Депутатқа шағымданғандар медресе ашуды сұрады

Ата-аналар мен мұғалімдер парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесуде отыр. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл.

"Орамал дауына" байланысты қыздары сабаққа кіре алмай жүрген ақтөбеліктер парламент депутаты Бақытбек Смағұлға шағымданды. "Мектептің қойған талабы - заңды" деген депутат пен жергілікті басшылардың сөзіне келіспеген олар биліктен балаларына арнайы мектеп-медресе ашуға рұқсат сұрады.

ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫМЕН КЕЗДЕСУ

Ақтөбеде бір топ тұрғын парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесіп, өз арыз-шағымдарын жеткізді. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған жиын қаңтардың 9-ы күні Ақтөбедегі №56 мектептің мәжіліс залында өтті. Оған "хиджаб дауына" байланысты сабаққа қатыса алмай жүрген оқушылардың ата-аналарымен бірге облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық дін істері департаментінің бастығы Жолдас Қалмағанбетов, қаладағы жалпы білім беретін бірқатар мектептердің басшылары, ата-аналар комитеттерінің мүшелері – барлығы 200-ден аса адам қатысты.

Кездесуге келгендердің біраз бөлігі залға сыймай, жиындағы әңгімені дәлізде тұрып тыңдады. Ұйымдастырушылар кездесу өтетін жердегі қауіпсіздікке де баса мән бергенге ұқсайды: полиция қызметкерлері бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған жиын аяқталғанша тәртіпті қадағалап, мектеп ауласында полицияның бірнеше көлігі тұрды.

Парламент мүшесі Бақытбек Смағұлмен кездесуге жиналған ата-аналар мен мұғалімдер. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл.

Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл өзімен кездесуге жиналған жұрттан оларды қандай мәселелер толғандыратынын сұрады.

- Кеше Атырауға барғанымда бір ата-ана: "Орамалыңды шеш десем бірінші және үшінші сыныптарда оқитын қыздарым жылайды" дейді. Жыласа, сен жұбат! Бізге баланың болашақта жыламағаны керек. Иманды отбасында тәлім-тәрбие алып отырса, балиғат жасына толғаннан кейін де баланың ұстанымы адаспайды. Бірақ біз қоғаммен де санасайық, ағайын. Сауалдарыңды қойыңдар! Мен тыңдамағанда кім тыңдайды?! Бірақ бұл – мәселенің бәрі шешіледі деген сөз емес. Халықтың ойында не жүр? Оны мына біз, депутаттар білуге тиістіміз, - деді Бақытбек Смағұл.

"МЕКТЕПКЕ КІРГІЗБЕЙ ҚОЮ ЗАҢДЫ МА?"

Мектеп сахнасындағы мінберге алғашқылардың бірі болып, "орамал дауымен" айналысып жүрген жергілікті тұрғын Ағысбек Төлегенов шықты. Ол "бұрынғы судья, қазіргі адвокат ретінде залдағы жұртқа құқықтарын түсіндіргісі келетіні" туралы мәлімдесімен жиынды жүргізіп отырған Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева оның сөзін бөліп, сөйлетпеуге тырысқан еді. Алайда кездесуге жиналған кей ата-аналар: "Сөйлесін! Неге сөйлемейді? Жаңа сіздерді де тыңдадық емес пе?!" деп қарсылық танытқан соң адвокатқа сөз берілді.

- Азаматтарға орамал жөнінде мынаны түсіндіргім келеді. Ешкім, мейлі ол мектеп директоры, мұғалім, вахтер, НВП (бастапқы әскери дайындық – ред.) пәнінен сабақ беретін адам болсын, ешкімнің де баланы мектепке "кіргізбеймін" деуге қақысы жоқ. Мысалы, "Мира Жақсыбай №56 мектепте оқи алмайды" деген күшіне енген сот шешімі болса, онда ол ата-ана қызын әлгі мектепте оқыта алмайды. Мектеп директоры қалайша сот шешімінсіз өзінің дегенін жасайды?! Тағы да айтамын, балаларыңызды әкеліп, класқа отырғызсаңыздар, оны қолынан сүйреп шығаруға ешкімнің қақысы жоқ. Осыны ұмытпаңыздар! - деді Ағысбек Төлегенов.

Адвокаттың сөзіне жиынға қатысып отырған діни ғұрыппен киінген адамдар дүркірете қол соқты. Ал мектеп директорлары әлгі сөзден кейін өзара күбірлесіп кеткен еді.

Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесуге қатысушылары. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл.

Төлегеновтің сөзіне байланысты Бақытбек Смағұлдың өзі жауап беруді жөн көрді.

Білім министрлігі белгілі бір қағидаларға, халықаралық тұжырымдамаларға, Ата заңымыздың тармақтарына сүйеніп дайындады. Заңды орындау бір нәрсеге ширк келтіру емес қой?

- Ол заңды, ондай талапты мектеп директорлары шығарған жоқ. Білім министрлігі белгілі бір қағидаларға, халықаралық тұжырымдамаларға, Ата заңымыздың тармақтарына сүйеніп дайындады. Заңды орындау бір нәрсеге ширк келтіру емес қой? Ал орамал - амал ғой, иә? - деп жиналған жұртқа сұрақ қойды ол.

Залдағылардың кейбірі оның сөзімен келіспей, "Орамал тағу - дәстүр, ол - парыз" деп шулап қоя берді.

- Жоқ, – деп қарсы уәж білдірді депутат. – Менің ойымша, білім алу – парыз!

Кездесуге қатысушылардың пікірі екіге жарылып, бір-бірімен қызу айтыс басталып кетті. Ерлер жағы қолдарын сермеп, әлденені айтып, дәлелдеуге тырысса, кей әйелдер өздерімен дауласқандармен сөзге барысып қалды.

Ақтөбедегі "орамал дауы" жайлы жиыннан видео (9 қаңтар 2018 ж.):

Your browser doesn’t support HTML5

Хиджаб таққандардың ата-аналары биліктен медресе ашуды сұрады

"МЕДРЕСЕ САЛУҒА РҰҚСАТ БЕРСІН!"

Азан-қазан болған залдан мінберге шыққан азамат өзін "Дәулеткерей Нәзеновпін" деп таныстырды. Ол депутат Бақытбек Смағұлдың қолына Ақтөбе мектептерінде оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы балалары мектепке кіре алмай жүрген бір топ ата-ананың атынан жазылған үндеуді табыс етті.

- Біз мұндай қысымнан шаршап кеттік, Отанымызда өзімізді бөтен сезініп жүрміз. Орамал дауын шешудің жолдары көп. Соның бірі – дін ұстанатын оқушы қыздар үшін арнайы мектеп-медресе салу. Егер медресе бюджет үшін қымбатқа түсетін болса, бұл мәселені оңтайлы шешудің басқа да жолдарын қарастырсаңыздар екен, - деп өтініш айтты ол.

Дәулеткерей Нәзеновтің сөзін өздерін Аида Бекмағамбетова, Светлана Досмағамбетова деп таныстырған әйелдер де қостады. Олар орамал тартатын қыз балалары жаңа тоқсан басталғалы мектепке кіре алмай жүргендерін айтып шағынды.

Ақтөбелік Аида Бекмағамбетова (сол жақта) парламент депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесуде сөйлеп тұр. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл.

Жиынға қатысқан ата-аналардың бір бөлігі оқушы қыздардың хиджаб тағуы мәселесінде мектеп әкімшілігінің ұстанымын жақтап, парламент мүшесі Бақытбек Смағұлдан қолдау сұрады.

- Сіз бүгін Ақтөбеге келіп, көзіңізбен көріп отырған жайттарды мектеп директорлары жылдар бойы күнде көріп келеді. Оларға да оңай емес. Сондықтан сізден парламент деңгейінде мектеп директорларына қорған болуларыңызды сұраймын, - деді өзін ата-аналар комитетінің өкілімін деп таныстырған Жанна Ахметжан.

Байғанин ауданындағы орта мектепте қырық жыл мұғалім болғанын айтқан Серікбай Қайтасұлы есімді адам қыздары орамал тағатын ата-аналарға:

- Сіздер мұсылманбыз деп отырсыздар. Тек хиджаб кигендер ғана мұсылман деу қате. Мен де мұсылманмын. Бірақ заң мен дәстүрді сыйлайтын мұсылманмын. Салт-дәстүрден айырылсақ, ұлт ретінде жойылып кетеміз, - деп, оларды мектеп тәртібіне мойынсұнуға шақырды.

Қарап отырсам, қазақтар екіге бөлініп алғандай. Бір-бірімізге "Аналар сөйлегенде біз үндемей отырдық қой", "Енді мыналар сөйлейді", "Әй, қоя тұрыңдар!" деп отырмыз. Өте қорқынышты!

Бұл кезде залдағы пікірталас әбден қызып алған еді. Айтыс барысында ашуға мініп алған кейбірі өз тараптарына айтылған ардагер ұстаздың да, депутат пен білім басқармасы өкілінің де сөздерін қабылдамады.

- Қарап отырсам, қазақтар екіге бөлініп алғандай. Бір-бірімізге "Аналар сөйлегенде біз үндемей отырдық қой", "Енді мыналар сөйлейді", "Әй, қоя тұрыңдар!" деп отырмыз. Өте қорқынышты! Өзіміз бір шырпы да өндірмейміз, айналамыз анталаған алпауыт мемлекеттер. Ал жақсы, кимешек кигенде қазақтың экономикасы көтеріліп кететін болса, бәріміз кимешек киіп отырар едік қой. Заң бар ғой, заң. Балаға тимей-ақ қоюға болады ғой? Уақыты келеді. Уақыты келгенде ұстайды ғой өзі, - деді жұрттың алдына шығып сөйлеген, өз аты-жөнін атамаған ер адам.

Мәжілісі депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесуде сөйлеп тұрған әйел. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл.

Жиында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспанов кейбір адамдарда баланың балиғат жасына қатысты қате түсінік қалыптасқаны туралы айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта облыста жалпы білім беретін мектептердің дайындық сыныбына орамал тағып келіп жүрген жиырмадан астам оқушы қыз бар.

- "Орамал дауы" біздің де жүрегімізге ауыр тиеді. Бұл мәселеге қатысты мүфтияттың пәтуасы бар. Бірақ жұрт оны әлі де дұрыс түсіне алмай жүр, мешітке келіңіздер, оны түсіндіреміз, - деді имам.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева елдегі жалпы білім беретін мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты бекітілген ереже мен ата-ананың жауапкершілігі туралы бұл жолы да ескертті. Білім және ғылым министрлігі бекіткен ережеге сәйкес, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.

Мектеп формасы сақталуы керек. Форманың сақталмауынан оқушы сабақтан қалатын болса, ең алдымен ата-ана жауап береді

- Мектептер Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан бұйрығын негізге алып отыр. Сондықтан мектеп формасы сақталуы керек. Форманың сақталмауынан оқушы сабақтан қалатын болса, ең алдымен ата-ана жауап береді, - деді Ләззат Оразбаева ата-аналарға.

Бірақ оның сөзімен келіспеген кей ата-ана қарсы уәж айтып, қыздары орамалын шешпейтіндерін білдірді. Жиынның соңы тағы да дауға ұласып, тараптар бір тоқтамға келмей тарасты.

Парламент депутаты Бақытбек Смағұлға балалары мектепке кіре алмай жүрген ақтөбеліктердің үндеуін тапсырған Дәулеткерей Нәзенов 10 қаңтар күні ертемен Азаттық тілшісіне хабарласып, Ақтөбедегі №31 мектепте оқитын қызының бүгін де сабаққа кіре алмағанын айтты.

- Бұл даудың бітер түрі байқалмайды. Кешегі жиыннан үміт күткен едік. Сенген депутатымыз өзімізге ақыл айтып, әртістерше өлеңдетіп сөйлеп, босқа уақытымызды алды. Ешқандай мәселе шешпейтін болса, осылардың неге ел аралайтынын, не үшін жүз мыңдап жалақы алатынын түсінбеймін, - деп реніш білдірді Дәулеткерей Нәзенов.

Дін істері департаментінің соңғы дерегі бойынша, Ақтөбе облысында қазір мектепке орамал тартып келіп жүрген 338 оқушы қыз бар. Қаңтардың 8-і күні Ақтөбе қаласында жаңа оқу тоқсаны басталысымен орамал тағып келгені себепті оқушы қыздарды сабаққа кіргізбей, үйлеріне қайтарғаны туралы бұған дейін ата-аналары Азаттыққа шағым айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Орамал тағатын оқушылар дауы басылар емес

Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ондаған ата-ана Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығының 13-тармағын Қазақстан Конституциясына және халықаралық келісім-шарттарға қайшы деп тануды талап етіп, Орал және Астана қалаларында сотқа шағымдар да түсірген. "Орамал дауына" қатысты істі қараған сот билігі өткен жылдың соңына қарай ата-аналардың өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шешім шығарған.