Ерлан Біләлге 52 млн теңге айыппұл салынды

Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл сот отырысынан келе жатыр. Алматы, 31 қаңтар 2018 жыл. Скриншот.

Ақпанның 7-сінде Алматының Алмалы аудандық сотында Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры, «пара алуға әрекеттену» айыбы тағылған Ерлан Біләлға қатысты сот процесі аяқталды.

Судья Қуаныш Әріпов сотталушы Ерлан Біләлді Қылмыстық кодекстің 24 -бабының 3-тармағы және 366-бабының 2-тармағы бойынша айыпты деп санап, 52 миллион 500 мың теңге айыппұл салу, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасына кесті. Судья Біләлге бір ай ішінде айыппұлды төлемесе, үш жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін екенін ескертті.

ҮКІМ

Сонымен қатар сот Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін «Сезам» театрының директоры Қайрат Баянов «Ерлан Біләлге берді» деп сипатталған 600 мың теңгені қайтарып беруді міндеттеді.

Көре отырыңыз: Судья Қуаныш Әріпов Ерлан Біләлге үкім оқып тұр. Алматы, 7 ақпан 2018 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Біләлдің үкімі оқылған сәт

Осы істің салдарынан «Ерлан Біләловті ұстап беруші» деген жағымсыз атқа қалып, ар-намысына тиетін ақпарат тарағандықтан Ерлан Біләлден 1 миллион теңге өндіріп беру туралы Қайрат Баяновтың азаматтық талап арызы қанағаттандырылмады.

Сот шешімі осыған дейін айыптаушы прокурор сұраған жазаның негізгі бөлігімен сай келді. Айыптаушы прокурор Ерлан Біләлға Қылмыстық кодекстің 24 бабының 3-тармағы және 366 бабының 2-тармағы бойынша айыпты деп санап, 90 миллион теңге айыппұл салуды, мемлекеттік наградалары мен атақтары: «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», «Жастар одағы сыйлығының лауреаты» атақтарынан, «Құрмет» орденінен, «Момышұлы атындағы «Намыс» медалінен, мемлекеттік қызметте басшылық ету құқығынан өмір бойына тыйым салуды сұраған.

Көре отырыңыз: Сот залынан тікелей репортаж

Биыл қаңтар айының басында «пара алу сәтінде қолға түсті» деп хабарлаған Ерлан Біләлдің ісін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексерген. Агенттік Ерлан Біләлдің айыбын Қылмыстық кодекстің 24-бабының («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») 3-тармағына жатқызған еді.

Бұл тармақта «Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады» деп көрсетілген және бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылық осыған қатысы бар басқа баптарда анықталатыны айтылған.

Осыған байланысты Ерлан Біләлге 366-баптың («Пара алу») 2-тармағы («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның пара берушiнiң пайдасына жасаған әрекеттері үшiн өзіне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы) бойынша айып тағылған.

Қылмыстық кодекстің 366-бабының екінші тармағы бойынша «мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның алпыс еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген.

Көре отырыңыз: «Біләлге жеңіл айып тағылды»

Your browser doesn’t support HTML5

«Біләлге жеңіл айып тағылды»

Ерлан Біләл соттағы соңғы сөзінде судядан мемлекеттік наградаларынан айырмауды өтінген еді.

- «Жастар одағы жүлдесінің лауреаты» атағы 2003 жылы анамның қазасынан кейін берілді. Менің әрі қарай өмір сүруіме, театр сахнасында өнер көрсетуіме демеу болды. Ұлыма ауыр операция жасалды. Үш жыл өз-өзіме келе алмадым. «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын әкем қайтыс болған соң алдым. Денсаулығым да әлсіз. Түрлі дертіме қарамастан осы театрда 25 жыл қызмет еттім, - деген Біләл.

Айыбын мойындағанын алға тартқан бұрынғы театр директоры отбасылық, қаржылық және денсаулық жағдайын ескеріп, айыппұл мөлшерін азайтуды өтінген. Наградалары мен атақтарынан айырылу «шығармашылық адамы ретінде өлумен тең» екенін айтқан Біләл алдағы уақытта студенттерге сабақ беріп, «республиканың өркендеуі үшін қызмет ете беретінін» айтқан.

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АР-НАМЫСЫ

Осы сотқа азаматтық талапкер ретінде қатысып келген Қайрат Баяновтан «өзіне Ерлан Біләловтен бір миллион теңге өндіріп беру» туралы талабының орындалмағанына қатысты пікір алу мүмкін болмады. Баянов пен оның адвокаты соңғы сот отырысына келмей қалды.

Адвокат Рамиля Мұхамедиева өзінің қорғауындағы Қайрат Баяновтың ар-намысына нұқсан келтіргені үшін Ерлан Біләловтан бір миллион теңге моральдық шығын өндіріп беруді сұраған. Адвокаттың сөзіне қарағанда Ерлан Біләлдің үстінен іс қозғалғалы оны «қылмыс үстінде ұстап берген» «Сезам» театрының директоры Қайрат Баянов туралы жағымсыз қоғамдық пікірлер айтыла бастаған.

Баспасөзге берген комментариінде Қайрат Баяновтың өзі де «халық жауы ретінде көріне бастағанына» таңырқап, «өзін біреуді жазықсыз ұстап беруші» ретінде атаушыларға наразы болған.

Сонымен қатар адвокаты Қайрат Баяновты сотқа куәгер ретінде емес, азаматтық талапкер ретінде қатыстыруды сұраған болатын. Судья Қуаныш Әріпов бұл сұранысты қабылдаған. Өйткені Рамиля Мұхамедиеваның Азаттыққа айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастапқыда «пара ретінде белгілеп, Ерлан Біләлге беру үшін» Қайрат Баяновтың 600 жүз мың теңгесін пайдаланған. Азаматтық талапкер ретінде шағым түсіру арқылы Ерлан Баянов ол ақшаны қайтарып алғысы келетінін білдірген.

Осыған дейінгі сот барысында «Сезам» қорының директоры Қайрат Баянов Ерлан Біләлге параны қалай бергені туралы айтып берген еді. Оның сөзінше, 2017 жылдың қазан айында Ерлан Біләлмен кездескеннен кейін, оған біртіндеп 1,5 млн теңге беруі тиіс болған. Бастапқы 600 мың теңгені Қайрат Баянов қаңтардың үшіне дейін берген. Сот процесінде Ерлан Біләл 600 мың теңгені алғанын растап, ақшаны пайдаланғанын айтқан еді.

Оқи отырыңыз: Актерлар Ерлан Біләлді қолдау жиынын өткізді

Ерлан Біләл қаңтардың басында «Сезам» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісінен жаңа жылдық театр қойылымдарын бірге өткізу туралы келісімге қол қою үшін 1,5 миллион теңге пара алды» деген айыппен ұсталған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «айыбын толық мойындағанына байланысты театр директоры қамауға алынбағанын» хабарлаған.

Қалалық сот ақпаратына қарағанда, қаңтардың 9-ы күні Медеу аудандық 2-сотының судьясы айыпталушы Ерлан Біләлді кепіл төлеу түрінде бұлтартпау шарасын белгілеген. Бұдан соң күдікті 1 миллион 205 мың теңге кепіл төлеген.

Бұған дейін әлеуметтік желіде және кейбір мемлекеттік ақпарат агенттіктерінде Ерлан Біләлдің бірнеше адамның арасында тұрған, оның бірі Біләлдің қолынан ұстап, ортада 10 мың және 20 мың теңгелікке ұқсас ондаған купюра жайылып жатқан суреті тараған болатын.

Қаңтардың 8-інде Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрында Ерлан Біләлдің әріптестері мен театр ұжымы жиын өткізіп, оған қолдау білдірген. Жиында актер Асанәлі Әшімов «мұндай сатқындықты ұйымдастырған адамды сотқа шақырамын» деген. Ал Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Әуезов театрының жетістігі - Ерлан Біләлдің арқасы. Ол біреуге сеніп, құрбан болып отыр» деген.

46 жастағы Ерлан Біләл ондаған спектакльде, сериал мен кинофильмде басты және қосалқы рөлдерде ойнаған. Ол орталық телеарналарда тележүргізуші ретінде де көпке танылған. Біләл - мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 2015 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметін атқарған.