Үш баланың анасы, алматылық Әлия Жылқайдарова Алматы емханаларындағы педиатр қызметін жауып тастағанды құптамайды. Ол«Балаларымды кезегінде бала-шаға да, омыраудағы баласымен келіншектер де, зейнеткерлер де отыратын жалпы практика дәрігері емес, педиатр маман қабылдағаны жақсы еді» дейді.
- Дәрігердің қабылдауына кезек күткендер көбейеді, оның ішінде жас бала да, түшкіріп-пысқырып үлкен кісілер де отырады. Мұндай кезекте отырып небір ауру жұқтырып алуға болады. Ата-аналардың 95 пайызы бұл өзгеріске қарсы болады, - дейді Әлия Жылқайдарова Азаттыққа.
Қазақстан қалаларының көбінің емханалары ересектер мен балаларға қызмет көрсетудің мұндай аралас түріне 2005 жылы көшкен. Алматыда жаңа бағдарламаны бір ай бұрын ғана енгізген. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің талабымен қаланың 11 емханасы қайта құрылуы тиіс. Қала маңындағы емханалар жаңа ережеге 2016 жылы көшеді.
Қаскелең қаласындағы балалар консультациясының меңгерушісі Ләззат Төлегенова бұл өзгерісті онша құптамағанымен, «амал жоқ» дейді.
- Қаладағы педиатрлар бұл өзгеріске қатысты әуелі шағымданған, қазір үйренді. Біз де үйреніп кететін шығармыз. Үлкен кісілер мен балаларды бір күнде қабылдау қиын, әрине. Бірақ біздің қолымыздан не келеді? - дейді Ләззат Төлегенова Азаттыққа.
Меңгеруші «Әр маман өз ісімен айналысқаны жөн еді. Педиатрды жалпы практика дәрігері етіп қайта оқыту курсының ұзақтығы - небәрі үш ай. Жалақыға қосылатын үстемесі де аз, ал жұмысы көп» дейді.
Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Әсем Мұсабаева Азаттыққа «Батыс елдерінде тиімділігін көрсеткен жаңа модель бізде де үнемді әрі тиімді болады» дейді.
- Халыққа территориялық принцип бойынша қызмет көрсетіліп, бүкіл отбасы бір дәрігерге қарала алады. Біз қазір терапевтің де, педиатордың да қабылдауын әзірше қалдырып отырмыз, жалпыдәрігерлік қабылдау жүйесін де біртіндеп енгізіп жатырмыз, - дейді Әсем Мұсабаева Азаттыққа.
Бірақ Батыс елдерінде балалар мен ересектерге медициналық қызмет көрсетудің әр түрлі жүйесі қолданылады. Мысалы, Чехияда балалар мен жасөспірімдерді қабылдайтын дәрігер бөлек, ал ересек азаматтарды қабылдайтын дәрігер бөлек. Мұнда педиаторларды «балалар дәрігері», терапевтерді «практикалық дәрігер» деп атайды.
Елдегі беделді педиатр-дәрігер, профессор Камал Ормантаев педиаторлар мен терапевтердің функцияларын біріктіруді қазақстандық БАҚ арқылы талай сынаған. Профессордың айтуынша, мұндай өзгеріс балалар ауруы мен шетінеген нәресте санын көбейтіп жіберуі мүмкін. Кезінде медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерін жабуға қарсы шыққан Ормантаев балаларды бала ағзасы ерекшеліктерін білетін дәрігер қабылдауы тиіс деп санайды.
«Денсаулық сақтау саласын реформалау және дамыту» бағдарламасына сәйкес, бес жылдан кейін қазақстандық дәрігерлердің 50 пайызының «жалпы практика дәрігері» деген біліктілік деңгейі болуы тиіс. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті дерегінше, 2015 жылы осы ЖОО-да салалық 550 дәрігер қайта оқып, жалпы практика дәрігері мамандығын алуы тиіс.
Қазір Алматыда 248 дәрігердің «жалпы практика дәрігері» деген біліктілік санаты бар.
Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.