Түркістан қалалық сотының Азаттыққа хабарлауынша, Гүлнәр Нахипбекова «алаяқтық жасады» және «пара берді» деген негізгі айыптар бойынша кінәлі деп танылған. Сот Нахипбекованы Қылмыстық кодекстің төрт бабында (24-3, 190-3-2, 28-4 және 367-1) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп шешім шығарған. Бұл шешімнің негізінде айыпталушы өмір бойы мектеп директоры қызметін атқара алмайтын болып жазаланды. Мектеп мұғалімдері үстінен «пара сұрады, ақша жинатты» деп арыз жазған бұрынғы директорға 2 миллионнан астам теңге айыппұл салынды.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресми жауапта: «ҚК 58-бабының 3-бөлігінің негізінде қылмыстардың жиынтығымен онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті оған жеке мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу, яғни мемлекеттік қызметпен айналысу және білім беру басқармаларында директорлық қызметімен айналысу құқығынан өмір бойына айырып, бір мың айлық есептік көрсеткіш есебінде, яғни 2 121 000 (екі миллион бір жүз жиырма мың ) теңге айыппұл жазасы тағайындалсын» деп жазылған.
Айыпталушыға үкім күшіне енген соң бір ай ішінде айыппұлды өз еркімен төлеу міндеттелген.
Екі айға жуық созылған сот процесіне жәбірленуші ретінде осы мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай мен Айнұр Шериева қатысқан болатын. Істі судья Ахмаджон Иржанов қараған еді.
Жәбірленушілердің адвокаты Ораз Мамбетов Азаттыққа бұл іс бойынша екі рет жарыссөз өткенін айтты.
- Алғашқы жарыссөзде прокурор мектеп директорын 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда сот істі қайта қарап, бүгін (желтоқсанның 27-сі – ред.) түске дейін екінші рет жарыссөз өткізді. Бүгін прокурор соттан Гүлнәр Нахипбековаға айыппұл салып, өмір бойына қызметінен шеттетуді соттан сұрады, - деді адвокат.
Жәбірленушілердің бірі Света Ысқақованың пікірінше, сот процесінде бұрмалаушылық болған. Бұл іс бойынша директор мен оның орынбасарлары Меруерт Отарбаева мен Ләззат Ахметованың үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен сотқа дейін тергеу кезінде «шынайы өкінуіне байланысты» екі орынбасарының ісі қысқарып, тек Гүлнәр Нахипбекова жауапқа тартылған.
- Сот үкімімен келіспеймін. Қылмысқа үш адамның қатысы бар болса да, бір адам жауапқа тартылды. Үш адамның ұсталғаны туралы барлық дәлелдемелер бар. Сонда да оларды істен шеттетті. Гүлнәр Нахипбекованың жазасыз жеңілдетіп тастады. Біз апелляциялық шағым түсіреміз, - деді Света Ысқақова.
Сотталушы Гүлнәр Нахипбекова Азаттыққа сот үкіміне қатысты қандай да бір комментарий беруден бас тартты. Нахипбекова бұған дейін Азаттыққа берген комментариінде «мектепті тексеруге келетін комиссияларға түскі ас беру үшін мұғалімдерден ақша жинатқанын» растаған еді. Бірақ ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып келген.
Молда Мұса мектебіндегі парақорлық ісін бақылап отырған мұғалімдердің республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы соттың «мұғалімдерден пара алу кезінде ұсталған» мектеп директорын өмір бойына қызметтен шеттеткенін құптайтынын айтты. Оның ойынша, айыпталушыға тек директорлық қызмет емес, педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынуы керек еді.
- Нақты парамен ұсталған директор немесе директордың орынбасарына жазаны қатайту қажет. Сол кезде ұсталғандар пирамиданың жоғары сатысында тұрғандардың атын атауы мүмкін, - дейді ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы қыркүйектің 19-ында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскенін хабарлаған. Бюро «қыркүйектің 22-сі күні мектеп директорына 80 мың теңге пара берілгені видеомен құжаттандырылғанын» айтқан. Бұл мекеме Гүлнәр Нахипбекованың үстінен қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалы жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.