Наурыздың 8-інде кешкісін әлеуметтік желілерде Мұратхан Тоқмәдидің Тараздағы абақтыдан ауруханаға жеткізілген кезде қашып кеткені туралы сыбыс жаппай тарай бастады. Азаттық тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Алмас Сәдубаевқа хабарласып, ақпараттың растығын анықтамақ болды. Бірақ баспасөз хатшысы әзірге ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтып, сыбыстарды я растамады, я терістемеді.
Әлеуметтік желіде "полиция таратты" деп сипатталған бірнеше бағыттама нұсқалары жарияланды. ІІМ растамаған мұндай "бағыттамаларда" наурыздың 8-күні "Аса ауыр қылмыскер Тоқмәди Мұратхан Шакерханұлының Тараз қаласындағы облыстық ауруханадан кешкі 19:30-20:00 аралығында қашып кеткені" жазылған.
Биылғы ақпан айында Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы қазақстандық "ТұранӘлем банктің" басшысы марқұм Ержан Тәтішевті "2004 жылы өлтірді" деп айыпталған бизнесмен Мұратхан Тоқмадидің соты басталған еді.
Тәтішевтің қазасына байланысты Тоқмәди 2007 жылы да сотқа тартылған. Ол кезде сот банкирдің өлімін "аң аулап жүргенде болған жазатайым жағдай" деп атаған.
Былтыр бопсалау айыбымен үш жылға сотталып, биылғы маусым айынан бері түрмеде отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 2017 жылдың 24-інде қазақстандық КТК телеарнасынан көрсетілген «Звали его Мурка» фильмінің екінші бөлімінде 13 жыл бұрын "банкир Мұхтар Әблязовтың тапсырысы бойынша Тәтішевті өлтіргенін" айтқан.
Көре отырыңыз: Тоқмәдидің "мойындауы"
Your browser doesn’t support HTML5
"Бұл аңға шыққан кезде болуы тиіс еді, және жазатайым оқиға сияқты көрінуі керек еді" деген ол. Тоқмәдидің сөзінше, 2004 жылдың желтоқсанында Тәтішев оны қансонарда аңға шығуға шақырғанда қастандықты жүзеге асырудың сәті туған. "Жолда рөлге Тәтішевтің өзі отырды, қасқырды қуамын деп жылдамдықты қатты асырды, сол кезде күзетшісі мылтықты маған берген сәтте атып жібердім, Ержан содан көз жұмды" деген Тоқмәди.
Өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайтын оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол Тәтішевтің өліміне қатысты соңғы айыптауды "ҰҚК-нің тапсырысы" деп санайды.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Әблязовтің ісі қалай басталды?
2017 жылғы қазанның 10-ында Алматы қаласы, Алмалы аудандық соты 52 жастағы Мұратхан Тоқмәдиді Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы ("ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалау"), 287-бабының 4-тармағы ("Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша айыпты деп танып, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Сот Тоқмәдидің ісі "ашық түрде қаралғанын" айтқан. Тоқмәдидің компаниясы Астанадағы EXPO көрме кешені территориясындағы "Ехро 2017 Сферасы" нысанын (Қазақстан павильоны сол жерде орналасқан) салуға да қатысқан. Кейбір жергілікті БАҚ кәсіпкерді "1990 жылдары "Депутатский корпус" қылмыстық тобының жетекшісі болған" деп сипаттайды.
Ал Тәтішевтің өліміне қатысты Тоқмәдидің үстінен қозғалған жаңа іс бойынша сот Тараз қаласында өтіп жатқан.