Тоба мен Айбектің айтысы

Айтыскер ақын Тоба Өтепбаев. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.

Мамырдың 2-сі күні Алматыда өткен «Төртеу түгел болса» атты айтыстың екінші жұбы - Алматы облысының ақыны Айбек Ережепов пен торғайлық Тоба Өтепбаев.
Кіші қажылыққа барып қайтқан екі ақын да дін тақырыбын сөз етті.


Торғайлық Тоба Өтепбаевтың республикалық айтысқа қатысуы – екінші мәрте. Былтыр Астанада өткен «Тәуелсіздік тағылымы» айтысына Айбек Қалиевті қатыстыруға ұйымдастырушылар қарсы болғаннан кейін, айтыскер ақын өзінің шәкірті Тобаны сол айтысқа жіберген еді.

Тоба Өтепбаев бұл айтыста Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің осы күнге дейін бір ауыз қазақша үйрене алмағанын сынады.

- Алаңдап Астанаға үміт арттық,
Ол кісіден көрмедік ізеттілік.
Орысша шүлдірлеген Мәсімовтің
Мұрттарын қырқар ма еді күзеп тұрып.
Әйтеуір қазақ тілінің табанынан,
Қойды ғой солтүстікте сыз өткізіп.
Ормандай орыс пенен шекараны
Қойыппыз Кулагинге күзеттіріп.
Ол кісі де орынын бергісі жоқ.
Алғандай ықтырманы күзек қылып.
Жоғары жаққа мынау Сергей сынды,
Таныта алмаймыз-ау біз ептілік.
Өз басым Кулагинді көке дер ем ,
Қазақ тілін үйренсе ізет қылып, – деді.

Алматы облысы Талғар ауданы Қарабұлақ ауылының тумасы Айбек Ережеповтің
Айтыскер ақын Айбек Ережепов. Алматы, 02 мамыр 2011 жыл.
республикалық айтысқа шыққанына біршама уақыт болды.

Айбек бұл жолы қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді жырына өзек етті.

- Егеменді ел сенімін серік етіп,
Түтін түзу, іргеміз берік еді.
Кей ісіміз оңалып, оңға басса,
Өрісіміз бұдан да кеңір еді.
Жетпіс жыл желкемізге дінсіз мініп,
Қаншама ер «ел-жұртым» деп еңіреді.
86-да жастардың жалынынан,
Рухыма қатқан мұз еріп еді.
Үңгірде ұйықтап оянған жетеу құсап,
Жаратқан бір қуаныш беріп еді.
Өз қолың өз аузыңа жеткен шақта,
Жымысқы келімсектер келіп еді.
Бір бармағы бүгулі миссионерлер,
Аңғал елден мұрт майлап, керіледі.
Секемшіл жапыраққа дәніккендер,
Ағаштың да дінін кеміреді.
Ал енді өз ішіңнен шықса дұшпан,
Отырар бірақ күнде беріледі.
Ұлтты емес, құлқынды ойлар шенділерің,
Тышқандай қапты тескен жеміреді.
Жыландай байлық басқан кей мансапты,
Тіл мен діл, танымыңнан не біледі.
Кен жайлы басы қатқан кең көмейлер,
Ел жайлы ойлауға да ерінеді.
Ел ішінен тазарса сондайларды,
Қоғамдағы кемшілік кемір еді..
Елін сүйген адал ер жұрт несібін,
Жемсауына салуға жерінеді.
Ей, бақыттың бақшасына барар жігіт,
Халықтың батасына семіреді, - дейді Айбек.

Тоба мен Айбектің айтысы