Accessibility links

Түркістан соты депутаттың "партиядан шығару" туралы шағымын қанағаттандырмады


Отырар аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Есжанов (сол жақта тұр) сотта сұрақ қойып тұр. Түркістан облысы, 14 мамыр, 2024 жыл.
Отырар аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Есжанов (сол жақта тұр) сотта сұрақ қойып тұр. Түркістан облысы, 14 мамыр, 2024 жыл.

13 маусымда Түркістан қалалық соты Отырар аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Есжановтың "Аманат" партиясы Түркістан облыстық филиалы саяси кеңес бюросының өзін партия тізімінен шығару туралы қаулысының күшін жоюды сұрап берген арызын қанағаттандырмады. Сот шешіміне келіспеген Есжанов апелляциялық шағым беретінін мәлімдеді.

– Партия қатарына қабылдау үшін өтініш жазылуы, оған екі адам кепіл болуы, бастауыш партия ұйымы жиналысының шешімі болуы керек. Ондай құжаттың біреуі де жоқ, – деді Есжанов Азаттыққа.

Судья азаматтық іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес шара қолдану үшін жеке ұйғарым шығарып, партияға жолдады.

"Есжанов партияға мүше емес екенін көрсеткен. Басқа негіздер көрсетілмеген. Партияға қабылданғаннан оның қатарынан шығарғанға дейінгі уақытта талапкер партия мүшесі екенін даулау жөнінде әрекет жасамаған. Есжанов саяси партияның мүшесі ретінде бірнеше әрекет жасаған. Бұл оның партия мүшесі екенін куәландырады", – деді судья өз шешімін түсіндіргенде.

Мұхтар Есжанов 2023 жылы наурызда Отырар аудандық мәслихат депутаттығына "Аманат" партиясынан түсіп, жеңіске жеткен. Жарты жылға жетпей аудандық мәслихаттың сессиясын өткізу күнін белгілеу тәртібі бұзылып, мәслихат төрағасының ол шешіміне Есжанов қарсы болған. Дау сол кезде басталған.

Есжанов 2024 жылы наурызда дәл сол сайлау учаскесінде өз орнына қайта сайлау ұйымдастырылғанда партиядан емес, өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде қатысып, қайтадан аудандық мәслихатты депутаты болып сайланған.

Арыз иесі Есжанов сот басталғанда "Аманат" партиясы өкілінен арнайы жарлыққа сай өзін партия мүшесі деп тануды сұрап жазған өтінішін, оған кепіл болған екі адам мен партия билетін және өзі сол билетті алғанын растап қол қойған құжат болса көрсетуді сұраған. "Аманат" өкілі Есжановтың партия мүшесі ретінде арнайы тіркеуге алынғанын айтып, партия билетінің көшірмесін көрсеткен. Есжанов бұл билетті бірінші рет осы сотта көріп тұрғанын айтқан.

Кейінгі сот отырыстарында партия өкілі талапкер сұратқан құжаттарды сотқа әкелмеді. Ол мұны құжаттар жойылып кеткен деп түсіндірді.

Мұхтар Есжанов партия қатарынан 2023 жылдың қыркүйек айында шығарылған. Көп өтпей аудандық мәслихат депутаттығы өкілеттігі тоқтатылған. Ол 2023 жылы ақпанда аудандық мәслихат сайлауына "Аманат" партиясынан кандидат ретінде ұсынылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG