Лондонда орналасқан Amnesty International құқыққорғау ұйымы Астана соты "экстремистік" деп жариялаған "Қазақстан демократиялық қозғалысының" (ҚДТ) әлеуметтік желідегі парақшасын "қарағаны" үшін ғана айыпталып жатқан Ақмарал Тобыловаға қатысты мәлімдеме жариялады. Өткен айда ғана осы ұйым Ақмарал Тобылованы "ар-ұждан тұтқыны" ретінде таныған болатын.
Amnesty International 13 сәуірде Ақмарал Тобыловаға қатысты медициналық анықтамалар бойынша бұлтартпау шарасы қарастырылып, оның үйқамақтан кепілге босатылғанын айтады. Алайда мамандығы - графикалық дизайнер, наурыз айының ортасынан бері үйқамаққа алынған 28 жастағы әйел қылмыстық кодекстің "қылмыстық топты қаржыландыру" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Сот "ар-ұждан тұтқыны" Тобылованы үйқамақтан босатты
Аяғы ауыр Ақмарал Тобылова ҚДТ-ға тыйым салынған биылғы 13 наурыз күні Алматыда ұсталған. Алмалы аудандық соты 15 наурызда Тобылованы "қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды" деген күдікпен үйқамаққа алған. Тергеу одан "ҚДТ-ны қолдады" деп күдіктенеді. Тобылова үйқамақта отырғанда туыстары ол үйден шыға алмайтындықтан гинеколог дәрігерден кеңес ала алмайтынын айтып бірнеше рет шағымданған."
Оқи отырыңыз: Үйқамақтағы әйел дәрігер көмегіне мұқтаж
Халықаралық Amnesty International құқыққорғау ұйымы Қазақстан адам құқығы бюросына сілтеме жасап Ақмарал Тобылованың ҚДТ туралы "Заңсыз ештеңе болған жоқ. Мен олардың бағдарламасын қарадым. Олар жақсы зейнетақы және тұрғын-үймен қамтамасыз ету мәселесін қарастырған екен" деген сөзін келтіреді.
Ақмарал Тобылова 13 наурыз - Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп жариялап, қызметіне тыйым салған күні ұсталған. Қазақстан билігі қуғындағы оппозиционер, президент Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынайтын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ны "елдің конституциялық құрылымын күшпен өзгерткісі келеді" деп біледі.
Бұдан алдын халықаралық Amnesty International құқыққорғау ұйымы "Блогерлер, белсенділер мен қоғам өкілдері "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қолдау білдіргені үшін полицияда жауап беріп, тұтқындалып жатыр" деп мәлімдеме жариялаған болатын.