Accessibility links

"Әлеуметтік теңсіздік туғызды". Үздік мектепке түсу бәсекесінде ақшасы бар ғана оза ма?


Қазақстандағы ауылды жердегі мектептегі сабақ кезі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы ауылды жердегі мектептегі сабақ кезі. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 3,5 миллиондай оқушының 70 мыңға жуығы шәкіртті конкурспен іріктеп қабылдайтын мамандандырылған мектептерде оқиды. Бұл барлық оқушының екі пайызына тең. Билік Назарбаев мектебі сынды арнаулы мектептегі балаға жалпы орта мектептің оқушысына қарағанда алты есе көп ақша жұмсайды. Ата-ана да баласын арнайы мектепке түсіру үшін тапқан табысын аямайды. Азаттық сөйлескен сарапшылар арнаулы мектепке түсу бәсекесі әлеуметтік теңсіздік туғызып отыр дейді.

"ЖЫЛ БОЙЫ ДАЙЫНДАЛДЫ"

Ақтөбелік 11 жасар Бота биылғы оқу жылын жаңа оқу орнында – Назарбаев зияткерлік мектебінде (НЗМ) бастады. 7-сынып оқушысының анасы қызының республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, білім гранты негізінде оқытатын мектепке түскен кездегі машақатын айтып берді.

Шешесі Гүлімнің (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) айтуынша, Ботаның бұған дейінгі мектебі де "дарынды оқушыларға арналған", бірақ "таңдаулы" деген мектептің өзінде маман тапшылығы байқалған.

– Ағылшын тілі пәні мұғалімінде жұмысы тым көп болды. Балаларға тапсырма бергенімен, оны тексеріп үлгермейтін. Қызым мектептен келген бойда ағылшынша сөйлеп, бүгін не үйренгенін сұрай бастаймын. Сонда Ботаның деңгейі өз жасына сай емесін білдім. Мектебіне барып, ағылшын оқытатын апайынан "Қате кімнен кетіп жатыр?" деп сұрадым. "Бұл сынып маған қосымша есебінде берілген. Мен негізі жоғары кластарға сабақ беремін" деп, мәдениетті түрде "маған бұл артық жұмыс" дегенге келтірді. Сосын қызымды тіл курсына жібере бастадым, – дейді Гүлім.

Назарбаев зияткерлік мектебі. Сурет мектептің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан алынды.
Назарбаев зияткерлік мектебі. Сурет мектептің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан алынды.

Балаларын қосымша сабақтарға тасып әуреге түскен әйел тұңғышын Назарбаев зияткерлік мектебіне беру туралы шешім қабылдаған.

– Қызымның өзі де ынта білдірді. Төрт баламды ары-бері тасуым керек болды. Ол қиын. Ал Назарбаев мектебі соның бәрін толық қамтиды. Тамағын, киімін береді. Оның үстіне ондай ортада бәсеке болады. Қызым бұрын оқыған мектептегі сыныпта балалар аса жарысып оқыған жоқ, – дейді әйел.

Қызын зияткерлік мектепке ауыстыруына Гүлімнің "балам шетелде білім алса екен" деген ойы себеп болған. Оқуға түсу оңай соқпаған.

Курс, жеке сабақтары өте қымбатқа түсетін. Өзімізді киімнен, дәмханаға барудан, түрлі артық шығыннан тыйдық.

– Қызым жыл бойы дайындалды. Бес күн интернатта болады. Сенбі күні үйге келгенде таңертең – математикадан беретін ағайына, түстен кейін ағылшын тілі сабағына барады. Жексенбі күні түске дейін ұйықтап, кешке интернатына кетеді. Жыл бойы аптасына осылай бес сағат қана демалып жүрді. Балама "ауыр болса, қоя ғой" деп едік, өзі жалғастыра берді. Шыдамдылық танытты. Назарбаев мектебіндегі бір орынға қаншама бала таласады ғой... – дейді Гүлім.

Ботаның зияткерлік мектепке түсу үшін қатысқан дайындық сабақтарына уақыт қана емес, қаражат да көп кеткен.

– [Жыл бойы] ақша үнемдедік. Курс, жеке сабақтары өте қымбатқа түсетін. Өзімізді киімнен, дәмханаға барудан, түрлі артық шығыннан тыйдық. Маусым сайын киінуді қойдық, – дейді әйел.

"КЕМШІЛІКТЕРДІ КӨРСЕТТІ"

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, Қазақстанда республикалық білім беру ұйымдары, Білім-инновация лицейлері (БИЛ) мен Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ) сияқты 131 мамандандырылған білім беру мекемесі бар.

Елдегі 7 мыңнан астам жалпы орта мектепте 3,4 миллионға тарта бала оқиды. Ал арнаулы мектептердегі бала саны – 68 мың. Бұл – балаларды іріктеп оқытатын мамандандырылған мектептерде Қазақстандағы барлық оқушының екі пайызы ғана білім алады деген сөз.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Назарбаев зияткерлік мектебіне барған сәті. Павлодар, 27 сәуір 2019 жыл. akorda.kz сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Назарбаев зияткерлік мектебіне барған сәті. Павлодар, 27 сәуір 2019 жыл. akorda.kz сайтындағы сурет.

Азаттық тамыз айында балаларды конкурс арқылы қабылдайтын танымал екі оқу орнына – Білім-инновация лицейі мен Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушы саны мен өзге де деректерді сұрап ресми хат жіберген. БИЛ әкімшілігі телефон арқылы "сауалдың мақсатын" сұрады, бірақ содан бері екі ай өтті, хатқа жауап бермеді.

Назарбаев зияткерлік мектебінің Азаттыққа жазуынша, мектепке түсуге ынта білдіргендер саны (мектепке 6-сынып оқушылары конкурс негізінде қабылданады – ред.) жыл сайын артып келеді. Мысалы, бес жыл бұрын, 2016 жылы мектепке түсу емтиханын тапсырғандар 16 мың болса, биыл талапкер саны 20 мыңнан асқан.

"Қазбілім" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы.
"Қазбілім" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы.

Республикалық Qazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы арнаулы мектептерге түсуге ниет еткендердің көбеюін жұрттың "білімнің шын құнын түсінуімен" байланыстырады.

– Білімге деген ұмтылыс пайда болды. Ата-ана жай мектептердегі және арнаулы мектептердегі білім беру сапасын, ағылшын тілін үйрету жағын, материалдық жағдайын салыстырып, біліп отыр. Ата-ана мектеп таңдайды. Басқа амал жоқ, – дейді ол.

Астананың өзінде жекеменшік мектептер ғана болмаса, бір ауысыммен оқитын мектеп жоқ. Бұл – баланың шығармашылықпен айналысатын ортасы жоқ деген сөз.

Мұғалім сөзінше, "сапалы білімге деген сұраныстың артуы" білім беру саласының кемшіліктерін аша бастаған.

– Орта мектептер сапалы білім бере алмай жатыр. Үш ауысымда оқытатындар бар, апатты жағдайдағы мектептер бар, кадр сапасына қатысты мәселе бар, материалдық жағдай жетіспейді. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлерінде балалар бір ауысыммен ғана оқиды. Шығармашылық ізденіске жағдай жасалған. Ол жерде 24 бала ғана отырады. Қарапайым мектепте бір сыныптағы бала саны 30-дан асып кетеді. Астананың өзінде жекеменшік мектептер ғана болмаса, бір ауысыммен оқитын мектеп жоқ. Бұл – баланың шығармашылықпен айналысатын ортасы жоқ деген сөз. Қазақстанда арнаулы мектептер көп емес қой. Сұраныс жылдан жылға артпаса, төмендемейді, – дейді Ахметжанұлы.

Балаларды мамандандырылған мектептердің қабылдау емтиханына дайындаумен айналысатын орталықта қазақ тілінен сабақ беретін нұр-сұлтандық Еңлік Беріш "дайындыққа келетін қарапайым мектеп оқушыларының білім деңгейі төмен" дейді.

– 6-сынып мектепте не көріп жатқанын айтып отырады. Бір сыныпта 40 бала отыратын мектептер бар. Сынып та көп. "Е", "Ғ" деген сыныптар бар. Ата-ана баласының дұрыс білім алып жатпағанын көріп, қосымша сабақтарға жібере бастайды, – дейді Беріш.

Шымкенттегі мектептердің бірінде сабақта отырған оқушылар. 9 қараша 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Шымкенттегі мектептердің бірінде сабақта отырған оқушылар. 9 қараша 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстан білім және ғылым министрлігі Азаттыққа берген жауабында мамандырылған мектепке деген сұраныстың артуы жалпы білім беретін орта мектептегі оқу сапасының төмен болуынан деген пікірді жоққа шығарды.

– Олардың қалауы – баласына ағылшын тілінде тереңдетілген білім беру, – дейді министрлік.

Ведомство сөзінше, мамандандырылған білім беру ұйымдары дарынды балалардың потенциалын толық дамыту мақсатында жұмыс істейді.

Министрлік жалпы білім беру мекемелері мен мамандандырылған мектептердегі білім сапасының деңгейіндегі айырмашылыққа "оқу жүктемесінің көлемі себеп" екенін жазады. "Өйткені [мамандандырылған мектептер] білім алушыларға ғылым негіздерін терең үйретеді" деп түсіндіреді министрлік.

"БАРЛЫҚ БАЛАҒА ТЕҢ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ КЕРЕК"

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Қуанышбаева мектепке оқуды бітірген соң, 2015 жылдың қыркүйегінде жұмысқа тұрған. Оған дейін басқа орта мектепте істеп көрмеген.

Бұл мектепке біліктілігі мол мұғалімдер келеді, солардан үйрену үшін, өсу үшін келдім.

– Назарбаев мектебіне оқытушыларды білімді тестілеу және шығармашылық емтихандар бойынша қабылдайды. Осы емтиханнан өткен мұғалімдер директормен сұхбаттасып, одан соң жұмысқа қабылданады. Мұғалімдерге өзінің біліктілік тестінен бөлек, қазақ тілінен "ҚАЗТЕСТ" және ағылшын тілінен IELTS, APTIS сияқты тест тапсыру міндеттеледі. Әрбір тестің жарамдылығы екі-үш жыл ғана. Бұл мектепке біліктілігі мол мұғалімдер келеді, солардан үйрену үшін, өсу үшін келдім. Мұндағы мұғалімдер ортасы мені өсірді. Осында келгеніме өкінбеймін, – дейді ол.

Мұғалім пилоттық жоба аясында ауыл мен аудан мектептеріне барып, түрлі шара ұйымдастырып тұрады.

– Басқа мектептерді сол кезде көрдім. "Барлық мектепте біздегідей жағдай жасалса" деп ойладым. "Әр кабинетте интерактивті тақта болса, оқушыларға білімді қызықты, қолжетімді түрде бере алсақ" деп ойлаймын. Сонда жас, мықты мамандар да қарапайым мектептерге жұмыс істеуге барар ма еді? – дейді ол.

Ауыл мектебінің мұғалімі коронавирус карантині кезінде пошта байланысы арқылы білім алатын оқушыларға тапсырма дайындап жүр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.
Ауыл мектебінің мұғалімі коронавирус карантині кезінде пошта байланысы арқылы білім алатын оқушыларға тапсырма дайындап жүр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Мұғалім Қазақстанда барлық оқушы бірдей жағдайда білім алуы керегін айтады.

Ең бірінші білім саласында әділдік болуы керек.

– Бірақ, өкінішке қарай, бізде олай емес. Өзім ауыл мектебінде оқып, кейін жетінші сыныпта [дұрыс] жағдай үшін, білім үшін қалаға келгенмін. Барлық балаға тең жағдай жасалуы керек. Мұны әділетсіздік деп есептеймін. Ең бірінші білім саласында әділдік болуы керек, – дейді мұғалім.

Қазақстанның 2020-2022 жылдарға бекітілген республикалық бюджетінде биыл Назарбаев зияткерлік мектептеріне 25 миллиард 416 миллион теңгеден аса қаржы қарастырылған.

Елдегі 20 желісі бар НЗМ-нің 15 мыңнан астам оқушысының әрбіріне биыл 1,6 миллион теңгеден көп қаржы бөлінеді.

Ал білім және ғылым министрлігіне қарайтын қаржы орталығының дерегінше, биыл елдегі орта мектептің бір оқушысына шамамен 270 мың теңге бөлінген.

Бұл – зияткерлік мектеп оқушыларына орта мектептегі балаларға қарағанда алты есе көп қаржы бөлінеді деген сөз.

"ҚАРАПАЙЫМ БАЛА ТҮСЕ АЛМАЙДЫ"

Білім министрлігі мамандандырылған мектептерге оқушылар конкурс арқылы түскендіктен "жүйелі дайындық қажетін" айтады.

Арнаулы мектептерге түсу бәсекесі күшейген сайын 6-сынып оқушыларын қабылдау емтиханына дайындайтын орталықтар да көбейген. Бірақ жекеменшік білім беру орталықтарының нақты саны белгісіз – білім министрілігі "жеке құрылымдар жұмысын реттемейтінін" айтады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің біріндегі сабақ. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің біріндегі сабақ. Көрнекі сурет.

Мұғалімдердің сөзінше, дайындық курсына қатыспаған оқушының мамандандырылған мектепке түсуі неғайбыл.

– Оқуға түскендерді қарасаңыз, бәрі – дайындық орталығына барған балалар. Бала данышпан болмаса, мектепке қосымша дайындықсыз түсе алмайды. Нұр-Сұлтандағы мұндай курстардың ай сайын алатын ақысы орта есеппен 80 мың теңге. Оған екінің бірі бара алмайды, – дейді Еңлік Беріш.

Қабылдау емтиханына дайындайтын ақылы курстар оқушының мамандандырылған мектепке түсуіне кепілдік бермейді.

35 жастағы Шымкент тұрғыны Ләззат Қалдарбекова Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін "жыл бойы дайындалған баласының еңбегі күйіп кеткенін" айтып қапаланады.

Мектебінде білім төмен болған соң, НЗМ-ға түсу үшін бір жыл курсқа барып жүрді. Ай сайын 54 мың теңге төледік.

– Мектебінде білім төмен болған соң, НЗМ-ға түсу үшін бір жыл курсқа барып жүрді. Ай сайын сабағына 54 мың теңге төледік. Азаннан кешке дейін екі есе жүктемемен оқыды. Мектептен қалып та дайындалатын. Биыл балам тапсырған Назарбаев зияткерлік мектебіне былтырғыдан аз грант бөлініп, баламмен бірге 23 оқушы резервте қалып қойды. Нәтиже шыққан соң баламның сабаққа, оқуға ынтасы түсіп кетті, – дейді әйел.

Назарбаев зияткерлік мектебі әкімшілігінің дерегінше, мектепке қабылдау емтиханын тапсырған оқушылардың орта балы кейінгі бес жылда тұрақты түрде өсіп келеді.

Мәселен, ең жоғарғы нәтиже 1300 балл болатын емтиханда оқушылар 2016 жылы орта есеппен – 543 балл, 2020 жылы 604 балл жинаған.

Ақтөбелік мұғалім Сәлім Қойшыбай репетитор ретінде сабақ беріп, балаларды арнаулы мектеп емтиханына дайындайды. Ол мамандандырылған мектепке "қарапайым балалар түсе алмайды" дейді.

– Былтыр іссапармен Алматы облысы Кеген ауданы Тұйық ауылына бардым. Екі жүздей үй бар. Интернет пен байланыс жоқ деуге болады. Мектепте физика пәнінің мұғалімі жоқ. Ол пәнді информатика пәнінің мұғалімі оқытады. Балалар әлі күнге дейін амалсыздан француз тілін үйреніп жүр. Себебі ағылшын тілі мұғалімі жоқ. Тап бір өткен ғасырдың 80-жылдары сияқты. Обал. Алматы мен Тұйық арасы – 400 шақырым. Ауыл қосалқы әлемде өмір сүріп жатқан іспетті әсер қалдырады. Қалада ақшасы барлар баласын қосымша сабақтарға береді. Сосын, әрине, арнаулы мектептерге Тұйықтың баласы емес, қаланың балалары түседі, – дейді ол.

Жергілікті мектептің екінші класс оқушылары сабақта отыр. Қособа ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 9 қыркүйек 2020 жыл.
Жергілікті мектептің екінші класс оқушылары сабақта отыр. Қособа ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 9 қыркүйек 2020 жыл.

Қойшыбайдың сөзінше, мамандандырылған мектептер емтиханының сұрақтары баланы қосымша оқуға мәжбүрлейді.

– Биыл қабылдау емтиханы 14 наурызда өтті. Алдыңғы жылы 4 наурызда өткен. Ал тестіде балалар мамырда, сәуірде өтетін тақырыптар бойынша сұрақ қойылады. Мектепте оқып жүрген бала көп затты білмей, аз балл алып қалуы мүмкін. Ал жеке дайындықта жаңа жылға дейін 6-сыныпты толық бітіріп тастаймыз. Мәселен, Білім-инновация лицейіне арнайы дайындықсыз мүлдем түсе алмайды. Себебі олардың сынағында "Логика" деген бар. Ал логиканы мектепте үйретпейді. Түркияның оқулықтарын тауып оқытамыз. Орталыққа келетін шәкірт – курс ақысын төлей алатын бала, – дейді мұғалім.

НЗМ келтірген дерек бойынша, зияткерлік мектепке түсетін қала мектебінің оқушылары ауыл балаларынан 11 есе көп. Биыл мектепке ауыл мектебінен – 243, қала мектебінен 2709 оқушы қабылданған.

"ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК"

Педагогтар біліктілігін арттырумен айналысатын маман Нұрлан Иманғалиевтің сөзінше, озық елдер тәжірибесінде оқушы басқа мектеп іздемей, алғаш барған мектебін бітіріп шығады.

– Финляндияда арнаулы мектептер жоқ деуге болады. Оларда "Ең жақсы мектеп – жақын тұрған мектеп" деген сөз бар. Яғни, мектепті рейтингіне қарай емес, жақындығына қарай таңдайды. Себебі барлық мектептің сапасы бірдей. Ерекше дарынды балаларға өзгеше бағдарлама жасалып, қосымша тапсырма беріледі. Мүгедектігі бар балаларға да сондай жағдай жасайды, – дейді Иманғалиев.

Мектепке бара жатқан оқушы қыз. Батыс Қазақстан облысы, 4 наурыз 2020 жыл.
Мектепке бара жатқан оқушы қыз. Батыс Қазақстан облысы, 4 наурыз 2020 жыл.

Бірақ, маманның пікірінше, Қазақстанның білім саласындағы жағдайға байланысты дарынды балалардың потенциалын ашу үшін арнаулы мектептер керек.

– Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесін мүгедектігі бар балаларға ғана қатысты нәрсе деп ойлайды. Негізінде инклюзивті білім беру жүйесі бойынша, үйрену қабілеті төмен бала да, дарынды бала да бір мектепте оқып, өзіне қажет білім ала білуі керек. Әр мектеп инклюзивті болса, кез келген мектепте кез келген бала оқи алады. Өкінішке қарай, бізде оған жағдай әлі толық жасалмаған. Сол үшін оқушыларды іріктеп оқыту үрдісі бар. Жалпы қарағанда іріктеп оқытуды толық қолдамасам да, әзірге осы дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе олар потенциалын аша алмай қалады. Оларды қарапайым мектепке берсе, дами алмауы мүмкін, – дейді ол.

Иманғалиевтің сөзінше, қабылдау емтиханына дайындайтын орталықтар сынақтан өтетін оқушылардың орта балын көбейтіп, грант алу бәсекесін күшейтіп отыр. Маман баланы арнаулы мектепте оқыту ұмтылысының салдарын былай болжайды:

– Мамандандырылған мектептердің қабылдау емтиханы бала өз бетінше дайындала алатындай деңгейде болмаса; қабылдау емтихандары оқушының IQ-ін, жеке қабілетін емес, тестке даярлығын тексерсе, [үздік мектептерге түсуге дайындайтын] орталықтар көбейе береді. Ал қосымша курстарға баласын ақшасы бар ата-ана ғана жібере алады. Оқу ақысын қалтасы көтеретін бала қатысып, деңгейін көтере алады. Ал жағдайы жоқ оқушы қанша жерден дарынды болса да, қабілетін шыңдай алмай, қалып қояды. Бұл әлеуметтік теңсіздік туғызуы мүмкін.

2018 жылғы көрсеткіш бойынша жасалған инфографика:

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG