Accessibility links

Түркістан соты депутаттың "заңсыз партиядан шығару" туралы шағымын қарай бастады


Отырар аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Есжанов (арғы жақта) сотта сұрақ қойып тұр. Түркістан облысы, 14 мамыр, 2024 жыл.
Отырар аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Есжанов (арғы жақта) сотта сұрақ қойып тұр. Түркістан облысы, 14 мамыр, 2024 жыл.

14 мамырда Түркістан қалалық соты азаматтық тәртіппен Отырар аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Есжановтың "Аманат" партиясы Түркістан облыстық филиалының саяси кеңес бюросының өзін партия тізімінен шығару туралы қаулысының күшін жою туралы берген шағымын қарай бастады. Есжанов "Аманат" партиясы "партияда жоқ адамды ұйым қатарынан шығарды" дейді. Ал партия өкілі депутатқа партия мүшесінің билеті берілгенін айтады.

Мұхтар Есжанов 2023 жылы наурызда аудандық мәслихат депутаттығына "Аманат" партиясынан түсіп, жеңген. Жарты жылға жетпей аудандық мәслихаттың сессиясын өткізу күнін белгілеу тәртібі бұзылып, мәслихат төрағасының бұл шешіміне Есжанов қарсы болған. Дау сол кезде басталған.

– "Аманат" атынан депутаттыққа түскенім болмаса, партияға мүше болу туралы өтініш жазып, билет алған емеспін. Партияның облыстық филиалының саяси кеңес бюросы заңдылықты талап еткенім үшін шара қолданып, партиядан шығарды. Артынан депутаттық өкілеттігімді тоқтатты, – дейді ол.

Есжановтың пікірінше, бұл – заңсыз. Ол 2024 жылы наурызда дәл осы сайлау учаскесінде өз орнына қайта сайлау ұйымдастырылғанда партиядан емес, өзін-өзі ұсынып, қайтадан аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер болып, жеңген.

Есжанов сотта партия өкілінен арнайы жарлыққа сай өзін партия мүшесі деп тануды сұрап жазған өтінішін, оған кепіл болған екі адам мен партия билетін және өзі сол билетті алғанын растап қол қойған құжат болса көрсетуін сұрады. Партия өкілі Есжановтың партия мүшесі ретінде арнайы тіркеуге алынғанын айтып, партия билетінің көшірмесін көрсетті. Есжанов бұл билетті бірінші рет көріп тұрмын деп мәлімдеді.

Судья жауапкерге шағым бойынша тиісті құжаттарды әкелуді міндеттеп, істі қарауды кейінге қалдырды.

Есжанов партия қатарынан 2023 жылдың қыркүйек айында шығарылған. Көп өтпей аудандық мәслихат депутаттығы өкілеттігі тоқтатылған. Ол 2023 жылы ақпанда "Аманат" партиясынан сайлауға ұсынылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG