"Табылған" журналист "айтарым көп" дейді

«Закон и правосудие» басылымының бұрынғы бас редакторы Тоқберген Әбиев. Балқаш қаласы, 17 мамыр 2011 жыл.

Полиция жоғалып кетті деп хабарланған журналист Тоқберген Әбиевтің "жасырынып жатқан пәтерінен табылғанын" хабарлады. Журналистің өзі мұның себебін жұма күні айтпақшы.
Аbiyev.kz сайтының, «Закон и правосудие» баспасөз клубының жетекшісі Тоқберген Әбиев Астанада сыбайлас жемқорлыққа арналған баспасөз жиынын өткізу туралы мәлімдеген соң желтоқсанның 20-сы "жоғалып кеткен" еді.

Желтоқсанның 22-сі күні журналистің жұбайы Мира Әбиева Астанада қалалық ішкі істер департаментіне ерінің жоғалғаны жайлы арыз жазып, желтоқсанның 24-і күні Тоқберген Әбиевке іздеу жарияланған.

Журналистің жоғалуына байланысты халықаралық құқық қорғау ұйымы – Журналистерді қорғау комитеті де пікір білдіріп, желтоқсанның 27-сі күні жоғалған журналисті тауып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Астанадан талап еткен.

«ЖҰРТ НАЗАРЫН АУДАРУ»

Желтоқсанның 31-і күні Астана қалалық ішкі істер департаменті «жоғалып кеткен» журналист Тоқберген Әбиевті тапқанын хабарлады.

– Кешенді шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тілші осы уақытқа дейін дін-аман жасырынып келген пәтер анықталды. Оның өзімен бірге ноутбугы және ұялы телефоны болған. Әбиевтің берген түсініктемелерінен, ол жоғалуды қоғам мен билік органдарының назарын өзінің қызметіне аударту үшін өзі ұйымдастырғаны белгілі болды, – дейді ішкі істер департаменті.

Бұл деректі Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейітқазы Матаев та растады.

– Тоқбергенді танимын. Оған қарсы із қозғалған кездері қорғап, бірнеше рет жолыққанмын. Бірақ желтоқсанның 31-і күні өзі маған хабарласқанда таң қалдым. "Сен жоғалып кетті деп дүрлігіп жатырмыз" деп едім, осылай жұрт назарын аудармақ болғанын айтты. Бүйтуге бола ма екен? Бұдан соң мемлекет басшысы мүлдем қабылдамайды ғой. Қатты-қатты сөйлестік, «жұрт алдында түсіндір» дедім, – дейді Сейітқазы Матаев.

Тоқберген Әбиевтің баласы Төлегеннің айтуынша, «туыстарының ешбірі журналистің бұл жоспарын білмеген».

Қаңтардың 2-і күні Тоқберген Әбиевпен телефон арқылы тілдескен Азаттық тілшісі оған "жоғалу акциясы" туралы сұрақ қойды.

- Халім жақсы. Жұма күні, қаңтардың 4-інде Астанада пресс-конференция өткізем. Сонда бәрін айтам. Айтатын жайттар көп, - деді ол.

СОТТАЛҒАН ЖУРНАЛИСТ

1965 жылы туған журналист Тоқберген Әбиев «Закон и правосудие» басылымының бас редакторы кезінде, 2008 жылғы мамырдың 17-сі күні үш жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Қазақстан қаржы полициясы оған «сот органдары қызметкерлерінің үстінен астыртын айғақ жинап беру үшін қаржы полициясының жауапты қызметкеріне 1600 доллар және 50 мың теңге пара бермек болды» деген айып таққан.

2011 жылғы мамырдың 17-сі бостандыққа шыққан журналист Азаттыққа берген сұхбатында ол айыпты мойындамайтынын, өзіне қарсы қозғалған іс кәсіби қызметіне байланысты екенін айтқан.

«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Қалееваның сөзіне қарағанда, Әбиев түрмеден шыққаннан кейін кәсіби қызметін жалғастыру мақсатында бірнеше рет жаңа газетті тіркемек болды, алайда әділет министрлігі «аты ондай газеттер тіркеуде бар» деген желеумен ешқайсысын тіркемеген.

Содан кейін Тоқберген Әбиев Астанада «Альянс казахстанских СМИ «Закон и провосудие» атты баспасөз клубын, Abiyev.kz сайтын ашқан.

(Мақаланы әзірлеуге Өркен Жоямерген қатысты)