Белсенділер Біләловтің «мойындауына» ренжімейтіндерін айтады

Your browser doesn’t support HTML5

«Алауыздық қоздырды» деген айыппен сотқа тартылған азаматтық белсенді Болатбек Біләлов үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Астаны, 21 қаңтар 2016 жыл.

«Алауыздық қоздырды» деген айыппен сотқа тартылған азаматтық белсенді Болатбек Біләлов «кінәсін мойындап», үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Қаңтардың 21-і күні кешке өткен процесте Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-сотының судьясы Назгүл Бапақова екі айдан астам уақыттан бері «алауыздық қоздыру» бабымен істі болып жатқан Болатбек Біләловке бас бостандығын үш жылға шектеу жазасын кесіп, оны сот залынан босатты.

Белсенді Біләлов сот үкіміне қарсы шағым бермейтінін мәлімдеді.

«ІСІМДІ САЯСИ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУҒА ТЫЙЫМ САЛАМЫН»

Қаңтардың 21-і түске дейін өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы С.Әбдіхалықов Болатбек Біләловке қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша тағылған айыпты осы баптың 1-тармағына ауыстырып, оның бас бостандығын бес жылға шектеуді сұраған.

Болатбек Біләловтің сотында адвокат сөйлеп тұр. Астана, 21 қаңтар 2016 жыл.

174-баптың 1-тармағы – «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» жайлы. Заң бойынша, мұндай әрекеттің жазасы – адамды екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру.

Болатбек Біләлов осы баптың 2-тармағы бойынша – «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен жасаған немесе сол сияқты өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері бола отырып жасаған» деп айыпталған. Бұл қылмыстың жазасы – адамды бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру (бұған қоса белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан да үш жылға дейiнгi мерзiмге айыруы мүмкін).

Қылмыстық ісімді саяси мақсатта және өзін жарнамалау үшін пайдалануға тыйым саламын.
Болатбек Біләлов

Бүгінгі сотта сөз алған Болатбек Біләлов те өзіне тағылған айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ауыстыруды сұраған.

Сотта «Кінәсін мойындайтынын» айтқан Біләлов «қоғамдық белсенділердің көпшілігі өзінің ісін жеке мақсаттарына пайдаланғысы келгенін, бұдан былай өзі үшін басты құндылық – отбасы екенін түсінгенін» мәлімдеген. Ол «қылмыстық ісімді саяси мақсатта және өзін жарнамалау үшін пайдалануға тыйым саламын» деген.

«ОНЫ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АЛАҢНАН ЫСЫРДЫ»

Болатбек Біләлов қаңтардың 13-і күнгі сотта өзіне тағылған айыппен келіспей, «бұл іс – қылмыстық емес, саяси іс; бұл айыптау – бас бостандығымнан айырып, қоғамдық белсенді, құқық қорғаушы деген абыройыма кір келтірудің амалы» деген еді.

​Белсендінің сотына бастан-аяқ қатысқан азаматтардың бірі, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана қалалық бөлімінің жетекшісі Асхат Рахымжанов Болатбек Біләловтің бүгінгі соттағы сөзіне таң қалғанын айтады.

– Бұл сөздер сценарий бойынша айтылу керек болған секілді. Тергеу орындарымен келісім болғандай. Билік Болатбектің қоғамдық-саяси белсенділігін қаламады. Осылайша азаматтық белсенділігі жоғары бір адамды қоғамдық-саяси алаңнан ысырып тастады, – дейді ол.

Азаматтық белсенділердің енді бірі, «Антигиптил» тобының мүшесі Мақсат Ілиясұлы да Болатбек Біләловтің «екінің бірін – не қоғамдық-саяси өмірді, не отбасының тағдырын таңдауы керек болғанын» айтады.

Азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы. Астана, 19 қазан 2015 жыл.

– Болатбек «айтқанымнан қайтпаймын» десе, бірнеше жылға сотталып кетер еді. Ол қанша қиналса да, балаларын таңдады. Біз солай деп бағаладық. Болатбектің осындай шешім қабылдағанына ренжімейміз. Өйткені өмір мен қоғам, жүйе – сондай. Өкініштісі – оған бірнеше жылға, тіпті одан да көпке қоғамдық-саяси істермен айналысуына есік жабылды, – дейді Мақсат Ілиясұлы.

«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қараша айында тұтқындалған. Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қараша күні шығарған. Оған «алауыздық қоздыру» айыбы тағылып, тергеушілер белсендінің бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасағанын» мәлімдеген.

Болатбек Біләловтің соты кезінде адвокаттары мен қорғаушысы судьялар мен прокурорларға бірнеше рет қарсылық білдірген, процеске қатысып отырған жақтастары «соттағы заңсыздықтарға назар аударту» үшін президент әкімшілігі мен жоғарғы сотқа наразылық хаттарын тапсырған, елдің бірнеше қаласында оны босатуды талап еткен жалғыз адамдық қарсылық акциялары өткен.

Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлер тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал болған. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.