға мәжбүрлеп жатқанын айтады. Суретте балабақша қызметкерлерінің WhatsApp желісіндегі чаты. Онда қызметкерлер газетке жаздыру мәселесінің талқылап отыр.

"ЕРІКТЕН ТЫС, БІРАҚ МӘЖБҮРЛЕУ ЕМЕС"

"Қарлығаш" балабақшасының әдіскері Балқия Аяпова "жазылу дұрыс екенін ескерткенім рас", бірақ мәжбүрлеу болмады дейді.

– Біздің ұжымда баспасөз жазылу мәжбүрлі түрде іске асырылған жоқ. Бірақ мен өз тарапымнан педагогтарыма ақпараттық құралдарға жазылу керек екені туралы, өзіміздің кәсіби жұмыстарға байланысты журналдарға жазылып тұруымыз керек екені туралы, білімімізді жетілідіріп тұру керек екенімізді, жазылу дұрыс екенін ескерткенім рас, – деді Аяпова Азаттыққа.

Азаттық сұрақтарына жауап беру барысында Аяпова "ескертуінің" еріктен тыс жаздыру екенін мойындады, бірақ оның мәжбүрлеу деп санамайтынын айтты.

– Еркінен тыс жаздыру деп ойлаймын, бірақ мәжбүрлегенде оның ақшасын қалтасынан қалай суырып аласың? Ол менің басыма кірмейді".

Аяпова WhatsApp желісіндегі Бүрлібаева тыңдатқан аудио хабарламаларды терістемеді.

Бүрлібаева газетке жазылуға ақшасы жоқ екенін, облыстық басқарманың "жазылу ерікті түрде жүзеге асуы керек" дегенін айтқан соң балабақша басшылығының қысымына тап болғанын айтады.

– Мен жұмыстан босап кетсем, менің әкесіз өсіп жатқан, кәмелетке жасқа толмаған баламды, бірінші топтағы көз мүгедегі анам бар және өзім қалай ары қарай күн көремін? – Ақмарал Бүрлібаева.

Газетке күштеп жаздыруды және келіспегендердің қысым көруін оның әріптесі Қатира Жұмабаева растап отыр.

– [Газетке] жазылған жоқпын. Жазылуға, шыны керек, ақшам да жоқ. Бұрын жазылатынбыз, жазылмайын десең де жазылатынсың. Бізге жүктеме әкеп береді де, "осындай газеттерге міндетті түрде жазыласыңдар" дейді. Сонымен жазылып жүрдік, – Ақмарал Бүрлібаеваның әріптесі.

"ФЭЙСБУКТІҢ ГҮЛІСІҢДЕР"

Жұмабаева шілде айында пневмонияға шалдыққанын, сол кезде Facebook желісіне шығып, жалақысын толық беруді талап еткенін айтады.

– Біз негізі бес қызбыз ғой. Сол бес қызды түртпектей береді ғой. Қазірдің өзінде "Фэйсбуктің гүлісіңдер" түртпектеп отыр ғой. Бізбен жөнді амандаспайды, табель өткізуге барсақ, "О, мыналар келді, оларға ештеңе айтпау керек" дегендей қылып шеттетіп тұрады, – дейді Қатира Жұмабаева.

"Қарлығаш" балабақшасында 2009 жылдан бері жұмыс істейтінін айтқан Жұмабаева газеттен бөлек комиссия келгенде де міндетті түрде ақша жиналатын дейді.

– Мына карантин болып, кішкене жанымыз қалып тұр ғой, – дейді ол.

ГАЗЕТТЕ ІСТЕЙТІНДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Әдіскер айтқан "Машат" пен "Шамшырақ" аудан газеттері болса, "Егемен Қазақстан" таралымы бойынша елдегі ең ірі. Мемлекет меншігіндегі газеттің әр нөмірі осы күндері 185 720 данамен шығады. Басылым бюджеттен жылына жүздеген миллион теңге қаржы алады. Бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп газетке жазылуға ешкім ешкімді мәжбүрлемейді дейді.

– Бізде арнайы бөлім бар, таралыммен солар айналысады. [Жазылу] өзінің еркімен жүргізіледі деп жазылған. Мен, мысалы, қажет деп табам ба жазыламын, – дейді ол.

Оппозициялық "Дат" газетінің редакторы Ермұрат Бапи бюджеттен айлық алатын жүз мыңдаған қызметкерді мемлекеттік басылымдарды алуға күштеп жазу бұрыннан бар екенін айтады. Сөзінше, ол шаруа әкімшілік ресурс арқылы жүзеге асады.

– Баспасөзге жазылу науқаны басталғанда әрбір ұжымға кәсіпорын, мектеп, ауруханаларға қай газетке жазылу қажеті жөнінде "разнорядка" деген түседі. Оның ішінде "Егемен Қазақстан" бар, "Казправда" бар, басқасы бар. Сол жоспарды орындау үшін зорлық-зомбылық болады, қысады. Қысастықпен жазылатын мәселенің түп тамыры-елдегі саяси мәселенің жағдайына байланысты. Елдегі баспасөз нақты өмірдің ақиқатын жаза алмайды – дейді ол.

Білім және ғылым министрлігі балабақша әдіскері қарамағындағыларға тапсырманы өз бетімен бере алмайды дейді және осы соңғы оқиғаға байланысты тексеру басталғанын хабарлады.

– Әкімшілік іс қозғалды. Барлық құжаттар, барлық материалдар қазіргі сәтте зерттеліп жатыр. Елуден астам педагогтар шағым түсірген екен, соның ішінде өздерінің қызметіне жатпайтын жұмыстарға тарту, газет-журналдарға жазылу мәселесі де болды. Шағымның көбі осы Түркістан облысынан түседі, – дейді Білім және ғылым министрлігінің өкілі Гүлзат Көбенова.

Қазақстанда мұғалімдерді газет-журналға күштеп жаздыру мәселесі жиі қозғалады, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Күштеп жаздырылатын газеттердің басшылығы, жергілікті әкімдіктер мұны жоққ шығарады, Білім және ғылым министрлігі растайды, бірақ шарасыздық танытады.

Газетке жазылу күштеп ақша жинау және эксплуатациялау дейтін ауқымдырақ мәселенің бір тармағы ғана. Өткен айда Шымкент қаласындағы №125 директордың туған күнінен бастап, мектеп пердесіне дейін ақша жинайтынын айтып шағынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Директордың туған күніне де". Жөнсіз ақша жинауға шағынған мұғалімдердің оқиғасы қалай өрбіді?

Парламент сайлауы қарсаңында мұғалімдердің сайлауға дайындық жұмыстарына жегілетіні, одан білім сапасы нашарлайтыны айтылып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мұғалім қолымен жасалатын былық". Сайлауды бұрмалауға ұстаздар қатыса ма?