Қастеев мұражайындағы қобыз бен банджо үні

Астанадағы АҚШ елшілігінің баспасөз атташесі Рэн Эльхай (сол жақта) мен Ләйла Тәжібаева-Исаева қобыз тартып отыр. Алматы, 9 маусым 2018 жыл.

Маусымның 9-ы күні Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында "Музыкалық вернисаж" концерті өтті. Бұл жолы америкалық кантри музыкасы мен қазақтың дәстүрлі және қазіргі заманғы күйлері орындалды. Музыкалық кеш әлемге әйгілі америкалық суретші Хант Слонемнің картиналары аясында өтті. Өнерпаздар бұл концертті қазақтың көрнекті композиторы Құрманғазының 200 жылдық мерейтойына арнады.

МУЗЫКАНТТАРДЫҢ ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ ҚҰРАМЫ

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайдағы "Музыкалық вернисаж" концерттеріне ылғи танымал музыканттар қатысады. Бұрындары пианистер Жәния Әубәкірова, Максим Зекини (Франция), әншілер Анастасия Кожухарова мен Толқын Забирова, домбырашы Әбділхамит Райымбергенов, "Тұран", "Арқайым" этнофольклорлық ансамбльдері өнер көрсеткен. Көптеген концертті алматылық танымал өнертанушы Юрий Аравин жүргізген. "Музыкалық вернисаж" концертін соңғы екі жылдан бері мұражайдың баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева жүргізеді, ол осы жобаны алғашқы күннен бастап ұйымдастырып келеді.

"Музыкалық вернисаждың" әр концерті әлдебір тақырыпқа арналады. Бұл жолғы тақырыпты "Америкалық жасыл аймақтан Ұлы далаға дейін" деген оның атауы айтып тұр. Ал көрме қонақтары – қобызшы Ләйлә Тәжібаева-Исаева және АҚШ азаматтары құрған Bluegrass Survivors ансамбль. Бас қобыз бен қыл-қобызда шебер ойнайтын Ләйла Тәжібаева-Исаева World Championship of Performing Arts (Лос-Анджелес, АҚШ) тәрізді халықаралық конкурстарға қатысып, лауреат атанған.

Bluegrass Survivors ансамблі Астанада жұмыс істеп жүрген үш АҚШ азаматынан тұрады. Үшеуінің де музыкалық тәжірибесі мол. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің пресс-атташесі Рэн Эльхай классикалық скрипкада ойнауды бала кезінен меңгерген әрі гитарада да ойнайды, ал 2016 жылдан бері Ләйла Тәжібаева-Исаевадан қобыз тартуды үйреніп жүр. Ол қобыз тартуды шебер меңгергені соншалық, бір жылдан кейін Астанада өткен Spirit of Desht-i-Kipchak фестивалінің лауреаты болып үлгерген.

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан АҚШ азаматтары құрған Bluegrass Survivors ансамблі. Алматы, 9 маусым 2018 жыл.

Bluegrass Survivors ансамблінің екінші мүшесі Майкл Аллен мұнай-газ саласында жұмыс істейді. Ол банджо аспабында ойнайды. Жас кезінде АҚШ-та өтетін ұлттық конкурсқа осы аспаппен бірнеше мәрте қатысып, 1986 жылы жеңімпаз атанған. Трионың үшінші мүшесі – қазір Астанадағы америкалық мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейтін Кандис Миракл. Ол контрабас аспабында кәсіби деңгейде ойнайды әрі бұрын елінде талай жыл bluegrass (кантри жанры түрлері – ред.) топтарының мүшесі болған.

Кейінірек "Музыкалық вернисаж" қонақтарының өнеріне жұртқа көбінесе "Акын Акыныч" деген лақап атымен танылған шебер домбырашы Андрей Фендриков қосылды.

МУЗЫКАЛЫҚ ЭКСПЕРИМЕНТ

Мұражайдағы концертке қатысушылар қазақ күйлерін шертіп, bluegrass жанрындағы америкалық кантри әуендерді орындады. Bluegrass термині музыка саласына 1950 жылдары Билл Монро құрған Blue Grass Boys тобы атауына байланысты енгенімен, бұл жанрдың тарихы Аппалач (Солтүстік Америкадағы тау – ред.) аймағында ағылшындар, шотландтар және ирландықтар қоныстанған18-ғасырдан басталады. Bluegrass топтар ойнайтын аспаптар құрамында банджоның болуы жанрға афроамерикалықтардың ықпал еткенін көрсетеді. Bluegrass жанрының негізгі ерекшелігі – композицияларды ойнаған кезде брейкдаун болады, яғни ансамбльдегі аспаптардың бірі жетекші, ал қалғандарының бәрі сүйемелдеуші рөл атқарады.

"Сарыарқа" күйі мен кантри стиліндегі музыкадан поппури:

Your browser doesn’t support HTML5

Алматы мұражайындағы "Сарыарқа" күйі мен кантри-музыка

Концерт Рэн Элхай қыл-қобызбен тартқан бірнеше күйден басталды. Олардың ішінде қазақ композиторы Қуат Шілдебаевтың "Қаракемер" күйі де болды, күй авторы көрермендер арасында отырды. Бұған қоса, Қорқыт мұрасынан бір күй, Нұрғиса Тілендиевтің "Аққу" күйі, Әлқуат Қазақбаевтың "Тілеп сарыны" тартылды. Олардың бір бөлігін Рэн Эльхай мен Ләйла Тәжібаева-Исаева екеуі дуэт болып тартты. Америкалық кантриден тұратын композицияларды Bluegrass Survivors ансамблі орындады.

Концертте музыкалық эксперимент де жасалды. Абайдың "Көзімнің қарасы" әнінің әуенін Bluegrass Survivors тобы банджо, гитара және контрабас аспаптарымен, ал Ләйла Тәжібаева-Исаева қобызбен қосылып орындады.

Мұражайдағы концертті тамашалап отырған көрермендер. Алматы, 9 маусым 2018 жыл.

Кезек Құрманғазының "Сарыарқа" күйіне жеткенде Рэн Эльхай "Залда домбырашының жоғы-ай! Өйткені бұл шығарманы көбінесе домбырамен тартады ғой" деп қынжылды. Әлгі сөзден кейін бұған дейін штативтің үстіне орнатылған фотоаппараттың жанында концертті видеоға жазып отырған жас жігіт орнынан ұшып тұрды. Ол домбырасын қабынан шығарып, музыканттарға қосылды. Түсінбей қалған Рэн Эльхай одан: "Сіз кім боласыз?" деп сұрады. Бұл адам әлеуметтік желілерде "Акын Акыныч" деген никпен әрі шебер домбырашы ретінде танылған Андрей Фендриков болып шықты.

Андрей Фендриков Ләйла Тәжібаева-Исаева, Bluegrass Survivors ансамблімен қосылып "Сарыарқа" күйі мен америкалық кантриден тұратын попурри орындады.

Ішінде шетелдіктер де көп болған көрермендер музыканттардың өнеріне тәнті болды. Ал композитор Қуат Шілдебаев Азаттық тілшісімен әңгімесінде банджо мен қобыз ырғағын үйлестіру қызық әрі сәтті эксперимент болып шыққанын мойындады.

АМЕРИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНА ОРТАҚ НӘРСЕЛЕР

"Музыкалық вернисаж" аяқталған соң Азаттық тілшісі оған қатысушылардан америкалық кантри мен қазақ музыкасына не ортақ екенін сұрап көрді.

Майкл Аллен:

– Жұрттың бәрі сияқты мен де домбыраны желдірте шертуге қайран қалдым. Меніңше, бұл банджо шертуге қатты ұқсайтын тәрізді. Домбыра шерте бастағанда адамдардың бірден көңіл-күйі көтеріледі. Банджода ойнағанда да солай.

Андрей Фендриков:

– Ортақ нәрсе дейсіз бе? Енді, музыка ортақ шығар. Африкалық мақам немесе француз әуен болсын, адамдарды біріктіретін нәрсе музыка ғой. Музыка ішкі сезімді білдіреді. Ал жан-дүниеміздің жаратылысы бәрімізде бірдей деп санаймын.

Ләйла Тәжібаева-Исаева:

– Меніңше, ортақ дүние өте көп. Бұл Америкада болсын, Қазақстанда болсын жұрттың бәрі сезінетін халықтық нәрсе. Сәл өзгеше жолдармен білдіргенімен, адамдардың проблемалары да бірдей ғой. Өзім мұны жиі байқаймын. Сахнада неше түрлі халықтардың фолкорын – ирландық та, испандық та әуендерді орындаймын. Тереңіне бойлағанда ол барлық жерде бірдей. Өздеріңіз көргендей, америкалық музыканы қобызбен тарту оп-оңай. Қобызбен әсіресе кельттердің музыкасы немесе біздің күйлер керісінше, олардың аспабымен тамаша тартылады. Кезінде қазақ әуендерін волынкамен (үрмелі аспап – ред.) ойнап көргенбіз. Керемет!

Рэн Эльхай:

– Бұл жерде ең бастысы – еркіндік. Америкалық әуен де, қазақ музыкасы да ұлы жасыл аймақ немесе ұлы даладағы еркіндік сияқты. Баяғыда Қазақстанда немесе иммигранттар Америкаға қоныстанған кезде өмірлері ауыр болды. Музыкаға бұл да әсер етеді. Адамдар әдетте сөзбен жеткізе алмайтын дүниелерді ән қылып айтады. Жаныңды, жүрегіңді ауыртқанымен, ол туралы ән түрінде айтуға болады.

Солдан оңға қарай: Ләйлә Тәжібаева-Исаева, Майкл Аллен, Рэн Эльхай, Кандис Миракл және оларға домбырамен қосылған Андрей Фендриков. Алматы, 9 маусым 2018 жыл.

ГОЛЛИВУДҚА ҚОБЫЗ КЕРЕК

Концерттен кейін Рэн Эльхаймен әңгімелескен кезде Азаттық тілшісі одан "Америкада қобыз тартып көрдіңіз бе?" деп сұрады. Ол қобызды тартқанын, бірақ туыстары үшін ғана тартқанын айтты. Рэн Эльхай музыканттар отбасында дүниеге келген. Әкесі композитордың оқуын бітірген. Ал туыс ағасы фильмдер мен театр қойылымдары үшін аранжировка жасаумен айналысады.

Қобыздың үні Рэннің туыстарына да ұнаған. Оның туыс ағасы тіпті фильмдердің саундтректері жазылатын Голливудта "шебер қобызшы болғанда, танымал болар еді, өйткені мына аспаптың үні жүрек қылын шертеді екен" депті. Туыс ағасының пікірінше, қобыз кино үшін таптырмайтын, бірден эмоцияны білдіретін аспап көрінеді.

ХАНТ СЛОНЕМ КАРТИНАЛАРЫ

Мұражайдағы "Музыкалық вернисаж" концерті бір апта бұрын америкалық суретші Хант Слонемнің картиналары көрмесі ашылған залда өтті (оның ашылу рәсімінде суретшінің өзі де болған). Ол – америкалық неоэкспрессионизм жанрының ең көрнекті өкілдерінің бірі. Шығармашылығының негізгі тақырыптары – қояндар, экзотикалық құстар (үлкен шеберханасында ондаған құс бар), көбелектер. Бұл көрмеде де осы тақырыптарға салынған картиналары қойылған.

Хант Слонемнің шығармашылығына арналған көрмедегі суреттер. Алматы, 1 маусым 2018 жыл.

Бұған қоса, көрмеге Елизавета патшайым мен Авраам Линкольн сынды белгілі тұлғалардың бірнеше портреті де қойылыпты. Линкольннің тіпті үш портреті бар. АҚШ-тың 16-президенті – Хант Слонем ең қатты құрметтейтін тарихи тұлғалардың бірі екен әрі шеберханасында тіпті "Линкольн бөлмесі"де бар көрінеді. Buro247.ru сайтына берген сұхбатында ол бірінші кезекте Линкольнді еркіндік символы санайтынын айтқан.

Хант Слонем өз шығармашылығына арналған көрмеде тұр. Алматы, 1 маусым 2018 жыл.

Хант Слонемнің шығармашылығын арт-сыншылар да, шығармашылық элита ортасы да мойындаған. Оның картиналары Метрополитен (Нью-Йорк, АҚШ), Ұлттық өнер галереясы (Вашингтон, АҚШ), Musée d'Art Moderne (Париж, Франция), Стамбулдың қазіргі заманғы өнер мұражайы (Түркия) тәірзді әйгілі мұражайларда және Шэрон Стоун, Брук Шилдс, Джулианна Мур сынды Голливуд жұлдыздарының жеке коллекцияларында сақтаулы.