Your browser doesn’t support HTML5
ӨСКЕМЕН: 2,7 МЛРД ТЕҢГЕ
Сәулесі солғын ай, үйлердің терезесінен сығырайған шамдар және түн қараңғылығын қидалаған автокөлік шырақтары күңгірт көшеге көмек қолын созғандай жарық шашады. Бірақ қала көшелеріне жарық түсіруге тиіс негізгі зат – электр бағаналарында жылт еткен жарық жоқ.
Өскеменде, жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, 60-тан аса көшеде шам ішінара жанбайды. Олардың қатарында түгелдей дерлік тастай қараңғы Әл-Фараби даңғылы да бар. Шамы сөнген көшелерден жаяу адам де, көлік айдаған жүргізуші де жасқанып өтеді. Әсіресе, көктем мен күздегі жаңбыр кезінде жер де, көк те қараятын шақта көлік жарығы тас қараңғыға жұтылып кетеді дейді Өскеменде тұратын қоғам белсендісі Александра Осипова.
– Көлік айдайтындықтан, мені жарығы жоқ көше мәселесі қатты мазалайды. Өйткені рөлде отыру қауіпті. Жаяу адамға тіпті қиын. Оларды қорғайтын ештеңе жоқ. Көше өткелдерінде дұрыс жарық жоқ. Потанин, Буров, Көкжал Барақ, Пермитин… айта берсек, шам жанбайтын көше өте көп. Шам орнатылған, бірақ жанбайды, – деді көлік айдап келе жатқан Александра Осипова.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Өскемен мен Семейді жарықтандыру ісін екі қала бір облысқа қараған уақытта, 2018 жылы бастаған. Көшеге шам орнатуға 4,8 млрд теңге қажет деп жоспарланған. Оның 3,6 млрд теңгесін Шығыс Қазақстан облысы билігі Еуропаның қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) несиеге алған. Қалған 1,2 млрд теңге облыс бюджетінен бөлінді. Жоба мерзімі былтыр аяқталғанына қарамастан, жоспар толық іске асқан жоқ.
Жарықтандыру жобасына бөлінген 4,8 млрд теңгенің 2,9 млрд теңгесі Өскеменге тиді. Қоғам белсендісі Александра Осипова "көп қаржы жұмсалса да, әкімдік қанша уәде берсе де, жұмыс нәтижесі көрінбейді" дейді. Ол құқық қорғау органдарынан осы мәселеге назар аударуын талап етеді.
– Бұл істі тергеп-тексерсе әділетті болар еді. Себебі қала көшелерінің қазіргі күйі алаңдатады. Адамдарға қауіпті. Оның үстіне уақыт белдеуін ауыстырғаннан кейін Өскеменде кеш те ерте түсетін болған. Қаншама қаржы құйылғаннан кейін қаламыз жарқырап тұрса дейміз ғой. Құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты үлкен тергеу бастауы керек деп ойлаймын. Олар мән-жайды анықтауға тиіс.
СЕМЕЙ: 1,8 МЛРД ТЕҢГЕ
Жобаға бөлінген 4,8 млрд теңгенің 1,8 млрд теңгесі Семейге тиді. Әкімдік өкілдері "Семей енді Лас-Вегас тәрізді жарқырайды" деп уәде берген-ді. Бірақ жарқырамады. 2021 жылы орнатылған, көшеге жарық беретін 7 мыңнан аса шамның қазіргі кезде 1,5 мыңы істен шыққан.
– Қалай шешуге болатыны белгісіз қиын жағдайда қалдық. Үш жыл бұрын Өскемендегі тәрізді Семейдің жарықтандыру жүйесі де Еуропаның қайта құру және даму банкінің несиесіне жаңартылған. Яғни, Өскемен мен Семей талай жылға қарызға батып, қомақты несие алды. Бірақ бұл келісім көшені жарықтандыруды жақсартудың орнына нашарлатты, өйткені кепілдік міндеттемелері жөнді орындалмайды, – деді Семей қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Илья Бароховский Азаттық тілшісіне.
ЕҚДБ-дан несие алу келісімшарты 2017 жылы жасалған. Несиені қос қалаға да Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы арқылы алды. Сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов ЕҚДБ-нің Лондондағы кеңсесіне барып, әртүрлі жиындарда банк өкілдерімен меморандумдарға қол қойып, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін БАҚ өкілдеріне айтып жүрді.
Кейін, 2022 жылы Семей қаласы Абай облысы құрамына өткен соң түсініксіз жағдайда қалып қойды. Себебі 140 көшедегі жарықтандыру тіректері мен электр желілері әлі күнге Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы балансында тұр. Жуықта қала әкімдігі көрші облыстағы осы мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына шамдарды жөндеу туралы талап қойғанын хабарлады. Бұл орындала ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
ХАЛЫҚ ӨТЕЙТІН НЕСИЕ
Мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы несие алған тұста Өскемендегі жарық нүктелерінің тең жартысын өз балансына қоса алған-ды. Анығырақ айтсақ, 16 мыңнан аса жарық нүктесі осы мекеменің иелігіне өтті. Жарықтандыру жобасы осы 16 мыңнан аса жарық нүктесін қамтуға тиіс болды.
Көше жарығы мәселесін көтеріп келе жатқан қоғам белсендісі, "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Әділ Пішенов бұл мәселе бойынша әкімдік пен мердігер мекемелер өткізетін жиналыстарға үнемі қатысады. Оның анықтауынша, жергілікті жеке мердігерге құрал-жабдық толық берілмеген, бірақ облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы шала жұмысты қабылдап алған.
– 16 мыңнан аса шамды жаңартуы керек еді. Нақты айтқанда, шамдар мен кабельдерді ауыстыруға тиіс болды. Өйткені кабельдер де тозған, олар Совет одағы кезінен бері қолданылып келеді. Сосын кейбір жерде бағаналарды да ауыстыруға тиіс болатын. Бірақ жеке мердігер құрал-жабдық толық жеткізілген жоқ дейді. Олар 12 мыңдай шамды ауыстырған. Яғни, 4-5 мың шам бұрынғы қалпында қалған. Кабельдер де жеткілікті шамада жаңартылмаған. Сөйте тұра олардың жұмысын қабылдап алған. Орындалған жұмыс актісіне қол қойған, – дейді Әділ Пішенов.
Қоғам белсенділері жарты жыл бойы дүркін-дүркін дабыл қаққаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев реакция білдірді. Әкім 2 ақпанда өткізген жиында несиені "халықтың ақшасынан қайтарып жатырмыз" деп айтты. Көшербаев бұл мәселе өзі облысқа басшы болып келгенге дейін басталып кеткенін меңзеп, жауапкершілікті орынбасары, қала әкімі және мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына арта сөйледі.
– Сіздер жарық жағуға шықсаңыздар, артыңыздан біреу оны өшіруге қоса шығады дегенді оқығанда күлкің келеді. Қандай түсініспеушілік болып жатыр? Басын ашып, мәселені шешсеңіздерші. Бұл деген Еуропаның қайта құру және даму банкінен алынған несие ғой. Оны халық ақшасынан қайтарып жатырмыз. Негізінде бұл несие бюджет ақшасын үнемдеу мақсатымен алынған болатын. Яғни, қазіргі заманғы технология мен энергия үнемдейтін шамдар орнатып, электр қуатын үнемдеуіміз керек болған. Белгілі уақытта бұл нәрсе шығынның орынын жабуға тиіс еді. Бірақ керісінше болып кетті. Ендеше неге бұл шаруамен айналыстыңыздар? Меніңше, мәселе менеджменттен немесе келіспей әрекет етуден туындаған секілді, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
Әкімдік отырысынан кейін жарты ай өткенде әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобы "бұған дейінгі жұмыс сапасыз орындалғанын анықтадық" деп мәлімдеді. Олар қалаға 5 мың шамның қосалқы бөлшектері жеткізілетінін хабарлады.
Журналист, қоғам белсендісі Денис Данилевский жарықтандыру жобасының түсініксіз тұсы көп екенін айтады. "Тіпті біз, журналистер де білмейміз" дейді Данилевский. Ол әуел баста облыс несиеге мұқтаж болғанына сенбейді. "Несиені қанша жылда, қанша етіп қайтаратынымыз жұмбақ, ал 3,6 млрд теңге бюджеттен де табылар еді" дейді.
Өйткені облыс билігі бұдан да көп қаражатты даулы нәрселерге бөліп жатқанын айтады белсенді. Мысалы, былтыр Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма ауылында екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына арналған ескерткішті жөндеп, ауласын абаттандыруға 11 млрд теңге бөлінген. Қоғам белсенділері бұл тым көп ақша деп дабыл қаққан соң қаржы мөлшері қысқартылады деген хабар тараған.
– Несие еуромен алынған. 8,5 млн еуро. Қазіргі валюта бағамымен 4,5 млрд теңгеге жетіп қалады. Несие неге алынғаны түсініксіз. Соншалықты көп қаражат емес қой. Жыл сайын бюджеттен ақша бөліп, шамдарды ауыстырып, қаланы жарықтандырып алуға болар еді. Біз тіпті несиенің келісімшартын білмейміз. Көпшілікке ашып көрсетпейді. Пайыз үстемесінен де бейхабармыз, – деді Денис Данилевский.
"ҚАРАҢҒЫ КӨШЕ ЖОЛ АПАТЫНА ДУШАР ЕТЕДІ"
Қоғам белсендісі Әділ Пішенов екі қаладағы шамдарды мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына бергені күмәнді дейді. Себебі бұл мекеме арқылы өтіп жатқан ақшада ашықтық жоқ. Оның айтуынша, Өскемен әкімдігі былтыр өз балансындағы 16 мың шамды күтіп ұстауға ай сайын 6 млн теңге жұмсаса, мемлекеттік-жекеше әріптестікке дәл сондай қызмет үшін 34 млн теңге бөлген.
– 2018 жылы Өскемен әкімдігі жарық нүктелерін мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына неге берді? Олардың қаланы жарықтандыру жұмысын жүргізуге рұқсат құжаты, сертификаты жоқ. Осы сұрақты бәріне қойсам да, жауап ала алмай келемін, – деді Әділ Пішенов.
Былтыр 29 желтоқсанда қала әкімдігі мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына конкурссыз, тікелей 2 млрд теңгенің тендерін берді. Тендер "жарықтандыру жүйелерін жалға алу қызметі" деп аталады. Яғни, бір кезде өздері берген шамдарды қайта жалға алады. Әділ Пішеновтің айтуынша, бұл тендер келісімшарты қоғамда қаладағы қараңғы көшелерге байланысты наразылық көбейе бастаған кезбен тұспа-тұс келді. Сондықтан мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығының бұл қаражаттың қаншасын несиені жабуға жұмсайтыны, қаншасын шамдарды күтіп ұстауға бөлетіні сұрақ тудырады. Қоғам белсендісінің айтуынша, былтыр орындалмаса да қабылдап алынған жұмыстардың ақшасы қайда екені мәлім емес. Ал жаңадан әкелінгелі жатқан 5 мың шамның бөлшектеріне сол кездегі қаражат жұмсалды ма, жоқ па, оған көз жетпейді дейді ол.
– Ешкімді жауапқа тартып жатқан жоқ. Меніңше, жауапқа тарта бастағанда ғана жұмыс істейді. Қазір істеліп жатқан жұмыс көрінбейді. Көшедегі жарық күн өткен сайын нашарлап барады. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мекемесінде өткен жиналыста қалалық полиция басқармасының өкілі Сергей Коваленко былтыр қарашада жаяулар өткеліндегі жарықтандырудың нашарлығынан екі жол апаты тіркелді деп мәлімдегенін айта кеткім келеді, – деді Әділ Пішенов.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Азаттыққа жарықтандыру проблемалары жол апатына душар етіп жатқанын растады.
"2023 жылы Өскеменде қараңғы мезгілде жасанды жарық жеткіспейтін учаскелерде 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 1 адам қаза тауып, 16 адам зардап шекті. Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы әкімдіктеріне қосымша сыртқы жарықтандыру желілерін салу, жер үстіндегі жаяулар өткелдерін жоғары жарықтандырғыштармен жабдықтау, жаяу адам өткелін қосымша жарықтандыру жөнінде ұсыныстар жолданды", – деді полиция департаменті жазбаша берген жауабында.
Жарықтандыру жобасының күмәнді тұстары 2022 жылы Өскемен мен Семей екі облысқа бөлінген соң сөз бола бастады. Семей қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Илья Бароховский де кезінде бюджет ақшасына алынған шамдарды неге әкімдік қайта жалға алып отырғанын түсінбейді.
– Бұл компания маған әу баста жұмысын дұрыс жүргізбегендей көрінеді. 2021 жылы-ақ осы пікірімді ашық айтқам, қазір де қайталайын. Бұл мекемені ақшаны бақылайтын делдал ретінде қосқан тәрізді. Екі облыс бір болып тұрған кезде Шығыс Қазақстанды басқарған адамдар шығарған схема ғой деймін. Мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы жүйелерді күтіп ұстауға ақша алады, бірақ бұл қаржының біраз бөлігін өзінде қалдырып, күтім жасауға, шамдарды қадағалауға басқа мекемені жалдайды. Яғни, делдал өзінде ақша қалдырады, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді, – деді Семей қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Илья Бароховский.
Мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығының журналистерге хабарлауынша, былтыр олар жалдаған жеке мердігер "Горсвет LTD" компаниясы шамдарды күтіп ұстаудан бас тартқан. Себебі оларға ақша төленбеген, төлейтін ақшаны мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығына қала әкімдігі аудармаған. Мемлекеттік мекеме енді басқа, Digital Security деген компанияны жалдап отырғанын айтады.
Азаттық Өскемен мен Семей қаласындағы көше шамдары мәселесінің мән-жайын сұрап, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары әкімдіктеріне сауалхат жолдаған.
Материал жарияланғанға дейін олардан жауап келмеді. Өскемен әкімдігі, жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, алты ай ішінде жарықсыз көшелер жөнделеді деп хабарлаған.
Еуропаның қайта құру және даму банкінің сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 2022 жылы желтоқсанда Өскеменді толық жарықтандыру жұмысын аяқтауға арнап жасалған тағы бір жоба бар. Яғни қаланың 150 көшесіне қосымша алты мың прожектор орнату көзделген. Бұған 4,1 млрд теңгеге жуық несие қажет екені көрсетілген.