Шілденің 23-і күні өткен Қоғамдық кеңестің кезектен тыс жиынында сөз алған кеңес төрағасы Рахман Алшанов Денис Теннің өлімі «жастарға, қоғамға соққы болғанын, халық қорқып қалғанын» айтты.
- Бізге күте тұрыңыздар, бәрі тынышталсын деп айтып жатыр. Бірақ біз іс суымай тұрып, көзқарастарымызды айтқымыз келеді. Ішкі істер департаментінің жұмысын, мәселелерді осыған дейін де мәслихатта, қоғамдық кеңесте талқыладық. Біз полиция жұмысына тас лақтырмаймыз. Олар өз өмірлерін қауіпке тігіп, жұмыс істейді. Бірақ соңғы болған оқиға полиция жұмысында олқылықтар бар екенін көрсетеді. Екі жыл бұрын қару ұстаған адам қала көшесінде жүріп, адамдарды атқан оқиғадан (Руслан Күлекбаевты айтады-ред) сабақ алмадық, - деді Алшанов.
Қоғамдық кеңестің жиынына Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) басшысы Серік Күдебаев «іссапарда жүргендіктен келе алмаған». Оның орнына келген ІІД басшының орынбасары Ғазиз Нұрқаев қаладағы қылмыстың азайғанын айтты.
- Алматы қаласында 2017 жылы алғашқы алты айда 33 мың 126 қылмыстық іс тіркелсе, 2018 жылдың алғашқы алты айында 29 мыңға жеткен. Яғни, 11,8 пайызға азайған. Биыл қылмыстың 30,5 пайызы ашылған. Қылмыстың басым бөлігі - ұрлық. Осы жылдың алты айында өзгенің мүлкін заңсыз иелену ісі бойынша 20722 қылмыстық іс тіркелген. Оның 31 пайызы - пәтер ұрлығы, 14 пайызы - телефон ұрлығы. 2018 жылдың алғашқы алты айында 136 көлік ұрлығы болып, 42 қылмыс ашылған, - деді ол.
Қоғамдық кеңес мүшелері «Алматыда ұрланған мүліктердің барлығы қара базарлар арқылы сатылады. Бірақ оны құқық қорғау органдары тексермейді, қылмыс болып жатса да көз жұма қарайды» деп сынап, ІІД өкілін сұрақтың астынан алды.
ІІД басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаев «ұрланған заттар сауда базарларында сатылатынын» мойындады.
- Бірақ кез келген базарды немесе көлік бөлшектерін сататын нүктені тексеру үшін біздің қолымызда нақты айғақ, заттай дәлел болу керек. Егер дәлел не қандай да бір негіз болмаса базарларды тексере алмаймыз, - деді ол.
Ішкі істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Какимжан Бишманов полицейлер жұмысын сынап, сылтаудың көбейгенін айтты.
- Үш жылдан бері Қоғамдық кеңестің отырысында ІІД есебін тыңдап келеміз және қоғамдық кеңес атынан олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға қатысты ұсыныстар да айттық. Бірақ жұмыс істегісі келмеген адам сылтаушыл болады. Полицейлердің де түрлі сылтаулары көбейіп кетті. Соның кесірінен жеткен күніміз осы болды. Бірақ Денис Тен өлімінен кейін қоғамның көзі ашылды, - деді ол.
Жиынға қатысушылар Алматыдағы автокөлік бөлшектерін ұрлығы соңғы жылда көбейіп кеткенін атап өтті. Қоғамдық кеңес мүшесі Айдос Сарым қаладағы автобөлшектер базарын аралап шыққанын айтты.
- Алматыдағы базарлар – өз заңдарымен жүретін қала ішіндегі қала, мемлекет ішіндегі мемлекет. Ондағы санитарлық жағдай нашар. Саудагерлер қысы-жазы контейнерлерде отырады. Кассалық аппараттар жоқ, - деді.
Саясаттанушы Марат Шибұтов Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураны Алматы қалалық ішкі істер департаментінің жұмысын тексеруге шақырды.
- Жол-патрульдік полицияны қайта екіге бөлу керек. Себебі олар қазір көшедегі қауіпсіздікті бақылағаннан гөрі жол қозғалысына көп көңіл бөледі, - дейді ол.
Ал Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлібек Шәпенов полиция қызметкерлерінің айлығын өсіруді ұсынды. Оның пайымдауынша, аз айлық – қылмыстың ашылмауына, көбеюіне негізгі себеп.
- Полиция демалыссыз жұмыс істейді. Мереке күндері алаңдарда тұрады. Ал еңбегіне аз төленеді. Тергеушілер 120 мың теңге алады. Ал олардың отбасы бар. Аз айлыққа не үшін қиналуы керек? Сондықтан полициялардың әлеуметтік пакетін қайта қарап, олардың айлығын көтеру керек, - деді ол.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы Ішкі істер департаменті басшысы Серік Күдебаевқа отставкаға кетуді ұсынды.
Шілденің 19-ы күні Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен кісі қолынан қаза тапты. Оны автокөлік айнасын ұрлаушылар пышақтақтап, соның салдарынан спортшы көп қан жоғалтқан. Оқиға түскі уақытта Алматының орталық көшелерінің бірінде болған.
Денис Теннің қазасынан кейін елде полицияның жұмысын сынаушылар көбейіп, елдегі қауіпсіздік шараларының әлсіздігі жиі айтыла бастады.