Бас жүлде – Лондон баспасына жолдама

Поляк жазушысы Януш Леон Вишневски кітап форумына қатысушылармен әңгімелесіп отыр. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Алматы көшелерінде OCABF, яғни Орталық Азияның ашық кітап форумы мен әдеби фестивалінің жарнамасы пайда болды. Конкурс жеңімпазы кітабын Лондон баспасында тегін шығарады.

Қазір Алматыда Орталық Азия елдерінің үшінші кітап форумы мен әдеби фестивалі өтіп жатыр. Шара қарашаның 14-і мен 17-сі аралығында өтеді деп жоспарланған. Алғашқы фестиваль Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында, екіншісі Лондонда өткен. Шараның негізгі ұйымдастырушысы – Hertfordshire Press (Ұлыбритания) баспа үйі. Конкурс коммерциялық тұрғыдан табыс әкелетін шығармаларды анықтау үшін өткізіледі.

Конкурс жеңімпазы өз кітабын Ұлыбританияның Hertfordshire Press баспасында 17 мың долларға шығаруға мүмкіндік алады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ БАСПАСЫ АВТОР ІЗДЕЙДІ

OCABF сайтында конкурсқа қатысушы шығармалардың үзіндісі немесе толық мәтіні жарияланған. Конкурсқа барлығы 405 шығарма қатысады.

Қойылатын негізгі талап – конкурсқа ұсынылған шығарма бұрын ағылшын тілінде жарияланбаған жұмыс болуы тиіс. Конкурсқа орыс, ағылшын, қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен және әзербайжан сияқты сегіз тілдің бірінде жазылған шығармалар қатысқан.

Әдеби фестивалға қатысушылар Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде отыр. Бірінші қатарда кітап ұстап отырған британдық мейман Дэвид Перри. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Қазір әдеби конкурстың финалына жеткен он шығарма анықталды. Оның ішінде екеуі қазақстандық авторлардыкі, екеуі – Өзбекстан, екеуі – Қырғызстан, екеуі – Ресей, біреуі – Тәжікстан, біреуі украиналық автордың туындылары. Конкурсқа қатысушылар мен финалистер арасында Орталық Азия мен Украина ғана емес, сонымен бірге Ресейдің еуропалық бөлігінде тұратын авторлар да бар.

Азаттық тілшісі финалистердің бірі – Қырғызстаннан келген ақын Бүбайша Арыстанбековамен әңгімелесті. Өлең жазумен бала кезінен әуестенетінін айтқан ақынның 1999 жылы «Сага» («Қисса») және 2008 жылы «Карегимде Ата-Журт» («Ата-жұртымды қорғаймын») өлеңдер жинақтары шыққан.

OCABF-2014 конкурсына ол «Құрманжан датқа» поэмасын ұсыныпты. Бұл – қырғыз халқы тарихындағы белгілі қайраткер әйелдің жырмен жазылған ғұмырнамасы.

Қырғызстандық ақын Бүбайша Арыстанбекова.

– 2003 жылы бастаған поэманы биыл аяқтадым. Әлі қолжазба түріндегі шығармамды қазір тарихшылар қарап жатыр. Поэманың тарихи тұстарын қарап шығуды олардан өзім сұрадым, - дейді Бүбайша Арыстанбекова.

Қалған үш категория бойынша конкурсқа адам аз қатысқан. Мысалы, иллюстрациялар конкурсына небәрі 20, ал видеофильм және әдеби аударма конкурстарына 15 жұмыстан ұсынылған. Конкурсқа бұл үш категория бойынша қатысатын жұмыстарға OCABF ұйымдастырушысы шығарған кітаптар негізінде немесе Бішкек, Лондон я Алматы конкурстарының біріне қатысқан шығармалар негізінде жасалуы тиіс деген талап қойылған.

Шығармашылық әуестігіне қарай бір емес, бірнеше конкурсқа қатар қатысып жатқандар да бар. Мысалы, алматылық Анар Аққозы-Қарақозы бос уақытында өлең жазумен және сурет салумен айналысады. OCABF-2014 конкурсына ол өлеңін де («Дым над горами»), өлеңге салған суретін де ұсыныпты.

ҰЙҒЫР ТАҚЫРЫБЫНА ЖҮЛДЕ БОЛМАЙДЫ

OCABF-2014 конкурсында әдеби шығармасын Ұлыбритания типографиясында шығару мен оның презентациясын өткізу жүлдесінен бөлек, қосымша сыйлықтар да қарастырылған.

Олардың бірі – жазушы, аудармашы әрі түркітанушы ғалым (әдебиет тану саласын зерттеуші) Немат Келімбетов (1937-2000) атындағы сыйлық. 10 мың доллар көлеміндегі жүлде видео категориясы бойынша анықталған жеңімпазға табыс етіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлдені Немат Келімбетовтің баласы, Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов тапсырады.

Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде өткен кездесуге қазақ ақыны және жазушы Мұхтар Шаханов қатысты. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Мәрзия Зәкирянова атындағы бес мың доллар көлеміндегі екінші сыйлық әйелдер арасында ең үздік деп танылған шығармаға беріледі. Мәрзия Зәкірянова – Қазақ туризм және спорт академиясының ректоры Қайрат Зәкірияновтың марқұм жұбайы. 1991 жылы жол апатына ұшырап, өмірінің соңына дейін мүгедек болып қалған ол 20 жылын мүгедек арбасында өткізген. Оның өз өмірі туралы дүние салардан сәл бұрын жазған шығармасы «Жизнь выше боли и отчаяния» («Бейнетке жасымаған өмір») деген атаумен кітап болып шыққан.

Үш мың доллар көлеміндегі тағы бір сыйлықты Бішкекте тұратын ұйғыр жазушысы Нұр Мұхаммед Қарахан тағайындаған. Бұл сыйлық ұйғыр тақырыбын қамтыған кез келген категория бойынша үздік деп танылған шығармаға табыс етілуі тиіс еді. Бірақ, ұйымдастырушылардың хабарлауынша, Нұр Мұхаммед Қарахан өз өлшеміне сай келетін лайықты шығарманы таппаған. Сондықтан бұл сыйлық ешкімге берілмейді.

OCABF-2014 фестивалі бағдарламасы аясында сан алуан – жиырма шақты шара өткізу жоспарланған. Бағдарлама көлемді болғандықтан, кейбір шаралар қарашаның 12-сінен, яғни фестиваль ресми ашылмай басталып кеткен. Атап айтқанда, конкурсқа қатысушылардың кітаптарын оқу, видеофильмдер конкурсына қатысатын жұмыстармен танысу, фестивальдің құрметті қонақтарының кітаптарының тұсаукесері, фильм көрсетілімдері және конкурсқа қатысушылармен кездесулер ұйымдастырылды.