Теміртауда балаға қымбат операция жасатуға жылу жинап жатыр

Қатерлі ісік дертіне шалдыққан бір жарым жасар Света Закарян.

Бір жарым жастағы қыздың ата-анасы қымбат операцияға ақша жинау үшін жұрттың көмегіне жүгінді. Израильдегі клиника ісікті алып тастайтын күрделі операция жасауға келіскен, бірақ отбасының оны төлеуге ақшасы жетпейді.

"ҚЫЗЫМНЫҢ ӨМІРІ АҚША МЕН ТӘЖІРИБЕЛІ ХИРУРГКЕ ҚАРАП ТҰР"

Теміртаулық бір жарым жасар сәби Света Закарян қатерлі ісік дертіне шалдыққан. Диагноз – "сегізкөзі мен құймышақ омыртқасының тератомасы, сарыуыз қабының қатерлі ісігі". Сәби мен оның 32 жастағы анасы екі айдан бері Астанадағы ана мен бала орталығының онкологиялық бөлімшесінде жатыр. Қазір химиялық терапияның екінші курсынан өтіп жатқан кішкентай қыз енді ұзаққа созылатын әрі қымбат тұратын емдеуден өтуі тиіс. Баланың анасы Ольга Ушакова қымбат тұратын операция жасауға қажет ақша жинау үшін жұрттың көмегіне жүгінген. Ол "танымайтын адамдардан ақша сұрау ұят, бірақ өзге амалым жоқ" дейді.

Қазақстаннан тысқары жерлердегі клиникаларға хабарласып жатырмыз, өйткені шынымды айтсам, біздің медицинаға сенім жоқ. Бұған қоса, бұлай орналасатын ісік өте сирек кездеседі екен, операцияның сәтті шығуы хирургтің біліктілігіне байланысты.

- Егер операция кезінде біреу болса да қауіпті жасуша қалып қойса, ісік қайта өседі. Қазір мұндай ісіктерге операция жасап жүрген тәжірибелі хирург іздеп жанталасып жатырмыз. Қазақстаннан тысқары жерлердегі клиникаларға хабарласып жатырмыз, өйткені шынымды айтсам, біздің медицинаға сенім жоқ. Бұған қоса, бұлай орналасатын ісік өте сирек кездеседі екен, операцияның сәтті шығуы хирургтің біліктілігіне байланысты. Балаларын шетелде емдеткен келіншектермен сөйлесіп көрсем, мұндай диагнозбен бірден шетелдік клиникаға барған дұрыс екен, - дейді Ольга Ушакова.

Әуелі дерттің белгілері мүлде білінбеген. Бірақ биыл көктемде әке-шешесі кішкентай Светаның құймышақ тұсынан бұршақ дәнінің көлеміндей түйін байқаған, бір айдан кейін әлгі түйін өрік көлеміне дейін өскен. Анасының айтуынша, баланы дәрігерлерге көрсетіп, талдамалар тапсырып, тексеруден өтіп жүргенде ісік тағы өскен. Әуелі дәрігерлер сарысу жиналған (киста), омыртқа арасындағы жарық деп болжаған. Бірақ Астанадағы ана мен бала орталығында баланың қанындағы онкомаркерлерді тексеріп көрген дәрігерлер тереңде орналасқан қатерлі ісікті тапқан әрі ол тік ішек пен несеп жолын қысып бара жатқанын анықтаған. Қазір дәрігерлер көлемін кішірейтуге тырысып жатқан әлгі ісікті сылып тастау үшін химиялық терапияның үш курсынан кейін балаға ең қауіпті әрі күрделі операция жасату қажет.

Азаттық тілшісі Астанадағы ана мен бала орталығына хабарласқан еді. Өзін осы орталықтың "3-онкология бөлімінде Светлана Закарянды емдеп жатқан дәрігері Әйгерім Болатқызы" деп таныстырған маман Светлана Закарянның емделіп жатқанын және "химия алғанын" айтты.

ЖӘРДЕМ СҰРАУ

Анасының айтуынша, химиялық терапияның бірінші курсынан кейін ісіктің көлемі кішірейген, сондықтан операция жасалса, баланы аман алып қалуға үміт бар. Сондықтан ол егер тиісті соманы жинаудың сәті түссе, қызына шетелдік клиникада операция жасатуды ұйғарған.

Келісім бергені жайлы жауап келген Израиьлдегі Хадас клиникасында операция жасату 30 мың доллар тұрады екен. Германияда дәл осындай операция қанша тұратынын сұрастырып көрдік, бірақ ол жақта тіпті қымбат екен, оған шамамыз келмейтіні анық.

- Келісім бергені жайлы жауап келген Израиьлдегі Хадас клиникасында операция жасату 30 мың доллар тұрады екен. Германияда дәл осындай операция қанша тұратынын сұрастырып көрдік, бірақ ол жақта тіпті қымбат екен, оған шамамыз келмейтіні анық. Бұрын осындай операциялар жасаған мәскеулік клиникаға қазір тиісті анықтамаларды жинап жатырмыз. Бірақ олар әзірше сомасын айтқан жоқ, тіпті операция жасаймыз деп әзірше кепілдік те берген жоқ, - дейді Ольга.

Ушаковтар отбасының ағайын-туыстары әлеуметтік желілерде операцияға қажет ақша жинап жатқаны туралы ақпарат тарата бастаған. Кей адамдар қол ұшын соза бастаған - біреулер ақшалай, ал енді біреулер посты қайта жариялау арқылы көмектесіп жатыр. Операцияға қажет ақшаны бір айдың ішінде жинау қажет. Ольга Ушакованың сөзінше, химиялық терапияның үш курсынан кейін, яғни қазан айының ортасында операция жасау қажет. Науқас қыздың отбасы тұратын Теміртау қаласындағы кей дүкендерде ақша жинауға арналған жәшіктер орнатылған. Жуырда сондай жәшіктердің бірі Қарағандыда - халық көп баратын жергілікті базарға да қойылды.

Отбасының ағайын-туыстары мен қайырымды жандардың күшімен қазірге дейін 750 мың теңге жиналған. Ал операция жасатуға шамамен 10 миллион теңге қажет. Бір жарым жастағы Светаның әке-шешесі көліктерін сату үшін хабарландыру берген, бірақ ол әзірше сатылмай тұр. Отбасында биыл мектепке барған тағы бір бала бар. Жас отбасының өз баспанасы жоқ, сондықтан әке-шешесінің үйінде тұрады. Ольганың күйеуі сауда саласында жұмыс істейді, айлығы - 150 мың теңге, ал Ольганың өзі бұрын сұлулық салонында жұмыс істеген, бірақ енді науқас қызының жанында болуға мәжбүр. Алдағы операцияға дейін тым аз уақыт қалғандықтан, науқас баланың әке-шешесі жұмсалған сома жайлы толық есеп беруге уәде етіп, жұрттан көмек сұрайды.