Қарауылдағы айтыс: Абаш пен Ринат

Ринат Зайтов, айтыскер ақын. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылы. 15 қыркүйек 2011 жыл.

Қыркүйектің 15-і күні Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығы Қарауылда «Бабалар тойы – ел тойы» деген атпен Көкбай Жанатайұлы мен Ақылбайдың туғанына 150 жыл, Шәкір Әбеновтің туғанына 110 жыл толуына орай республикалық айтыс өтті.

Ол айтыста алғашқы жұп болып өскемендік Абаш Кәкенов пен Ринат Зайытов сөз сайыстырды.

Қарауылдағы айтыста Ринат Зайытов ауылдың мүшкіл халін сөз етті:

– Тоқтай тұр, мен айтайын ауылыңды,
Ауылдың болып тұр ғой жаны мұңлы.
Қансыздар төрде отырған бұл күндері,
Ауылым, кетірді ғой қадіріңді.
Елеңдеп қарауменен қалаға құр,
Елеусіз еңіреумен дала жатыр.
Әбеке, білесің бе, ауылдарға,
Астана орнатты ғой заманақыр.
Бастарың ауылда тұр жұмыс таппай,
Жастарың ішкіш болып бара жатыр.
Дәріге мұқтаж болған науқас құсап,
Бәрі де пенсияға қарап отыр.
Шала қазақ балды жеп, қалада жүр,
Қара қазақ қасығын жалап отыр.

Ринат Зайытовтың бұл сөзіне Абаш Кәкенов мынандай уәж айтты:

Абаш Кәкенов, айтыскер ақын. Қарауыл ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 жыл.



– Қанатын болашаққа қағып жатыр,
Маржанын биіктерге тағып жатыр.
Ауылдың жағдайын мен түсінемін,
Аман-есен балдарын бағып жатыр.
Ай емес, жыл емес, күн-күн сайын,
Астана мен жан-жаққа барып жатыр.
Әйтеуір Ринаттың амалы ғой,
Зарлайтын әуеніне салып жатыр.

Ал Ринат Зайытов қарсыласының айтқанына орай ауылдың қазіргі жай күйін сипаттады:

– Кеттің ғой ауылыңды мақтап тегі,
Әкімшілік осылай баптап па еді.
Әбеке, жағдайың жақсы болса,
Құлағыңа сөз айтайын, шақтап тегі.
Жағдайы жақсы біздің Семейіміз,
Қыс келгенде үш жыл бойы қатпап па еді.
Жұт келгенде осынау абайлықтар,
Малдарын көк тиынға сатпап па еді.
Сол кезде жағдайды жасағыштар,
Үндемей кеңсесінде жатпап па еді.
Сен болсаң «өтірік айтпа» деп айтасың,
Жалбаңдап, үкіметті ақтап тегі.

Айтысты Абаш Кәкенов бастады.

Абаш Кәкенов пен Ринат Зайытовтың айтысы

Your browser doesn’t support HTML5

Абаш Кәкенов пен Ринат Зайытовтың айтысы