"ДӘРІГЕРГЕ БАРУ – ТОЗАҚ АЗАБЫМЕН БІРДЕЙ"
2024 жылы қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі талқыға шығарған заң жобасы халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне деген наразылығын күшейте түсті. Онда шенеуніктер айына 850 мың теңгеден көп жалақы алатын жұмысшының МӘМС қорына төлейтін жарнасын көбейтуді ұсынған. Заң жобасы жалпы МӘМС жүйесінің жұмысы мен медициналық көмек алудың қиындығы жайында тағы да әңгіме қозғауға түрткі болды.
"Ашық НҚА" сайтының заң жобасын талқылайтын парақшасына пікірін қалдырған 300 қолданушының бәрі оған қарсы шыққан. Қазақстандықтар МӘМС жүйесі пайда болғалы бергі төрт жылда жиналып қалған ашу-ызасын бір демде шығарғандай көрінді.
– Түбегейлі қарсымын. Біздің медицина халықтан мұндай ақша алатындай деңгейге әлі жеткен жоқ. Жақында емханаға барып, баланы ЭКГ-дан өткізгіміз келген. Спортпен айналысу үшін анықтама керек болды. Ол жақтағылар: "Барыңыз, жеке емханадан өтіңіз", – деп ашық айтты. Қай емханаға барсаң да, тозаққа түскендей боласың. Қалтамызды қағып алу үшін тағы не ойлап тапсақ екен деп отырасыңдар, – деп жазыпты жобаның астына Айжан Тәжинова.
Пікір жазушылардың бәрі өз басынан өткен оқиғалардан дәйек келтірген. Олардың ішінде зертханалық және диагностикалық қызметтер алуға жолдама беруден бас тарту, салалық дәрігерлерге жолдама алу қиындығы, тегін дәрі-дәрмек алу кезінде Қазақстан азаматтары жиі тап болатын кедергілер, МӘМС бойынша азаматтарды қабылдауға келісетін қажетті мамандардың болмауы сияқты проблемалар бар.
Ай сайын МӘМС жарнасын төлегеніме қоса, тексерілу үшін дәрігерлерге тағы ақша төлеймін
– Басты қатырып жібереді, бірден невропотологқа баруға болмайды, алдымен терапевке жазылады, жолдама алады, сосын кезек күтеді, одан кейін қажетті маманға кіру үшін кезекте отырады – осылай шыр айналдырады. Аяғында ем-домың апталап созылып кетеді, – дейді Азаттыққа Алматы тұрғыны Жібек Батырова. – Емханада УЗД-ның кейбір түрі жоқ. Ол үшін ақылы емханаға барамын. Былай қарағанда, мен ай сайын МӘМС жарнасын төлегеніме қоса, тексерілу үшін дәрігерлерге тағы ақша төлеп отырмын.
30 жастағы ана Гүлнұр Шаяхметова да МӘМС жүйесіне наразы. Міндетті процедура болғандықтан, сақтандыру қорына ақша төлеп жүр, бірақ тіркелген емханасының қызметіне ешқашан жүгініп көрмегенін айтады.
– Ақша жасау үшін ойлап тапқан, жүйенің жұмысы қате. Тегін медициналық көмек деп қояды, бірақ шын мәнінде емхананың жабдықтары ескірген, қан талдамаларын алу үшін сағаттап кезек күтесің. Тура сол баяғыдай, тек қазір сол үшін ақша төлейсің, – деп базынасын айтты Гүлнұр.
Әйелдің МӘМС жүйесімен берілетін медициналық қызметтерге сенбеуінің себебі бар. Осыдан бір жарым жыл бұрын емхана оған ауыр дертке шалдықты деген диагноз қойған, бірақ қайта тексерілу үшін барған жеке емхана алғашқы диагнозды теріске шығарған. Қосымша тексерілу үшін Гүлнұр жарты миллион теңге жұмсапты. "Бұл жүйенің қажеті қанша сонда?" – дейді ол түсінбей.
Your browser doesn’t support HTML5
"ҰНАЙДЫ" ДЕГЕН БЕЛГІНІ ЕШКІМ БАСПАҒАН
Жұмыс берушілер де заң жобасына өзгеріс енгізуге қатысты ой-пікірін жазып жатыр. Активтердің түсімі мен шығыны туралы жыл сайынғы есептегі медициналық сақтандыру қорының дерегінше, 2023 жылы жұмыс берушілер қорға 459 млрд теңге аударған. Бұл қаражат мемлекеттің аударғанынан да көп. Себебі бюджеттен тек қана 392 млрд теңге бөлінген. Жұмыс берушілер МӘМС қорына аударатын қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Олар 2021 жылы 195 млрд теңге төлесе, 2022 жылы 369 млрд теңге бөлген.
– Заңға өзгеріс енгізу жұмыс берушіге де, жұмысшыға да, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамға да қаржы жүктемесін арттырады, – деп жазды Кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец кейінгі жылдары онсыз да алым-салық жүктемесы көбейді дегенді қосып. – Жұмыс беруші мен халыққа айтарлықтай үлкен шығын әкелетін мұндай шешімдер кәсіпкерлік субъектілерінің, басқа да жұмыс берушілердің пікірін ескерместен қабылданған.
Азаматтардың наразылығына Денсаулық сақтау министрлігі "мемлекеттің мойнында отыру өмір сүру деңгейін төмендетеді" деп жауап беріп, жаңа нормалар "медициналық көмектің сапасын арттыру мен оған оңай қол жеткізу" үшін жасалып жатқанын айтты.
Саланың үнемі жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауы халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермей отыр
"Саланың үнемі жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауы халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермей отыр. Бұл норма медициналық көмекке кететін шығынға қатысты жауапкершілікті әділ бөлу дегенді білдіреді, – деп жазған министрлік. – Бұрыннан қалыптасқан мемлекеттің мойнында отыру әдеті, бизнес пен халық жауапкершілігінің аздығы елдегі өмір сапасын төмендетеді".
Ал пікір жазғандар мұндай жауапты кемсіту деп қабылдады. Заң жобасы "ұнайды" деген белгіні ешбір қолданушы баспаған.
"ЛОТЕРЕЯ ОЙНАТАМЫЗ БА?"
МӘМС бойынша қызмет көрсету деңгейіне пациенттер ғана емес, емханалардың да көңілі толмайды. Қор оларды "жалған жазба" жүргізеді деп айыптаған. Бұл жерде әңгіме емханалардың "жоқ адамдарды" емдедік деп, қорға төлем шотын жіберуі жөнінде болып отыр.
Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, 2022 жылғы тексеру барысында емханалар жүргізген 52 мың жазба бойынша 403 млн теңге жұмсалғаны анықталған. Мысалы, Абай облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті облыстағы бірнеше аурухана көрсетілмеген қызметтерді "көрсеттік" деп жазған дейді. Қызметкерлер ауруханадағы төсек санын, стационарда ем алған адам санын және кездейсоқ қоңырау шалған жүз пациентті салыстырып, осындай қорытынды жасапты.
"Бейресми емес әңгіме барысында олар жалған жазба жүргізуге мәжбүр екенін, себебі алатын жалақысы осы жазбаларға тікелей тәуелді екенін мойындады. Олар ауруханаға келетін пациент саны жыл мезгіліне байланысты өзгереді деп есептейді, мәселен, жаз кезінде адамдар сирек ауырады", – деп жазды департамент.
Дегенмен емханалар МӘМС қоры таққан айыппен әрдайым келісе бермейді. Құрамында бірнеше емханасы бар Medal Management Group компаниясының негізін қалаған Лейла Ишбаева – осы "жалған жазбаға" бола медициналық сақтандыру қорымен соттасып жүргендердің бірі.
– 30 аптасында шала туған екі баланы қабылдадық. Олардың өкпесі қабынған, орталық жүйке жүйесіне зақым келген және басқа да диагноздар қойылды. Оңалту және катамнез орталығымен бірге оларға бірнеше ай ем-дом жасадық. Бар жағынан көмектестік. Қазір екеуінің де дені сап-сау, шауып жүр. Осы қызмет үшін әріптестерімізге 12 миллион теңгеден астам ақша төледік. Олар мұны көмек құнын негізсіз көтеру деп есептепті. Негізсіз көтеру дейді! Сонда біздің мекеме оларды және басқа да пациенттерді өз қалтасынан ақша шығарып, өз қызметкерлерінің аузынан жырып, өзін дамытуға жұмсалатын қаражатты алып емдейді екен. Шығынға батқанымызбен қоймай, олар бізді "жалған жазба" жүргізді деп айыптайды, – деп ренжиді Лейла Ишбаева.
Ишбаева соттың екі сатысында жеңілген, бірақ аяғына дейін баруға бекініп отыр.
Жүйенің жұмыс істемейтініне істің басында қызмет атқарып жүрген біз сияқтыларды кінәлі еткісі келді
– Жүйенің дұрыс жұмыс істемейтінін былай қойғанда, мына түрімен еш пайдасы да жоқ. Бірақ 2023 жылдың аяғында бүкіл саланың риторикасы "жергілікті емханаларда менеджмент нашар, жалған жазба жүргізеді және журналдарды сатып алады" дегенге сайды. Жүйенің жұмыс істемейтініне істің басында қызмет атқарып жүрген біз сияқтыларды кінәлі еткісі келді. Жүйе жұмыс істемесе, оған тәуелді пациенттер мен дәрігерлер не істей алады? – дейді ол.
Ишбаеваның айтуынша, МӘМС қоры оларға 500 млн теңгедей ақша төлемей қойған, кейін тіпті тексеріс жүргізген.
– Емханаға он адам келсе, ал сенің ақшаң тек үшеуін емдеуге жетсе, кімді емдеуден бас тарту керегін нақты айтсаңшы. Ол үшеуін қалай анықтаймыз? Лоторея ойнатамыз ба? – деп ашынады Ишбаева.
"МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ АЛУ – КВЕСТЕН ӨТКЕНГЕ ТЕҢ"
МӘМС жүйесіндегі проблемаларға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Биыл 7 ақпанда мәжіліс пен парламенттің бірлескен отырысында ол "қызмет сапасы айтарлықтай жақсарғанын" байқамадым деді.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. 2024 жылы денсаулық сақтау саласына 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды, медициналық көмек алу жеңілдеді деп айта алмаймын", – деген президент үкіметке медициналық сақтандыру үшін "қарапайым әрі түсінікті" әдіс жасақтауды тапсырды.
Президенттің сақтандыру жүйесі туралы мәлімдемесінен кейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов сөз алды. Ол Қазақстандағы МӘМС моделін толық қайта қарау керегін айтып, кепілдендірілген тегін медициналық көмек алуды квестен өтумен салыстырды.
"Азаматтар медициналық көмек алуға тырысқан кезде құдды квестен өткендей қиындықтарға тап болады. Клиникалық хаттамалар ретімен жаңартылмайды немесе оларға жаңа талдама қорытындылары мен дәрі-дәрмек бақылаусыз енгізіледі. Ал МӘМС бюджеті рекордтық деңгейге жетіп отыр. Сөйте тұра медициналық ұйымдар несиеге белшеден батқан. Ал азаматтар медициналық қызметті өз қалтасынан төлеуге мәжбүр", – деп жазды депутат Telegram-арнасына.
Бір таңғаларлығы, 2023 жылы Қазақстанда денсаулық сақтауға арналған шығынның жан басына шаққандағы мөлшері шамамен 270 долларға азайып кеткен. Бір жыл ішінде бұл сома шамамен 50 долларға кеміген. Елде денсаулық сақтауға кететін шығын – ЖІӨ-нің 3,8 пайызы ғана, бірақ ДДҰ ұсынған ең төменгі мөлшер – 5 пайыз, ал әлемдегі өзге елдер ЖІӨ-нің шамамен 10 пайызын денсаулық сақтау саласына жұмсайды. Қазақстан үкіметі осы көрсеткішті тек 2027 жылға қарай 5 пайызға жеткізуге уәде береді, ал әзірге шығынды ұлғайту жоспарланбаған.
Лейле Ишбаева денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың 80 пайызы – 2024 жылы денсаулық сақтау бюджеті 2,38 трлн теңге болған – еңбекақы төлеу қорына жұмсалады да, саланы дамытуға мардымсыз ғана ақша қалады дейді.
– Батыстағылар мұны естіп таңғалады. Олардың еңбекақы төлеу қоры 40 пайыздан аспайды, – дейді сарапшы. – Бәрі тегін дей бастағанда, адамдар МРТ сияқты қызметтер талап етті. "Мен МӘМС төлеп жатырмын, МРТ жасаңдар" дейді. Біз оларға сізде ешқандай ауру белгісі жоқ, ал сіздің МӘМС-тегі ақшаңызды бір дәлізде тұратын көршіңіз "жеп қойды" дейміз. Оларға ортақ жауапкершілік жүйесінде бай адам кедей адамға, сау адам сырқат адамға ақша төлейтінін түсіндіруге тырысамыз.
Лейла Ишбаева халықаралық нормаларды мысалға келтіріп, денсаулық сақтау экономикасы институтының мәліметі бойынша, бекітілген көмек деңгейі бойынша бір адамға жылына екі мың доллар жұмсалуы керек дейді.
– 2025 жылға қарай жүйе дефолтқа ұшырайды – мұны модельдеу болжамы көрсетіп отыр. 2022 жылды медициналық ұйымдардың барлығы кредит берешегімен аяқтады, өйткені стационарлар қызмет көрсету фактісі бойынша 753 млрд теңгенің шотын жіберіп, бар болғаны 511 млрд теңге алды. Бұл – қордың есебі. 2023 жылы бюджетті кесіп тастады. Неліктен қыркүйек айында ауруханалар жабыла бастады? Жұмыс жүргізе алмады. 2023 жылды әупірімдеп жүріп аяқтады, енді оларға бюджетте ақша жоқ деп айтыпты.
МӘМС жүйесін сынай келе президент Тоқаев денсаулық сақтау министрін ауыстырды. Ажар Ғинияттың орнына педиатр дәрігер Ақмарал Әлназарова келді. Алғашқы сұхбатында ол "жалпы қазір шұғыл шешуді қажет ететін проблема көп, оларды бірінші кезекте қолға алу керек" деп, алғашқы медициналық әлеуметтік көмекті атап айтты.