«Пітір терминалы» жұртқа әлі бейтаныс

Your browser doesn’t support HTML5

Кей мешіттерде пітір-садақаны қабылдап, арнайы чек беретін төлем терминалдары пайда болды. Азаттық тілшісі тұрғындардан пітір-садақаны қалай беретіні жайлы сұрап көрді. Астана, 30 шілде 2013 жыл.

Астанадағы мешітте төлем терминалы пайда болды. Мешіт өкілінің сөзінше, бұл адамдардың пітір-садақа беруіне ыңғайлы болу үшін жасалған. Бірақ «жаңа бастама садақаға жиналған қаражатты қадағалауға қажет» деушілер де бар.
Астанадағы Сәдуақас Ғылмани мешітінде биылдан бастап пітір-садақаны қабылдайтын арнайы терминал жұмыс істейді. Терминал ақша салушыға тиісті чек береді.

«ПІТІРДІ ҚАЙЫРШЫЛАРҒА БЕРДІМ»

Бірақ мешітке келушілердің көбі пітір, зекет не садақасын бұрынғыша жәшікке салып кеткенді не біреуге бергенді жөн көреді.

Астана тұрғыны Әнуар Ахметов те мешітте ондай терминалдың барын білсе де, пітірді жәшікке салады.

Қалаға биыл көшіп келген зейнеткер Фарида Бүркітбаева бұрын ауылда тұрғанда ағайынымен бірігіп садақаны тұрмысы төмен отбасыларға бергенін, ал қалаға келгелі зекетті мешітке өткізіп жүргенін айтты.

Бірақ пітір-садақаны мешітке емес, мұқтаж жандарға бергенді дұрыс көретіндер

Астана қаласының тұрғыны Нұрайым Әтиева. Алматы, 1 тамыз 2013 жыл.

де бар. Базарда киім-кешек сататын астаналық Нұрайым Әтиева «Пітірді жәшікке салдыңыз ба, әлде терминалға ма?» деген Азаттық тілшісінің сауалына:

– Терминалға да, мешіттегілерге де емес, далада отырған қайыршыларға бердім. Өйткені оларға кішкене де болса көмек болсын дедім, – деп жауап берді.

ДІНИ АЛҚА КОМИССИЯ ТӨЛЕМІНЕ ҚАРСЫ

Сәдуақас Ғылмани мешітінің бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлының айтуынша, пітір, зекет, садақаға арналған электронды қондырғы орнату бастамасын мешіт басшылығы қолдағанымен, терминалға түскен ақшадан алынатын комиссия төлеміне діни алқаның кейбір мүшелері қарсы болған.

– Мәселен, біздің мешітке айына 2,5-3 миллион теңге түседі. Сонда біз айына 10

Мешітке келушілердің бірі Фарида Бүркітбаева. Астана, 1 тамыз 2013 жыл.

пайызын, яғни 300 мың теңге төлеуіміз керек болды. Сосын ақсақалдар «Біз бұны неге төлеуіміз керек?» деген мәселе көтерді, – деді имам Азаттық тілшісіне.

Бас имам Бақтыбай Қыдырбайұлының пікірінше, «мұндай комиссия алынбаса, мешітке тиімді болады».

«ЖАМАҒАТТЫҢ СЕНІМІН КҮШЕЙТУ»

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы «садақаны жәшікке емес, терминалға салу – мешітке түсетін қаржының ашықтығына жамағаттың сенімін күшейту үшін керек» деп біледі.

– Үлкен қалалардың орталық мешіттерінде, әсіресе Рамазан айларында халықтан көп көлемде садақа түседі. Күніне немесе аптасына берілген қаражат ондаған миллион теңгені құрайды. Жәшікті ашқан дін қызметкерлері тарапынан жемқорлық әрекет болуы да мүмкін. Бұл, әрине, үлкен күнә. Сондықтан терминал болғаны дұрыс. Оның үстіне садақасын жасырын бергісі келетіндер бар. Осындай кезде терминалдың көмегі көп. Өйткені электронды садақаны байқатпай беру жеңіл, – дейді Бейбіт Сапаралы.
Терминалға салынған қаржының көлемі бірден орталықта көрсетіледі – яғни ол ақшаны қолды қылу мүмкін емес.
Дінтанушы Бейбіт Сапаралы.

Сапаралының пікірінше, «терминалға салынған қаржының көлемі бірден орталықта көрсетіледі – яғни ол ақшаны қолды қылу мүмкін емес».

Дінтанушы «банк те еңбегіне қарай табыс табуы керек» екенін айтып, оның терминалға түскен ақшадан комиссия төлемін алуын қолдады. Мұны ол кез келген адамның коммуналдық қызметке – газға, электрге, телефонға ақы төлегендегі сияқты алынатын төлем деп түсіндіреді.

Қазақстан мешіттерінде бұрыннан тұрған садақа жәшіктерін енді электронды қондырғылар алмастыратыны туралы биыл көктемде Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мәлімдеген еді. Бірақ әзірге жаңа терминалдар елдегі барлық мінажат орындарына қойылып үлгерген жоқ.