Сот «террорист» Хайыровтың шағымын орындамады

Саян Хайыров сотта тұр. Алматы, 7 қараша 2013 жыл.

«Терроризм» бабы бойынша 11 жылға сотталған Саян Хайыровты енді колонияға жіберуі мүмкін. Адвокат сотта «шын мәнінде ол діни белгісіне байланысты қудаланып отыр» деп мәлімдеді.
Қаңтардың 27-сі күні Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы «терроризм» бабы бойынша айыпталып, 11 жылға сотталған Саян Хайыровтың шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Саян Хайыров өзіне тағылған ауыр айыптарды алып тастап, үкімнің күшін жоюды, ал Қазақстан- Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Оның бірде-бір өтініші қанағаттандырылған жоқ.

ХАЙЫРОВ ОТБАСЫНЫҢ ЕКІ СОТЫ

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқа судьясы Лұқмат Мерекенов Хайыровтың шағымын қанағаттандырудан бас тартып, сот үкімін өзгеріссіз

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқа судьясы Лұқмат Мерекенов. Алматы, 27 қаңтар 2014 жыл.

қалдырды. Судья «үкім осы сәттен бастап күшіне енеді, бірақ кассациялық сотқа қаулыға қатысты шағым түсіруге болады» деп түсіндірді. Енді Хайыровты тергеу абақтысынан колонияға жіберуі мүмкін. 2012 жылдың тамызында діни қауым мүшелеріне қарсы арнайы операция кезінде Хайыровтар отбасы 10 жасар ұлдары Ислам Мақсұттан айырылып қалған еді.

Сотқа Хайыров қатысқан жоқ, оның мүддесін адвокаты Жандос Бұлқайыр қорғады. Сот залында Саян Хайыровтың әйелі, арнайы операция кезінде қаза болған ұлы үшін ақшалай өтемақы талап етіп, ҰҚК департаментімен соттасып жатқан Шынар Бейсенбаева болды. Бұл екі іс бойынша да сот отырысы қаңтардың 27-сіне белгіленген.

Шынар Бисенбаева «сотқа келсе, жүздесіп, азық-түлік берейін» деген үмітпен күйеуінің шағымы қаралатын апелляциялық сотқа қатысқан. Ал «өзінің» сотына адвокатты жіберген. Бірақ ол сот та Бисенбаеваның пайдасына шешілмеді. Сот ҰҚК-не қарсы талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен, бүгін Хайыров пен Бисенбаеваның отбасы үшін сот күні болды.

33 АДАМ ОПАТ БОЛҒАН ОҚИҒА

Хайыров өзіне тағылған ауыр қылмыстарды мойындамайды. Ол 2012 жылы қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өткенін ғана мойындайды.
Саян Хайыров «террористік топ құрып басқарды, адам ұрлады, заңсыз қарау-жарақ жасады, оқ-дәрі сақтады, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті» деген айыптармен 11 жылға сотталған.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласының 38 жастағы тұрғыны Саян Хайыров «террористік топ құрып, басқарды, адам ұрлады, заңсыз қарау-жарақ жасап, оқ-дәрі сақтады, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті» деген айыптармен 2013 жылы қараша айында 11 жылға сотталған еді.

Билік «2012 жылдың жазында Алматы маңында болған шулы оқиғаларға, атап айтқанда, Тау самалы кентіндегі жеке меншік үйлердің біріндегі жарылысқа, Ақсай шатқалындағы жаппай кісі өліміне, Бағанашыл кентіндегі полициямен қарулы қақтығысқа Хайыров тобының қатысы бар» деп мәлімдейді. Бұл оқиғалар мен қарулы қақтығыс кезінде ішінде төрт әйел және жеті бала бар (арасында Хайыровтың 10 жасар ұлы бар) 33 адам қаза тапты.

Апелляциялық сотта сөйлеген адвокат Жандос Бұлқайыр «Хайыров өзіне

Прокурор Еркін Майшынов. Алматы, 27 қаңтар 2014 жыл.

тағылған айыптар бойынша кінәлі емес» деді. Адвокаттың айтуынша, «тергеу орындары мен сот Хайыровтың заңсыз қару-жарақ сақтауға, радикалды діни топ құруға, мәйіті әлі табылмаған атыраулық бизнесменді 2012 жылы ұрлауға қатысы барын дәлелдеген жоқ».

Прокурор Еркін Майшынов соттан Саян Хайыровтың шағымын қанағаттандырмауды, ал үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Прокурордың айтуынша, Хайыров атыраулық бизнесменді жеке өзі ұрлап әкетіп өлтірмегенімен, жүріс-тұрысын бақылап, оны ұрлауға пайдасы тиген мәліметтерді жинаған.

КЕЗЕКТЕ – КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ

Бұл істің бір ерекшелігі, Хайыров билік экстремистік ұйым деп таныған шағын мұсылман қауымының мүшесі болған. Адвокат Жандос Бұлқайырдың айтуынша,

Саян Хайыровтың жұбайы Шынар Бисенбаева. Алматы, 27 қаңтар 2014 жыл.

сақал жіберіп, қысқа балақ шалбар кие бастаған Саян Хайыров пен хиджаб киген әйелі Шынар Бисенбаева билік тарапынан қудалауға ұшыраған. Ақыры екеуі 2011 жылдың аяғында Орал қаласынан Алматыға қоныс аударуға мәжбүр болған. Олар Ауғанстан арқылы ешкім діни белгісі бойынша қудалабайтын Меккеге кетуді жоспарлаған.

Бірақ адвокаттың айтуынша, соңғы жылдар Саян Хайыров пен оның шаңырағы үшін қасіретке толы ауыр жылдар болды. 2012 жылдың тамыз айындағы арнайы операция кезінде баласы қаза тапты. Адвокаттың айтуынша, сот Хайыровты арнайы операция кезінде бір топ адамның қарулы қарсылық көрсетуіне кінәлі ретінде емес, жәбірленуші деп тануы тиіс.

Адвокат Саян Хайыровтың терроризмге қатысын үзілді-кесілді теріске шығарады.

Адвокат Жандос Бұлқайыр. Алматы, 27 қаңтар 2014 жыл.

Жандос Бұлқайыр «билік құзырлы органдардың арнайы операция кезіндегі қылмысын жасыру үшін бар бәлені Хайыровқа үйіп-төгіп жатыр. Оның үстіне Хайыров діни белгісіне байланысты қудаланып отыр деп болжам жасауға да негіз бар» деп мәлімдеді.

«Саян Хайыров тобының» әрекетімен байланыстырылған құрбандар саны көп болғанымен, оған «кісі өлтіру» бабы бойынша айып тағылған жоқ. Адвокат Жандос Бұлқайырдың айтуынша, кассациялық сотқа апелляциялық сот шешіміне қарсы шағым берілуі мүмкін, бірақ түпкілікті шешімді Хайыровтың өзі қабылдайды. Адвокат Хайыровпен кездесу үшін енді абақтыға бармақ.