АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ШАҒЫМ
Нұр-Сұлтанда тұратын 45 жастағы Жасұлан Сүлейменов 2009 жылғы қарашада "терроризмді насихаттады", "терроризм актілерін жасауға жария түрде шақырды", "террорлық топ құрып, оны басқарды" деген айыппен сотталып, сегіз жыл түрмеде отырған. Кавказдағы Минералды су курортында Ресей қауіпсіздік қызметі ұстаған қазақстандық бір топ азаматтың елге жеткізіліп, жауапқа тартылғанын, солардың бірі Жасұлан Сүлейменовтің қалай сотталғанын, түрмеде басынан не өткенін Азаттық жазған.
Жасұлан Сүлейменов студент шағында биіктен құлап, мертіккеннен кейін бірінші топтағы мүгедек деп танылған. Жаза мерзімінің көп бөлігін төсек тартқан күйі өткізген. Өзін жазықсыз сотталдым деп есептейтін Сүлейменов түрмеде жатқан кезде БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданған. Арызында қамауға алынғаннан кейін өзін билік өкілдері ұрып-соғып, қатал жағдайда ұстағанын, тәні мен жанын азаптағанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ бұрынғы тұтқынды «азапталған» деп таныдыБҰҰ Адам құқығы комитеті алты жылдан соң, 2017 жылғы 21 наурызда Жасұлан Сүлейменов туралы шығарған шешімінде "Қазақстан Жасұлан Сүлейменовті колонияда азаптап, адамшылыққа жат қатігездік танытып, оның тиімді жолдармен құқықтық тұрғыдан қорғануына мүмкіндік бермеген" деп тапқан. Комитеттің Қазақстанға бірнеше талап қойған, солардың бірі – азаптау жайлы мәлімдемелерді дереу тексеріп, Сүлейменовке тиісті медициналық жәрдемді қамтамасыз ету жайлы болатын.
– Мені тергеген кезде ғана емес, ұстаған кезде де, колонияда отырған кезде де ұрып-соқты. Атыраудан екі жарым күн жүріп жеткен кезде өздерін Атырау облыстық ҰҚК департаменті қызметкерлеріміз деген адамдар жол бойы тепкіледі, ас-су бермей қойды. Түрмеде де мені қалай болса солай лақтырып, домалап жататынмын, – дейді мүмкіндігі шектеулі азамат.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болған жылы түрмедегі наразылық көбейдіБҰҰ Адам құқығы комитетінің өзі жайлы шығарған шешімі қолына тиген соң Сүлейменов ҰҚК қызметкерлерінің өзіне жасағанын тәптіштеп жазып, моральдық өтемақы ретінде бес миллион теңге өндіртіп беруді талап етіп сотқа жүгінген. Бірақ сот оның арызын қанағаттандырмады.
– Моральдық жағынан көп азап шектім. Түрмеден шыққан соң әлі күнге дейін емделіп келемін. Қанша сұрасам да олар менің денсаулығымды қайтара алмайды ғой, сол кездегі шеккен азабымды өтей алмайды. Ол тек принципті түрде маңызды, – дейді ол.
Жасұлан Сүлейменов терроризм бабымен сотталған басқа адамдар тәрізді әлі күнге дейін қаржы ұйымдарынан есепшот аша алмайтынын, өз атынан іс-әрекет жасауды нотаруис арқылы басқа біреуге артуға да құқығы жоғын айтады.
– Пандемия кезінде мүгедектерге 50 мың теңгеден өтемақы берген. Оны да ала алмадым. Шотымда жатыр. Анама кепілдік қағаз рәсімдей алмаймын, құқым жоқ. Оқуға құжат тапсыра алмаймын. Несие ала алмаймын, банк картам да жоқ, мүгедек ретінде алатын жәрдемақымды әлі күнге дейін үйге, қолыма әкеліп береді, – дейді ол.
БЕС ЖЫЛ БҰРЫН ЖАБЫЛҒАН ІСТІ ҚАЙТА ҚАРАУ
БҰҰ Адам құқығы комитетінің шешімі орындалатынынан күдер үзіп, ұмыта бастаған Жасұлан Сүлейменовке 2022 жылы мамырдың ортасында бас прокуратурадан телефон шалған.
– "Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі сіз туралы қысқартылған қылмыстық істі қайта қарайды" деп хабарлады. Басында сенбедім, алаяқтар болар деп ойладым. Содан соң Egov арқылы сұрау салып едім, рас екен, – дейді Сүлейменов.
Оған 20 шілдеде Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінен бір адам қоңырау шалып, іс бойынша жауап алатынын, бірақ "қазір қолы бос болмағандықтан, басқа бір күні келетінін" хабарлапты.
– 2017 жылы күзде де маған сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінен хабарласып, іс бойынша жәбірленуші деп танылғанымды жеткізді. Істі жүргізген тергеуші "сен жалғыз өзің азапталдым деп айтыпсың. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері азаптаған жоқпыз дейді. Дәлелің я куәлер, немесе видео бар ма деп сұрап, кейін "айғақ-дәлел табылмады" деп істі жапқан, – дейді Сүлейменов. Ол колонияда оқшаулау бөлмесінде жатқан кезінде көргенін растайтын куә немесе видео талап еткен сыбайлас жемқорлық агенттігі әрекетін өзін мазақ ету деп санайды.
Сүлейменовтің арызы бойынша істі қайта қозғау туралы қаулыға бас прокуратураның қылмыстық тергеу қызметі жөніндегі бастығының орынбасары Б.Мәжіренов қол қойған. Биыл 13 мамырда шыққан қаулыда Жасұлан Сүлейменов пен 2009 жылы онымен бірге сотталған туысы Қуат Жобалаевқа байланысты қылмыстық іс қысқартылатыны жайлы 2017 жылғы 26 қазанда қабылданған шешімді бұзып, сотқа дейінгі тергеу бастау туралы жазылған.
"ТЕРЕЗЕМЕ ТАС ЛАҚТЫРЫП, ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ"
Жасұлан Сүлейменов Нұр-Сұлтандағы Манас көшесінегі бес қабатты ескі үйдің екінші қабатында тұрады. Ол арнайы лифт қарастырылмаған, пандусы жоқ үйдегі пәтеріне кіріп-шығудың азабын 1996 жылдан бері тартып келеді.
Түрмеден шыққаннан кейін Сүлейменов астанадағы осындай пандусы, лифті жоқ үйлерде тұратын мүгедек жандардың құқын қорғаумен белсене айналыса бастады: олардың қалада жүріп-тұруына жағдай жасауды биліктен талап етеді, үйінің маңындағы саябақтың да тазалығын қадағалап отырады.
21 шілдеде түнгі 11-дің шамасында белгісіз біреулер тас лақтырып, Жасұлан Сүлейменовтің ас үйінің терезесі сындырып кеткен. Ол мұны өзінің құқық қорғау қызметімен байланыстырып, азаптау туралы арызы қайта қолға алынған кезде жасалған ескертуге балайды.
– Үздікісіз тас жаудырды. "Бұл кім? Доғарыңдар!" деп айқайладық. Ас үйдің терезесі ашық тұрған. Одан кейін мен жатқан бөлмемнің терезесі еді. Оған тиген тас терезені сырып өтті. Бірден 102 нөмеріне – полиция қызметіне телефон шалып, хабарладым, – дейді ол.
Сүлейменовтің сөзінше, оның үйіне түнделетіп тас лақтырғандарды тауып, жауапқа тарту жайлы жазған арызы қаралмайтынын айтқан полицияның әрекетін заңсыз деп тануды сұрап, прокуратураға шағым жазған.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі Азаттыққа Жасұлан Сүлейменовтің шағымының қаралмау себебін анықтауға уәде бергенімен, осы материал жарияланғанша жауап бермеді.
– Бұған дейін 2017 жылы арызым қаралатын кезде де осыған ұқсас жағдай болған еді. Менің соңымнан үнемі аңду болды. Көшеде жүргенімде арандатулар жасалды, мен оның бәрін атап көрсетіп, шағым бердім. Бірақ әлі күнге дейін ешбіреуінен нәтиже болған жоқ, – дейді ол.
"ИМИДЖ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ӘРЕКЕТ"
Қазақстанның адам құқтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Қазақстан билігінің Жасұлан Сүлейменовтің азаптау туралы шағымын арада бес жыл өткенде қайта қозғауын имидж үшін жасалған әрекетке теңейді.
– Қазіргі президенттің (Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың – автор) бір кездері сыртқы істер министрі, БҰҰ бас хатшысының орынбасары (Женевада) болғанын ескерсек, бұл биліктің жалпы саясатымен байланысты деп ойлаймын. Яғни Қазақстанның халықаралық абырой-беделіне, әсіресе кезінде өзі істеген саладағы имиджіне қатты алаңдайды, тіпті кейде ауыр қабылдайды. Ал БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы қол қойған хаттамаларды орындауға келгенде біздің абыройымыз оңып тұрған жоқ, – дейді Евгений Жовтис.
Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ-ға мүше болып қабылданғаннан кейін адам құқықтары жөніндегі, азаптауға қарсы, адамды нәсіліне бола алалауды жою жөніндегі және әйелді алалауды жою жөніндегі келісімдерге қосылған. Қазақстаннан осылардың тек соңғысына байланысты арыз-шағым түспеген дейді Жовтис. Ал қалған үш келісім бойынша комитеттер Қазақстанға байланысты 65 шешім шығарған, оның 53-інде адам құқықтары мен жеке бостандығы бұзылған деп танылған.
2009 жылдан бері Қазақстаннан бірсыпыра шағым-арыз түскен, бірақ мемлекет солардың тек екеуі бойынша өтемақы төледі дейді қазақстандық құқық қорғаушы. Оның сөзінше, азаптау туралы арыз-шағымдарға байланысты БҰҰ-ның шешімін заңды күші жоқ әрі тек кеңес беру сипатындағы ғана құжат деп санайтын Қазақстан ондай шағымға айғақ-дәлел табылмағаны жайлы уәж келтіріп, "құтылдық" деп ойлайды.
– Халықаралық стандарттар бойынша, егер азаптау болмағанын дәлелдей алмаса, әу баста тиімді зерттеу жүргізуді қамтамасыз етпесе, айғақ-дәлел жинай алмаса, оған бәрібір Қазақстан мемлекеті жауапты болады. Мұндай әрекет аяқсыз қалмайтынын әркім білуі үшін мемлекет тергеушіні, прокурорды жазалап, [азап шегушіге] өтемақы төлейді, – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бетперде тағып алып азаптағанды да жауапқа тартудың амалы бар"– Бәрі де салыстырғанда көрінеді. Мәселен, Ресей немесе Солтүстік Кореямен салыстыра қараған кезде, [адам құқықтарының сақталуы жөнінен] Қазақстанды атағанда кей тұсқа орындалды деген белгі қоюға болар. Бірақ Солтүстік Корея ештеңеге ұмтылып отырған жоқ. Ал Қазақстан өзін адам құқығы сақталатын демократиялық мемлекет ретінде көрсеткісі келеді. Міне сондықтан да абырой-беделін ағартқысы келіп, осындай қимыл-әрекет жасайды, – дейді Жовтис.
БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті шешімімен азаптауға ұшырағанын дәлелдегендер қатарында Александр Герасимов пен Расим Байрамов бар. Сот Герасимовқа Қостанай полициясынан екі миллион теңге, Расим Байрамовқа 100 мың теңге өндіріп алуға шешім шығарған. Байрамов азаптаудан соң денсаулығына байланысты түрмеден мерзімінен бұрын босап шығып, 2016 жылы ақпанда қайтыс болды. Ол БҰҰ-да жеңіске жеткенімен бірде бір полиция қызметкері жазаға тартылған жоқ. БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті өмір бойына бостандығынан айырылған Олег Евлоевті де Қазақстан полициясы азаптаған деп таныған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Терроризм айыбымен сотталып шыққандарға "кедергі көп""Терроршылар тізіміне" енгендер алимент пен әлеуметтік қызметтен қағылады«Терроризм» үшін 8 жыл түрмеде отырса да «түзелу жолына түспеген»Тыңшы тінту кезінде ұйқысырап отырса, лаңкестік ісі бойынша куәгерлер айтқандарынан тана бастады Кавказда тұтқындалған Астана тұрғындарына лаңкестік топ құрды деген айып тағылды