Азаттық: Қазақстанға қашан және не үшін көштіңіз?
Владислав Тен: 30 жасқа дейін Өзбекстанда тұрдым. Мамандығым – дәрігер. Институт бітірген соң, халықаралық оңтүстіккореялық емханаға жұмысқа шақырды. Бірақ ол үшін кемі ағылшын, оған қосымша корей және өзбек тілдерін білу керек еді.
Совет отбасында туып-өсіп, орыс тілінен басқа тілді білген жоқпын. Мектепте ағылшын тілін дұрыс үйретпеді. Ал өзбек тілін меңгеруге құлқым болмады. «Өзбек тілін қайтемін?» деп ойладым. Ол кезде Ташкентте бәрі орысша сөйлейтін. Өзім араласатын корей достарымның ешқайсысы өзбек тілін білмейтін. Бірақ ағылшын тілін үйренген соң, «Өзбектердің арасында тұрып, әлі күнге тілді білмеймін. Неге өзбек тілін үйренбеске?» деген ой келді. Бұрын тілді меңгеруге жүрегімдегі «менсінбеу» сезімі әсер еткенін түсіндім. Бала кезден «Орыс тілі — ортақ тіл, ал Мәскеу — әлемнің астанасы» деген оймен өстік. Өзімізді орыс санадық. Ішімдегі осы сезімді жеңгеннен кейін, өзбек халқын жақсы көріп, тілін меңгеріп алдым.
Бала кезден «Орыс тілі — ортақ тіл, ал Мәскеу — әлемнің астанасы» деген оймен өстік.
Тілді белгілі бір технология бойынша үйрендім. Бір жылда ағылшын тілін, одан кейінгі жылы өзбек тілін үйрендім. Одан кейін «Неге өзімнің корей тілімді білмеймін?» деген сұрақ туды. Бұрын атам туған тілімізді білмегеніміз үшін ұрысатын. Осылай корей тілін үйрендім. Кейін Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтіп жүріп, тілімді біраз жетілдіріп алдым.
Ислам Каримов (Өзбекстанның марқұм президенті – Ред.) тұсында елдегі экономикалық ахуал нашарлап, ата-анам Қазақстанға көшті. Мен тағы бірнеше жылға Өзбекстанда қалдым. Басында көшкім келген жоқ. Өйткені ол кезде үйленіп, дәрігер болып жұмыс істеп жүрдім. Өзбек тілін жақсы білетінмін, жанымда достарым болды. Өзімді жайлы ортада жүргендей сезінетінмін. Бірақ елдегі экономикалық жағдай тым нашарлап кетті де, 2010 жылы Қазақстанға көштім.
Азаттық: Қазақ тілін үйренуге не себеп болды?
Владислав Тен: Қазақстанға келген бойда, қазақ тілін үйренемін деп шештім. Бірақ елде тіл мәселесі барын білген жоқпын. Қазақтар қазақ тілінде сөйлейді деп ойладым. Қазақ тілін үйрететін кітаптар сатып алмақ болғанда, әкем «Мұның саған керегі не? Қазақстанда онсыз да бәрі орысша сөйлейді» деді. Қатты таңғалдым! Бірақ Бектұровтың (Шәбкен және Ардақ Бектұровтар, «Казахский язык для всех» оқулығының авторлары - Ред.) қалың кітабын оқып тауысқаннан кейін қазақ тілі өзбек тіліне жақын әрі жеңіл екенін түсіндім. Екеуі де түркі тілдер тобына жатады.
Кейін дәрігер болып істеп, жұмысқа белсенді араласып кеттім. 2017 жылы ағылшын тілін үйретуге бел буып, тіл оқыту орталығын ашқан кезде ғана қазақ тіліне шындап кірістім. Біріншіден, бұл өзімді таныстыруға жақсы мүмкіндік еді. Екіншіден, болашақта тағы да дәрігер болып жұмыс істесем, қазақ тілі керек болады деп ойладым. Өзбек тілін үйрену тәжірибемнен бір халықтың махаббаты мен құрметіне бөлену үшін өзің тұратын елдің мемлекеттік тілін білу керегін түсіндім.
Азаттық: Қазақ тілін қалай және қанша уақытта үйрендіңіз?
Владислав Тен: Бір жылда үйрендім. Бір де бір мұғалімнен сабақ алған жоқпын. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың ортасында тұрмадым. Мұндай ортаны өзім қалыптастырдым. Күні бойы кемі алты сағат қазақ тілінде аудиоматериалдар тыңдап жүрдім. Қазақ тілінің грамматикасы, лексикасы, фонетикасын меңгеріп, «қазақ тілін меңгеру қиын», «қазақ тілі - әлемдегі ең бай тіл” деген сөздер асыра айтылғанын түсіндім. Қазақ тілі бай тіл екені рас, бірақ ол әлемдегі ең бай тіл емес. Әр тіл өзінше ерекше әрі бай. Қазақ тілінде басқа тілде кездеспейтін ерекше ештеңе жоқ.
Мұнда психологиялық комплекс басым деп ойлаймын. Елде қазақ тілін білмейтін адамдар тобы бар және олардың тілге құрметін қалыптастыру үшін, оны осылай көтеруге тырысқан. Бірақ тілге оны асыра мақтап, көтерудің қажеті жоқ. Оның орнына қазақ тілін шет тілі сияқты үйренуге мүмкіндік беретін технологияларды дамытқан дұрыс. Бұл қазақ тілін білмейтін және басқа тілде ойлайтын адамдар, орыстілді қазақтар үшін керек.
Қазақ тілін үйренгісі келетін, бірақ аузын ашуға қорқатын қазақтарға жаным ашиды.
Тәуелсіздіктің 30 жылында елде жөні түзу технология жоғын түсіндім. Әзірге қазақ тілін мүлде білмейтін адамның оны басынан меңгеріп шыққанын көрген жоқпын. Өйткені бізде қазақ тілін үйренуге экономикалық қажеттілік жоқ. Бәріне орысша сөйлеген ыңғайлы. Қазақтар маған акцентпен, қате сөйлесем де, қошеметпен қарайды. Бірақ қазақ азаматы дәл мен сияқты сөйлесе, басы дауға қалады. Мені халықтың жылы көзқарасы қуантады, бірақ қазақ тілін үйренгісі келетін, бірақ аузын ашуға қорқатын қазақтарға жаным ашиды. Қоғам әдетте қазақ тілін білмейтіндерге агрессивті қарайды.
Азаттық: Желідегі Конституцияға өзгеріс енгізіп, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі мәртебесінен айыруды ұсынатын петиция туралы не ойлайсыз?
Владислав Тен: Иә, орыс тілін алып тастаса, қазақ тілі дамиды деп жатыр. Мен радикалды шешімдерді қолдамаймын. Орыс тіліне мүлде тиіспеу керек деп ойлаймын. Уақыт өте келе орыс тілі қолданыстан шықса, өзі-ақ жоғалады. Ал қазір бұл тіл қолданыстағы механизмдердің бірі ғана. Өзін нағыз патриот санайтын адам бірінші кезекте қазақ тілін үйренгісі келетін орыстілді қазақтардың кез келген бастамасын қолдауы керек. Дұрыс технология қолданса, тілді үйретуге болады деп есептеймін. Орыс тілінде білім алып, туған тілін білмейтін қазақтар науқасқа ұқсайды. Оларға менсінбей қараудың орнына көмектесу керек. Осы уақытқа дейін туған тілін үйренгісі келмейтін бір де бір қазақты көрген жоқпын. Қазақ тілін нашар білетін, осылай теледидар арқылы өзін келекеге айналдыратын шенеуніктер мен депутаттар бар. Оларды ақтауға болмайды. Олар қазақ тілін үйренудің мүмкіндігін табуы керек еді.
Қазақ тілін нашар білетін, осылай теледидар арқылы өзін келекеге айналдыратын шенеуніктер мен депутаттар бар. Оларды ақтауға болмайды.
Бірақ осы жерде тағы да «тілді үйрететін жақсы, тиімді технологиялар бар ма?» деген сұрақ туады. Көп адам, оның ішінде қазақтар қазақ тілін үйренгісі келетінін, бірақ тіл үйрету процесі нашар ұйымдастырылғандықтан, бүкіл құлшынысы жоғалғанын айтып шағынды. Мұғалімдер тіл үйренуге келгендерге «шала қазақ» деп менсінбей қарайды. Бірақ ол қазақ тілін білетін қазақпен бірдей қазақ қой. Ол бар болғаны тарихи-саяси жағдайдың құрбаны, оған қолдау көрсету керек.
Азаттық: Тілді үйрену үшін миды «қайта бағдарлау керек» деген пікіріңізді ашып түсіндіре аласыз ба?
Владислав Тен: Мәселен, орыс тіліндегі «Я хочу поехать в Америку» деген сөйлемді алайық. Орыс тілді адам «хотеть» (қалау) етістігін қолданады. Қазақ тілінде де «қалау» деген етістік бар, бірақ қазақтар «Мен Америкаға баруды қалаймын» демейді. Оның орнына «Мен Америкаға барғым келеді» дейді. Қазақ тілін білмейтіндер мұны түсінбейді. Орысша ойланатын адамның миын қайта бағдарлау керек. Қазақ баруды қаламайды, оның барғысы келеді. Мәселен, қазақ тілінде «жүрмін, тұрмын, отырмын, жатырмын» деп сөйлейді. Бұл етістіктерді орыс тіліне тікелей аударса, «жүріп, тұрып, отырып, жатып» істеймін деген тіркес шығады. Орыстілді адам мұны бірден түсінбейді. Орыс тілінде сөйлейтін корейлер де осы мәселеге кезігеді. Мен тілдің технологиясын түсіндіріп, миды қайта «бағдарлаймын». Осыдан кейін ауызекі тілді меңгеру үшін Қанат Тасыбековтың («Ситуативный казахский» кітабының авторы - Ред.) әдістемесін пайдалануды ұсынамын. Қазір өз оқулығымды дайындап жатырмын.
Азаттык: Қазақ тілінің дамуы үшін не істеу керек?
Владислав Тен: «Рухани жаңғыру» («Қоғамдық сананы модернизациялау» — Қазақстан билігі 2017 жылы жариялаған мемлекеттік бағдарлама. — Ред.) үшін күресетін болсақ, модернизацияны қазақ тілінен бастау керек. Бәрі мемлекеттік тілді білуі керек дегенмен келіскеніміз жөн. Қазақша сөйлеуге мәжбүрлеудің орнына, тіл үйретуіміз керек. Мектептерде қазақ тілін қызық формада оқытқан жөн. Бұл үшін мықты мұғалімдер мен тілді үйретуге деген құлшыныс керек. Мұндай жақсы мамандар өте аз. Бірақ мұғалімдердің жалақысы аз екенін білемін, сондықтан оларды жазғырмаймын.