Қожағапановты Назарбаевтың форумға қатыспағаны қынжылтты

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов. Астана, 21 қараша 2015 жыл.

Астанадағы футбол форумы Қазақстан футбол федерациясының қазіргі жетекшісі Ерлан Қожағапановқа қолдау білдірді. Ал оның оппоненті Айсұлтан Назарбаев бұл орынға келу ниетінен қайтпаған сыңайлы.

Астанада қарашаның 21-і күні республикалық футбол форумы ашық есік жағдайында өтті. Жиында сөйлеген Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) президенті Ерлан Қожағапанов алдағы жылы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырудағы өзгеріске байланысты елдегі футбол клубтарын қаржы дағдарысына тап болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Форумға қатысқан мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Есімовтің сөзінше, үкіметте қарастырылып жатқан заң жобасында жергілікті бюджеттен спортқа бөлінетін ақшаның 50 пайызы командалық спорт түрлерін қаржыландыруға, ал қалған жартысын жекелей ойын түрлеріне беру көзделіп отырғанын жеткізді.

Қазақстан футбол федерациясының форумы. Астана, 21 қараша 2015 жыл.

«Заң жобасы осы күйінде қабылданса, бұл тәртіп жекелеген спорт түрлерін дамуға септегін тигізеді» деді министрлік өкілі.

ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов Азаттыққа түсініктемесінде жаңа тәртіп жүзеге асса, футбол клубтары қаржы қиындықтарына тап болатынын айтты. Бұл өзгерістерді елдегі экономикалық дағдарыспен байланыстырған Қожағапановтың айтуынша, футбол клубтары қаржы дағдарысына қазірден дайындалып, мемлекеттік бюджеттің қолдауынсыз өз бетімен күн көруді үйренулері тиіс.

НАЗАРБАЕВ ФОРУМҒА КЕЛМЕДІ

Соңғы уақытта федерация жетекшісі Ерлан Қожағапанов пен оны сынап мәлімдеме жасаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев арасында өрбіген даулы мәселе қоғамның назарына ілінген еді.

Бірақ, Ерлан Қожағапанов «федерация төңірегінде дау жоқ, талқылау ғана бар» деп санайды. Оның сөзінше, бүгінгі форумға қатысудан бас тартқан Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі «футболды дамыту тақырыбына назарды күшейткен». Ол оппонентінің бұл форумға қатыспағанына қынжылыс білдірді.

– Айсұлтанды [Назарбаев] осы футбол форумына шақырдық. Келмеді. Арамызда отырып, өз ойын айтса, басқа мамандардың сөзін тыңдаса, бірге талқыласақ футболдың дамуы үшін пайдалы болар еді,– деді Ерлан Қожағапанов Азаттыққа.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ойын-сауық кешенінің ашылуында әйелі Сара және жиені Айсұлтанмен (оң жақта). Алматы, 1997 жыл.

Ол күні бүгінге дейін Айсұлтан Назарбаевпен жүзбе жүз кездеспегенін айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің ұлы - 25 жастағы Айсұлтан Назарбаев бұған дейін Facebook парақшасында бұл форумға қатыспайтынын жазған. Оны формуға қатысуға ҚФФ жетекшісі Ерлан Қожағапанов Facebook арқылы шақырған еді.

ҚФФ президенті қызметін «Астана» футбол клубы кіретін «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры лауазымымен қатар атқарып жүрген Ерлан Қожағапановты «мүдделер қайшылығына» қатысты айыптаған Айсұлтан Назарбаев қыркүйек айында футбол саласын басқаратын шенеунік ретінде өз кандидатурасын ұсынған.

Қараңыз: Назарбаевтың жиені назарын футболға аударды

Қазанның 18-і күні Алматыда өткен «Қазақстанның футбол трибунасы: әркімге сөз береміз» дөңгелек үстел жиынында Айсұлтан Назарбаевтың жақтастары Ерлан Қожағапановтың қызметінен кетуін талап еткен болатын. Ол жиынға Қожағапанов пен Назарбаев қатысқан жоқ.

ДАУДЫҢ ЕКІ ҚЫРЫ

ҚФФ атқару комитетінің мүшесі Дархан Қалетаев Азаттыққа ұйым төңірегінде дау шыққанын жасырмайды және оның «бірі – жақсы, бірі –жаман» екі себебі барын айтады. Оның сөзінше, «жақсы жағы – елдегі футболдың, ұлттық чемпионат деңгейінің артқаны, жанкүйерлердің стадионды толтыра бастағаны, ұлттық құрама ойынының жақсарғаны көпшіліктің федерацияға, оның қызметіне қызығушылығын оятқан».

ҚФФ атқару комитетінің мүшесі Дархан Қалетаев.

– Ал екінші, жағымсыз қыры – федерация басшылығының орнын саяси элита арасындағы ойынға айналдыруды мақсат еткен адамдар бар. Олардың есімдерін атап та қажеті жоқ. Федерация – қоғамдық ұйым. Оны саясатқа айналдыру мүлдем дұрыс емес. Бұл [ҚФФ] халықаралық ұйым мүшесі. Осылай жыртысып, тартыса берсек бізді ертең УЕФА құрамынан қысқартып тастауы мүмкін, – дейді Қалетаев.

Футбол бапкері Бауыржан Сарсекенов федерацияға қатысты дауға "ұйым президенті Ерлан Қожағапановтың өзі себепкер болды" деп санайды.

– Екі жерде жұмыс істегені дұрыс емес. Өзге клуб басшылары, мамандар арасында түсінбеушілік көп болды. Федерация басшысы ретінде ол «Астана» клубына көмегін беруі мүмкін еді ғой. Оның үстіне ол келгелі федерациядан 15 шақты маман кетіп қалды. Бұл да әсер етті. Дәл сол сәтте Айсұлтан Назарбаев әлгіндей мәлімдеме жасады, - дейді ол.

Қарашаның 11-і күні Ерлан Қожағапанов «федерация жұмысына көбірек назар аудару үшін» осыған дейін қатар атқарып келген «Астана» президенттік спорт клубының бас директоры қызметінен кеткен. Ол бұл клубтың бас директоры болып биыл шілде айында тағайындалған болатын. Бірақ Айсұлтан Назарбаев осыдан кейін де Ерлан Қожағапанов қызметтен кетуі керек деген талабынан қайтқан жоқ. Оның пікірінше, ҚФФ-ның қазіргі президентінің «біліктілігі» жетпейді.