Алматы облысындағы Жамбыл ауданы орталығы Ұзынағаш ауылында мұғалім болып жұмыс істейтін Фарида Ақбаева арнаулы орта мектептерде тегін оқытылатын сыныптар саны азайып, ақылы сынып көбейгеніне қынжылады.
Your browser doesn’t support HTML5
- Алматы қаласындағы физика-математика мектебіне жыл сайын оқушы дайындап апаратынмын. Сапалы білім беретін болған соң бұл мектепте оқығысы келетіндер көп, сол себепті конкурс та үлкен. Биыл балам 9-сыныпқа құжат тапсырды. 31 балл жинап 277 оқушының ішінде 34-орында тұрды. Сонда да мектепке іліне алмады. Жыл сайын 9-сыныпқа 60-қа жуық оқушы қабылдайтын, биыл 22 оқушы ғана қабылдағаны түсініксіз болып тұр. Мектеп директоры ата-аналарды қабылдамайды, - дейді ол.
Фарида Ақбаева Алматыдағы "Республикалық физика-математика мектебі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұрын Жәутіков атында болған мектептің қазіргі атауы - ред.) тегін оқитын сыныптарды азайтып, орнына ақылы сыныптарды көбейтті деп санайды. Оның айтуынша, ақылы оқитын оқушылар үшін 120 мың теңге, ал жатақханасын қосса – 150 мың теңге сұрайды. Оған кез-келгеннің шамасы жетпейді дейді ауыл мұғалімі.
– Егер 10 айға бір жарым миллион теңге төлеу қажет болса, онда жоғары оқу орындарының бағасынан да қымбат болып тұр, - дейді ол.
«НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНЕ ҚОСЫЛДЫҚ»
Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы коммерциялық емес республикалық физика-математика мектебі директорының орынбасары Архат Долаевтан мән-жайды сұрастырды. Долаев ата-аналардан осы мәселеге қатысты көп сауал түсіп, оларға мүмкіндігінше түсіндіріп жүргенін айтады.
- Физика-математика мектебін биыл он сынып бітірген. Оның орнына сонша сынып алуымыз керек қой. Бұрын оныншыға қазақ және орыс тілді оқушылардан бір-бір сынып алып, қалған сегіз сыныпты тоғызыншыға алатынбыз. 5 сыныпты қазақ бөліміне, 3 сыныпты орыс бөліміне алдық. Сонда шамамен 150 оқушы алатынбыз. Биыл ол өзгерді. Бес сыныпты сегізіншіге, бес сыныпты тоғызыншыға алатын болдық, - дейді ол.
Долаевтың айтуынша, мектепке оқушы қабылдағанда олимпиада жеңімпаздары мен физика-математика мектебінің облыстарда өткізген емтиханының жеңімпаздары, сондай-ақ ауылдық жерлерден келетін оқушыларға арналған интернаттағы орын саны ескеріледі.
- 60 немесе 70 оқушы қабылдаймыз деп алдын-ала айта алмаймыз. Өйткені орыс тілді оқушылар арасында конкурс азайып барады. Нақты санын белгілесек орыс тілді, бірақ білімі нашар оқушылар да конкурстан өтіп кетеді. Сол себепті жан-жақты сараптаймыз, - дейді ол.
Архат Долаевтың айтуынша, биыл білім және ғылым министрлігі білім сапасын артттыру үшін сыныптардағы оқушы санын азайтуды тапсырған.
- Министрлік тек 836 оқушыны тегін оқытады. Қосымша ақылы сынып ашуға рұқсат берді. Біздің мектептің 50 пайыз акциясы білім және ғылым министрлігіне қараса, елу пайызы биыл қаңтардан бастап «Назарбаев зияткерлік мектебі» акционерлік қоғамына берілген. Заң бойынша бізге ақылы сынып ашуға тыйым салынбаған, - дейді Долаев.
Алматыдағы бұрын Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика орта мектеп-интернаты аталған бұл мектептің іргесі 1972 жылы қаланған. Жаңа жылдан бастап орта білім беретін мекеменің атауы «Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы» болып өзгерген. Білім мекемесінің ішінде түстен кейін оқитын «Келешек» деп аталатын ақылы мектеп те бар.
«МЕКТЕПТЕР ҚОСЫМША ҚАРЖЫ ТАБУЫ ТИІС»
Биыл ақпанда вице-премьер Дариға Назарбаева «орта мектептердің өзін-өзі қосымша қаржыландыруына мүмкіндік беру қажеттігі» туралы айтқан пікірін жұртшылық түрліше қабылдаған еді. Орта мектептер ақша табумен шұғылданбай бірыңғай білім берумен шұғылдануы тиіс деп санайтындар да, «ақша табуға мүмкіндік берген жөн» деушілер де болған.
Физика-математика мектебі директорының орынбасары Архат Долаев - «мектептердің өзін-өзі қосымша қаржыландырғаны дұрыс» деп санаушылардың бірі. Оның айтуынша, кез келген мектеп ақылы сынып ашқанымен, әрі қарай сапалы білім бере алмауы да мүмкін.
Ақылы сыныптарды биыл алғаш аштық. Әзірге оқушы саны толар-толмасы белгісіз. Ал айына 120-150 мың теңге – жекеменшік мектептердің бағасымен салыстырғанда аса қымбат емес. Бағаны осы мектептің қамқоршылар кеңесі бекіткен.
- Ақылы сыныптарды биыл алғаш аштық. Әзірге оқушы саны толар-толмасы белгісіз. Ал айына 120-150 мың теңге – жекеменшік мектептердің бағасымен салыстырғанда аса қымбат емес. Бағаны осы мектептің қамқоршылар кеңесі бекіткен. Ақылы сыныптардан түсетін қаржы мектептің материалдық жағдайын жақсартуға, мұғалімдердің жалақысын көбейтуге жұмсалады, - дейді ол.
Азаттық тілшісімен сөйлескен білім және ғылым министрлігінің қызметкері Талғат Жәкенов вице-премьер Дариға Назарбаева көтерген бастама бойынша үш облыста тәжірибе жасалып жатқанын айтты. Әрі қарай таратып айтудан бас тартқан ол, ресми түрде хат жазуды сұрады.
«Назарбаев зияткерлік мектебі» акционерлік қоғамы білім саясаты департаменті директорының орынбасары Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, «ақылы сыныптарды оқыту мәселесін физика-математика мектебінің өзі шеше алады».
«Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан үкіметінің 2012 жылы қабылданған қаулысына сәйкес, ата-аналар өзара келісіммен ақылы мектептерде балаларын оқытуына болады.
Қазақстанда орта білім берумен шұғылданатын оннан астам коммерциялық мектеп бар. Алайда бала оқытқаны үшін бірнеше миллион теңге талап ететін мұндай «қымбат» мектептерде баласын оқыта алмайтын Фарида Ақбаева тәрізді қарапайым мұғалімдер талантты балаларға арналған бұрынғы мектептерді мемлекет қаржыландырғанын қалайды.