СОТ ШЕШІМІ
Бір жылдың ішінде Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихаты депутаты болып екі мәрте сайланған Мұхтар Есжанов пен "Amanat" партиясы арасындағы даулы істі сот партияның пайдасына шешті. Бұрын екі облыстық сотты басқарған, Жоғарғы сот судьясы болған, парақорлық айыбы тағылып, кейін толық ақталған 62 жастағы Мұхтар Есжанов өзін депутат мандатынан айыруға негіз болған "Amanat" партиясының қаулысының күшін жоюды сұрап сотқа арызданған еді.
"Өзім мүше болмаған партия құрамынан мені қалайша шығарады?" деген Есжанов партия мүшелігіне өзін қабылдау туралы ешқашан өтініш бермегенін алға тартты.
Азаматтық істі қараған Түркістан қалалық сотының судьясы Аида Сапарбек 13 маусымда Мұхтар Есжановтың "Amanat" партиясына қарсы берген арызын қанағаттандырмайтыны жөнінде шешім шығарды.
– Есжанов партияға мүше емес екенін көрсеткен. Басқа негіздер көрсетілмеген. Партияға қабылданғаннан оның қатарынан шығарғанға дейінгі уақытта талапкер партия мүшесі екенін даулау жөнінде әрекет жасамаған. Есжанов саяси партияның мүшесі ретінде бірнеше әрекет жасаған. Бұл оның партия мүшесі екенін куәландырады, – деді судья өз ұйғарымын түсіндіргенде.
Судья Аида Сапарбек азаматтық іс бойынша анықталған мән-жайларға байланысты тиісті шара қолдану үшін жеке ұйғарым шығарып, партияға жолдады. Онда сот кімге, неге, қандай шара қолдануды талап еткені әзірге белгісіз.
Сот шешіміне келіспеген Есжанов апелляциялық шағым беретінін мәлімдеді.
Мұхтар Есжановқа парақорлық айыбы қалай тағылды
2008 жылы ақпанда Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұхтар Есжанов қылмыс жасағаны дәлелденбеген адамдарды күшпен мойындату үшін ұрып-соғып, азаптаған деген айыппен сотталған полицияның бұрынғы басшы қызметкерлерінен "50 мың доллар пара алған" деген күдікке ілінген. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Есжановтың үстінен "аса ірі көлемде пара алу", "қызмет өкілетін асыра пайдалану" және "қылмысты жасыру" деген үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ақтөбеге дейін Қызылорда облыстық соты төрағасы, Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы болып лауазымды қызметтер атқарған Есжанов өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарған. Қоғамда резонанс тудырған бұл істі қараған Орал қалалық соты 2008 жылғы 12 желтоқсанда Мұхтар Есжановқа тағылған барлық айыптарды алып, оны толық ақтау туралы шешім шығарған. Онымен бірге айып тағылған Ақтөбе қалалық сотының төрағасы Тұрсын Қорғанбеков кінәсін мойындаған соң лауазымынан босатылып, судья қызметінен шеттетілген.
"БІЗГЕ КӨРСЕТКІШ КЕРЕК, ПАРТИЯ АТЫНАН ТҮСІҢІЗ"
Мұхтар Есжановтың сөзінше, былтыр ол Отырар аудандық мәслихат сайлауына қатысуды ұйғарған. Өзі туып өскен Маяқұм ауылында өткен жиналыста тұрғындар Есжанов жергілікті мәслихат депутаты болуға лайық деп айтқанын сотта куә ретінде қатысқан бірнеше адам растады. "Amanat" партиясы алғашында өз үміткері ретінде Мейірбек Қауымбаевты дайындағанымен, кейін Есжановқа сайлауға партия атынан түсу жөнінде ұсыныс жасаған.
– 2023 жылғы 20 қаңтарда ауылдағы сайлау комиссиясына келсем, ондағылар "сізді "Amanat" партиясынан түседі деген, партияға барыңызшы" деді. "Amanat"-қа еш қатысым жоқ, партия мүшесі емеспін. Барсам, сол кездегі партияның Отырар аудандық бөлімінің төрағасы Абай Құрман отыр екен. "Әкімге кіріп шығыңызшы, "Amanat" партиясынан түскені дұрыс деп жатыр" деді. Отырар ауданының сол кездегі әкімі Сәкен Сұлтанхановқа бардым. "Бізге көрсеткіш керек. "Amanat" партиясынан түсіңіз" деді. Келістім, – дейді Есжанов.
Сайлауалды науқан кезінде кандидат Мұхтар Есжанов үгіт-насихатын "Amanat" партиясы атынан жүргізген, партияның дайындаған киімін киіп, өмірбаян деректерінде "Amanat" партиясы мүшесі екенін атап көрсеткен. Баспасөз құралдарында жарияланған сайлауалды бағдарламасында "Amanat" партиясына саналы түрде мүше болып кіргенін, ел және партия сенім білдіріп, үлкен жауапкершілік пен үміт артқанын" жазған.
2023 жылғы 19 наурызда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өткізілді. Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихаты депутаттығына №7 сайлау округі бойынша төрт кандидат түскен. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, "Amanat" партиясынан ұсынылған кандидат Мұхтар Есжанов 738 сайлаушының қолдауына ие болып, депутат болып сайланды. Өзін өзі ұсынған Мейірбек Қауымбаев 532 дауыспен екінші орын алған.
ПАРТИЯМЕН АРАЗДАСУ ЖӘНЕ МӘСЛИХАТТАН АЛАСТАУ
Арада жарты жыл өткенде "Amanat" партиясының Түркістан облыстық филиалының саяси кеңесі Мұхтар Есжановты партиядан шығару туралы қаулы қабылдаған.
Онда депутат Есжанов аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 11 тамыздағы және 21 тамыздағы сессиясына қатыспағаны; партия мүшесі ретінде депутаттық фракция құрамына кіруге, оның жұмысына қатысуға міндетті бола тұра, Есжанов фракцияға кіруден және оның шешімдерін орындаудан бас тартқаны; өзінің бастауыш партия ұйымымен кездеспегені, сайлаушылармен өте сирек жүздескені айтылған. "Сайлауалды уәделерін орындау жөніндегі партиялық іс-шараларға және тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге қатыспаған" деп өзіне мін таққан партия ұйымының сөзіне Есжанов қарсы уәж келтіреді.
Оның сөзінше, даудың бәрі аудандық мәслихат сессиясын өткізу күнін белгілеу тәртібі бұзылғанына қарсы шығуынан басталған.
Есжанов 11 тамыздағы аудандық мәслихат сессиясына қатыса алмайтыны жөнінде алдын ала мәлімдеме жасағанын айтады. Ол күнгі сессияның күн тәртібінде сайлау комиссиясы мүшелерін толықтыру мәселесі қаралмақ болған. Заң бойынша, комиссия мүшелерін толықтыру үшін кемінде 15 күн бұрын БАҚ-та ол жөнінде тиісті хабарлама жариялануы шарт, бірақ ол талап орындалған жоқ дейді Есжанов.
– Бізде сайлау комиссиясына өз таныстарын мүше етіп кіргізеді де, сайлау бұрмаланады. Сессия күні анықталғанда бұл хабарламаның жарияланғанына 8-ақ күн болған. Бұл – заң ережесін бұзу. Сол үшін сессияға қатысудан бас тарттым. Қойған талабым – заңдылықты сақтау, – дейді ол.
Депутат Есжанов Ақтөбе облысында тұратын туысы қайтыс болуына байланысты 21 тамыздағы сессия отырысына қатыса алмайтыны жөнінде партия ұйымын алдын ала хабардар еткенін айтады. Оның пікірінше, депутаттың сессия отырысына қатыспауы оны мәслихат құрамынан шығаруға негіз бола алмайды. "Аудандық мәслихат депутатына жалақы төленбейді, әркім өз күнін өзі көреді. Сессияға қатысу-қатыспауын бір ай бұрын сұрап, анықтауы керек" дейді ол.
2023 жылдың қыркүйек айында "Amanat" партиясы Мұхтар Есжановты өз қатарынан шығарған. Көп өтпей Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Есжановтың партиядан шығарылғанына байланысты мәслихат депутаты өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан.
ҚАЙТА САЙЛАУ ЖӘНЕ ЕКІНШІ ЖЕҢІС
Мұхтар Есжановты партия тізімінен шығарып, депутат мандатынан айырған соң бір мандатты №7 сайлау округі бойынша биыл 31 наурызда қайта сайлау өткізілді. Былтырғы сайлауда кандидаттыққа өзін-өзі ұсынған Мейірбек Қауымбаев бұл жолғы сайлауға "Amanat" партиясынан қатысты. Ал былтыр осы партиядан түскен Мұхтар Есжанов енді өзін өзі ұсынды.
Қайта ұйымдастырылған сайлауда Маяқұм, Шеңгелді, Қостерек ауылында тұратын сайлаушылар қайта дауыс берген. Сайлау кезінде ауылдарда полиция күзеті күшейтілді дейді жергілікті адамдар. Сайлаудың ресми қорытындысына сай, 360 дауыс алған Есжанов қайтадан депутат болып сайланған. Қауымбаев 258 дауыс жинап, тағы да екінші орынды місе тұтқан.
Түркістан қалалық сотында қаралған азаматтық іс бойынша тыңдауда куә ретінде сөйлеген Бақтыбай Елеусізов екі сайлауда да Есжановқа қолдау білдіргендер көп болғанын, ал "Amanat" партиясы оны депутаттықтан кетіргенде жергілікті тұрғындар Есжановты қайтару жөнінде петиция дайындағанын айтты.
– Мұндай сайлау ауылда бұрын-соңды болған емес, – деп еске алды ол.
ТАЛАПКЕР СҰРАТҚАН ҚҰЖАТТАР, "AMANAT" ӨКІЛІНІҢ УӘЖІ
Аудандық мәслихат депутаттығына қайта сайланған соң Мұхтар Есжанов өзін былтыр депутат мандатынан айыруға негіз болған "Amanat" партиясының шешімін заңсыз деп тануды сұрап, Түркістан қалалық сотына жүгінді.
"Amanat" партиясының заңгері Нұркен Естебеков сотта партияға мүше емес адам ұйым атынан сайлауға түсуі мүмкін емес деген уәж айтты.
"Партиядан сайлауға кім ұсынылатынын арнайы конференция шешеді. Есжанов партия қатарына қабылданып, желтоқсан айында оған партиялық билет берілген. Ол партия мүшесі ретінде жарна төлеген. 2023 жылғы 1 ақпанда бір мандатты №7 сайлау округі бойынша Отырар аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде партия атынан сайлауға түсетінін айтып, сайлау комиссиясына өтініш жазған", – деді партия өкілі.
"Amanat" жарғысына сәйкес, партия қатарына жаңадан мүше болып қабылданатын адамның жазбаша өтінішіне қоса оны лайықты деп санайтын партияның екі мүшесінің ұсынысы болуы шарт. Жазбаша өтінішті бастауыш партия ұйымы жиналысында қарап, тиісті шешім қабылдайды. "Amanat" қатарына қабылданған адамға партия мүшесі екенін растайтын тиісті құжат –партия мүшесінің билеті тапсырылады.
Сайлау комиссиясына өтініш жазғанын, "Amanat" партиясы атынан сайлауға түсуге келіскенін Есжанов сотта растады. Бірақ партияға мүше болу туралы өтініш жазбағанын, ешқандай жарна төлемегенін, тек қайырымдылық ретінде екі рет ақша аударғанын айтты.
"Партия мүшесі болуға өтініш жазған емеспін, партия билетін алған жоқпын, сайлауға партиядан кандидат ұсыну туралы өткен конференцияға қатыспадым. Егер сондай өтініш берген болсам, маған кепіл болған екі адам мен партия билетін және сол билетті алғанымды растап қол қойған құжат болса соны көрсетсін" деп мәлімдеді ол сотта.
"Amanat" өкілі Есжановтың партия билетінің көшірмесін көрсеткен. Есжанов бұл билетті бірінші рет осы сотта көріп тұрғанын айтты. Оны партия қатарына қабылдау үшін белгіленген тәртіппен рәсімделген бірде бір құжат болмай шықты. Партия өкілі талапкер сұратқан құжаттар "жойылып кеткен" деп түсіндірмек болды. Есжанов заң талабы бойынша, ондай құжаттар 3 жыл сақталуы тиіс екенін айтты.
"Мәселе сайлауға партия атынан түскенде емес, сол партияға мүше ретінде тіркемей сайлауға түсіріп жібергенінде", – деді Есжанов.
Азаттық "Amanat" партиясының Түркістан облысы бойынша филиалына осы даулы іске байланысты құжаттар туралы сұрақ жолдағанымен партиядан жауап болмады.